Литмир - Электронная Библиотека
A
A

әрине, Әбілмәмбет ханның сонау Хантағыдан жеті күн жүріп, Көкше теңіздегі сұлтан ордасына текке келмегенін Абылай жақсы біледі. Ел ардақтағанды хан да мақтаған. Абылайдың шүршітпен соғысып, әскерін қырып алмай, аман қайт- қанын қошаметтеп, ұлы тойға Әбілмәмбеттің өзі келген. Хан басымен немере інісіне алғысын айтып, батасын бермек.

Иә, бұл соғыс Абылайдың қастары ойлағандай боп бітпеді. Енді міне, алдағы уақытта қазақ елі шүршітпен соғыса ма, әлде бейбітшілік бітімге келе ме, тек Абылай ғана шешетін жағдай туды. Егер шүршітке қарсы тұрып соғыса бергенінде, бар әскерінен айрылатын еді. Әскерсіз елге кім қорған бола алады. Ал бар жасақтарымен Шыңжандағы ұйғыр мен қазақтарға барып болысып, Қытай әскерлерімен қайтадан айқасуға дәл қазір Абылайдың мүмкіндігі жоқ. Жат жерде жүріп жауды жеңу қиын. Онда бәрі де қазір ауыл шетіндегі қаралы үйде жат- қан Батыр Баянның кебін киер еді. Жоқ, Абылай дер кезінде шегінді. Ертең «Үлкен Ордаға» хан бола қалса, өзіне керек қалың қолын апаттан аман сақтап қалды. «Үлкен Орда» ханы? Абылай тұнжырап кетті.

«Үлкен Орда» төңірегіндегі сұлтан, батыр, билердің ой-мақсаттары Абылайға алақанында тұрғандай аян еді. Өздері хан болудан үміттенбесе де, Әбілмәмбет өлген күнде хан көтерсек деген адамдары әлдеқашан белгіленген.

Бақ күндес жақындары қазір Абылайдың әр қадамын аңдуда, тілейтіндері — сүрінуі. Россия қол астына кіруді жақтағанында Абылайға олар қандай айып тақпады! Кейбіреулер бұған қара халықты қарсы қоймақ та болды. Әне, анау бір тәспі тартып отырған қария «екі көрші» туралы мысал да айтқан.

«Момын шаруаға ала аяқ көршісі келіп, татулық достық үшін өгіз терісіндей жер бер деп сұрапты. «Ала ғой» депті момын шаруа. Сонда әлгі қу, өгіз терісінен таспа тіліп, момын көршісінің бар жерін қоршап алып, «осындай жер маған ауысады» деп, момынның бар жерін өзіне қалдырыпты. Сенің орыс жандаралдарың да әлгі қуға ұқсайды, — деген осы қария. — Ең алдымен бекініс салуға болмашы жер сұрайды. Соңынан оған егін, бақша салатын жерді өзі қосып алады. Артынан мұжық-төлеңгіттерін әкеп орналастырып, қазақты өз қонысынан қуады…».

Ал қазір қазақ елін шүршіт кеп жан алқымнан алғанда, енді бірде-біреуі «сен бізді кәпірге саттың, ханды да соған көндірдің» демейді. Шүршіт айдаһары жоңғардың тарғыл ырбызы емес, анағұрлым күшті. Онымен артында орыс бекіністері тұрғанда ғана жөндеп сөйлесе аласың…

Жоқ, Абылайдың қазір арқа сүйері төре тұқымы емес. Абылай жағындағылар, әне, анау халықтан шыққан атақты батырлар. Өз аттарын ел-жұртына найзасымен әйгілі еткен ата-бабасы белгісіз жаман тымақ, жыртық тон бұқара жұрт. Тілін таба білсең бұлар жетім лақтай соңыңнан ере береді…

Міне, тізесіне тізесі тие отырған, кексе тартып қалған Бөгенбай, оған таяу Еменәлі мен Жабай батыр, одан әрі Қыпшақ Дербісәлі мен Маңдай, Дулат Бөкей, Алтайдың ақбас атаны Сеңгірбай, Уақтан шыққан Сары батыр… Бәрінің де даңқы жер жарады. Соңдарынан ерген топтары да көп. Ешқайсысы Абылай берген бұйрыққа қарсы шыққан емес.

