— Қалың қол шүршіттерді де тежеп отырады, — деді Абылай, — Қоқан билерінің де тәубасын ұмыттырмайды. Естуімше, Ерден мен Нұрбота билер Ташкент түбіне көп лашкарларын шоғырлап жатқан көрінеді… Келер жазға дейін біз дайын тұруымыз керек. Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің? Жау жағадан алғанда кермек татып не табасың? Қапылыста жинала қоюға, жер шалғай.
Үш жүздің «игі жақсылары» Абылайдың бұл ұсынысын әзер дегенде қабылдады. Өйткені Абылайдың қол астында мұндай әскердің болуы қайда апарып соғатынын олар жақсы түсінетін еді.
…Кеңес бітісімен жұрт елді-еліне тарады. Ең алдымен жері алыс Кіші жүздің сарбаздары өз мекендеріне беттеді. Содан кейін Ұлы жүздің батырларын, Орта жүздің де Торғай, Ырғыз, Баянауыл секілді алыстан келген жасақтарын қоныс- тарына қайтарып болып, Абылай енді өзінің қарамағындағы Арғын жігіттерімен Көкшетауға сапар шегуге дайындала бастады. Бұлар жүреміз деп атқа қонғалы тұрғанда, ордаға қос атты шабарман келді. Ол Әбілмәмбет ханның алдына кеп тізе бүкті.
— Хан ием, Лепсі өзенінің бойындағы он мың үй Садыр әндижан төңірегіндегі ағайындарына көшпек боп жатыр!
— Неге? Қандай себебі бар? — деді Абылай даусы қаттырақ шығып.
Найманға жататын Садыр руы Қытай басып алған бұрынғы жоңғар тайпасының жерімен шектес тұратын. Шабарман Абылайға бұрылды.
— Есің барда еліңді тап дейді Тасболат батыр. «Ақтабан шұбырындыда» қалмаққа жем болғандай, бұл Садыр енді Қытайға жем бола алмайды дейді.
— Лепсіге жеткен Қытай, әндижанға жете алмайды деп ойлай ма екен.
— Онысын білмедім. Қоқан жағынан кісі келіпті. Сендерді Қытай құртпаса, Арғын құртады деп, Нұрбота би кісі жіберіп азғырып жатқан көрінеді.
— Арғын құртқаны қалай?
— Әбілмәмбет ханды да, Абылай сұлтанды да Арғын елінің адамдары дейді.
— Сондай сөзге Тасболат батыр құлақ қойды ма?
— Құлақ қоймаса көшер ме еді? Жайшылықта салмақты Абылай күйіп кетті.
— Солай де! Арғындағы өшін менен алмақ болса, көрсетейін мен Садырға Абылайдың сойылын! — Ол есік алдында тұрған нөкердің біреуіне, — шақыр Бөгенбай мен Сырымбетті. Қонсын атқа қалың қолымен! — деп бұйырды.
Ордада бағанадан бері үндемей отырған Бұқар жырау:
— Сабыр ет, сұлтан, — деді. — Ел күйінсе де ер күйінбес болар. Бір жағы Қытайдан, қала берді сендерден қорыққан Садырды шапқанда не таппақсың? Қол жіберудің қажеті болмас, он жігіт қосып бер, ол құтырған Найманмен өзім барып сөйлесейін. Көнбесе амал жоқ, сойылыңды сосын қолданарсың.
— Жырау дұрыс айтады. — деді Әбілмәмбет хан. — Қоқан жеріне бір шаңырақты да жіберуге болмайды.
Бұқар жырау қасына он жігіт ертіп, Қоқан хандығына көшкелі жатқан, Лепсі өзенінің Балқашқа құятын сағасында отырған он мың үйлі Садыр руына жүріп кетті.
Найман тайпасының бір тармағы Садыр руы «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын Талас пен Арыс өзендерінің арасындағы Қаратау қойнауында көшіп жүретін. Әулиеатаға таяу Келтеқара арығы, Бұрындай өзенінің арғы жағындағы Үшащы қойнауы бұлардың келіп-кетімді қонысы. Бұрындай өзенінің бойында «Садыр-Мүрде» деп аталған жер — бұл рудың аталары қойылған зират еді. Сыр бойының бір қуаңшылық жылы осы рудың атақты батыры Жұмарт өзінің қарамағындағы тоғыз аулымен көшіп, жайлауға Арғын руының ата мекен жері Арғынаты тауларына барады. Арғындар бұған ана Ұлытауды жайлаған Бағаналы туыстарыңа көшіңдер деп, жер бермейді. Күшпен Ұлытаудың бергі қойнауына қуып салады. Ашу үстінде Жұмарт батыр Арғын жасағының батыры Ақмырзаны өлтіреді. Содан кейін Арқаға көшуін қойып, енді Бұрындай өзенінің бойындағы Үлкен тұра, Кіші тұра деген кіші-гірім тауларды қыс қыстауы етіп, жаз әулие етегіндегі Талас өзенінің шұрайлы қойнауын жайлайды.
