— әскер соңында қалуға мен бармын! — деді.
Абылай орнынан түрегелді.
— Онда сөз осымен бітті. Жарықтық ақ бура қалай шөгіп жатыр екен, енді соны көрелік…
Ақұрық шетінде жайылып жүрген ақ бура келе жатқан кісілерді көріп, бері беттеді. Абылай «бурашым, бурашым» деп еді, бір тізерлей барып, Көкше теңізге қарай басын бере шөге бастады…
… Екі жақтың негізгі күші түгіл қатынаспағанмен, бүгін тағы қырғын ұрыс болды. Тек ымырт жабыла, Абылайдың бұйрығы бойынша, қазақтың қалың қолы кейін шегінді. Беттерін Іленің төменгі сағасына бұрған қалың әскерді арт жағынан қорғап, өзінің таңдаулы мың атты қолымен Батыр Баян қалды. Бұлар бос жатқан жұрттың әр жерінен от жағып, әскердің шегінгенін жауға сездірмеу үшін алдамшы көрініс жасауға кірісті…
Негізгі қол Балқашқа қарай он бес шақырымдай өткенде ғана, жігіттер арасында күңкіл шыға бастады.
— Сірә, біз шегініп бара жатқан тәріздіміз ғой.
— Түн ішінде осыншама жедел жүргенімізге қарағанда, шегіну былай тұрсын, қашып бара жатпасақ нетсін.
— Қашсақ, қашып бара жатқан да болармыз. Олар тым көп қой.
— Көп деп жоңғардан қаш, Қытайдан қаш… Әбден су жүрек боп өлетін болдық қой тіпті.
— Үндеме, шырағым. Біз шегінгенмен, шүршіттің қолында қалған ел ереуіл шығарып жатыр деседі…
— Оны Абылай біле ме екен? Қашқар, Құлжадағы ұйғыр мен қазақтар бас көтеріпті…
— Бұны саған кім айтты?
— Жұрттың бәрі айтып жүр ғой…
— Бәрі дейсің бе?.. Иә, солай шығар. Жұртқа не бетімізбен қараймыз. Қытайдан қорқып қаштық дейміз бе?
— Шырағым, біздің тағдырымыз қазір батырлардың қолында. Ал батырлардың тағдыры Абылайдың қолында. Шегінсек со кісінің ақылымен шегініп бара жатқан болармыз.
— Шегінуге қанша ақыл керек? — деді, қабағы қатулы, бүгінгі ұрыста жалғыз ағасы оққа ұшқан жас жігіт. — Абылай ақылды болса жауды жеңудің жолын таппай ма?.. Қашу қатынның да қолынан келеді.
Алдыңғы жақта келе жатқан Тәтіқара жырау бұрылып кейін қарады. Ай жаңа туып, жер-дүние сәл ақшыл тартқан. Жігіттің қатыңқы қабағынан өте күйінішті екенін ұқты.
— Ауыл иті ортаға алса, көкжал қасқыр да қашып құтылуға тырысады, — деді ол жігітті жұбатып. — Асықпа, иттер андыздап соңынан түскенде ғана, көкжал қасқыр біртіндеп құртады…
Жігіт жауап қайырған жоқ. Енді біраз жүргеннен кейін қалың қол Іленің бір жалпақ өңіріне келіп аттан түсті. Әскер кешкі асын ішіп, азырақ көз шырымын алсын деп бұйырды Абылай. Заматта қостар тігіліп, әр жерде қазандар көтеріле бастады. Бірақ жауынгерлердің түрінде рең жоқ. Қашқандарына қорланғандай мойындарына су кетіп, иықтары салбырап, әр жерде топ-топ боп жиналып, күбір-күбір сөйлеседі. Абылайдан рұқсат алып, Тәтіқара мен Көтеш жырау осы жүдеген топтардың арасына барып, көңілдерін көтермек болды.
Қазақтың шырқай салған ән шыққан жерге заматта жиналатын әдеті. Бір ошақтың жанында отырып Тәтіқара «алты қырдың астынан естілетін» күшті даусымен бір айқайлап ап, термені желдірте жөнелгенде, әр жерде шоғырланып астың пісуін күтіп жүрген жігіттер, лезде сол маңға жинала қалды. Жырау осы ұрыста көзге түскен жігіттердің ерлігін айтып, жұрттың жабыққан көңілін көтеріп-ақ тастады. Енді көп арасынан:
— Уә пәле! Жігіт болсаң Малайсарыдай бол!
— Япырай, Қаракесек Қапан қандай мерген еді!
— Уа, Бөгенбай батырға кім жетсін! Алты алаштың айдары ғой!
— Ойпырмай, шүршітті қырамыз деп жүріп, көп қызықты көрмей қалыппыз ғой, Тәте-еке, әлгі жуан Қытай сыпайының қалай қашқанын қайтадан айтып беріңізші!
Тәтіқара жырау екі көзі оттай жайнап, термеге қайта басты.
Жуан қарны іркілдеп,
Қытай қашып келеді.
әзірейілдей зіркілдеп,
Жабай қуып береді.
О заман да бұ заман
Мұндай қызық кім көрген
Сан бәйгеде жүлде алған
Шабысы соққан желмен тең,
Аты шулы Кертөбел,
Қалды кейін жете алмай,
Жуан құрсақ, май басқан
Сыпай кетті құтылып,
Қашқан кезде, жігіттер,
Бұл шүршіттен кім асқан!
