Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Бір жетіден бері жауын күтіп тынығып қалған Батыр Баян жасағы енді бір күні түнде Күркіреуіктен өтіп, Қытай шебіне қарай беттеді.

Батыр Баян ертеңіне-ақ, қас қарая өздерінің осыдан он күн бұрын тастап кеткен бекіністерінің тұсына кеп жетті. Мың жігітін төменгі қойнауындағы адыр, асулардың арасына тастап, өзі екі серігімен биіктеу бір төбенің басына шығып, арғы жақтағы ойпатта жатқан Қытай жауынгерлерінің қостарына көз жібереді. Ымырт жаңа ғана түскен, әскерлер кешкі асын дайындап жатса керек. Бүкіл алқап бойы быжынаған от… Санап көріп еді, мыңға таяй беріп жаңылысып кетті. «әр ошақтың жанында жеті-сегіз адамнан болған күннің өзінде де мынау ойпатта кемінде он мыңнан астам Қытай жауынгерлері бар-ау. Ал біз болсақ — мыңға әзер жетеміз» деді ол ішінен. Сөйтті де бір тәуекелге бел буды «ойламаған жерден тиген қолдың бірі жүзге татиды, оған тыныш жатқан елін шап- қан Қытай басқыншыларына деген қазақ жауынгерлерінің жүрегіндегі ашу-кегін қос! Тәуекел!»

Батыр Баян сол күні түн ортасы ауа, Қытай әскерлері тегіс ұйқыға кеткен кезде жауын шаппақ болды. Бірақ күзетшілер отырған бекініс-шепті оралып өтіп, ұйқыда жатқан жауынгерлердің арғы түкпірінен тиюді дұрыс көрді. Сонда ғана бұлардың күлін көкке ұшыруға болады. Батыр Баян өз ойын жігіттеріне жеткізді.

— Сіздің бұл әрекетіңізді Абылай қостар ма екен? — деді әлдекім Батыр Баянның ту сыртынан.

Бірақ Батыр Баян өз шешімін өзгерткен жоқ. Түн көзге түртсе көрінбейтін тым қараңғы еді. Төгілетін қанды жасырғысы келгендей түксие түнерген. Қытай шебіне жіберілген барлаушылар жау қостарының бер жағында терең сай бар екенін айтып келді.

Батыр Баян дереу қозғалуға әмір берді, сайдан өткенше үн шығармауға бұйырды. Іле жағасының жиделі, тораңғыл тоғайын жағалай отырып, қазақ жігіттері сайдың арғы бетіне шығып, қайтадан сап құрды. Алдарында бір шақырымдай жерде жау жатыр…

— Уа, аруақ! Ақжол ата! — деп Батыр Баян тықыршып тұрған Тұлпаркөгіне бірінші боп қамшы басты.

— Абылай!

— Қарақожа!

— Қабанбай!

Ұрандасқан мың жігіт ұйықтап жатқан жау үстінен жөңкіліп келіп қалды. Екпіндері қауға түскен өрттей жан шыдатар емес. Түнде шапқан жау қандай қорқынышты, үстеріне қазақ жігіттері, жетіп келгенде, Қытай сыпайлары не істерін білмей, қостарынан шыға, беттері ауған жаққа қашты. Көбі қара басып қарсылық көрсетпей, жан сауғалап жүргендерінде сойылға жығылды, найзаға ілінді. Бүкіл дала Қытай, манжур әскерінің айқай-ұйқайына толды.

Жер тартып аламыз деп келген Қытайдың көп жауынгерлері осы жат жерде қаза тапты. Өліп бара жатқандарында ғана, сорлылардың көз алдарында сонау туған өлкелерінің көк орманы, мөлдір аспаны, ақырын толықсып аққан мол сулы сұрғылт өзендері елестеді… Көбі «әттеген-ай, бекер келген екенбіз, сол туған жерде неге өлмедім» деп өкінді… Бірақ көк найзаның ұшыменен еріп келген ажал ешқайсысын мүсіркеген жоқ, тас құшағына ала берді…

Бұл айқаста бір мыңға таяу кісі қаза тапты. Қытай қолбасшылары әскерін тәртіпке келтіріп, қарсы тұрып үлгіргенше, қазақ жігіттері көзден ғайып болды. Бұларға тиген жын емес, адам екенін Қытай сыпайларымен қатарласа жатқан қазақ жігіттерінің өліктері ғана анықтады…

Көп кешікпей бозарып таң да атты. Жау қостарынан үш шақырымдай бүйірдегі қамысты тоғай арасына кіріп үлгірген Батыр Баян жасағы шығындарын есептеп еді, қолға түскені, жараланғаны, қаза болғаны бар, үш жүздей жауынгер жоқ боп шықты. Батыр Баянның түсі қашып кетті. Енді Іле өзенінің арғы бетіне шығып, кейін қайтпақшы боп тұрған қолға, кенет ол:

— Жау қолына серіктерімізді тастап кеткеніміз болмас. Өлсе өлігін, өлмесе жаралысын алып шығуымыз керек! — деді ызалы жүзі сұп-сұр боп, — Қытай қостарын қайтадан шабамыз!..

Жұрт үндемеді. Тек бір қартаң жауынгер:

— Осы шабуылды бізге қисаң қайтеді, Батыр Баян, — деді, — бір тәулік бойы астымыздағы аттарымыз да тыным алған жоқ. Және өзіміз де әлсірейік дегендейміз бе, қалай…

— Сонда шынымен-ақ серіктеріңді жау қолына тастап кетпексіңдер ме?

