Ел билеу?
Ел билеу оңай тисе, халық тізгіні қолында болған адамның бәрі де ел аузында қалмас па еді? Қазақ тарихында жүздеген хан менен мыңдаған сұлтандар өтті. Солардың халық жадында қалғаны саусақпен санап аларлықтай. Хан тағына жету кейде оңай болғанмен, хан тағында отыру қиын. Өйткені оған тек қана күш емес, ақыл, айла, саясат керек. Бұл қасиеттер сандықтағы дүниең тәрізді, біреуде бар, біреуде жоқ…
Абылай ел билеу ісінде Есім хан тәсіліне көңілін көбірек аударатын. Тікелей оның жолын ұстамағанмен, кей әдістерін өз ісінде қолданып отыратын. Бұған да себепкер болған бәз баяғы Бұқар жырау. Ол бір күні Есім ханның тарихын оған айтып берген:
— Хан тағдыры — халық тағдыры емес, — деген Бұқар жырау, — кейде жауымен тартысы бір болып, қан майданда бірге қаза тапса да жатар моласы бөлек. Тек тарихтағы азды-көпті ісі халық ойынан шықса, сондай ханды қазақ елі есінде қалдырған. Соның бірі Есім хан.
— Хаджири есебі бойынша бір мың сегізінші жылы, яғни біздіңше, бір мың алты жүзінші жылы, — деген Бұқар жырау Абылайға, — Тәуекел ханның орнына қазақ елі жиырма екі жасар Есімді хан көтерді.
Есім қазақ хандығының тағына отырысымен, ағасы Тәуекел мен Қияқ секілді Мауреннахр жерінде ұрыста қаза болған белгілі батыр, сұлтандардың пырағын Ташкент жерінен әкеп, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің түбіне жерлеткізді.
Оның бұл кездегі ең күрделі саясаты: Шығыс Түркістанда болып жатқан Моғол бектері мен Жағатай ұрпақтарының арасындағы жанжалдарға кірісуі еді. Өйткені дәл осы шақта Қытай айдаһары Шығыс Түркістанға қарай созыла жылжып келе жатқан. Бұл қазақ еліне зор қауіп туғызған. Сондықтан Қытай мен қазақ хандығы ортасындағы елдердің қандай күйде екенін білу керек болды.
Ал Жетісу мен Шығыс Түркістанның біраз жеріне әмірлігін жүргізіп әбдірашит хан өлгеннен кейін, балаларының арасында үлкен дау-жанжал басталған. Олар бұрын қазақ хандарымен одақтас саналған қырғыз елінің де кей тұсын өздеріне қаратуды ойлаған. Бұларға қырғыз руларының ала ауыздығы да өздерінің жерін, суын талан-тараж етуіне жол ашты.
Есімнің хан болған кезінде әбдірашиттің ортаншы ұлы әбдірахман Шалыш пен Тұрфанның билігін алған. Жетісу мен Шығыс Түркістанның қалған жері әбдірашиттың өзге балаларының қолында қалған. Бірі Ақсуда хан болса, бірі Құсанды, бірі Құшты меңгерген. Қысқасы, әбдірашит қайтыс болысымен оның ұрпақтары билікке, жерге таласып қырық пышақ боп бүкіл Моғолстанды талан-тараж еткен.
Есім шақырған хан кеңесінде қазақ елі әбдірахманды қолдамақ болды. Әбдірахманның шешесі Жетісу бойындағы Үйсін қызы еді. Және әбдірахманның да, өзіме жәрдем түбі осы жақтан келеді-ау деп, бір бүйірі қазақ еліне тартып тұрды. Есімге бұл мәселе жөнінде қырғыз манаптары да қосылды. Оған себеп, қырғыз еліне Жаркент, Ақсу, Қашқар хандарынан гөрі ертеден одақтас болып келген қазақ елі қолайлы еді. Тағы бір жағдай: осы тұста Жоңғар қонтайшысы күшейе бастаған. Ал олардың шапқыншылығынан құтылу саясатында қырғыз бен қазақ тілегі ұштасып жатқан-ды. Сан мәртебе екеуі бірігіп, Жоңғарларға тойтарыс та берген.
Есім әбдірахманға жәрдем ретінде бес мың қазақ әскерін жіберуді ұйғарды. Ол бұл әскерді Тұяқ батырға басқартпақ болды.
Ертеңіне хан Тұяқты шақыртып алды. Тұяқ пен Есім екеуі де еңселі, зор денелі еді. Сарайға тәжім беріп кіріп келген батырға, хан:
— Жоғары шық! — деп қасындағы жастықты төрге қарай сырғытып тастады. Қарадан шыққан адамға ханның өз қолымен жастық тастауы зор құрмет. Тұяқ жайғасып отырғаннан кейін Есім оны неге шақырғанын айтып келіп:
— Жетісу мен Түркістан маңайындағы Ұлы жүздің бар руларын біз өз қолтығымыздың астына алуымыз керек, сол себептен Үйсіннің көп жұртын билеп отырған әбдірахман ханға жәрдем беруді ұйғардым, — деп сөзін аяқтады.
— Хан ойы халық тілегінен шықса, оған не жетсін! — деді Тұяқ сабырлы үнмен. — Бәріміз де адамбыз ғой. Адам болған соң армансыз тіршілік ете алмайды екенсің. Бұйрығыңызды орындамастан бұрын, менің де бір арманым бар еді, егер рұқсат етсеңіз, соны айтайын…
— Айт, батырым.