«Ақтабан шұбырындыда» қалмақ қолынан тоғыз баласымен Жұмарт батыр өледі. Қырық мың үйдің он бес мың шаңырағы шұбырып, әндижан жеріне өтіп кетеді, ал қалған он мыңы Лепсі өзенінің бойындағы жоңғар Алатауының қойнауына көшеді. Сөйтіп жүргенде, Жұмарттың әлдеқалай тірі қалған Тасболат деген баласы ер жетеді. Енді әке орнына, мұнда қалған он мың шаңырақ Садырға сол ие болады. Тарбағатайдан Қытай әскері түсіп келе жатқан дегенді естісе де, ол Абылай жинаған қолға қосылмаған. Бір кезде әкесіне Арғынның жер бермегенін кек тұтып, өзін азғырып келген Ерден мен Нұрбота бидің елшісінің сөзіне еріп, әндижанға көшпек болады. Бұл хабарды көршілес отырған — Тобықты руының шабарманы әкелген.
Серіктерімен Бұқар жырау Тасболат батырдың аулына жеткен кезде, күн бесіндіге таяп қалып еді. Ел түйелерін қомдап, үйлерін жығып, көшкелі жат-қан-ды. Битке өкпелеп тонын отқа салған Тасболатқа ашуланған Бұқар жырау аттан түспей, жанындағы серіктерімен батырдың үйінің сыртынан кеп, кәрі домбырасын қағып-қағып жіберіп, айқайға басып еді.
«Садыр, қайда барасың,
Сарысуды көбелеп?
Сен қашсаң да мен қойман
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын
Қар, жаңбырдай себелеп,
Ақмырзамды өлтірдің
Ақ сойылмен төбелеп.
Уа, сен танымай кетіп барасың?
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең, —
Атасын білмес алыспын, —
деп Бұқар жырау, көшпе деп ақыл айтудың орнына Садыр қолынан өлген ерінің құнын сөзге тиек етіп, жырын ызғарлы үнмен тоқтатты.
Үй сыртында келіп тұрған үш жүзге мәлім Бұқар жырау екенін біліп, әлі де болса көшерін де, көшпесін де шеше алмай, үйін жықпай отырған Тасболат сыртқа шықты. Бұқардың құн сұрап келгені жай сылтау екенін әрине, бұ да ұқты. Жырауды қолтықтап аттан түсірді, үйіне алып кіріп, қошеметтеп көрпе төсеп, төрге отырғызды. Амандасып болғаннан кейін, Бұқар жырау:
— Жарқыным, бұл қай көшу? — деді әлі де сабасына түсе алмай.
— Шүршіт келе жатыр дейді ғой, — деді Тасболат ойлана, — Қашқардан қашқандар бар…
— Шүршіт келе жатса, Абылай бар емес пе?
— Арғы беттегі елді шүршіттер тып-типыл ғып өртеп жіберіпті. Құдіретті болса Абылай сонда қайда қалған?
— Арғы бетке шығып шүршіттермен соғысуға әлі ерте… Жұрт қашты деп, батыр қашпас болар…
— Қашпалық…Сонда не ұтамыз?
— Батыр Баян мұндай сұрақ бермес еді. Әне, ол халқы үшін жанын пида еткен жоқ па?
Тасболат үндемей ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:
— Жарайды, ендеше, біз де көшпейміз, — деді.
Оның даусынан өзінің жеңілденіп қалғаны байқалды. Кім ата мекен жерін тастағысы келеді. Оның үстіне Қоқан ханының қоластына барып, көгере қоюына Тасболат күмәнді еді…
— Ал біздің жерімізге шүршіт келе жатса, Абылай бізге жәрдем қолын соза ма? — деді Тасболат Бұқардан көзін алмай.
— Бұдан былай исі қазақ Абылайдың туы астына жиналуы керек, — деді Бұқар жырау. — Абылай қол астындағы елін қорғауға тиіс. Ол қорғамаса Бөгенбай, Жабай, Сары-сынды батырлар бар. Солар қорғайды… Бұл арада сендер әзірге қазақ жерінің барлаушылары болып қала тұрасыңдар.
Бұқар бір қонып, ертеңінде еліне аттанды. Тасболат оның соңынан ұзақ қарап тұрды. Жырау сөзін ойға салды. «Исі қазақ Абылай туының астына жиналуы керек» деп қайталады ол ішінен. Жұрт Бұқар жырауды Абылайдың тіл мен көмейі деуші еді, сол есіне түсті.
ІІІ
Көкейтесті арманына жеткен Абылайдың көңілі ай-жай еді… Иә, Телікөлдің жағасына жиналған үш жүздің «игі жақсылары» оны «Үлкен Орда» ханы етіп ақ кигізге көтерген. Рас, бұл жиынға Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп руларының басты адамдары келмей қалды. Келмесе, өзі білсін! Абылайға қазір оның қандай маңызы бар? Бүгін келмегені, ертең келеді. Бүгін көнбегені, ертең көнеді. Көнбегенін ат құйрығына байлап, ақ сойылдың астына алады!
Ал қазір айбарынан сескеніп тізе бүккен қалың ел! «Ханның қаһарынан сақта!» деп жалбарынған ру басшылары…
Міне, бүгін, Абылайға осындай кіріптар болғанның бірі — Қоңыратқа жататын Божбан руы. Түркістан уәлиетін жайлайтын бұл рудың басшы адамдары жерінің жақындығын пайдаланып, Қоқан билерімен тіл табысып, Абылай қоластынан шықпақ болған. Саққұлақтары арқылы бұны біліп қалған хан, тал түсте Божбан ауылдарын шауып, басты адамдарын тұтқынға алған.