Осының алдында ғана иіндері түсіп, салбырап отырған жұрт мәз-мейрам боп, дуылдасып қалды.
— О, ерің-ай!
— Шіркіннің жанының тәттісін қарашы, Кертөбелге де жеткізбей кеткен.
Ошақ басы ду-ду күлкі…
… Біраздан кейін жігіттер астарына тоқымын, бастарына ерін жастанып, тәтті ұйқының құшағына енді. Бұдан мың жыл, екі мың жыл, үш мың жыл бұрын да ата-бабалары дәл осылай ұйықтаған. Ежелден келе жатқан осы көне халықтың етін жеп, сүйегін мұрнынан шығарып тастамақ боп, Қытай айдаһары қазақ даласына дәл осылай сан рет кірмек болған. Бірақ әрқашан да басқыншы жаудың күрек тісі быт-шыт боп сынып, маңдайлары тасқа соғылып, Жоңғар қақпасының тар шатқалынан әзер өтіп, талай рет кейін шегінген… Жыраулар бүгін ата-бабаларының сол ерлігін жас ұрпаққа жыр ғып толғады. Жырау сөздері миларына қонған жігіттердің түсіне айдаһарлар кіріп, кейбіреулері шошып оянып, алдаспандарына жабысты…
Олар таң саз бере, әлемді тітірете күн күркіреп, шелектеп жауған жаңбырдан оянды. Абылай бар қолын тез атқа қондырып, құйып тұрған қалың жауын- ға қарамай, жолға шықты.
Күн шыға жаңбыр басылысымен қосын буырқана ақ көбік атып, долдана тасыған өзенге кеп тірелді. Тасыған өзеннің түрі адам шошырлық, жұдырықтай тастарды шыр көбелек айналдырып қақпақылша қағады. Алдарында өткел бермес долы өзен, арттарында Қытайдың қалың әскері, жұрт дағдарып қалды. Осы кезде мың жауынгерімен Батыр Баян кеп қосылды. Қазақ жігіттері таң ата Қытай шебіне тиіпті. Бұлардың аз екенін біліп қалған Чжао Хойдың атты әскері қарсы шауыпты. Әйтеуір жер жағдайын жақсы білетін қазақ жігіттері, жұбын жазбай ұрыса шегініп, құтылып кетіпті. Қытай қуғыншылары соңдарына түсіп, тек қалың жауын басталған соң ғана кейін қайтқан көрінеді, Сөйтіп қазақтардың қашқаны Қытайларға мәлім боп қапты. Бұларды Қытайдың көп әскері қайтадан қууы мүмкін. Қауіп әр сағат сайын күшейе берді. Оның үстіне тасыған өзен қайтатын емес, арнасынан асып, бұрынғысынан да бетер құтырына бастады. Жұрт бұл араны «Күркіреуік» деп бекер атамаған екен, ақ көбік атқан толқындары гүрілдей өкіріп, адамның қарадай зәре-құтын алады. Қалың қол долы өзен мен жау әскерінің арасында қалып, қатты қысылды. Міне осы кезде Тәтіқара алға қарай суырыла шығып, домбырасын безектете, саңқылдап қоя берді.
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақ ұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда!
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Дербісәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын.
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт,
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменалы Керейде ер Жабайды айт! —
деп батырлардың аруағын қозғап, өзенге түсіңдер деп ұран тастады.
Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген. Аты аталған батырлар тасып жатқан өзенге түсуге ыңғайлана бастады. Бәрінен бұрын, үстіндегі ауыр киімін де шешпестен, долы ағысқа бірінші боп Батыр Баян қойып кетті. Абылай оған қарап тұрып: Батыр Баянның кеше шегінген әскерге қалқан боп өзі сұранып қалуынан, бүгін тасып жатқан өзенге жұрттан бұрын түсуінен, аяулы батырды айдап салып жүрген — жалғыз інісі Нояннан айрылып, әлі жазылмаған қасіреті екенін ұқты.
Батыр Баянмен ілесе аты аталған батырлар суға түсе бастады. Оларға өзге жігіттер де қосылды. Сөйтіп қалың қол аман-есен өзеннен өтті. Бұлар бергі бетке шығып, үстеріндегі киімдерін кептіріп жатқан кезде, Күркіреуіктің арғы бетінде Чжао Хойдың атты әскерінің барлаушылары да көрініп қалды.
— Өзеннің бергі бетіне бірде-бір шүршіт шығушы болмаcын! — деп Абылай тағы да Батыр Баянның мың жігітін тастап, өзі қалың қолмен алға қарай жүріп кетті.
Бірақ, бұлардың соңынан сол күні де, келесі күні де ешкім қуып келмеді. Арғы бетке жіберілген барлаушылар: бұ жақта шағын қолмен қалқан қалыпты. Ал Қытайдың басқа бар әскері өздері жақында ғана басып алған жаңа өлке — Шыңжанға қайтыпты деген хабар әкелді. Чжао Хой әскері бері қарай өтісіменен Шыңжандағы қазақ, ұйғыр қайтадан бас көтерген. Қазақ қолдарын қумақ түгіл, «байтал түгіл бас қайғының» кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген. Атты әскер қолбасшысымен араздасып қалған генерал Фу Де де, ел талаудағы олжадан құр қалмаймын деп Чжао Хой әскерінің соңынан кеткен. Сөйтіп қазақ даласы бұ жолы да Қытай басқыншыларының қаһарынан аман құтылды.