Ораман ішінен әртүрлі құстардың үні мен жапырақтардың сықыры ғана естілді. Батыра баланы жақсылып асынып, қылышын қынабынан суыра, екі қолдап қысып ұстады. Орманға жақыннан қараған кезде, ағаштар өзінде бір зұлымдықты жасырғандай болып көрінді.
– Балақай, бізге тағдыр басқа таңдау қалдырмаған сияқты, – деп, – ух, – деді де, алдыға ақырын жүре бастады, аяқтарының астындағы шөп орманға кірген сайын қалыңдай түсті, – енді біз солтүстік-батысқа жүруіміз қажет, – деп мұрнының астынан сөйлеп, басын бұра иығының үстінен артына қарады, артында ешкім көрінер емес, Дат пен сарбаздары байқалған жоқ. Батыра айналасында естілген әрбір дыбысқа жалт қарап, сол жерден оған жабайы жануар атып шығатындай күйде болды.
Бұл уақытта Дат пен сарбаздары да дөңге жетті, бірақ шамасы қалмаған жылқылар, оның төбесіне дейін жете алмады. Атын тастай сала Дат дөң төбесіне тырмыса атылды. Ол Батыраның шөптерді жұла өрмелеген іздерін кезіктірді. Ақыры төбеге шыға, Батыраның қалай төмен сырғанай түскен ізі айқын көрінді. Ол Батыраның орманға кіргенін түсінген соң, өзін жеңілгендей сезінді, бірақ Дат оңайлықпен берілгісі жоқ.
– Оның орманға кіруі екі талай, ол орманға кірген жоқ! Осы маңайда жасырынып отыр, – деп дөң маңайына көз тастады, – айналаны жақсылап қарап шығыңдар, ол осында, ол тышқан сияқты бір жерде тығылып отыр… – деп кішкене кідіріп, – кім болсаң да шық, мен бәрібір сені тауып аламын, саған тірі қалуға мүмкіндік беремін, ал егер мен сені өзім тапсам, сені ең азапты өлім күтіп тұр! – деді ол айқайлай, алайда оның бұл айқайынан ештеңе шыққан жоқ, ол құдды есінен ауысқан адам сияқты орманға тесіле қарай, күтті.
Сарбаздар жарты сағат ішінде орманға дейінгі аймақты толықтай аралып, Батыраның ізін бағып, оның нақты орманға кіргеніне көздері жетіп, бұл жайлы Датқа хабарлады. Оның бұл жаңалықтан ашуланғаны сонша, беті мұрнының ұшына дейін қызарды.
– Қарғыс атқыр! – деп қолындағы шөпті жерге лақтыра айқайлады. Ол ары қарай не істерін білмеді, ары-бері дөң үстінде жүріп ойланды.
– Қолбасшы бұйрығыңыз не болмақ? – деді сарбаз.
–
Жылқылардың барлығын суардыңдар ма? – деді ол.
– Иә.
– Онда қазір жолға шығамыз, біз орманға кіреміз, артқа қарай жол жоқ, баланы жіберіп алсақ, аяушылық күтудің қажеті жоқ, – деді ол орманға бұрыла, – қарғыс атқыр, бұл бала үшін онсыз да қанша сарбазымнан айырылдым, енді мына орманда бізді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді, – деп ол атына жайғасып, сарбаздарын ертті де, дөңнен түсіп, орманға бет алды.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. ТАБУРАТ
Батыра орман ішіне тереңдей кіре берді, айналасында тек құстардың үнінен басқа ештеңе естілген жоқ, ешқандай жабайы жануар көрінер емес, енді орман оған қауіпсіз әрі тыныш орын болып көрінді, қылышын бір қолдап ұстап, бұрынғыдай әрбір шыққан дыбысқа жалт қарап, мән де берген жоқ, тек жылдам алдыға қарай жүре берді. Орман іші көлеңкелі болды, бірақ толықтай қараңғы емес, ағаштар бір-бірінен алшақтау орналасқандықтан, күн сәулесі бұтақ арасынан оңай өтті.
– Мұнда мен аулай алатын жануар бар ма екен? – деп мұрнының астынан сөйледі, – ең болмағанда жейтін жеміс тапсақ игі болар еді, бірақ саған қайдан сүт тапсам болады, балақай? – деді ол балаға қарап, сәби тыныш ұйқыда жатты, құдды оны жаңа ғана емізгендей – ол қарны аш балаға ұқсамайды, ал керісінше Батыраның асқазаны әртүрлі дыбыстарды шығарды.
Ол жан-жағына қарап, кішігірім жануар немесе жидек іздеді, ақыры ол үлкен ағаштың жанында өскен бүлдіргенді тапты, ол жылдам оған жақындап, бала мен заттарды бір шетке қоя, бүлдіргендерді бірінен кейін бірін үзіп қомағайлана аузына тықты. Батыраның қарны тоймаса да, әлсірегені басылған соң, баланы қолына алды да, тынығу үшін ағаштың түбіне жайғасты.
– Олар біздің соңымыздан еріп, орманға кіреді деп ойлайсың ба? А, қалай ойласың? – деп ол балаға сөйледі, сосын оған үнсіз қарап отырып, көзінің ілініп, ұйқыға кеткенін байқамады.
Бір сағат өте орман ішінде шауып жүрген жануарлардың дыбысы естілді, Батыра көзін бір ашып, қайта жұмды, сосын селк етіп дыбыстан шошып оянды, қылышына жармасып атып тұра, ол айналасына көз тастады.
– Олар орманға кірген бе? – деп дауыстап сөйледі. Батыра орнынан тапжылмай, дыбысқа асқан мұқияттықпен қарады, сол сәтте тобырымен шапқан жануарлардың бірі оған бет бұрды, кішкенеден кейін бұқаның өкіргеніндей қатты дауыс орманда жаңғырды, құдды біреу оның жанына бататын бірдеңе істегендей.
