Абылай Цеван-Доржидың жіберген елшісін құрметпен қарсы алды. Ұзақ сөздерден кейін, Орта жүздің ханы Әбілмәмбеттің қарамағына Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент секілді үш ай ұрысып жоңғарлардан тартып алған бірнеше қалаларды қалдырып, Түркістан шаһары мен оның уәлиетін қазақ еліне тегіс қайтарып беру мәселесі алдағы уақытта тағы қаралмақ боп келісілді. Қазақ елінен жоңғар қонтайшысы алып тұратын алым-салық көлемі де әжептәуір азайтылды. Қазақ хандарының қарамағына Сырдарияның төменгі жағы мен Талас өзенінің Жаңғы қаласы тұрған жеріне дейін қайтарылмақ болды. Әрине, жоңғарлардың бұрынғы жағдайы болса, Цеван-Доржи бұның біріне де көнбес еді, енді амал жоқ көну керек. Өйткені оның арт жағында да қыс бойы ұйықтап, жаз шыға басын көтерген айдаһар тәрізді, күшейіп келе жатқан Қытайдың боғдыханы Цзинь-Лун бар…
Осындай абыройға жеткен Абылай, жан-жақтағы батырларына:
— Биылға соғыс осымен бітті. Енді аттың басын елге бұрамыз, — деп бұйрық берді.
Өзі Арқаға көшуге үлгірмей, Созақ төңірегінде қалып қойған Әбілмәмбет ханның ордасында аз күн аялдамақ болды. Хан немере інісінің құрметіне үлкен той жасап, сый-құрмет көрсетіп жатқанда, үйге асыға басып Көтеш ақын кірді, Ол үкілі домбырасын еңкілдете жылатып қоя берді. Мәз-мейрам боп қуанышқа бөленіп отырған Абылай:
— Жарқыным-ай, күйің қалай зарлы еді, сай-сүйегімді сырқыратып жіберді ғой, Жанай ұлым аман ба? — деді.
Сонда Көтеш:
Алтын күн кім қуанар батқанына,
Аққуды кім қуанар атқанына.
Жанайың жау қолынан қаза тапты,
Еліне енді жүргелі жатқанында, —
деп, жоқ жерден он жеті жасар Жанайды жоңғардың бір қарақшысы өлтіріп кеткенін хабарлайды.
Көрдей тұншығып тына қалған үй ішінде, кенет булығып өксіген дауыс шықты. Бұл Жанаймен түйдей құрдас және осы жорықта онымен жан аяспастай достасқан бала жырау Көтештің өксігі еді.
Ойын-той былай қалды. Абылай «аһ» ұрып, төсектен басын көтермей жатып алды. Жанай өліміне Олжабай жазықтыдай, осы сапарда баласымен бірге болған батырға сұлтан тіл қатпай қойды. Абылайға көңіл айтып, сонау Арқадан қаз дауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Бала би келді. Бұл үш бидің келуі Абылайды Үш жүздің елі өзіне көсем ете бастағанының белгісі еді.
Сонда қаз дауысты Қазыбек:
— Уа, Абылай, Үш жүзің үш аққан өзен еді, солардың табысқан жеріндегі сен бір бәйтерек едің. Бәйтеректі дауыл ұрмас па, жапырағы оның түспес пе, бұтағы оның сынбас па? Құдай ма едің тетігін ұстаған бұл жалғанның, бұның не, бір балам өлді деп жатып алғаның? — десе, Тәтіқара жырау:
Үш жүздің баласы
Ақылдасып, сырласып,
Хан көтерсек деп еді.
Үш жүздің баласын
Бір баласындай көрмеді.
Ат құйрығын үзіңдер,
Аллалап атқа мініңдер,
Хан талау етіп алыңдар!
деген ашулы толғауын айтып еді.
— Жөн айтасыңдар! — деп Абылай басын көтерді.
Міне, осындай Ордаға бір кезде Көтеш ақын тағы кірді. Бұ жолы ол күй тартқан жоқ. Босағада бір тізерлеп отыра қалды да, көзінен жасы сорғалап, ащы дауыспен аңыратып қоя берді:
Үш жүзге уа, Абылай, қайғың аян,
Кез жетті қара бұлттан енді оян.
Тағы да суық хабар әкеп тұрмын
Өлтірді Олжабайды қашқын ноян…
Абылай басын төсегінен жұлып алды.
— Уа, жарқыным, жөніңді айтшы, не дейсің?
Көтеш ақын енді Олжабайдың қалай қаза болғанын айтып берді. Екеуі өз қостарына қайтып бара жатып, жолай әдемі бір әуен естиді. Олжабай серігінің «қазақ әні емес, қалмақ әні тәрізді. Сірә, қоршаудан шыққан тұтқындар болуы керек» дегеніне қарамай:
— Жоңғарлар болса қайтеді, қазір бітіміміз бар емес пе? — деп болмайды.
Бұлар ән шыққан тұсқа таяп келгенде, жанған отты қоршай отырған Жоң- ғардың қашқын жауынгерлерін көреді. Аттарының басын бұрып үлгірмейді. Қараңғы түнге қарап атқан садақ оғы сауытсыз келе жатқан Олжабайдың дәл көкірегінен кеп қадалады. Олжабайдың тек:
— Дүниеге келген соң өлуге де тиістісің, — деуге шамасы келді. — Амал қанша, арманда кетіп барам. Бірақ мен өлсем де менің арманым жетінші ұрпағымда бір қайталанады. Бір әулетім өзім тәрізді батыр және асқан жырау болады, — деді де көзін жұмды…
— Иә, Олжабай өлеңді жақсы көретін еді, — деді Абылай. Содан кейін төсегінен түрегеліп, сауыты мен қаруын әкелуді бұйырды.
