Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Ат жалын тартып мініп, жорыққа аттанғалы Батыр Баян осы сапарын ең олжалы сапарым деп есептеді. Бірақ өзге серіктерінің қабағы қатыңқы еді. Бұны Батыр Баян байқаған жоқ, есіл-дерті жоңғардың тұтқын қызы болды да тұрды. Тезірек Обағанға жетіп, некесін қиғызып, үшінші әйелі етіп алғанша асықты… Батыр Баянның өзіне деген ықыласын іштей сезсе де, қыз көңілі селт етпеді, ол күзетші жігіттерден елде Батыр Баянның он бес жасар інісі бар екенін естігенде, жүрегінің түбіне бір сұрқия сырды түйгендей болды.

Қол ұзақ жүріп, ақыры Обаған өзеніне де жетті. Ұрыста қаза тапқан балаларын жоқтаған кемпір-шалдар мен ерлерінен айрылған қаралы әйелдер дауыс қып, бүкіл даланы басына көтерді. Сөйтсе де жаудан олжалы қайтқан Батыр Баянның алдынан шығып оны жеңісімен құттықтаған ел адамдары да көп еді. Батыр Баян серіктерін біртіндеп, таратып, жиырма шақты жігіті мен Құралайды ғана жанына қалдырып, өз аулына таяған кезде, жанында он шақты құрбысы бар, алдынан Ноян шықты. Астындағы ақ боз жорғасын ағызған қалпында: «Көке! Көке!» деп ағасының қасына жетіп келгенде, қуанғанынан екі көзі жасаурап кеткен Батыр Баян, інісін жас баладай атының үстінен көтеріп алды.

— Көкетай, әбден сағындым ғой…

— Жалғыз баурым. Сені көргенше өзім де өліп қала жаздадым ғой.

Ағасының құшағынан босанған Ноян енді өз атына қайта мініп, Баянның өзге серіктерімен амандаса бастады. Кенет сәл кейінірек тұрған Құралайға көзі түсті. Сол-ақ екен, жас жігіттің бойын бір ыстық леп шарпып әкеткендей, ат үстінен ауытқып барып, өзін әзер ұстап қалды.

— Көк…е, бұл кім? — деді тілі күрмеле сөйлеп.

«Жеңгең» деуге Батыр Баянның аузы бармады.

— Тұтқын қыз ғой… — дей салды інісінің сөзіне мән бермей. Бұл кезде Құралай да жаудыраған қарақат көзін жас Ноянға қадап қалып еді. Кенет қыздың да екі бетінің ұшы қызарып, бойын бір тәтті сезім өртеп кетті. Жас жігіт көз тоярлықтай сымбатты екен. Тіпті түр-келбеті ағасынан да көрікті ме қалай. Қыз жүрегі алып-ұшып, жігіт бетіне тағы қарады. Ноян да одан көзін алмай тұрған, екі жанар түйілісіп, бір-бірінен ажырамай сәл тұрды да, екеуінің де ішіне от тастап барып тайқып кетті. Осы сәтте қыз да, жігіт те бірінсіз бірі өмір сүре алмайтынын түсінгендей…

— Сауға, көке! — деді Ноян ағасына жалына қарап. — Бір жолғы олжаңды маған қи!..

Баянның жүрегіне біреу қанжар сұғып алғандай болды. Жайшылықтағы әдетіне салып, «ала қой» дей алмады. «Жоқ, бұл жолғы сұрағаныңды бере алмаймын» деуге інісінің көңілін тағы қимады. Аузына сөз түспей көп тұрды.

— Мұндай сауға тілеуге, Ноянжан, сен әлі баласың ғой, — деді бір уақытта даусы қарлығып. — Ер жет, саған бұдан да сұлу қор қызын әкеп беремін.

— Жоқ, көке, маған қор қызының керегі жоқ, осы сұрағанымды бер, — деді Ноян, жоңғар қызының отты жанарының лебіне еріп бара жатқандай, екі беті бал-бұл жанып.

