Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Далбасалаған ауыл ақсақалдары қайтсек Абылайдың көңілін жібітеміз деп, бар мал-мүлкін алдына әкеп тартып, қойнына ең сұлу қызын салды.

Хан қазір осы жас қызбен оңаша тігілген ақ ордада жатыр… Қоңырат етекті ел. Ұлы-қызы өлген-тірілгеніне қарамайтын намысқой келеді. Сөйтсе де қыз жеңгелерінің «Ханның көңілін таба білсең, еліміздің бағы жанғаны, ағаларыңның ажалдан аман қалғаны» деген сөзінен шыға алмаған. Жігіттердің анда-санда қалжыңдап, ақ төсіндегі тастай қатты қос анарына қолы тигені болмаса, пәк денесін әлі тірі жанға сипатып көрмеген жас сұлу сүттей адал абыройын ханға олжа етіп, елін апаттан, екі ағасын ажалдан алып қалмақ болған. Ол ұяттан екі беті оттай жанып, жүрегі торға түскен торғайдай діріл қағып, жарылып кетуге дайын тұрса да, ханның ыңғайына көне берді, денесіне хан салмағы қатты батса да, асау мінез көрсетпеуге тырысқан.

Ал бұл кезде Абылай жарлығын орындауға Божбан руының бас көтерген адамдарын хан нөкерлері алып келген. Олардың ішінде осы қыздың екі ағасы да бар. Қыз құшағында ләззатқа кенелген Абылайдың ойына кенет осы екі батырды өлтіру туралы берген бұйрығы түсіп кетті. Абылай езу тартты: «Жоқ бір қыздың қызығы үшін, ол бұйрығын бұзбайды, кімде-кім бұған қарсы тұрса осылай өледі!» Көп кешікпей ол, бөкеннің етіне тойып алып, маужырап ұйқыға кеткен жолбарыстай, тұла бойын бір рақат тыныштық билеп, көзі іліне берді.

Абылайдың қасында құты қашып үн-түнсіз жатқан қыз кенет:

— Хан ием, бауырларымның күнәсін кеше көріңіз… — деді жасқа булығып.

— Көрерміз… — деді Абылай ұйқылы-ояу.

Қос батырды өлім жазасына бұйырғаны тағы есіне түсті. «Оқасы жоқ… күні ертең-ақ екі ағаларының менің қолымнан өлгенін ұмытады. Тек хан қойнында жатқаны ғана есінде қалады».

Абылай қайтадан көзін жұмды. Бірақ дәл осы сәтте:

— Аттан! Аттан! — деген айқай шықты. Кенет қырқаны бауырлай шапқан аттардың дүбірлері естілді. Тынық түндегі оқыс дауыстар құлаққа қандай құбыжық боп жетеді, онсыз да елегізіп жатқан ауыл, үрпиісе төсектерінен атып тұрды. Үстеріне жыртқыш құс келіп қалған балапандай, бала-шаға көздерін тырналай ашып, у-шу боп жылай бастаған.

Ауыл сыртында да, орда сыртында да, анау-мынау жаудан сақтап қалар қалқаны бар екенін білсе де, Абылай да орнынан ұшып тұрды. Тақа әбігері кетіп саспаса да үнемі жоқ жерден пайда болар соғысқа үйренген әдетпен жылдам киіне бастады. Шаңырақтан түскен ай сәулесіне шомылып, нағыз бір түнгі періштедей қолаң шашы жерге түсіп не істерін білмей, үй ортасында тұрған жас сұлуға сұқтана тағы бір қарады да:

— Маған арналған өтінішің болса, күндіз айтарсың, — деді де адуындай басып, күміс сапты қылышын сүйрете ақбоз үйден шығып кетті.

