Литмир - Электронная Библиотека
A
A

— Уа, не болды? — деді Нұржан даусы дірілдеп. — әйтеуір, өзіңіз аман- сыз ба?

Абылай ақ бураны көрсетті.

— Күзетші Мүлікті ақ бура басып қалды. Қазір астында жатыр.

— Ойпырмай, не дейсіз. Ой, жануар… — Нұржан бураға қарай тұра ұм- тылды.

— Тиме! — деді Абылай ақырып. Нұржан кілт тоқтады. — Несі қалды дейсің.

Жұрт не істерін білмей тұрып қалды. Әлден уақытта ақ бура түрегелді де қара түнге кіріп жоқ болды.

Бір жас жігіт шақпақ тасын ұрып, от тұтатқан. Лап етіп жанған кепкен қурайдың жарығы қанды оқиға болған жерге түсті. Жұрт мылжа-мылжасы шыққан Мүліктің денесі мен қасында жатқан түсі суық жалаңаш қанжарды көрді. Мүліктің тісі ақсиып кеткен. Сықылықтап күліп жатқан адам тәрізді… Оның қылышы мен садағын тастап кеткенін көрген Нұржан бір сұмдықтың бола жаздағанын енді түсінді.

— Япырмай, ә… — дей берді. — Ақ бура болмағанда… мына сұм сізді өлтірмек екен ғой..

Абылай үндеген жоқ. Аяғын саспай басып Ордасына кіріп кетті.

Аңыз бұл оқиғаны бізге осылай жеткізді. Тек ажалдан құтқарылған Абылай, Мүліктің «соңыңыздан ерейін» деген сөзін естігенде, күлімсіреген жерін ғана аңыз айтпайды.

Ал сұлтан болса, Ақ ордаға кіріп бара жатып, кешегі хатты өзіне кім жаз- ғанын ойлауда еді. Ол хаттың шетінде «Мүлік» деген, көзге көрінер-көрінбес сөз де бар-ды. Дос адам шынын жазған екен. Оны ақ бура айқындады. Абылай Ордасының есігін аша беріп тағы күлімсіреді. «Кісі алатын бір бура он күзетшіге татиды екен-ау».

… Күндегі уақытынан сәл кештеу оянған Абылайға таңертең күзетшілері мылқауды алып келді. Абылай екеуі оңаша қалған. Өзбектің тұнжыраған бетіне ұзақ қарап отырды да, қолына бор алып, жанындағы дөңгелек столдың бетіне араб әрпімен:

«Кеше менің басымдағы қалпақты атып түсірген сенсің бе, жігітім?» — деп сұрады.

Мылқау борды алып жазумен жауап қайырды.

«Менмін».

«Мергендігің үшін көп рахмет!»

«Рахметті ең алдымен жазмышыңа айт».

«Мүлікпен екеуің қайдан келдіңдер?»

«Қоқаннан…»

«Кім жіберді?».

«Ерден мен Нұрбота билер».

«Қандай шаруамен?»

«Қоқан билері сенен қорқады».

Абылай «жақсы» деп, басын изеді. Ол түрегеліп еңгезердей өзбек құлына өзінің керегеде ілулі тұрған құндыз жағалы шапаны мен камшат бөркін кигізді. Серіктеріне құлды өзінің қағаз көшіретін хатшысы етіп алатынын айтты. Көп кешікпей Қоқан жағына Абылайдың бес жігіті жүріп кетті. Олар өздерімен тілектес саудагерлер арқылы, мылқаудың құлдықта жүрген екі ұлын сатып алуға тиісті еді…

… Күн ұясынан көтеріліп те үлгірген жоқ, Жоңғар қақпасының бергі бетінен дүркін-дүркін айқай-шу естілді. Қытай жағына жіберген Абылайдың ертөлелері, түнде Фу Де мен Чжао Хойдың әскерінің қосылған хабарын алып келді.

— Келген күштің негізі атты әскер, — деді барлаушылар. — Аттары да бұрынғыдай емес, қазақы жылқы. Шамасы, Қашқария мен Ұлы жүз ауылдарынан тартып алған секілді…

— Дегенмен жаяу әскері көп қой, — деді Абылай барлаушылар жасағының бастығы Сеңгірбай батырға қарап, — дәл бүгін олар майданға шыға қояр ма екен, қалай ойлайсың…

— Жоқ, бүгін олар ұрысқа шыға алмайды. Алыстан шаршап келді ғой. Ал кешегі соғысқа қатынасқандары олардан да жаман шаршаған. Түнде екі мыңға жуық өлік жинапты, оңай ма… Ал қазір олар қазан көтеріп, тары орнына, бүгін екі есе етіп күріш салып жатыр… Бұнысына қарағанда Чжао Хойдың әскерінің аман-есен жеткенін тойламақ тәрізді. Бізге қарсы тек шамалы қалқан қоймақ ойы бар.

— Жақсы, — деді Абылай. — Менің Ордама мың басы батырларды тегіс шақырыңдар…

Сеңгірбай алдыңғы шепке кетті. Жан-жаққа қолбасшы батырларды жинауға шабармандар жөнелді.

… Абылай Ордада жападан-жалғыз отырып, қалың ойға шомды. Ертең таңертең не істеу қажет, соны бүгін шешуі керек. Абылай қалай шешсе, таңертең ақ бура солай қарап жататын болады.

