Ешкім тоқта деген жоқ.
Батыр Баян ұзақ шапты. Оқтаудай боп жаралған Тұлпаркөк тер шыққан сайын қарыштай түсті. Түс ауа Жолдыөзек деген жерге таяғанда, алдындағы екі қараны көрді. Бұл — Ноян мен Құралай еді. Қос күрең қанша жүйрік болғанмен, тоқ күйінде ұзақ шабысқа шыдамай, оптығып, болдыра бастаған. Қыз бен жігіт арттарынан құйғытып келе жатқан жалғызды байқады. Батыр Баян екенін айтпай таныды. Атының шапқан екпініне қарап, батырдың қатты ашулы екенін де ұқты.
— А, құдай, құтқара көр! — деп, Құралай тебіне түсті.
Екеуі жарыса шауып, Жолдыөзекке таяп қалды. Бұл бір бақытсыз жер еді. Құнарсыз, сортаң. Бұл арада бұрынды-соңды талай адамның қаны төгілген. Сол себептен де бұл өзекті Асан Қайғы «Жолдыөзек» демей, «Қандыөзек» деп атаған. Осы жаман атынан шошып Атығай руы соңғы кезде бұл араны жайламайтын болған.
Осы Қандыөзекке келіп қалғанын көрген жас Ноян бір сұмдыққа душар боларын сезді. Қашқанмен құтылмасын байқады да, атының басын тежеп, тоқтай қалды.
— Құралай, ең болмаса сен құтыл! — деді ол Жоңғар қызына. — Тоқтама, шаба бер, не болса да өзім көрейін…
Ноян атынан секіріп түсіп, ағасына қарсы жүрді. Садағын кезене ананың шауып келе жатқан түрінен шошынып, жас жігіт қалтырап кетті.
— Көке, кешір! — деді көзі жаутаңдап, ағасы арқан бойы таяғанда.
Бірақ дәл осы сәтте атының басын тартпастан құйғытып жетіп келген ашулы Баян ызаға шыдай алмай, қыпшақ садағын тартып қалды. Башқұрт тәсілімен істелген сүйір ұшты сауыт бұзар қайың жебе жас Ноянның дәл жүрек тұсынан кеп қадалды, жас жігіт тіл қатуға да шамасы келмей ұшып түсті.
— Көкежан, не істедің? — деп, Құралай атының басын бұрып қайта шапты.
Екі көзі қанталап кеткен Батыр Баян үзеңгісіне шірене беріп, садағын екінші рет тартты. Ноянның тұсына жетіп қалған қыз ат үстінен қалпақтай ұшып сүйген жігітінің жанына сылқ етті. Қызып алған Тұлпаркөкпен орағыта шауып әзер дегенде тоқтатып, Батыр Баян да кейін бұрылды.
Күлімсіреген ишаратын жоғалтпай, боп-боз боп өліп кеткен інісін көргенде, ашумен не істегенін енді түсініп, өкіре жылап Ноянның үстіне құлады. Екі бетінен аймалап сүйіп, әлден уақытта барып басын көтерді. Екі көзден жасы сорғалап, інісінің басында тізерлеп ұзақ отырды. Тек бір заматта ғана жанында ыңырсыған дауысқа бұрылды. Бұл Құралай еді. Батыр Баянның өзіне қарағанын сезді ме, қыз ақырғы рет көзін ашты. Бір кезде берген анты есіне түсті ме, Батыр Баянның егіліп жылап отырғанын көріп, қыздың көзінде бір ұшқын жалт етті де сөне қалды. Ол енді ешбір кексіз, ашусыз, Баянға жалбарына қарады.
— Көкежан, — деді үнін әзер-әзер шығарып, — жалғыз тілегім, Ноян екеуміздің арамызға топырақ салмай, бірге көміп кетіңіз…
Осылай деді де, сонау талмаусырап батып бара жатқан күн көзімен таласқандай, қара жерге көмуге қимайтын қайран сұлу Құралай көзін жұмып, о дүниеге жүре берді.
Өз қолымен өлтірген қос аяулысының басында солқылдай жылап Батыр Баян ұзақ отырды. Тек таң сыз берген кезде ғана, беліндегі болат қанжарымен терең етіп көр қазып, араларына бір уыс топырақ салмай, қос бағланын жер құшағына беріп атына қонды.
Батыр Баян аулына қайтып келіп, ешкімге ләм-мим деп тіл қатпай, аһ ұрып, үш күн бойы жер бауырлап жатып алды. Тек төртінші күн дегенде орнынан тұрып, Уақ руының біраз батыр жігіттерін ертіп, Абылай шақырған Телікөлге беттеді.
… Сағынып күткен батыры келгенде, Телікөл маңайында жатқан қалың қол мәз-мейрам боп қуанды. Тек оның сүзектен тұрғандай сарғайып кеткен жүзін көріп таң қалды.
— Неге кешіктің? — деп сұраған Абылайға ғана қанды оқиғаны бастан-аяқ баяндай кеп:
— Ел намысы бір кешірмес ағаттық іс істетті, — деді.
Аяушылықты білмейтін Абылай:
— Жоғалтқаның көп болса да үкімің адал екен. Халық намысы ер құнынан артық деді, — қайғың тек өзіңдікі… Ал ата жолы бәріміздікі. Одан таймағаның — бұл бәріміздің абыройымыз.
Абылай батырдың бетіне қарамай, алыстағы көкжиекке тесіле көз жіберіп, әлденеге ойланып қалды.