Егер Абылай «кейін шегін» демесе, осылар шүршітті жеңіп, оның табанының астында жатқан Шығыс Түркістанның біраз елін құртар ма еді, қайтер еді? Бүкіл үш жүз болып атқа қонуға әзір. Бірақ Шығыс Түркістан елі Арқа мен Сыр бойындағы бауырларынан жәрдем күтіп отырғанда, Абылай өз әскеріне «кейін қайт» деді. Өйткені болашақ «Үлкен Орда» ханына шүршітпен қазір соғысу тиімсіз болды. Ханға тиімсіз дүние, бүкіл қазақ даласына тиімсіз болып саналуға тиіс.

Басындағы қалпағын мылқау атып түсірген күні Абылайдың Алтынемелдегі ордасында екі бейшара дәруіштің болып шыққанын осы отырған адамдардың бірде-бірі білген жоқ, Дәруіштер күзетшілер арқылы Абылайға, жалғыз ғана иероглифы бар, күміс теңге көрсетті. Сұлтан дәруіштерді ордаға кіргізуді бұйырды. Ордаға кірген дәруіштердің бірі үстіндегі шапанын шешіп, басындағы сәлдесін тартқанда, Абылайдың денесі мұздап кеткен.

Сұлтан жас кезінде Қалден Цереннің қолында тұтқында жатқанда, Таш- кентке осы көсе дәруіш екі рет келген. Тәкаппар, адуынды Қалден Цереннің басын иіп бұнымен ілтипатпен сөйлесіп отырғанын Абылай өз көзімен көрген. Соңынан, осы көзі іріңдеп кеткен көсе шал ұлы Жоңғарияның құрып кетуіне себеп болған еді…

Ақ ордадағы әңгіме ұзаққа созылмады, қарт дәруіш есегіне мініп, белгісіз жаққа құрып кетісіменен, Абылай Алтынемелден Көкше теңізге дейін шегінуге бұйырған. Ертеңіне ақ бура да Көкше теңізге қарай шөккен…

Иә, Абылай сол күні-ақ осы жолды қалаған Алтынемелде шүршітті жеңу болашақ «Үлкен Орда» ханына тиімсіз көрінді. Қытай жағынан қауіп азайды десең-ақ осы отырған төре, билер басқа әнге басатыны хақ… Жау шабуылы алыстаса-ақ болғаны, саясатшыл, қызыл өңеш ділмәрлар әрқайсысы өз ұлысын бөліп алмақ боп, шарт жүгініп сөзге кіріседі, Мықтылары сойылына да жол беруге тырысады… Онда үш жүздің басын қосып, «Үлкен Ордаға» бағынған ел болуы адыра қалады… Ал шүршіт гүрзісі қазақ елінің басына төніп тұрғанда, Абылай да күшті. Мұндай жағдайда «Үлкен Ордаға» хан болуы айдан анық. Сонда барып ол Алтынемелге қайта оралады… Оған дейін Абылай өз күшін жоғалтпай, қорқау қасқырдай бұның өлігін күтіп отырған Қоқан билері Ерден мен Нұрботаға жонын көрсетіп қойып, орыс арыстаны мен Қытай айдаһарының арасында ебін тауып жүре тұрады. Екі жақ бірдей сені өзіне тартқысы келіп тұрса, тәуелсіздігіңді сақтау үшін, саған одан ұтымды жағдай жоқ. Россияның қол астына кіруді ол әлдеқашан шешкен. Ал кей істе Қытай боғдыханына да бағынышты екенін мойындаудан енді оның ештеңесі де кетпейді… Абылайды іздеп келген шал бұдан артықты әзірге тілеген де жоқ.

