Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Анықтап есептегенде отыз мыңнан астам жауынгер басы көрініпті. Бұл «Ақтабан шұбырынды» басталғалы, қазақтың ең алғашқы рет бірігіп, мол қол жинағаны. Әлі де келіп жатқан топтар аз емес. Басы Жәнібек, қарт Бөгенбай, Арғынның аты шулы батырлары Тайжігіт, Тасболат, Сырымбет, Жанатай, Жан- ұзақ, Сеңгірбай, Олжабай, Малайсары, Оразымбет. Абылайдың қамқорлары: Толыбай би, Қарауылдың шешені Қанай би, Жәпек батыр. Сырғалы Елшібек, Шекті Тайман, Табыннан Алтай батыр. Әрқайсысының қасында мыңдаған, жүздеген жауынгерлер. Қазақ даласында бұл кездерде атағы шыққан аты-шулы батырлардан Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзден Бұғыбай, Уақ руынан Батыр Баянның жоқ екенін Абылай іштен түйіп отыр. Әсіресе Баян батырдың осы уақытқа дейін келмеуі өкінішті-ақ. Ерлігімен, ел-жұрты үшін жанқиярлық ісімен танылған Батыр Баян Қанжығалы Бөгенбай мен Қаракерей Қабанбайдан кейінгі ең сүйікті батыры еді. Анау екеуі болса қазір пайғамбар жасына келіп қалды, ендігі ең сүйеніші со Батыр Баян мен өзімен бірге Қалден Церенде тұтқында болған Жәпек еді. Ел шетіне жау келсе, ең алдымен жетіп, алдыңғы шепте жүретін Батыр Баянның осы уақытқа дейін келмеуін Абылай жаман ырымға жорыды. «Оның өз басына бір қауіп туды, не ел-жұртының қамына да қаратпайтын бір пәлеге душар болды» деп ойлады.

Арқада Обаған атты өзен бар. Бұл өзеннің бойын ежелден Уақ руы жайлайтын. Орта жүздің жеті арысының бірі болып келетін Уақ руынан бүкіл қазақ даласына әйгілі Ер Көкше, Ер Қосай атты батырлар шыққан.

Осы Уақ руына жасының қартайған шағында келіп сіңіп кеткен, Жәнібек ханның кезіндегі атақты батырының бірі Саяннан туған Аян батырдың бір ұрпағы осы Батыр Баян еді. Қарадан шықса да жеті атасынан әйгілі батыр тұқымы болғандықтан, ел басына күн туғанда, осы Баян атқа ерте қонды. Өзінің асқан ерлігі, халқы үшін жан пида етерлік істері арқасында ол көп кешікпей Уақ руының көсеміне айналған. Әке-шешесі қалмақ шабуылының бір үлкен айқасында қаза тапқан. Өзімен бір туған, биыл он беске шыққан Ноян атты інісі ғана бар. Ноян әлі қолына найза ұстап жауға шапқан жоқ, бірақ алақанына түкіріп, бүгін-ертең менің де кезегім келер деп, бойына біткен қайратын жұмсайтын жер таппай, аласұрып, ауылда әзер жүрген. Өрт мінезді бала жігіт бір-екі рет ағасына «жорыққа мені де ала бар» деп жалынғанда, Баян оған: «Кезің келер, жорық сенен қашып құтыла алмайды. Әзірге сойыл соғып, садақ атып, соғыс өнерін әбден үйрен!» — деп ертпей қойған.

Баянның да қазір қырыққа таяп қалған кезі. Сұңғақ бойлы, аққұба, сұлу мұртты, көрікті жігіт. Жалғыз інісін жанындай жақсы көреді. Ағалық үлкен сезімнің әсерінен де ол өткен жылғы Іле бойындағы жоңғарларға қарсы аттанған сапарында, Ноянның «мені де ала кет» деп көзінен жасы мөлтілдеп тұрып өтінгеніне қарамай, ертпей кеткен.