— Иә, Абылай сұлтан, сіз әділетін айтып тұрсыз, — деді Баян күрсініп, — бірақ менің жүрегімде жазылмас жара қалды ғой. Оның емі — тек қан төгу ғана… Қанға — қан!
— Ондай ерлікке күн ертең-ақ туады, — деді Абылай. — Ер жігіт өз жарасын әрқашан да жау қанымен жазар болар.
Абылай сол күні Әбілмәмбет ханмен ақылдасып алды да, Кіші жүз әскерлерінің келуін күтпестен, Қалден Церен қолындағы Түркістан уәлиеті мен Сырдың сонау Аралға дейін баратын төменгі жағындағы қалаларды Жоңғардан қайтып алу жорығына аттануға бұйрық берді. Бұл үшінші жыл тоқсанның екінші айының бас шенінде, сәрсенбінің сәтті күні болды. Қазақтың сол кездегі атақты батырлары мен Абылай бастаған қырық мыңға таяу қалың қол теріскейден күнгейге лап қойды.
Бұл жолғы жорық үш жүздің басының бір мол қосылған жорығы еді. Осы сапар Абылайға да үлкен абырой әперді. Қол үш салаға бөлініп, бір саласын жасы келіп қалса да әскери істе қолбасшылық тәжірибесі мол Қанжығалы Бөгенбай батыр басқарды. Бұл атақты Үмбетай жырау:
Баян аула, Қызыл Тау
Абыралы, Шыңғыс тау.
Қозы — Маңырақ, қой — Маңырақ
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың.
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың.
Ауыр қол жиып алдырдың,
Ақ Шәуліге қос тиіп,
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың, —
деп жырлаған Бөгенбай мен Қабанбайдың ерлігі ерекше көрінген жорық еді. Бөгенбай он мыңға жуық қолды басқарып, Түркістан уәлиетінің солтүстік жағына, Қалден Цереннің Ұлытауға аттанбақ болған Созақ бекінісі тұсына қарай беттеді. Қолмен бірге атақты жырау Үмбетай аттанды.
Екінші қолды Жәнібек тархан басқарды. Бұлар Сыр бойының төменгі саласына қарай сапар шекті. Жәнібек әскеріне тек қана Торғай, Ырғыз бойын жайлаған Орта жүздің жігіттері ғана емес, бұған Сырдария жағасындағы өздерінің атамекен қоныстарын қайтарып алмақ болған Кіші жүздің Шекті, Табын, Тама, Адай секілді біраз руларының өжет жігіттері қосылды. Бұл қолда сол Торғаймен шектес Сарыкеш маңындағы Уаққа жататын Тәтіқара жырау бар.
Үшінші қолды (негізгі қолды) Абылайдың өзі басқарды. Бұл сап Шиелі, Жаңақорған бойларымен кеп Түркістанның өзіне күнбатыс бүйірінен тимек болды. Бұнда қазақтың аты шулы батырларынан: Баян, Сырымбет, Жанұзақ, Малайсары, Жәпек, сәл кейінірек келіп қосылған Қабанбай болды.
Абылай қолының ас-суын дайындап, жауынгерлерінің кір-қоңын жуатын бір топ қатын-қалаш, қыз-қырқынмен бірге, Қабанбайдың Гауһардан туған қызы Назым жорыққа шықты.
Бұл жолы Баянаулада Бұқар жырау сырқаттанып қалып қойды. Оның орнына жазда Абылайдан Ботақан мен Жанайдың құнын өлеңмен сұраған он жеті жасар Көтеш ақын ерді.
Жазғытұрымғы сай-саланы қуалай аққан қар суындай қазақ қолдары тарамданып, жан-жаққа қарай аттана бастады. Қазақ жауынгерлерінің жұмған жұдырықтай боп бір майдан ашудың орнына үш тарам боп бөлінуінің де себебі бар еді. Қазақ қолдары қазір едәуір күшейіп қалғанмен де, соғыс өнеріне келгенде, Жоңғар хандығының тұрақты әскерінен әлі де болса төмен жатқан. Құр ерлік, жанқиярлық, өжеттік жеткіліксіз қасиет. Әбден машықтанған өнер, әдет еткен соғыс тәсілдері керек-ті. Шиті мылтықтан басқа қаруы жоқ қазақ жігіттерін топырлатып, аз да болса зеңбірегі бар, соғыста әбден шыныққан Қалден Цереннің тәртіпті әскерлеріне қарсы қоюға Абылайдың көңілі дауаламады. Өз әскерін үшке бөліп, Қалден Цереннің әскерін де үшке бөлшектеп, жеке-жеке құртпақ болды…
Бірақ қазақ тәрізді көшпелі елдің қонтайшысы Қалден Церен Абылай қулығын бірден ұқты. Қазақтың бас күші Созақ тұсынан шығатын Бөгенбай бастаған, не болмаса Аралдың жоғарғы сағасынан, — қарақалпақтың өкпе тұсынан кеп тиісетін Жәнібек сарбаздары емес екенін айтпай түсінді. Бас күш Абылай маңайында деп ойлады ол. Бұны Түркістанның күншығыс жағына жіберген ертөлелері де анықтап қайтты. Бұл кездегі жоңғар әскер басшысы Қалден Цереннің ортаншы ұлы Цеван-Доржи Созақ пен Қазалыға көмекші әскерлер жіберді де, өзі он бес мың қолымен Абылайға қарсы аттанды.