Дәл осы сәтте Құралай сұлу үн қосты.

— Көкежан, — деді бұ да Батыр Баянның туған қарындасындай еркелеп, — менің әкем жоқ қой, сізді бұдан кейін «Көке» деп атаймын. Беріңіз ініңіздің бір тілегін. Мен де сізден соны қалаймын.

Өзіне Жоңғар лебізімен қазақша тіл қатқан сұлу қыздың сиқырлы сөзін естігенде, Батыр Баянның жаны бұрынғысынан да күйіп кетті, не дерін білмей.

— Жақсы, кейін көрерміз! — деп атына қамшыны басып қап, ауылға қарай шаба жөнелді.

Осы күннен бастап, Ноян мен Құралай арасында махаббат оты өрши түсті. Қыз жігітті қанша жақсы көрсе де қызыл ернінен сүйгізуден артыққа бармады. Ноянның махаббаттан есі ауып, басы айналды. Қыз одан көрі естияр еді. Әкесінің Батыр Баян қолынан қалай өлгенін көз алдына елестетсе-ақ болғаны, өз бойын жинап ала қояды. Өне бойын кек кернеп, қатуланып кетеді.

Ал Батыр Баянның жүрегі қан жылауда еді. Екі жастың бірін-бірі шын сүйгенін көрген сайын, өртене түседі. Ер жігіттің ғашықтық сезімнен арылуы, көк темірдің суарылып, құрышқа айналуымен тең. Өз жүрегін қайта соқтыру үшін, оған енді басқа адам боп туу керек. Бірақ ел-жұртының намысы, тәуелсіздігі үшін жанын қиюға дайын Батыр Баян, жақсы көрген інісінің көңілі үшін, өзін-өзі қиянат жолынан ұстай білді. Жүрегі оттай өртенсе де, Ноянға Құралай сұлуға үйленуге рұқсат етті.

Ағасының мұндай жомарттық еткенін естіген Ноян сол күні кештің батуын, аяғымен шоқ басып тұрғандай шыдамсыздана күтті. Көшпелі елдің қыз бен жігітінің бірін-бірі жақсы көруі таза, риясыз түсінікті келеді… Қой қораланып, сүт пісіріліп, қыз-қырқын алтыбақанға шығатын мезгіл де жетті. Лақтырған ақ сүйекті іздеген боп өзгелерден бөлініп кеткен Ноян мен Құралай сай жағасында оңаша кездесті. Жігіт жүрегі алабұртып, ағасының Құралайды өзіне сауғаға қиғанын айтып берді. Қыз бұл сөзді естігенде жігіттің құшағына кіре солқылдап жылап жіберді. Бірақ сол сәтте кенет оның көз алдына баяғы бір сурет тағы елестеп кетті. Батыр Баян сүңгіте салған көк найзадан өліп бара жатқан әке, су жағасында жер құшақтап боздаған ана… Соның бәрін кешіп, енді міне ата жауының інісінің құшағында тұр! Неткен опасыздық!

Құралай бойын жинап алды.

— Ноян, — деді ол ыстық жасы бетін жуып, — дүниедегі жалғыз арманым өзің болдың. Сенші… Мен мәңгі сендікпін… Бірақ жалғыз ғана тілегім бар. Бер соны.

— Бердім. Айт.

— Көкең Батыр Баян шапқан елде жалғыз анам қалған еді. Мені әкетіп бара жатқанда, жер бауырлап жатып: «Құлыным, менің ақ батамды алмай ерге шықпа!» деп еңіреп қалып еді. Ана тілегін ақтауға ант беріп едім. Сол антымды орындауға мұрша бер, содан кейін мен мәңгі сендікпін.

Жігіттің жүрегі дір ете қалды, қолындағы ақ құсының енді мәңгі ғайып болғалы тұрғанын сезгендей:

— Сонда мен не істеуім керек? — деді абыржып.