Екі жақтың да қолы шығын болғанмен, бұл жолы қазақ жігіттерінің жоң- ғарлармен айқасы қиынға түсті. Кескілескен, бірін-бірі аямаған қан төгіс үш күнге созылып, ақырында саны сәл басым Баян жағы жеңді. Қазақтың бес жүз жарақты жігіттерінен үш күн ұрыстан кейін тек екі-ақ жүзі қалды. Төртінші күні ұрысқа шыдар-шыдамасын білмей, Іле бойының қалың тораңғыл, жиде тоғайының арасында жатқан осы екі жүз жігіт, таң ата, үш күннен бері өздері соғысқан жоңғарлардың сегіз аулының бірден көтеріле, тайлы-таяғына дейін қалмай, ұбырып-шұбырып, Қытай жағына қарай көшіп бара жатқанын көрді. Қазақ қолы бұл оқиғаға алдымен таң қалды. Сөйтсе де, олар мал қайырлап жүрген бір жоңғар шалынан ауылдардың неге үркіп қашып бара жатқанын білді. Жоңғар ауылдарына: «Кешеден бері ұрысып жатқанымыз қазақтардың жәй әшейін ертөле топтары екен, Бөгенбай мен Қабанбай басқарған бес мың қол бүгін түсте осы Іле жағасына жетеді екен», — деген хабар кепті. Осы хабардан кейін Іле қойнауындағы жоңғарлардың мына сегіз аулы қопарыла көтеріліпті. Бұл хабардың қалай шыққанын қазақ жігіттері артынан барып естіді. Жоңғарлардың қолына түскен бір өжет сарбаздан: «Бәрібір өлесің, егер шыныңды айт- саң қоя береміз» деп осы ұрыстағы жоңғар батыры жауап алады. Одан: «Осыншама елге шағын қолмен қалай келіп тиістіңдер? Неменеге сендіңдер?» деп сұрапты. Жігіт: «Сендерді жеңетінімізге сендік!» депті. «Қалайша? Осыншама жоңғарды бес жүз сойылмен жеңбек пе едіңдер?» деп мысқылдап күледі жоңғар батыры. Сонда өжет жігіт: «Бәрібір қырыласыңдар! Артымызда Бөгенбай мен Қабанбай басқарып келе жатқан бес мың қол бар! Олар таң ата жетеді! Біз тек Јртөлелер тобымыз!» дейді. «Өтірік айтасың! Шыныңды айт! әйтпесе өлтіреміз! Ал егер айтып тұрғаның жалған болса, қазір босатамыз. Тек бізді алдама!» деген Жоңғар батырының қорқып тұрғанын білген қазақ жауынгері «бәрібір мені өлтіресің, онан да зәреңді ала өлейін» — деп айтқанынан танбапты. Жоңғар батыры сенеді. Еліне сол түнде қопарыла көшуге бұйрық береді. Әлгі сарбазды өз қолымен бауыздайды. Қазақтың қалың қолы келе жатыр деген сөзді естіген жоңғар ауылдары алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Бұл оқиғаның неден болғанын соңынан естіген қазақ жігіттері, дәл осы сәтте жаңа ғана үйлерін жығып, көштері енді қозғала берген соңғы жоңғар батырының аулына тоғайдан шыға лап қояды. Батыр Баян бастаған екі жүз жігіт көшке екі жүз аш қасқырдай тиеді. Әбігері кеткен көш жөнді қарсылық көрсете алмайды. Жоңғардың бас батыры Батыр Баянның қолынан қаза табады.

Бірақ шабылған елден Батыр Баянның жігіттерінің қолына жөнді олжа ілікпеді. Тек шу дегенде қоршауында қалған бір топ қыз-келіншек пен аздаған мал-мүлік қана қолдарына түсті. Босқан елдің көп дүниесі Іле өзенінің суына кетті.

