Литмир - Электронная Библиотека
A
A

… Қыр басында тұрған Абылай енді Бұқар жырауға бұрылды.

— Жырау, бүгін ақ түйенің қырын шөгіп жатқанын көрдіңіз бе? — деді ол, — жамандықтың белгісі болмаса нетсін…

Бұқар жырау Қытай әскерлерінің төртінші рет шабуылға шыққанын қарауда еді. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа жиырма Қытай жабылғалы келе жатыр. Басым күшке шыдай алмай, қазақ қолының бір жақ шеті жапырылып кейін шегіне түскенін Бұқар жырау жаңа аңғарды. Бірте-бірте қазақ әскерінің халі қиындай берді. Өмір бойы ішер асқа жарымай өткен, бірақ өз әміршілерінің зорлауымен соғысқа әкелінген Қытай әскері шабуылға шыққанда өлген тірілгендерін білмейтін. Әлде қорлық өмірден өлгендерін артық көре ме, қарсы жауған оққа кеуделерін тоса, үнемі алға ұмтылатын. Осыны көріп тұрған Бұқар жырау Абылай сұрағына асықпай жауап қайтарды.

— Қасқырдан қорыққан қойшыдан жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіңе-өзің сен. Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.

— Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?

— Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшының өмірі ұзақ болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар…

— Ол қандай ем?

— Ажал.

— Ажал?

— Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады, — деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын көрсетті. — Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың.

Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Жалынқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнелді.

Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір тізерлей отырып, алласына «ақсарбас» айтып, жалбарына бастады. Әрине Бұқар жыраудың құдайға бағыштаған сөзін діни адамдардың біреуі естісе, «құран сөзін қор еттің!» деп сөгер еді, өйткені, оның аузынан құдайға жалбарынудан гөрі, ұран шақыруға ұқсас, ереуілді жыр тізбегі ағытылып жатқан.

Абылайдың жалғыз шапқанын көрген қазақ жігіттері шегінуді тоқтатып, жауға қарай лап қойды.

— Абылай! Абылай!

— Аруақ! Аруақ!

Таудан құлаған тастардай, өлген-тірілгендеріне қарамаған садақшы, найзагер қалың қол алдарындағы шәрке табанды, қара қалпақ, қара шапанды жаяу әскерінің алдыңғы шебін күл-талқанын шығарып, кейін қуа бастады.

Қайтып оралған Абылай Бұқар жырауға:

— Қолбасшыға күптенудің серік емес екенін енді ұқтым! — деді.

Бүгінгі жеңістен рухтанған Абылай ертеңіне де шабуылды өзі басқармақ боп, сауытын киіп, әскер алдына шыға беріп еді, Бұқар жырау:

— Ажалмен ойнама, сұлтаным. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ рет сынады. Бүгінгің артық! — деді.

— Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?

— Жүз тәуекелдің бір тәубесі болар. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет.

Абылай бірдеме деп келе жатыр еді. Бұқар жырау:

— Қазақта Абылай біреу-ақ, ал Қытайда Пуделер көп, — деді қолын жоғары көтеріп, — құдай менің тілегімді күнде бере береді дейсің бе, жетер енді!

Жалпы көшпелі елдердің салты бойынша жырау, ақын дегендердің қадірі халық алдында өте жоғары бағаланатын. Жырау арқылы ру көсемдері өздері бағынышты хан, сұлтандарға өкпелерін де жеткізетін. Бүкіл ел-жұртының мұң-мұқтажын жоқтаған мұндай жыраулармен ең тегеурінді хандардың өздері де санасатын.

… Бүгінгі ұрыс кешегіден де қиынға түсті. Өлген, тірілгеніне қарамай, Қытай сыпайлары әміршілерінің бұйыруымен үсті-үстіне шабуылға шықты. Құлынжалды садақтарын шірене тартқан қазақ жігіттерінің жебесінен алдыңғысы оққа ұшса, артындағылары өліктерін басып өтіп, алға қарай ұмтыла берді. Қытай әскері қазақ жігіттерін тағы да ығыстыра бастады. Осындай бір шабуылда, қызып кеткен Бұқар жырау:

— Кеше құдай он тілегімді бергенде, бүгін бір тілегімді бермей ме? — деп жау шебіне қарсы шаба жөнелген. Абылай «тоқта» деуге де үлгермей қалды. Бір заматта Бұқар оң қолының қарынан оқ тиіп, өз кісілерінің жанына әзер жетті. Бұқарды Абылай елге қайтарып, қасына енді Тәтіқара жырауды алды.

Абылай тұрған қыземшек биік шоқының басынан көз жететін адыр-қырқа беттері тегіс көрінеді. Оның қасында қазір төрт-ақ адам бар: Қанай, Бекболат, Тәтіқара және Сырымбет батыр. Өзге батырлардың бәрі де майдан даласында.

Қырағы көзді Абылай арғы белестен тағы бір лек Қытай әскерінің төмен түсіп келе жатқанын көрді. Құдайға шүкір, әйтеуір әлі Чжао Хойдың көк найзалы атты әскерінің шаңы шыққан жоқ.

«Бүгін кешегідей емес шабуылдары анағұрлым бәсең, сірә Чжао Хойдың атты әскерін күтіп тұр-ау, — деді ішінен Абылай, — бәлендей қауіп туа қоймас».