Қырғын ұрыс басталғалы, міне бірнеше күн өтті. Қырылған шүршіт бізден он есе көп дейік, бірақ Фу Де ме Чжао Хойға ол дым да емес. Ал қазақ еліне келсек… «Ақтабан шұбырындыдан» бері әлі бұрынғы санымызға жете алмай келеміз. Бізге әрбір жігіт қымбат. Жарайды, Фу Де мен Чжао Хойдың осы екі қолын жеңсін-ақ, сонымен соғыс біте ме? Қытай боғдыханы үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы қолын жібереді… Жоқ, қазір қазақ елінің Қытайдың мың басты айдаһарына қарсы тұра алар дәрмені жоқ… Ол айдаһардың қолына түскен қазақ рулары әзірге шыдай тұрсын…Тірі қалу үшін суыр болып жерге кіріп, таутеке боп құзға шықсын, әйтеуір, құрып кетпеудің жолын іздесін… Ал, қазір біздің борышымыз неде? Шүршітке қазақтың оңай жау емес екенін көрсетіп, әскерімізді аман-есен елімізге қайтаруымыз керек. Шүршіт соңымыздан қумақ болса, сонда көрсін біздің күшімізді. Әрине, ақылы су боп кетпесе бізді қумайды… Қумаса теңбе-тең түскен боп айрыламыз…

Ал әскерімізді қайткен күнде де аман сақтауымыз қажет. Қоқан билері Мүлікті босқа жіберіп отырған жоқ қой. Олардың ойы ап-айқын: шүршіттер қазақ жауынгерлерін қырып жатқанда, сұрқия Мүлік қазақтың болашақ ханын өлтіреді… сол кезде Қоқан әміршілеріне кім қарсы тұра алады? Баз баяғы қазақ елін талан-тараж етіп, талап алмақ. Әрине, қоқан билері өздеріне ең қолайлы жерлерді күні бұрын белгілеп қойғандары да мәлім, әйтпесе Арал теңізі тұсында олардың жасақтары текке көрінбесе керек-ті. Шүршіт шапқыншылығы олардың ойына да келер емес. Алла-тағала өзінен өзі сақтап қалатындай көреді. Шүршіт пен Қоқан әмиратының ортасында қазақ қолдары тұр. Надир-шахтың Хиуадағы құлдары да Қытай айдаһарының бар екенін естерінен шығарған. Бар айналдыратыны қазақ елі. Бізге тиіспеген, көз алартпаған бір күндері жоқ. Қытай боғдыхандары алда-жалда қазақ әскерін құрта алса, шүршіттен бұлар аман қала ма? Өгізге туған күн бұзауға да тумай ма? Иә, сөйтеді. Ал, кенет олар бізбен біріккен күнде де, Қытай айдаһарына Қоқан мен Хиуа да төтеп бере алмайды… Сондықтан әзірге…

— Бүгін түнде біз кейін шегінеміз, — деді Абылай, батырлар әскери кеңеске жиналып болған соң, — артымызда қуғыншыларға төтеп беретін болмашы қалқан ғана қалады.

Үй іші тына қалды. Ызыңдап ұшқан масаның дыбысы ғана естіледі. Батырларда үн жоқ…

— Бұнымыз қашу ғой! — деді Қаракерей Қабанбай ұнатпаған пішінмен.

— Иә, солай десе де болады, — деді Абылай саспай. — Бірақ бұл қазақ батырларының ажалдан қорқып қашуы емес. Әскерін сақтаудың амалы.

— Бұған біз түсінерміз-ау, — деді қанжығалы Бөгенбай, — соңымыздан ерген жұрт не дейді?

— Дер кезінде шегінбесек, енді жиырма күннен кейін, тек сіз бен біз ғана тірі қалармыз. Оның өзі де неғайбыл, — деді Абылай, — өлік жинаушылар кешегі айқаста жеті жүз кісі өлді деген хабар әкелді. Алдыңғы күні алты жүздей жігіт қаза болды… Күнде осындай шығын етсек санаңдар, қанша күнге жетеміз?..

— Абылай сұлтан жөн айтып отыр, — деді Жәнібек тархан қамшысын алдына тастап, — шегіну керек. Бірақ қай тұсқа барып бекінеміз? Соны ақылдасайық.

Мысқылшыл Қанай мырс етті.

— Торғайға тартамыз. Қытайдан қашсаң, ар жағында Орынбор бар.

Шүршітпен бетпе-бет кеп шайқасуды ғана білген кейбір қазақ батырларының бұл оқиғаны тереңірек ойлауға өрелері жетпей жүрген-ді. Сұңғыла Қанай көп адамның ойын айтып салған. Осы отырғандардың кейбіреуі Абылайдың Россиямен жақындасуын жөн көрмейтін. Тіпті оны айыпты санайтын. Бұлар қалай десе олай десін, Абылайдың көз алдынан жақында ғана болып өткен жоңғарлардың қанды қайғылы халі кетпейтін. Әттең не керек, жаңа әйел патша өзінің империясында не болып жатқанын әлі ұға қойған жоқ. Соның салдарынан Абылай да шүршіттің сазайын тартқыза алмай отыр.

— Жә, жетер! — деді ол ақырғы кесімін айтып, — қазақ елінің тағдырын көкпарға салатын заман емес. Көкше теңізге дейін шегінеміз. Одан әрі бармаймыз. Ал шегінген әскерге қалқан боп, өз жігіттерімен бір батыр қалсын!

Абылайдан батырлар ұйғарымынсыз үзілді-кесілді жарлық естіп көрмеген қолбасшылар не дерлерін білмей, абыржып қалды. Ешкімнен ақыл сұрамай, бұлай бұйыра сөйлеуі оның ел тізгінін өз қолына біржола алғанын аңғартқандай еді. Мұндай қылық тек Үлкен Орда ханына ғана лайықты болатын. Батырлар осылай абыржып отырғанда, Батыр Баян:

61
{"b":"110492","o":1}