Литмир - Электронная Библиотека
A
A

— Хан тағында отырған қайнымнан еш жақсылық күтпеймін, — деді Ақтор- ғын нағашы ағасына бар жайды айтып болып, — мен елге қайтуым керек. Сенің жігіттерің қалада тұрғанда тез қашқаным жөн. Тұяқпен дос-жар секілді едің, хан соңымнан қуғын жіберіп әбігер болып жатқанда, оны зынданнан құтқара көр, нағашы аға. Айыбымызды Ноғайлы елі өзі айтсын…

Намысқор Жолымбет батыр жиенінің сөзін мақұлдады. «Ақторғынды берсе, Ақ Орданың шаңырағын сыйлап Тәуекелге берген Кіші жүз, Есімге ойыншық еткізбейді. Төркін елімен ақылдаспай, бұл қай қорлағаны! Ал Тұяқ батырға келсек, жиеннің бұл тілегін де орындауға болар, — деді Жолымбет батыр, — жиен қарындасын құтқаруға көнгенде оның көңіл қосқан жігітін зынданнан шығарудан неге қашсын. Тұяқ батыр бір елдің ардагері. Кеше Бұхарға аттану керек пе, керек емес пе деген сұрақ туғанда, жұрт ханның сөзін емес, осы Қияқ пен Тұяқтың сөзін тыңдаған жоқ па еді? Егер Тұяқты құтқарса, қара халықтың алғысын алады».

Жолымбет батыр осылай ойлады.

Тұяқ сол қара алаңдағы қара зынданда отыр. Анда-санда қозғалып қалса, шынжырлары шылдырлайды. Шыңырау үстіндегі болмашы тесіктен сонау көгілдір аспан көгінде оқта-теке ұшып бара жатқан құстар ғана көрінеді. Тек өткен күндер қиялдары ғана жан серігі.

Тұяқ жүрегінде Ақторғынға деген от сонау алғашқы кездескен күннен-ақ жанған. Осы оттың да зардабы болуы керек, Ташкент түбіндегі ұрыста ол Ақтор- ғынға арналған талай өткір найза ұшына өз кеудесін тосты. Ақторғынға төнген сан жауды шойын басты келте шоқпарымен жайратты.

Түркістанға келгеннен кейін, Тәуекелдің қырқын бергенше Тұяқ Ақторғынды көрген емес. Одан кейін де сирек кездесіп жүрді. Онда да жұрт көзінше ғана. Осы кезде бір-ақ рет Ақторғынды өз қолымен атқа отырғызды. Соның ертеңіне дәйекші бала келіп:

— Ханым сізді шақырып жатыр! — деді.

Тұяқ баланың соңынан ерді. Бұны сарай есігінің алдында қарсы алған Ақтор- ғын:

— Батыр, бір күннің ішінде асауымды үйретіп бере аласың ба? — деп сұрады.

— Жарайды, — деді Тұяқ қуанғаннан жүрегі жарыла жаздап.

«Патша әйел сүйген жігітін ең алдымен асау жылқысын үйреткізіп сынайды екен» деген бір аңызды Тұяқ жас кезінде естігені бар. Ханымның бетіне қарады. Жаудыраған көзінен өзіне деген бір өзгеше сезімді байқады. Ақторғын бұған асау атын емес, асау жүрегін сынатқалы тұрғандай көрінді.

Ақторғынның үйрет деген асауы төркіні — Жағалбайлы елі жіберген, құрық көрмеген жеті жасар тағы жылқы боп шықты. Төрт жігіт арқандап әзер ұстап тұрған асаудың үстіне Тұяқ секіріп мінді. Асау құйындата құба жонға ала жөнелді. Күн батып бара жатқан кезде қара терге малынған, әбден жуасыған асауды батыр Ақторғынның босағасына әкеп байлаған.

— Мың жасаңыз, батырым, — деді жесір, көзі баяғысындай тағы ұшқын атып.

Сол күні ел жатардың алдында Тұяқтың шатырына дәйекші әйелдің бірі келді. Батыр әйелдің соңынан ерді. Сарай есігінің алдында Ақторғынның өзі күтіп тұр екен. Үйге кіріп, оңаша қалғаннан кейін ол:

— Батыр, асауымды мініп көрдім, тамаша етіп үйретіпсің, ақысына не берейін? — деді даусы дірілдеп.

Тілі күрмелген адамдай Тұяқ ештеңе айта алмай тұрып қалды. Қуаныштан жүрегі лүпілдеп, демін әзер алды.

— Жарайды, ақысы үшін… Өзім сүйейін, — деді күліп Ақторғын.

Қуаныштан есін жия алмай тұрған батырдың қасына келді. Аяғының ұшымен созылып көріп еді, ерні тек Тұяқтың кеуде тұсына ғана жетті.

— Түу… бойым жетпеді ғой, — деді ол еркелене, — көтерсейші өзің.

Тұяқ бақандай қолымен Ақторғынды тік көтеріп, жас баладай алдына алды. Жесір әйелдің жұп-жұмыр аппақ білегі мойнын орай түсті. Дүние шыр көбелек айналып кетті. Тек жүрегінің жан тамыры лүпілдей соғып, қуанышқа сыймай тұрған Ақторғын нұрға малынған ақ жүзін Тұяқтың кезерген тастай қатты ерніне таяй берді.

Таң қараңғысы кезінде Тұяқ батыр Ақторғынның сарайынан шықты. Ханымның ақ сазандай аппақ денесі құшағында тұрғандай екі қолымен әлденені әлдилей күлімсіреді.

— Тәубе! Тәубе! — деді даусы қуанышқа сыймай, мұндай да тамаша түндер болады екен-ау!