— Үміт деген бір қайық. Ер жігітті жолы болса дүниенің қапасынан да, қайғысынан да алып шығады, менікі сол бір үміт қой. Тағдыры өзіңнің қолыңда…
— Тыңдайық, аяғына дейін айт…
— Жарайды, құлдың баласы демей, батырым деп тыңдағың келіп тұрса, айтайын… Алдымен мынаны білгім келеді. Хан ием, мен ақ сүйектен шыққан жоқпын, жан-тәніммен ел-жұртыма қызмет істеп келем. Ерлігім, не қызметім көңіліңізге олқы соғып жүрген жоқ па?
— Жоқ, өзге батырларым бір төбе де, сен бір төбесің ғой. — Шыны ма, кекесіні ме Тұяқ айыра алмады. — әбдірахманға жұмсап отырғаным да содан емес пе…
— Онда айтайын. Бас кеспек болса-дағы тіл кеспек жоқ. Қисаң жеңгең Ақторғынды маған бер.
Біреу жағынан тартып жібергендей, Есімнің өңі қара күреңденіп кетті.
— Ей, сен не малтаңды езіп отырсың?
— Жаңа өзің айтқан жоқ па едің, өзге батырларым бір төбе де, сен бір төбесің деп…
Ханның ызадан қаны қашып, мойнына құрық түскен асаудай басы кекжең ете қалды. Әрине, қазақ елінде хан мен әйелі бірге өлсін деген заң жоқ. Ағасы Тәуекелдің жұбайы да өмір бақи жесір қалмайды. Біреуге шығуы керек қой. Бірақ ол ханның әйелі, ханның жеңгесі емес пе? Есігінде жүрген құлға қалай шығады? Ол мүмкін емес…
— Жеңгең Ақторғын да осыны тілейді, — деді Тұяқ батыр.
— Сонда қалай болғаны? Тәуекел ханға жыл болмай жатып көңіл қосып қойғансыңдар ма? Онда екеуің де айыптысың?
— Жоқ, олай емес, хан ием!
— Жә, тоқтат!
Қанына тартпағанның қары сынсын дегендей, Есім қазір қанына тартып отыр. Төреден жаратылған ханның жесірін қарадан шыққан бір батырдың аламын дегеніне қорланып қалған. Бұл да ештеңе етпес еді, егер құралай көз, оймақ ауыз жесір жеңгесіне жас ханның өзінің көзі түспеген болса… Өзінен он жас үлкен болса да, Есімге ол он жеті жасар қыздай көрінген. Қыпша бел, ақша маңдай, кербез жеңгесінің қасында өзге орда сұлулары аққудың жанындағы қоңыр қаздардай ғана боп қалған. «Аға өлсе, іні мұра» деп қарайтын қазақ дәстүрімен, Есім ағасының асынан кейін жесірін өзі алмақ ойда еді. Хан қанша әділеттімін дегенмен де, өз нәпсісінің тілегінен аса алмаған.
Ол қолындағы күміс қоңырауын үсті-үстіне ашулана қақты. Үйге асыға кірген күзетшілерге:
— Қару-жарағын сыпырып алып, мынаны қазір зынданға тастаңдар! — деп бұйырды да теріс бұрылып кетті.
Хан сарайының жанындағы қара алаңдағы зынданға атақты мыңбасы Тұяқ батырды апарып салған хабар заматта бүкіл Түркістан шаһарын шарлап өтті.
«Қару-жарағын сыпырып алып Тұяқ батырды қара алаңға апара жатыр» деген хабарды дәйекші балаларының бірі келіп жеткізгенде, Ақторғын жерге тиер ұзын қолаң шашып өргізіп отырған-ды. Жүрегін ұстап, кенет аппақ бөздей боп шошып кетті.
— Жолымбет батырды шақыр, — деді қасында тұрған әйелге.
Кіші жүздің таңдаулы қолын басқарып жүрген Жолымбет батыр Ақторғынның нағашы атасы. Ханнан кешірім сұраудың керегі жоқтығын ханым бірден ұққан. Сұрағанмен де бұл өтініші жақсылыққа апармайды. Қазақ дәстүрі: Есім өз жесіріне не істеймін десе де еркі бар. Әрине, ақылға салса хан өзінің нәпсісі үшін Тұяқ секілді халықтың сүйікті батырын зынданға тастап, қалың елді өзіне қырғи қабақ етпес еді. Және Ақторғынның Кіші жүздің қызы екенін де естен шығармағаны жөн. Бір тайпа елдің намысына тиюдің қанша қажеті бар? Аз күнгі ләззатынан басқа, он жас үлкен Ақторғын оған не бере алады? Алдымен өзі суынбай ма? Ал Тұяқ болса бір сәрі. Қырық жас еркектің қылшылдаған кезі. Тұяқтың жасы да Ақторғынға сай. Сол себептен де Ақторғынның кішкентай жүрегін ол өзінің үлкен алақанына сап мәпелеп тұрғандай болып көрінеді жесір әйелге. Иә, Тұяқтың бұны өмір бақи мәпелеп өтетіні хақ.
Ақторғынға мұндай сезім осыдан жарты жыл бұрын пайда болған. Тұяқ бұны бір күні қолтығынан көтеріп атына мінгізген. Ағашты түбірімен жұлып алатын сонау бақандай күшті қолы сонда Ақторғынның кеуде тұсына тіпті жұмсақ тиген. Неге екені белгісіз, сол сәтте бұның кішкентай жүрегі алас ұрып ойнай жөнелді. Ақторғын сонда осы бір алып қолдың жүрек тұсында ұзақ қалуын тілеген…