Ұрыс бітіп, болмашы олжаға көңілі толмай тұрған Батыр Баянның кенет екі бетіне қан жүгіріп құлпырып сала берді:

— Мынау адам баласы ма, әлде періште ме? — деді ол қасында тұрған Жәпек батырға, қолға түскен бір топ қыз-келіншектің ортасындағы, үлбіреген жас сұлу қызды көрсетіп.

— Бұл Қорен батырдың он бес жасар жалғыз қызы Құралай сұлу, — деді Жәпек.

— Қай Қорен?

— Кеше Жанатай батырды найзалаған, ал бүгін сенің қолыңнан қаза тапқан жоңғар батыры Қорен…

Баян Тұлпаркөгін тебініп қап, қоршауда тұрған қыз-келіншекті бір шолып өтті. Құралай десе құралай-ақ екен! Мөлдіреген екі көзі тостағандай, қара торы жүзі сәл қаны қашып қуқыл тартқан, қолаң шашы шұбатылып үзеңгіден асып жатыр, басына киген сүйір төбелі құндыз бөркі мен күміс зерлі қара мақпал қынама бешпент-шалбары күміс ер-тоқымымен жарасып тұр. Осынау көрік, жарастық көзді еріксіз тартып, барады. Қызға тесіле қараған Батыр Баян жүдей жаудыраған қарақат көздің қиығынан өзіне деген бір өшпендіктің ұшқынын сезіп қалды.

— Атың кім, Құралай ма? — деді ол қызға.

— Атым Құралай, біліп тұрып несіне сұрайсыз? — Қыз теріс бұрылып кетті. Бірақ ол қазақ батыры атын қалай біліп қалғанына таң қалды. Баянға сол сәтте бір тәуекел ой келді. Жүрегін өртеп бара жатқан сезім жалынын баса алмай:

— Мына қыз менің олжам! — деді Құралайды қамшысының сабымен меңзеп.

Ат жалын тартып мінгелі Баянмен үзеңгілес болып келе жатқан Жәпек сан олжаны бөлген кездерінде әйгілі батырдан бұрын-соңды мұндай сөзді естіп көрмеген-ді. Баян сөзіне бұл да таңырқады. Жолдасының бетіне көз қырын сәл аударды да, батырды қандай сезім билеп тұрғанын енді ұғып:

— Болсын! — деді сосын күзетші топтың екі басты жігітін шақырып алды. — Құралай сұлуды көздеріңнің қарашығындай сақтаңдар. Ақ бетін қарға-құзғын шоқып жүрмесін. Бұл қыз Батыр Баянның олжасы. Ұқтыңдар ма?

— Ұқтық.

Өзіне сұқтанған көрікті кісі қазақтың аты шулы ардагері Батыр Баян екенін Құралай да қолға түсісіменен-ақ сұрап білген. Әкесі Қореннің сүбесіне көк найзасын бойлата бұлғап, Батыр Баянның өлтіргенін өз көзімен көрген. Қолға түскен киіктің лағындай жаутаңдаған жас сұлу, «мына қыз менің олжам» деген батырдың сөзін естігенде, жүрегі дір-дір қағып, өн бойы қалшылдап кетті. «Олжа!» деген сөздің ар жағына не жататынын ес білгеннен-ақ түсіне бастаған сұлу қыз дәл осы сәтте әкесін өлтірген адамның еркіне берілу — өзі үшін кешірілмес күнә деп есептеді. Өн бойын енді бір ызаның, қайтпас қайсар кектің оты билеп әкетті. «Сенің олжаң болып қасыңа жатпасқа ант етемін, — деді кенет күбірлеп жоңғар әйелдерінше екі қолымен көкірегін басып. Қыз дәл осы ашу үстінде, Батыр Баян әкесін көзінше өлтіріп, өзін қандай жылатса, Батыр Баянның да дәл өзіндей боп жылауын арман етті. Шамасы келсе кек алуға анасының ақ сүтімен серт берді.

53
{"b":"110492","o":1}