— «Аттан» салған кімдер? Қайдағы жау? — деді ол орда алдында тұрған топ жігітке. Күзет бастығы баяғы Батыр Баянның сүйегін алып шыққан қара сұр жігіт, қазір ақ түсе бастаған қою келте сақалын бір сипады да:

— әзір белгісіз, хан ием, — деді сәл алға шығып, — «Аттан» салған жігіттерді ауыл сыртындағы күзет тоқтатқан тәрізді. Дәу де болса, мына келе жатқан солар-ақ шығар.

Дабырласа сөйлескен бір топ жігіт орда тұсына келіп те қалды. Күзетшілер жанында тұрған Абылайды көріп, ұзын сары шабарман иіліп сәлем берді.

— Алдияр тақсыр, жаман хабармен келіп тұрмыз, — деді.

— Қандай хабар? Айт!

— Орта жүз бен Кіші жүздің әскерлерін елдеріне қайтарып жібергеніңізді естіп, Қоқан ханы әлім атқа қоныпты. Қоқан, әндижан, Маргелан, Наманған бойын қойып, Ташкент маңындағы кешегі өзіңізді жақтаған Шанышқылы мен Қаңлы тайпалары тайлы-тайлағына дейін қалмай, соларға еріп келеді.

— Қанша найзасы бар?

— Алпыс мыңнан асар…

Телікөлдің жағасында қазақ еліне хан сайланғаннан кейін үш жүздің елу мыңнан астам әскерін бастап Абылай Қоқанға қарсы жорыққа аттанған. Он күн жан аяспас ұрыстан кейін Нұрбота бидің баласы Қоқан әміршісі әлім ханның әскерін күйрете жеңген. «Ақтабан шұбырындыдан» бастап, кеше ғана Қытай боғдыхандарымен соғысқан аласапыран кездерде Қоқан хандығына қарап кеткен қазақ руларын бостан еткен. Осы жорықтың нәтижесінде Сырдария бойындағы Түркістан, Сайрам, Шымкент, тағы басқа қалалар қайтадан қазақтардың қолына өткен. Ташкент алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Бұнымен қатар бұрын Ташкент хакіміне зекет, гараж төлеп тұратын Шу мен Талас өзендерінің бойындағы және Қаратау қойнауындағы Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Суан рулары алым-салықтан мүлдем босатылған. Ал Ташкент пен әндижанның аралығында көшіп жүретін Ұлы жүздің Шанышқылы, Қаңлы рулары көптен бері сол араларды жайлайтындықтарынан өз қоныстарында, Ташкент құшбегінің қарамағында қалған. Әйткенмен, Абылайдың қамшысы батып кеткен бұл елдердің арасында қазақ ханына деген наразылық та басыла қоймаған. Сондай наразылықтың бірін Абылай кеше ғана осы арада қан-жоса етіп басқан.

Ақыры өзіне тиімді бітімге қолы жеткен Абылай «енді ұрыс жоқ, ел іргесі қоныс тапты», деп әскерінің негізгі жауынгер күші болған Орта жүз жасағы мен Кіші жүзден келген қолды тегіс елдеріне — Арқа мен Жайыққа қайтарып жіберген. Абылайдың қасында ханның өз гвардиясы есепті мың қаралы төлеңгіт пен Дулат, Жалайыр, Албан, Суан руларынан құралған бір санға жуық әскерлері ғана қалған.

«Үлкен Орда» ханының тек өз әскерімен қалғанын білген және Ұлы жүздің жігіттері Абылай жағына мүлдем шыға қоймас деп үміттенген Қоқанның жас ханы әлім дереу бас көтерген. Ташкентті алып, содан кейін Түркістанды да өзіне қаратпақ боп жорыққа шыққан.

Жағатай ұлысына қараған үш жүз жылдан бері Жетісу өңіріне жан бастырмай келген, ерлігі бүкіл Шығыс еліне аян Дулат, Жалайыр Қаңлы, Ша- нышқылы, Албан, Бестаңбалы руларын да Абылай өзімен бір болады деп ойлаған. Сыр бойын Қоңырат, Қыпшақ, Табындар қандай қорғаса, Ұлы жүздің жігіттері де өз ата мекен жерін сондай қорғайды деп сенген. Ал кенет Қаңлы мен Шанышқылы руларының қоқандықтардың азғырғанына ергені, оған Қоңыраттың да делебесі қоза бастағаны ханды қатты ренжітті.

