Алтынемел айқасынан кейін ол өзінің ағасы Жолбарысты Қытай боғдыханына жіберген. Бұл кезде Қытай әміршілерінің арасында өзара қырғын, бақ таластық күрестер қатты жүріп жатыр еді. Абылай келіссөзге дәл осы тұс дұрыс деп тапқан. Қытай императоры Хун Ли өзіне қарсы бас көтеріп, күнде жанжал шығарып отырған Шыңжаң қазағы мен ұйғырына қазақ елі қосылып кетпесін деп қауіптеніп, қазақ ханының елшісін сый-сияпатпен қарсы алған. Абылайға князь деген ат беріп, құндыз ішік, жібек кілем тәрізді көптеген тарту-таралғыларын жіберген. Осы берілген көп сыйлықтың ішінде сол жылғы Қытай календары да бар еді. Бұны Қытай императоры, тек өздерінің мәдениетінің үлгісі ретінде ғана емес, қазақ елі бұдан былай қарай күн, ай, жыл санаттарын шүршіт есебімен жүргізсін деп әдейі жіберген. Бұ да басқа жұртқа өз әсерін тигізудің бір жолы…
Екі жыл өткеннен кейін, яғни бір мың жеті жүз елу сегізінші жылы Шыңжаңдағы ұйғыр мен қазақ көтерілісін қан-жоса етіп басқаннан соң, Қытай әскері қазақ жеріне қайтадан кірген. Бұ жолы олар Тарбағатай тауынан төмен түсіп, Көкше теңізге дейін жеткен. «Ақтабан шұбырындыдағыдай» Қытай әскерінің жолындағы бүкіл қазақ ауылдары «шүршіт келе жатыр» деп тағы босқан. Кешегі көкорай шалғын, бықыған малды ауылдардың орнына, шегірткесіне дейін желінген, өртенген орман, құлазыған қу дала қалған…
Абылай шүршітке тағы қарсы шықты. Аякөз тұсында болған қырғын соғыс-та өлдім-талдым деп жинаған әскерімді қырып алмайын деп, Қытайдың құрт-құмырсқадай қаптаған қолынан ол тағы шегінген. Осы жолғы айқаста Малайсары батыр оққа ұшты. Шегініп келе жатқан қазақ қолы оны қазір «Малайсары тауы» деп аталатын құмдауыт төбенің басына әкеп қойды…
…Хун Ли қанша қаһарын төккенмен де, Абылай Россиядан қол үзбеді. Қол үзудің орнына, жұмсақ жастықтардың үстіне қанжар тырнақты аяқтарын қо- йып мүлги қалған айбарлы арыстанға ұқсас орыс бекіністеріне жақындай берді. Ал қазақ жеріне кіре берген Қытай айдаһары, тұмсығын көкке көтеріп, күздің келіп қалғанын байқап, қандай қауіпке бара жатқанын енді сезіп, тез жиырылып кейін бұрылды да алдындағы Тарбағатай тауына қарай қайта өрмеледі…
Қытай айдаһары орыс бекіністері тізіліп қалған бұл өлкеден оңай олжаға кенеле алмайтынын тез түсінген, Бірақ сол жылы ол қайтадан жүз сексен бес мың әскерін Шыңжаң шекарасына әкеп төккен. Россияның бұған қарсы шығар дәлелінің де, мүмкіндігінің де жоқтығын пайдаланып, енді ол бүкіл Орта Азияны жаулап алмақ болды. Қандай қауіп туғанын ұққан Хиуа, Бұхар, Қоқан, Ауғанстан әміршілері өзара араздықтарын тастап, бүкіл мұсылман қауымы боп шүршітке қарсы «газауат» соғысын ашуға ұран салды. Бұл ұраннан мұсылман дініндегі Абылай да, Кіші жүздің ханы Нұралы да бас тартуға тиісті емес еді. Өзі қол астына кірген Россияның Қытаймен тату-тәтті екенін сылтау етіп, Нұралы хан «газауат» күресіне қосылмады. «Газауатқа» бірікпеуге Абылай да жол тапты. Бір жағынан бұ да Россия қол астында бола тұрып, оның рұқсатынсыз Қытаймен үлкен соғысқа бара алмайтынын ескертсе, екінші жағынан өзінің шүршіт боғдыханымен келісімге келгенін айтты. Жақында ғана Абылай отыз ақ боз арғымақты тарту етіп, Ордашы биді бас етіп, Хун Лиға отыз ақсақалын жіберген. Қытай боғдыханы бұны «бүкіл қазақ еліне бастық» және кімде-кім Цин мемлекетіне қастық етсе, оған өлім жазасына дейін үкім қолдануға қақысы бар деген «филин» — указ берген.
Ал шынында, Абылайға ата-бабасының дәстүрі бойынша мұндай келісімсөздердің құны бес-ақ тиын еді. Қағаз бетіне түспеген уәделерін қазақ хандары, көңіліне жақпаса, оп-оңай бұза беретін. Абылайдың газауатқа қосылмауына себеп болған — Орта Азия мұсылмандарының бір қауым боп, Ауған ханы Ахметті бар әскеріне қолбасшы етуі еді. Қазір Ахметтің қарамағында жетпіс бес мың әскер бар, егер шүршітпен соғыс ашпаған күнде, бұл қалың қол қайда барады? Көп жылдан бері үнемі соғысып, әбден қалжыраған қазақ жасақтары бұндай әскерге қарсы тұра алар ма? Одан да… Түркістан жерінен көңілі бар бұл хандардың әскерлерінің қабырғаларын сындырып, шүршіттер ұйқы-тұйқысын шығарса бізге пайда деген. Әрине, күнгей жағыңнан шүршіттің көрші бола қалуы да қазақ еліне тиімді емес. Бірақ Россия бекіністері құр ғана қазақ жерінде ме, бір шеті шығыста, Қытай қабырғасымен шектес, сонау ұлы Мұхитқа дейін созылып жатыр ғой… Бұл Қытай боғдыханы санасатын жағдай.