Жоқ, бұл ірің көзді кәрі шүршіттің арғы ойын түсінбейтін Абылай милау емес. Мыстан шүршіт қазақты¦ үш жүзін бірдей жоңғар қан жосығына ұшыратпақ. Жоңғар өлігіне тойынған шүршіт айдаһары әлі тоғын басқан жоқ. Сонау Хуанхэ, Янцзи өзендерінің бойынан Қытай шаруасын айдап әкеліп, оларды Жоңғардың тып-типыл боп күйген жұртына орналастырғаннан кейін, араны қайта ашылады. Ол тағы жаңа жемтігін іздей бастайды. Сонда ол жалмауыз аузын ашып, тағы да қазақ даласына қарай жылжиды. Сол уақытта қазақ еліне өз даласына салуға рұқсат еткен орыс бекіністері де керек болады.

Оған дейін Абылай өз жолынан таймайды. Бұл жол қиын жол, бірақ тиімді жол. Түбі Абылайды үш жүздің алтын тағына жеткізетін жол. Кімде-кім осы ұстаған жолына бөгет болғысы келсе, өз обалы өзіне, ондайлардың басын Абылай алдаспанмен қағып түсіріп отырады. Осы үйдегі ақсүйегі бар, қара сүйегі бар, ешқайсысы Абылайдың ойлаған ойына бөгет болмауға тиіс. Өйтпесе… Өйтпесе бұлар да Батыр Баянның кебіне душар болады. Абылай оны жау шебіне тегін қалдырған жоқ, өйткені Алтынемелден бұның неге шегініп бара жатқанын Батыр Баянның түсініп қалғаны Абылайға да аян еді.

…Ханның «Тағанақ» кеңесі бұл жолы әдеттегі дәстүрден тыс, өзгеше бас- талды. Басқа ақсақал, билер сөйлеп болып, Әбілмәмбет хан енді кезекті «маймене» қаз дауысты Қазыбекке бере бергенде, сөзуарлығы жоқ, сабырлы Бөгенбай батыр бақандай екі қолын алдына созды.

— Уа, тақсыр хан, — деді ол әдеттегісіндей тұтыға сөйлеп — бүгін үш жүздің бетке шығар жақсылары жиналып қалған екен, осы кеңесте менің Абылай сұлтанға қоятын бір сұрағым бар.

— Сөйле, Бөгенбай батыр!

Бөгенбай қамшысын алдына тастай салды да, енді Абылайға бұрылды.

— Шүршіт көгенінде қан жылап жатқан Шығыс Түркістандағы бауырларымызды құтқаруға біз неге аттанбадық, Абылай сұлтан? Соған жауап берші.

Он екі қанат орда іші тына қалды. Әлден уақытта Абылайдың қоңыр даусы естілді.

— Шығыс Түркістандағы елдің бас көтергенін мен білген жоқпын! — деді, адамның өңменінен өтетін өткір көзін жалт еткізіп.

«Бұл хабарды ең алдымен сен естуге тиіс емес пе едің?» дегенді әркім іштерінен ойласа да, батылдары барып сыртқа шығара алмады.

«Тағанақ» кеңесінде қазақ елі Қытаймен соғыспайтын боп шешілді. Келісім сөз жүргізгелі Қытайдың ресми елшілері келгенін Әбілмәмбет ханның өзі хабарлады. Бірақ, Әбілмәмбет ханның айтып отырғаны — Абылай сұлтанның ойы екеніне де жұрт шек келтірмеді. Шүршітпен келісім сөздің басталуына қарамай көктем шыға үш жүздің жігіттерінен үлкен қол жинау керек деген хан тұжырымы да Абылайдан шығып отырғаны белгілі еді.

64
{"b":"110492","o":1}