— Жоқ, сен ештеңе де істеме. Сені мұнда тастап өзім де кете алмаймын. Кішкентай жүрегімді білегіңе шынжырлап байлап қойғандайсың. Ол шынжырды үзетін менде құдірет жоқ. Бар тілегім біреу-ақ: екі жүйрік ат әкел. Таңды күтпей біздің елге қашайық. Тірі болса кәрі анамның батасын алайық, өлі болса басына барып әйбатмия қызыл гүл қояйық. Содан кейін мен мәңгі сенікімін. Жарың етпей күңің етсең де өмір-бақи ризамын. Тек жүзіңді көріп, маңайыңда жүрсем болғаны.

Құшағында тұрған жас сұлудың көзінен аққан ыстық жасы жігіттің албырт жүрегін қорғасындай балқытып жіберді. Ерлікті, әділеттікті арман еткен бала жігітке дәл осы сәтте қыздың қиыла айтқан бір сөзі дүниедегі ең әділетті, ең қасиетті сөз боп естілді. Құралайдың ана тілегін орындауға рұқсат ет деген өтінішінен оның қаншалық пәк, адал, қасиетті жан екенін бұрынғысынан да артық сезіне түсті. Дәл осы сәтте қызға еріп, туған елін тастап жау жағына қашу — ел-жұрты кешпейтін қылмыс саналатыны есіне де келмеді. Тек сүйген жарының адамгершілікке жататын күнәсіз тілегін тезірек орындауды борыш санады. Ол өзін енді сонау мөлдір аспанда көз жетпес шыңға көтеріліп бара жатқан қырандай сезінді.

— Тілегіңді тегіс қабылдадым, — деді құлшынып. — Темірқазық туа мені осы арада күт. Ел жатқанша жылқыға барып қос күреңді ұстап әкелем.

Ноян уәдесінде тұрды. Батыр Баянның Тұлпаркөгінен осал соқпас қос күреңге мініп, бұлар Темірқазық туа: «Уә, алла, жолымызды оң ете көр», — деп оңтүстікке қарай «шу!» деп жөнеп берді.

Қос күреңді түнде Ноянның алып кеткенін, ауыл адамдары сәскеде көлге жылқы келгенде бір-ақ білді. Ауылда Ноян да, Құралай да болмай шықты. Қос күреңге арналған шоландағы күміс ер-тоқым да жоқ екені анықталды. Қарсаққа бүркіт салуға шыққан құсбегі таң атып бара жатқанда, Іле жақтағы Жоңғар еліне қарай шауып бара жатқан екі салт аттыны көріпті, Ноянның Құралайдың азғыруына еріп, Жоңғар еліне қашқанына енді ешкім шек келтірмеді. Қанша қиналса да амалы жоқ, ауыл ақсақалы, бұл хабарды Батыр Баянға барып жеткізді.

— Ер Көкше, Ер Қосай, Батыр Баян, Уақтың аруағын көкке көтеріп едіңдер, — деді қария, — сендер көкке көтерген жалауды Ноян бала жерге түсіріп тұр. Үкімін өзің айт, амалын өзің тап!

Жоңғар қызының бір күле қарағанынан періште де жолынан таятынына шек келтірмеген Батыр Баян қайтарып ештеңе сұраған жоқ. Кесел болып іште жат- қан күйігі, елінің намысы, жалғыз інісінен айрылу қаупі — бәрі-бәрі жан-жағынан қабаған иттей қамалап жан сезімін астан-кестең етті… Батыр Баян енді бір-ақ шешімге тоқтады. Бір қыз үшін елін сатқан қара бетті қалайда қолға түсіріп, өзі жазаламақ болды. Сауыт-сайман киместен, керегеде ілулі тұрған қыпшақ садағы мен сауыт бұзар қос жебе салынған қорамсақты жалпақ күміс белдігіне байлай сап үйден атып шықты. Үнемі белдеуде тұратын Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді.

54
{"b":"110492","o":1}