— Тірі қалғанын құдайға тапсырайық, ал өлгеніне жәрдем беру тек алла-тағаланың ғана қолынан келеді…

Тағы бір-екі жауынгер күңкілдеді.

— Құрылған қақпанға өзіміз барып түспекпіз бе?

— Кешірер бізді, шіркін боздақтар…

Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді. Бұл Тәтіқара жырау ең алғаш шегініп келе жатқандарында «Күйігіңнің кегі қайтар күн туар» деп жұбатқан жауынгер еді.

— Жігіттер, өлсек біз өлгендерден артықпыз ба? Серіктерімізді тастап кету жөн емес. Баста, Батыр Баян. Мен ердім соңыңнан!

— Анадан ұл боп туған жалғыз сенсің бе, мен де ердім!

— Мен де!

— Тәуекел, тағы бір шабалық!

— Иә, сөйткен жөн… Аты құрғыр…

— Менің атым да осы шабуылға жараса игі еді…

— Жә, болды! — деді Батыр Баян. — Аттарың жарайтындарың бері шық. Жарамайтындарың осы арада қалыңдар.

Жұрттың бәрі Батыр Баян тұрған жерге қарай шықты.

— Бәсе, менің қырандарым осылай болса керек-ті!..

— Уа, Батыр Баян, сенің бұл әрекетіңе Абылай сұлтан қалай қарар екен? — деді тағы бағанағы дауыс.

Батыр Баян тағы жауап бермеді. Атын тебініп қап алға түсе берді.

Жасақ Қытай қостарына бір шақырымдай жер қалғанша, құрақты, тобыл- ғылы ойпатпен аяңдай жүріп келді де, тізгінді қоя берді. Жер бетін ұран басып кетті.

— Ақжол!

— Абылай!

— Қарақожа!

— Бөрібай!

— Саптыаяқ!

Батыр Баян мен жаңағы қарасұр, жауынгер өзіне қарсы ұмтылған Қытай сыпайларын жайпай ұрыса бастаған кезде, аттары болдыруға айналған, ең соңғы жауынгерлері де жетті. Бұл жолы Қытай сыпайлары білте мылтықтарымен қазақ жігіттерін көздеп атып, орасан қарсылық көрсетті.

Дүние жүзі әлем-тапырық ұрысқа айналды. Қытайлар да қапы қалмады, қазақтар да аянған жоқ. Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер…

Ұрыс күн көтерілгенше созылды. Екі көзі оттай жанған Батыр Баян жан-жақтарын тұтаса қоршаған Қытай қылыштарынан қазақ жігіттерінің екшеліп қалғанын аңғарды. Көптің аты көп, күш тең түспеген еді. Бірақ қызыл қанға батып жер құшып жатқан Қытай жауынгерлері де аз емес. «Аяулы қырандарым, өлсе де жастығын ала өлейін деген екен! — деді ол ішінен. — Бұл айқас жауымыздың есінде мәңгі қалар. Қанша өлігі жатыр. Жоқ, біз текке айқаспаған екенбіз. Біздің жерімізге шүршіттер енді аяғын байқап-байқап басар!»

Сол-ақ екен, өн бойын бір алып күш билеп, өзіне қарама-қарсы келіп қалған, есік пен төрдей қара ат мінген Қытайдың бір жалпақ бет сыпайын қайқы бел қара алдаспанмен қақ бөліп түсті. Дәл осы сәтте қолтығының астынан ұп-ұзын сүйір ұшты көк найза келіп қадалды. Көк найзаны Қытай сыпайы тағы бір ырғағанда өкпе тұсынан өткендей болды. Батыр Баян ат үстінен сырғып жерге құлай берді…

Батыр Баянның құлап бара жатқанын көрген қара сұр жігіт қолындағы алдаспанын жарқ еткізіп көкке көтерді де, құлаштай сермеп, аяулы ерге найза салған жауының басын допша қағып түсірді. Сөйтті де ат жалын құшып, арпалысып жатқан Батыр Баянды жерге түсірмей көтеріп алып, жау қоршауынан өтпек боп атын тебініп қалды.

Бұлардың соңынан қазақтың сиреп қалған жауынгерлері найза, қылыштарын кезей ұстап алға ұмтылды. Мұндай әрекетті күтпеген Қытай сыпайлары өздеріне қадалғалы келе жатқан ажалдың суық ұштарынан сескеніп, жолды аша берді. Батыр Баянның денесін алдына өңгерген қара сұр жігіт жау ортасын жарып өте шықты. Бұны көрген өзге қазақ жігіттері де, алдаспандарын жар- қылдата сермеп, жау шебін үзіп, қоршаудан өтіп үлгерді.

…Үлкен Орда ханы Әбілмәмбет пен Орта жүздің сұлтаны Абылай қатарласа отыр. Әбілмәмбет сәл жоғарылау, Абылай сәл төмендеу. Жоңғар мен Қытайға қарсы айқастарда сан жеңіске жетіп, Абылай бүкіл қазақ еліне әйгілі болғанменен, хан отырған жерде ол тек сұлтан ғана. Ал жалпы халық ұғымында Әбілмәмбет қанша хан болғанмен Абылайдан абыройы, даңқы төмен. Абылай халықты басқарады. Әбілмәмбет — Орданы.

63
{"b":"110492","o":1}