Ақторғын құрсақ көтеріп қалған еді. Бірақ Бұхардың кең жібек көйлегі оның тола бастаған ішін өзгелерге аңғартпаған. Әйтсе де, хан сарайындағы тесіле қараған көп көзден ханым қысыла бастаған. Бүгін болмаса, ертең құпия сырдың ашылуы айқын… Тұяқ батыр анадай күйге ұшырағаннан кейін, оған қашудан бөтен жол жоқ-ты. Қашпаса бәрібір жұрт алдында масқара болады. «Не Тұяқ батырға қосылуым керек!» деді нағашысы Жолымбет батырға Ақторғын өзінің шын сырын ашпаса да, алыстан ұқтырып.

Бір сұмдықтың болып қалғанын іші сезген Жолымбет, енді бүкіл Кіші жүздің абыройын сақтағысы келді. Бұрын көңілінде аздаған дүдәмал күдігі болса, осы мезгілден бастап «нартәуекел!» деп, Ақторғынды құтқаруға кірісті.

Сол күні түні Жолымбет батыр бастаған бір топ жауынгер қаланың күнбатыс жағында қақпаның түбіне келді.

— Қайда барасыңдар? Кім рұқсат етті! — деп алдарынан кес-кестей күзет бастығы тұра қалды.

— Мен рұқсат еттім! — деді Жолымбет атының басын сәл тежеп. Кіші жүз батырының ұр да жықтау, сотқар мінезімен бұрыннан да таныс күзет бастығы «ә, сіз бе едіңіз» деп кейін шегіне берді.

Бір топ жігіт қала қақпасынан шығып, батысқа қарай шаба жөнелді. Ортасында Тұяқ батыр үйреткен есік пен төрдей шұбар айғырды мінген, бет-аузын тұмшалап жауып алған біреу кете барды. Бұл Ақторғын еді.

Жесір жеңгесінің қашқанын ертеңіне білген Есім ашуланып, дереу қуғын жіберді. Бірақ Ақторғынды ұстай алмай бар қаһарын Тұяққа аударды. Күзетін күшейтті. Жолымбет батыр оны құтқарып үлгермеді: Есім хан Тұяқ батырды қара алаңдағы зынданнан шығарып, өз сарайының іргесіндегі зынданға әкеп салдырды.

Есім Кіші жүзбен біржолата жанжалдасқысы келмеді. Өшін бөтен жолмен қайтаруды ойлады. Тұяқ батырдың орнына Шығыс Түркістандағы болғалы жат- қан ұрысқа ол енді Жолымбетті жіберді. Бір ажалға барып қайтсын, деді хан ішінен, тірі келсе сонда көрерміз, хан ісіне қалай кірісудің керек екенін!

Жолымбет Қашқардан алты айдан кейін оралды. Және үлкен жеңіспен қайт-ты. Бұл жеңісті ол әбдірахманның іні, ағаларымен соғысудан емес, сыртқы жауымен айқасудан тапты.

Қытай боғдыханына тістері бата алмаған Жоңғар қалмақтары осы кезде Жетісу бойындағы қазақ пен қырыз ауылдарына шабуылды үдеткен. Осындай үйреншікті бір жорығынан қалмақтың қалың қолы қайтып келе жатты. Алдарында қыруар мал, түйе теңдері толған дүние-мүлік. Арқанмен матастырған қырғыз-қазақ ауылдарының қыз-келіншегі.

Шатқал, құзды тауларының бір бөктерінде аңдып тұрып, жоңғар қолы жазық ойпатқа шыққан кезде, Жолымбеттің бес мың жауынгері жан-жағынан атой салған. Жау әскерінің саны көп болса да, ойламаған жерден тиген қазақ жауынгерлеріне төтеп бере алмаған. Зәре-құты қашып, өз бастарын қорғаумен болды.

Жолымбет қалмақтардың күл-талқанын шығарып, бес жүздей жауынгерін қолға түсірді. Шабылған қазақ, қырғыз ауылдарының адамдарын босатып, мал-мүлкін тегіс өздеріне қайтарды. Ал Жоңғар қолынан түскен басқа көп олжаны «елдегі қатын-балаларыңның несібі» деп ала жібіне дейін қалдырмай, алты айдан бері олжасыз жүрген әскеріне бөліп берді. Оның ішінде «хан үлесі» саналатын қазына-мүлік те кеткен. Жолымбет Ордаға қайтпай жатып, оның бұл қылығын (әрине, түскен олжаны он есе өсіріп) қастары Есімге жеткізді. Ханға «олжамыз» деп, тек бес жүз тұтқын жау жауынгерін ғана алып келген. Бұрыннан да өш Есім, енді бетінен түгі шыға ашуланды. Оның үстіне сол күні түнде зынданнан Тұяқ батыр да қашып кеткенін естіген. Тексеріп келгенде Тұяқты қашыр- ған Жолымбеттің адамдары болып шықты. Әбден ызаланған Есім Жолымбетті ұстауға бұйырды. Жендеттер Тұяқтың орнына енді Жолымбеттің өзін зынданға апарып салды.

Сол күні түнде «Жолымбет дарға асылсын» деген хан үкімі жарияланған-ды. Ертеңінде Қара алаңда дар дайындалды. Жолымбет секілді ел-жұртқа әйгілі батырды жазалап жатқанда қара бұқара наразылық көрсетіп жүрер деп сескенген хан, алаңды қоршай әскер қойды. Осы аласапыран күндердің алдында ғана Түркістанға Жиембет жырау келген. Болайын деп жатқан сұмдықты естіп, ол хан сарайына беттеді.

48
{"b":"110492","o":1}