Олжабайдың айтқаны келді. Жетінші ұрпағында тағы бір ұл туды. Халық оған арғы бабасының атын берді. Ол жас еді, бірақ асқан дарынды, тамаша ақын болды…
ІІ
Манжурлардың атақты қолбасшысы Фу Де басқарған қара құрттай қайнаған Қытайдың жаяу әскері Алтынемел қырқаларынан үшінші рет кейін асып түсті. Бүгін таң атқалы Абылайдың қалың қолы үшінші мәртебе шабуылға шықты. Осы үш шабуылдың үшеуінде де јытай әскері Іле өзені мен Алтынемел адырларының арасындағы ойпатқа жетіп, қазақ жігіттерінің тегеурініне шыдай алмай кейін қашты. Майданда қыруар өліктері қалды. Абылай «осы жолы жеңдім-ау, енді беттей алмас» деп ойлаған сайын тағы қарсы жақтағы белестен шұбырып түсіп келе жатқан Қытай әскерін көреді. Қанша қырсаң да, бітпейтін құмырсқа сынды. Оның үстіне Қытай әскерлерінің арғы жағына барып қайтқан ертөлелердің айтуы бойынша, ішкері жақтан қаптап Қытайдың екінші қолбасшысы Чжао Хойдың әскері таяп қалған көрінеді. Дені атты әскер деседі. Тұлғасы тұрымтайдай жылқы мінген Қытайдың атты әскері қазақ жігіттеріне бәлендей қорқынышты да емес-ті. Жауынгерлері ат үсті ұрысына шорқақ… Бірақ Қытайдың қаныпезер, қаттылықтарымен аты шыққан екі қолбасшысының әскері түйісе қалса, әрине, қазақ қолы шегінуге мәжбүр болады. Бұндай жағдайда Қытай әскерінен кейін шегіну деген сөз — қазақ жеріне екінші «Ақтабан шұбырынды» келтірумен бірдей. Сондықтан да Абылай төртінші шабуылға дайындалды. Қайткенмен де Фу Де мен Чжао Хойдың әскерін ойсырата жеңсе, әлі де үміт бар. Жоқ, бұ жолы Абылай жауын жеңе алмайды. Өйткені ақ түйесінің бүгінгі жатысы оған ұнамаған.
Ақ түйе кенжесі Жанай қаза тапқан жоңғар жорығынан қайтысыменен пайда болған. Қайғыдан әлі сейіле қоймаған Абылай сол күні ерте тұрып, Ақ Ордадан шыққан. Күздің қара суығы келіп қалған екен. Бір-екі күннен кейін аулы қысқы қонысы Көкшенің қойнауына көшпек. Қысты қалай өткізудің қамын ойлап тұрған Абылай кенет ауыл сыртындағы ақ түйеге көзі түсті. Мүше бітісі өзгеше, ірі, жүні сүттей аппақ, шудалары шұбатылып жерге түскен. Абылай баяу басып қасына барды. Түйе үріккен жоқ. Мұрны тесілмеген, үстіне қом салынбаған. Әр өркеші баладай. Абылай тағы таяй түсіп еді, ол тайраңдай шауып бел асып кетті… Ертеңіне таң атып келе жатқанда Абылай тағы сыртқа шықты, тағы ақ түйені көрді. Абылай жақындап еді, қашпады, үйіне қарай беттеп еді, соңынан ере жүрді. Сол қыс ақ түйе Абылайдың түйелерімен бірге болды. Қыс қандай қатты болса да, Абылайдың бірде-бір қотыр ешкісін қасқыр тартқан жоқ, қотыр тайы бораннан ығып, жылымға түсіп шығынға ұшырамады. Жұрт бұл түйені Абылайдың ырысы, киесі деп жорысты. Бұл ақ түйенің шын ғажап қасиеті кейін байқалды. Абылай жаз шыға күнгейі мен күншығысынан мазасын ала берген жоңғар әскеріне тағы қарсы аттанбақ болды. Сұлтан кеңесі Ертіс жағасының торғауытына ма, әлде Іле бойының ойратына ма, қайсысына жорыққа шығуды шеше алмай тарасты. Абылайдың таңертең өзгеден ерте тұратын ежелгі әдеті. Далаға шықса, ақ түйе орда сыртында жатыр екен. Басы күншығысқа қараған. Түйенің бұрын үнемі күнбатысқа қарап жататынын білетін Абылай кенет бір ойға келді. «Жұрт бұл түйені менің кием деп босқа айтпайтын тәрізді ғой, осы жолы ақ бураның көрсеткен жағына аттанайын». Ол осы айтқанын орындады. Жолы болып қайтты. Сол күннен бастап ақ бураны жорыққа аттанса, өзімен бірге ала шығатын болған. Ақ бура ертең ұрыс деген күні басын қай жаққа салып жатса, Абылай сол жақтағы жауына аттанатын және үнемі жеңіп қайтатын.
Ал осы жолы Абылай Арқаның бар әйгілі батырларын ертіп, Іленің жоғарғы жағынан баса-көктеп кірген Қытай әскеріне қарсы жорыққа аттанғанда, жолай ол «Абылай асуының» үстіне түнеген. Таңертең өзгелерден ерте тұрып, әскерін аралап келе жатып, ақ бураның Іленің оңтүстік бойына емес, солтүстікке қарап шөгіп жатқанын көрді.