Ташкент төлейтін алым-салықты Қоқан ханы сол маңдағы Қаңлы мен Шанышқылының мойнына салған. Және Ташкент құшбегі өз тарапынан бұл елдерге зекет, гараж мөлшерін көбейткен. Жұртқа осының бәрі Абылайға бағынудың салдары деп түсіндірген. Халықтың ереуілге шығуына осылар себеп.

— Бүлікшілер қай тұста жиналып жатыр?

— Шыршық өзенінің бергі қабағында.

Абылай ордасын жақында Бадам мен Арыс өзені түйіскен тұстағы Бөрітас деген жерге қондырған. Қазықұрттан бұл ара елу, Түркістаннан жүз шақырымдай жерде. Мұнда келген ойы Арыс бойын мекендеген Қоңырат пен Бадам өзенін жайлаған Шанышқылы, Қаңлы руларымен белдесе жақындасу еді.

— ә… Әлі көш жерде екен ғой, — деді хан, — Ташкенттен кейін олар Түркістанға қарай шығады ғой, оған жеткенше, біз де етек-жеңімізді жиып болармыз. — Абылай уақыт мөлшерін білу үшін аспанға қарады. Таң жұлдызы туып қалған екен. Аспандағы таң жұлдызы, жаңа өзі шығып кеткенде есік алдында қалған екінші таң жұлдызын есіне түсірді. Ол бұйыра сөйледі.

— Қазір Сіргелі Елшібек батырға, Дулаттың қос бөрісі Бөкен мен Сағырға хабар беріңдер. Бар қолдарымен осы Қазықұрттың етегіне тез жетсін. Албан менен Суанға да, жақын жатқан Бестаңбалыға да, бергі етектегі Жалайыр батырларына ат шаптырыңдар. Бәрі осы Қазықұрт маңына жиналсын!

— Құп, болады! — деді бас шабарман.

— Сәскеге дейін өзіміздің жігіттер де алдаспанын қайрап, дайын тұрсын! Жыланды үш кессе де кесірткелік күші бар. Қазақ әскерінің үш бөлігінің бір бөлігімен-ақ, құдай бұйыртса, Қоқанның қорқау қасқырының кеңірдегін жұлып алармыз!…

Ол қайтадан Ақ Ордаға кіріп кетті. Енді шешінген жоқ. Қылышын былай қойып, белбеуін босатты да, жүкке сүйеніп, көзін жұмды. Оң жағындағы төсектен жас сұлудың өксігін баса алмай, булыға жылағаны естілді… Жаны жай тапқандай, Абылай тағы езу тартты.

О, тағдыр!.. Расында да тағдыр — өзінің ақ бурасы шығар. Міне, қазіргі киесі — екінші ақ бура. Ең алғашқысы қартайып әбден жүдеп бір күні өзінен өзі мүлдем жоқ боп кетті, ал мынау өзгесі… «Хан киесі — осы ақ бура» бүгін тым көңілсіз еді… Мынау бүлік соған көрінді ме екен?

Рас, Абылайды қатыгез, тас бауыр дейтіндер көп. Бірақ осы «қатыгез» Абылайдың тұсында ешкім де қазақ елін кейін кетті дей алмайды. Қоқан хандығына желке жүнін үдірейте көрсетіп, айдаһар мен арыстанның аузынан ебін тауып құтылып, көкжал Абылай аман-есен өмір сүріп келе жатқан жоқ па? Ал бұның темір тегеурініне шыдай алмай, кей ру беті ауған жағына қашқысы келсе — оның да себебі бар. Абылайға бір тайпаның көрген зәбірінен, бар қазақты шашау шығармай ұстау қымбат.

66
{"b":"110492","o":1}