Батыра артқа қарай бірнеше қадам шегініп, дыбыс шыққан жерге көз қақпастан қарады, ал енді әлгі жануар Батыраға қарай беттеді, шабысы мен жердің дірілі, бұтақтардың сақырлап сынғанынан оның алып жануар екенін аңғару қиынға соққан жоқ, тіпті Батыраға жануардың қалай жақындап келе жақаны сезілді.
Ол не істерін білмей, жан-жағына алақтай, ағаш үстіне өрмелейін десе, баламен бірге оған ыңғайсыз болды, сосын баланы жанындағы ағаштың түбіне жатқызғаны сол, оның алдынан үлкен қара жануар атып шықты, баланы жатқыза салып, қылышын екі қолдай ұстап әлгі жануарға бағыттады, алайда аң Батыраның алдына келіп жерге сұлайып түсті.
Әлгі жануар мүйізі бұғының мүйізіне ұқсас алып бұқа еді, бір көргеннен оны бұқа деп айту қиын, себебі оның жүндері бұқанікіне қарағанда әлдеқайда ұзын. Оның үлкендігі сонша, егер қарапайым бұқа әлгінің жанында тұратын болса, онда ол бұзау сияқты көрінер еді. Батыра не болғанын түсінбей орнында қатты. Ақырын бұқаға қарай жақындап, оны айнала қарап шықты. Батыра жануардың қатты жарақат алғанын байқады, алып бұқаның желке тұсынан жауырынына дейін созылған жарақаты болды, алайда бұқа әлі тірі еді, оның ырсылдап тыныс алғаны Батыраға естілді, айнала оның қанымен былғана бастады. Оның жарақатын көре:
– Мынау, қарумен жасалғанына менің күмәнім жоқ… – деп әлгіні сипады, – бірақ біздің қаруымыз сендерді бұлай жарақаттауы екіталай, мұндайды жасаған кім? – дегені сол еді, әлгі бұқа шыққан жерден адам бойынан екі есе үлкен, үстін өте жұқа сарғылт түсті түк басқан, жағының астын қалың домалақ сүйек бойлаған, ал иегінде кішкентай екі мүйізі бар, адамға ұқсас тіршілік иесі атып шықты, ол тура Ерұлан айтқандай – адамға ұқсас, бірақ өте үлкен. Оның етті әрі шымыр денесінде ешқандай киім болған жоқ, ал бұтына, қоңыр түсті матадан тігілген шалбар, аяғындағы аяқ киімі теріден жасалған, қолында үлкен жүзі кедір-бұдыр қылышынан қан төмен тамшылай ақты. Дәу мен Батыра бір сәт бір-біріне қарады. Дәл осы сәт Батыраның өміріндегі ең ұзақ сәттей көрінді. Өне бойынан тарақан жүріп өткендей: «Біткен жерім осы шығар» деп жұтынып, іштей сөйледі. Әлгі дәу бірден семсерін көтеріп Батыраға атыла жөнелді. Батыра бір шетке өзін лақтырды, дәу Батыраның жанынан семсерін сермей өтті. Батыра жылдам қылышын екі қолдай қысып дәуге бет бұрды, сол сәтте дәу оның оң жақ тұсынан соққы жасады, Батыра еңкейе қылышты өткізді де, дәудің сол аяғын тіліп өтті. Оның бұл іс-әрекеті пайдаға асқан жоқ, керісінше әлгі дәу қатты ызалана семсерімен Батыраны қуалай түсті.
Батыра ары-бері қашқаннан басқа ештеңеге шамасы келмеді, бірнеше рет дәудің аяғын көздеп соққы жасады, бірақ онысынан түк шыққан жоқ. Батыра оның қимылының бәсеңдегенін пайдаланып, оның оң жақ сан тұсына семсерін жартысына дейін сұғып алды. Алған жарақатынан дәу жанұшыра айқайлады, оның дауысы адамдікіне ұқсас, бірақ әлдеқайда қатты. Айқайдың қатты болғандығы соншалықты, оның дауысы орман ішіне кірген Дат пен оның сарбаздарының құлағынан мүлт кеткен жоқ. Дауысты ести сала олар сап тоқтады, барлығы назарын дауыс шыққан бағытқа аударды.
– Біздің қашқын бір қиындыққа тап болған сияқты, – деді Дат, – кәне жігіттер, мына дауысқа қарай барайық, – деп ат басын сонда бұрды.
Дәудің аяғына қылышын сұққан соң, Батыра семсерін ұстаған күйі дәуге көз алмай қарап, ары қарай не істерін білмей тұрып қалды. Оның сасқалақтағанын пайдаланған дәу семсерінің бір серпімімен Батыраның оң қолын білегінен шауып түсірді. Батыра айқайлай, қолын ұстап, жерге отырды. Дәу аяғындағы семсерді суырмай, бірден Батыраға атылды, алып қылышын аспанға көтере, соққы жасамақ болғаны сол, олардың айқайлаған дауыстарынан бала оянып, шырылдап жылады. Дәу баланың дауысын ести сала орнында тоқтап, иығының төбесінен ағаш түбінде жылаған балаға қарады, сосын қылышын ақырын түсіріп, ол бұрыла кішкене кірдіріп, сәбидің жылағанына құлақ түре оған беттеді. Бала жыбырлап, ораулы тұрған матасын шешіп, шөп арасында жатты, оның арқасындағы таңбасы дәуге анық көрінді. «Ыңғайлы сәт осы шығар» деп Батыра Ерұланның пышағын қолына алып дәуге атылды…