Абылай енді жолым болмайды екен деп кейін қайтуды да ойлады, бірақ қаптап келе жатқан Қытай әскері егер алдынан қарсылық көрмесе, қазақ жерін басып алар деп қауіптеніп, «не болса да нартәуекел!» деп, келе жатқан бетінен таймаған. Үш күннен бергі ұрыста Фу Де әскерін бірнеше рет тойтарып кейін ығыстырғанмен де, жүрегінің күпті болып, өз ісіне өзі сенбей әлсін-әлсін қауіптене беруі де сол ақ бураның теріс бұрылып жатуынан еді.
әйтсе де үш күннен бері Фу Дені бет бақтырмай тұрған Абылай, Чжао Хой жетпей тұрып тағы бір қимылдайын деп, өз әскеріне кезекті бұйрығын берді.
— Батыр Баян қолын қазір кейін шегіндіріп, Іленің оң жағасындағы анау жиде тоғайына барсын, Чжао Хой атты әскері бізге қарсы аттанса, бір бүйірінен тисін. Ал Сырымбет батыр жауынгерлерін мына қырқаның арғы бетінде тасада ұстасын!
Абылайдың бұйрығын алысыменен қазақ жауынгерлері Іленің тұманды шат- қалдары жұтқандай, өзен бойындағы жиде, тал, қамысты қойнауларға кіріп көзден ғайып болды. Тек төбе бастарында барлаушылар ғана қалды. Олар Қытай әскерлерінің дабылдарын ұрып, жаңа шабуылға дайындала бастағанын естіп жатты…
… Иә, қазір қазақ жеріне жоңғар жасақтары емес, Қытайдың көк темірмен құрсанған қалың әскері келе жатыр. Қытай империясын жер шарының кіндігі деп санайтын, аспан баласы — боғдыхандар шекара деген ұғымды тіпті білмейтін. Қытай жауынгері жеткен жердің бәрі Қытайдікі деп ойлайтын. Сол себептен де Қытай боғдыханы қазақ деген көшпелі елді өзінің дегеніне біржола көндірмек боп, тоқсан мың әскерінің бетін қазақ даласына қарай бұрған.
Осының алдында ғана ұлы Жоңғар трагедиясы аяқталған. Көршілес жоңғар мен қазақты біріне-бірін айдап салып келген Қытай мен Манчжурия билеушілері енді өздеріне аянбай қимылдайтын мезгіл туды деп шешкен. Қазақ пен жоңғар бірін-бірі әбден қансыратып болды деп ойлаған. Тек енді оларға жаралы қос жолбарысты ұрып алу ғана қалған. Және тезірек ұрып алғысы да келген. Өйткені, өзінің ішкі бүліншілігін жоя алмай жатқан Россия Орталық Азияның істеріне тікелей кірісуге әлі де дайын емес еді.
Бір мың жеті жүз қырық бесінші жылы Қалден Церен өлді. Ұлы қонтайшы өлісімен оның балаларының арасында таққа таласу басталды. Бұл таласты жеңіп бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы таққа Қалден Цереннің ортаншы ұлы, нағашылары Чорас ақ сүйектеріне арқа сүйеген Цеван-Доржи сайланды. Бір мың жеті жүз елу үшінші жылдың аяғында оны өзінің туған ағасы Ламо Доржи өлтірді. Осы жылдан бастап Жоңғар мемлекетінің іші қым-ғуыт таласқа айналды. Қонтайшы тағына енді Қалден Цереннің немересі Амурасана мен Ламо Доржи қырылысты. Бұл таласты, әсіресе, Абылай жақсы пайдалана білді. Ол кейде шешесі қазақ Амурасананың қолтығына су бүркіп, кейде Ламо Доржиға аздаған атты әскер беріп, қазақ еліне әбден тізесі батқан Жоңғар мемлекетін біржола әлсіретуді көздеді. Ақырында Қытай боғдыханының көмегімен Жоңғар қонтайшысы Амурасана болды. Бірақ бұл кезде Жоңғар империясының тағдыры шешіліп те қалған-ды.
Қытай әбден жаулап алып, алтын таққа өзінің Цинь династиясын отырғызған Манчжурия феодалдары Қытай боғдыхандарының басқыншылық саясатын қайтадан жандандырды. Қытай мен Жоңғар арасындағы әдеттегі бір қантөгіс жанжалды сылтау етіп, Фу Де мен Чжао Хой генералдар басқарған Қытайдың тоқсан мың әскері Жоңғар жеріне баса-көктеп кірді. Бұл жолғы Қытай-манчжур әскерінің жорығы әдеттегі ұрысқа ұқсамады. Екі айдың ішінде Қытай императоры Цзинь Лун жіберген тоқсан мың әскер өзінен үш есе кем және бөлшектенген жоңғар жасақтарының күл-талқанын шығарды. Бір миллиондай халқын қырды. Сөйтіп бір кездегі күшті көшпелі мемлекет біржолата құрыды. Амурасана бас сауғалап қазақ жеріне қашты…
Кеше ғана өз қолымен бауыздамақ болған нағашы жұрты оны құрметпен қарсы алды. Абылай үстіне үй тігіп, алдына үйірлей жылқы салды. Бірақ көп кешікпей Амурасана сол жылы қазақ жеріне Қытайлар әкелген ұлы апат — қара шешектен Тобылда қайтыс болды.