Абылай күнбатыс жаққа бұрылды. Таң атқалы уақыт мөлшерін де байқамапты, күн бесіндіден еңкейіп бара жатыр екен. Бірдеме айтпақ боп ол енді Қанайға қарай беріп еді, кенет басындағы қалпағы анадай жерге ұшып түсті. Абылай жалт бұрылды. Қалпағы жерде жатыр. Тазқараның тайлақ жүні қадал- ған жеріне қағаз байланған қозы жаурын садақ оғы қалпақтың дәл айыр ұшына кеп шаншылыпты. Абылай жылдамырақ қимылдап қалпағын жерден өзі көтерді. Қағазын жұлып алды да, жебені лақтырып жіберіп, оқ тескен қалпағын айналдыра қарап шықты. Егер жебе төрт елідей төмен тигенде, Абылай сұлтан бұл дүниеге жоқ екен.

— Япырмай, қандай мерген еді! — деді ол кім болса да қалпағына дәл тигізгеніне таң қалып. Сөйтті де қолындағы қағазға көз жүгіртті. Әдемі әріппен әлдекім: «Абылай, сақ бол, бүгін түнде күзетші бір жақының сені өлтірмек. Қайсы екенін анық білмеймін» деп жазыпты. «Оқ сол жағымнан атылғандай болып еді, кім де болса, өз әскерімнің ішіндегі бір дос-жар кісі жазған болды», — деді Абылай ішінен, қағазды ұп-уақ етіп жыртты да лақтырып жіберді.

Абылайдың қағазды оқығанын көріп, сұп-сұр боп түсі қашып кеткен Бекболат би:

— Жақсылық па, жарқыным? — деді.

— Жәй әшейін… Жауды қашан жеңеміз деп сұрайды. Сірә ұрыстан шаршаған біреу болар.

әрине, Бекболат Абылайдың сөзіне сенген жоқ, бірақ одан әрі қазбаламады.

— Мерген-ақ жігіт екен…

— Айтпаңыз.

Абылайдың бағы өскен сайын қасы да көбейген. Оған бүгінгідей садақ оғы жасырын жерден талай рет атылған-ды. Түбі Абылай хан бола қалса, қарамағындағы елдеріне биліктерінің бұрынғыдай жүрмейтінін сезетін бақ күндес төре тұқымдары да оған жамандық ойлай бастаған. Бұны білетін Абылай жанына халыққа қадірі бар батыр, жырау, шешендерді көбірек жинауға тырысқан.

Абылайға қарсы бидің бірі Бекболат еді. «Хатта не жазылыпты?» деп ол босқа сұраған жоқ-ты. Әкесі қаз дауысты Қазыбектей емес, Абылай дәрежесінің бұлай көтеріле беруін ұнатпайтын. Және өзінің қарсы екенін жасырмайтын да. Тек ел шетіне жау келе жатыр дегенді естігеннен бері ғана райынан қайтқан. Қазір қазақ елін тағы бір апаттан алып қалу үшін Абылай секілді ер жүрек, табанды адамның соңынан еруді Бекболат мақұл көрген. Қорқынышты хабар тараған күннің ертеңінде өз жігіттерімен Абылайдың жасағына келіп қосылған. Ал сол Абылай Бекболаттан сырын жасырып тұр. «Ол қағазда не жазылды екен? Сұлтан соншама неге сұрланып кетті?» Абылай батып бара жатқан күнге тағы бір қарап қойды. Жау шебінен «бүгінгі ұрыс бітті» деген дабыл үні естілді.

— Жарайды, — деді Абылай, — бұ жолы біз шүршіттердің дегеніне көнейік. Бүгінгі ұрыс осымен аяқталсын…

Қазақ дауылпаздарының дүңкілі де кең даланың үстінде қалықтай жөнелді. Сол-ақ екен екі жақтың әскері екі бөлініп, кейін қарай серпілді. Ай туа майданға ат-арбалы өлік жинаушылар келді. Майдан шекарасында екі жақтың күзетші әскерлері бір-біріне көрінбей, жыра-сайларды бүркеніп, түнгі шептерін құрды.

Абылай өз серіктерімен шатырына қайтты. Қазақ қолдарының тоқтаған жері Іле мен Күркірек атты шағын өзеннің тоғысқан алқабы болатын. Ортада Абылайдың ақ ордасы. Жан-жағында шашырай тігілген өзге қолбасшы батырлардың үйлері… Абылай аттан түсісімен шатырына кіріп, үстіндегі сауыттарын тастап, жайшылықтағы киімімен өзін күтіп отырған қолбасшылар кеңесіне келді. Сосын мәжілісін тез өткізіп, әдеттегісінен көрі кешкі асын да ертерек ішіп, жатып қалды.

Абылайдың жорықта ерте тұру жалпы ғадеті еді. Және басы жастыққа тиісімен-ақ тез ұйықтап кететін… Абылай бүгін де сөйтті. Тек жартылай шешініп төсегіне жатар алдында керегеде ілулі тұрған қылышын қынабынан суырып алып, жалаңаш күйінде бас жағына қойды. Сосын ұйқыға кетті. Әлден уақытта кенет көзін ашты. Бағанағы қағаз есіне түсті…

59
{"b":"110492","o":1}