Ал Абылай Шығыс мәселесін осылай түйіп қойып, Қызылжарда орыс тілін үйренген баласы Тұғылды бас етіп, өзін үш жүздің тағына бекітуін өтініп Петербургке, Екінші Екатерина әйел-патшаға елшілер жіберген. Үш жүздің «игі жақсылары» Абылайды ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп «Үлкен Ордаға» хан сайлағанмен, әйел-патшаның қол астындағы бар қазақ еліне хансың деген указы шықпаған. Әрине, бар қазақ еліне Абылай хан бола қалған күнде, осы мезгілді күтіп жең ішіне тығып келген қанды тырнағын ақ патшаның өзіне де көрсете бастауы мүмкін. Ресми түрде бекітілмей жатып, бар қазақ оны өзінің ханы деп танып, соңынан еруге бар. Ал бекітілген күнде… Жоқ, қатын патша ақымақ емес. «Есеңгіреген елге есті бастық беруге болмайды, одан да есеңгіреген елге есеңгіреген бастық берсең — қарамағыңдағы жұрт саған қарсы бас көтере алмайды».
…Абылай әдеттегісіндей ерте оянды. Таң селеуленіп атып қапты. Қыз көйлекшең бүкшиіп аяқ жағында отыр. Тарқатылып кеткен қою қалың шашы иығын көме, бүкіл денесін жауып, жерде шұбатылып жатыр. Тек боп-боз боп ақша жүзі ғана көрінеді.
— Қандай тілегің бар? — деді Абылай, өзінің қыздарымен шамалас жас сұлуға. — Айт, орындайын!
— Тілегім біреу-ақ…
Қыз үнінен ренжігендік сезілмеді.
— Бір қыздың құшағында бір тайпа елдің тағдыры тұрған жоқ, хан ием… Мұны мен де ұғамын. Бірақ қатты дауылды күні тек қыран құс қана өз бағытынан адаспайды. Жұрттың бәрі қыран емес. Аласапыран кездегі жұртымның бір табансыздық көрсеткенін кешіріңіз!
Қыз сөзі Абылайға ұнады.
— Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз?
— Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң…
Абылай езу тартты.
— Біз олардың «үйірін тапқанын» қайдан білеміз?
— Босатып көріңіз. Егер сізге ерсе, өз айыбын өздері жуғаны.
— Ал ермесе ше? — деді Абылай.
Қыз қуанып кетті.
— Онда, мейліңіз. Қандай жігіттің тағдыры болса да, өз елінің тағдырынан қымбат емес.
Абылай шаңырақтан көзін алмай бозарып келе жатқан таңға қарап ұзақ отырды. Иә, қол астынан қашып кетпек болған Қоңыраттың бірнеше адамын аямай жазалады… Ал қалғандарының көңілдері енді қалай қарай ауады? Үйсін, Жалайыр, Дулат, Албан, Суан сияқты Ұлы жүздің белді рулары не демек? Бұлар Абылайдың ісін қош көре ме, жоқ па? Бұл рулардың көп жігіті қазір хан жасақтарында. Ал ертең сол жігіттер қазақ елі Қоқан әскерімен бетпе-бет айқасуға тура келгенде Абылайдың қаттылығына өкпелеп, Қоқан жағына шығып кетсе қайтеді?
Хан қызға көз қиығын тағы бір аударды да ләм-мим деместен, орнынан тұрып, үйден үн-түнсіз шығып кетті. Ол тағы бозғылт реңді аспанға қарады. «Аққу құсты көрмегелі не заман!» — деді әлденеге күйінгендей, бірақ сол сәтте-ақ бойын жинап алды. Анандай жерде тұрған күзетшіні өзіне шақырды.
— Шабармандардан хабар бар ма?
— әлі ешкім оралмай жатыр.
Абылай Қазықұрт жаққа көз тастады. Тау етегінде көрінген салт аттылар хан ордасына қарай келе жатыр. Кенет ат дүбірі естілді. Құйындата шапқан салт аттылар ауыл сыртына кеп тоқтай қалғанда, Абылайдың жүзі жылып сала берді. Бұл келген Қыпшақ Маңдай батыр мен Керей Жанай батырдың жасақтары еді. Олар осы Қаратау маңындағы ілік-шатыстарында қонақтап жүріп, елдеріне әлі қайта қоймаған-ды. «Аттан!» деген айқайды естісімен, Абылай ордасына жеткен беттері…
— Бұқар жырауға кісі жібердіңдер ме? — деді Абылай.
Дәйекші жауап қайтара алмай қалды. Ханның қабағы түйіліп кетті. Бір кезде өзіне тірек болған жырау мен ханның арасы күннен-күнге суйи бастаған. Қоңырат еліне істеген рахымсыздығын көріп, Бұқар жырау ашуланып, кеше хан аулынан жүріп кеткен.
Қазықұрттың күншығыс жағынан тағы бір шаң көрінді. Құйғыта шапқан шабарман атынан домалай түсіп, хан алдына тізе бүкті.
— Алдияр, Жалайырдан бізге тек төрт-бес жүз ғана жігіт қосылатын түрі бар…