Сөйтіп шығыстағы бір айбынды мемлекет көрер көзге құрып кетті. Жоңғар қақпасынан соққан жел қазақ даласына ұзақ уақытқа дейін жылымшы қан мен өліктің сасық иісін әкеп тұрды. Құзғын қарғалар енді сол қан иісі шыққан жаққа қарай ұшты…
Мұны көрген қазақ елі шошып кетті. Қытай мен өз даласының арасында тұрған жоңғар хандығының жоқ болып кетуінен қандай қауіп туғанын ол бірден ұқты. Енді шығысқа үрке қарады. Қытай боғдыхандары мен қазақ батырлары бұрын да сан шайқасқан. Тіпті Қытайдың Тан династиясы кезінде де қазақ елі үш жүз жыл күресіп, жеңгізбеген. Рас, Қытай әскерінің кейбір кезеңдерде қазақтың көне жері Көкше теңіз — Балқашқа дейін жеткен шағы болған. Бірақ тұрақтай алмаған. Соңдарына күйген қала, күйзелген даланы қалдырып қайтып отырған. Ал бұл жолғы Қытай боғдыханының қанішерлік қылығы өзгеше көрінді. Енді қазақ елі алыстағы аждаһаның ысқырғанын ғана емес, арандай ашқан аузынан қанжардай тістері ақсиып, өзін жұтуға келе жатқанын білді. Сол себептен де, бұрын қазақ жерінде орыс бекіністері салына бастағанына күмәнданып келген Бұқар жырау:
Шүршіт келеді деген сөз бар-ды,
Көктен түскен төрт кітап
«Енжіл» атты кәләмда,
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып
Көмулі көрден денеңді, —
деп, Қытай әскерінің қорқау қасқырдан кем емес жауыздығын айтып, жұртты күні бұрын ұлы айқасқа шақыра бастады. Қазақ елінің басына бұл кезде тағы бір қара бұлт төне түскен. Бұл қара бұлт Қоқан хандығы жағынан келе жатты.
Ел бүлігі қашанда болса билеушілерден шыққан. Жоңғар мемлекетінің жойылуымен байланысты, Сырдың жоғарғы жағында көшіп жүрген қыпшақтардың әміршілері Нарбота би мен Ерден батыр Ташкент, Түркістан, Арыс секілді Сырдың орта тұсындағы қалалардың Қоқан хандығына көшуіне көмектесе бас- тады. Бұл қалалар жоңғар қонтайшысының қарамағынан босанса да, енді Қоқан хандығына бағынышты болар қаупі туған. Қоқан хандығы да енді Ташкент пен Түркістан уәлиеттеріне жататын шаһарларды біртіндеп басып алуға айналды. Қазақ еліне екі жаумен алысар ауыр күн туды.
Жоңғария мен Қашқарияны оңай алған Қытай боғдыханы қазақ жеріне ғана емес, тіпті Самарқант, Бұқар, Хиуа, Қоқанға да ауыз салуға баратынына Абылай шек келтірмеді. Өгізге туған күн бұзауға да туатыны күмәнсіз. Сол себептен де Абылайды, көкжал қасқырдың бір шабуынан қалмайтын Ерден мен Нарбота билердің әрекеті емес, қатерлі аждаһа Қытай боғдыханы қобалжыта берді. Ал, Самарқант, Бұқар, Қоқан әміршілеріне ақыл кіріп, бұған келіп қосылғанша, қазақ даласы айдаһардың өңешінен өтіп кетпесіне кім кепіл? Міне осыны ойлаған Абылай жаз ортасы болмай Үш жүзге ұран салып, бар әйгілі батырларын жинап, Көкше теңіз түбінен күншығысқа қарай қалың қолмен жорыққа аттанған. Ілемен жоғары көтеріліп, құмырсқадай қаптап келе жатқан Чжао Хой мен Фу Денің әскеріне қарсы жүрген.
әрине, Абылай Қытай империясын жеңе қоям деп ойлаған жоқ. Онда басқа да ой бар еді. Қазақ елінің басы қашанда сырттан жау келгенде ғана бірігетін, Абылай содан үміт етті. Кешікпей сұлтан жорамалы шындыққа айнала бастаған. «Қара Қытай қозғалса — ақырзаман болады» деп бесіктегі баласына өсиет айтып қорқытып, қазақ рулары келе жатқан жауының шын қауіпті екенін түсініп, бастары бірігуге айналды. Басқыншы жаудан аман қалудың бірден-бір жолы Үш жүз боп одақтасуда ғана екені айқындалып қалған. Сондықтан да Абылай саясатының жаршысы Бұқар жырау:
Шүршіт келсе, Сырға көш,
Ішетұғын суы бар
деп, жан сақтаудың жолын ғана айтып қоймай:
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, —
деп ел бірлігіне шақырды. Ел бірлігі — жау бетіне ұстар қалқан. Қытай әскерінің қазақ жеріне кіруі, қазақ ұғымында — ордалы жыланның келуімен тең. Осындай жағдайда ақ түйенің майдан ашылар жаққа қарамай қырындап жатуы жұртқа түсініксіз-ақ. Бұл қандай ырым? Бұның сыры тек әзірше Абылайға ғана аян…