Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Ағасы Тәуекел ханның досы болған атақты жырауды көргенде, Есім амалсыз күлімсіреп қарсы жүрді.

— Армысың, жырауым! Жүрісің тым асығыс екен, ел-жұртың аман ба?

Жиембет жауап орнына толғай жөнелді.

«Әмірің қатты Есім хан,

Бүлік салып бұйырдың,

Басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа.

Атадан жалғыз ол емес,

Хан ие, ісің жол емес,

Жолбарыстай Жолымбет

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алмақ сыйыңды,

Қаһарыңды басқалы

Қалың елім жиылды.

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биіңді.

Малын салып алдыңа

әр саладан құйылды.

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды».

Жырау толғауының зілді толғау екенін түсінген Есім хан райынан тез қайтты.

— Жарқыным, ең алдымен амандасайық та! — деді.

Жиембет тізе бүкті.

— Бұл айып бізден, арсың ба, хан ием!

— Барсың ба, Жиембет жырау? Сен келгенде қимайтын қиындық бар ма? Бір ауыз толғауың үшін қидым Жолымбет батырдың күнәсін. Босатыңдар батырды!

Есік алдында тұрған дәйекші үйден ата жөнелді.

— Бір тілегімді орындадың, хан ием, — деді Жиембет басын иіп. — Бізді риза еткенің, бүкіл халықты риза еткенің!

Есім ханның да ойлағаны осы еді.

Жолымбеттен айрылған Есім, енді әбдірахманға жәрдем беруге қалың қолмен өзі аттанды.

Ол бұл өңірде әбдірахман хандығы қырғыз елімен одақтасып, Ақсу, Жаркент, Ош секілді шаһарларды әбдірашиттің өзге балаларынан тартып алмақ боп сан мәртебе жорыққа шықты. Тарбағатай тауын бөктерлей құлаған Батур қонтайшы басқарған жоңғар қолдарымен де алысты. Ақырында аз уақытқа болса да Жоңғар шапқынын тоқтатты. Есім дәкпіріне шыдай алмаған жоңғар әскері Жетісуды жаулап алудан бас тартты. Бұдан басқа оның тағы бір жеңісі — қырғыз елімен бауырласа білді. Ташкент тартысында өзімен достасқан қырғыз манабы Көкеменге арнап Ташкентте «Көкеменнің көк күмбезі» атты салтанатты мешіт салдырды. Және Шалыш пен Тұрфанның ханы әбдірахманмен достық, жекжаттық одағын мықтап бекітті. Бұл достық әбдірахман өлгенше сақталды.

— Есім жетпіске дейін өмір сүрді, — деген Бұқар жырау. — әрине, ол ел билеу ісінде тегеуірінді, кәрлі әрекеттерді де көп қолданды. Әйтпесе Жиембет жырау оны босқа «әмірің қатты Есім хан» демесе керек-ті. Бірақ ол керек жерінде батырларының да сөзін тыңдап отырған.

Сөзінің аяғында жырау:

— Саған берер тағы бір ақылым, — деген Абылайға. — Замана түлкі, адам қыран… Бөктерде бүркітті көрген түлкі, етекке түсіп, жауымен кең жерде айқасудан тайсалса, сол бөктердегі өзі түстес бір қызғылт тастың қия бетіне құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран ондай түлкіні көруі керек. Ел билігі қолыңа тиген екен, көреген бол. Ақылың мен айлаң қатар жүрсін.

Абылай Бұқар жыраудың осы сөздерін жадына мықтап тұтты. Басына қауіп-қатер туған сан қатерлі күндерде де ол қара басынан гөрі, өзі таңдаған жолын жоғары ұстады. Сол табандылық оны алыстағы армандарына да жеткізді.

Абылай қазір қырықтан жаңа асып бара жатыр. Ол сұңғақ бойлы, ат жақты, қара сұр, түсі суық адам. Үлкен, ойлы сұрғылт көздері кісіге қарағанда өңменнен өткендей ызғарлы…

Күн ұясынан жаңа шығып келе жатқан мезгіл… Дүние жүзі сонау алтын күннің нұрына шомыла жайнап, гауһар тастай құлпырады.

Абылай бұлғын жағалы қара мақпал шапанын иығына бос жауып, ақ ордадан шықты. Қолына жез құман ұстаған, иығына шетін кестелеген хиуа сүлгісін жапқан бала жігіт сұлтанның өзіне қарай жақындауын күтіп, анадай жерде үн-түнсіз тұр.

Абылай сонау бір ғажайып табиғаттың оянып келе жатқан бейкүнә көрінісіне сұқтана қарап сәл тоқтады да, құман ұстаған бала жігітке қарап бірер аттап, тұра қалды. Дәл сол сәтте Сырымбеттің ойпаңдау етегінен атой салып шауып келе жатқан екі салт атты көрінді.

Қатар шапқан қос күрең, көл бетін қанаттарымен сипай ұшқан қырғи құстар тәрізді. Ауылға жақындай бере хабаршының;

— Аттан! Аттан! Жау келіп қалды! — деген дауыстары да жетті.

Көзді ашып-жұмғандай мезгіл өткен жоқ, басына орамал байлап алған салт аттының біреуі қараша ауылға қарай бұрылды да, ал далбағай киген, түйе жүн шекпенді мұрттысы Абылайдың жанына келіп тоқтады.

— Арғынның бес мейрамының бес мың әскері келе жатыр, — деді жігіт ентіге, — Ботақанның құны үшін Абылайдың басын аламыз дейді.

— Бастап келе жатқан кім?

— Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би.

— Ұлы бидің өзі қайда екен?

— Көктемнен бері сырқат деген. Арғынның елірген тентектерін баласы Бекболат ертіп келеді.

— Өздері қай тұста?..

— Сәске көтеріле жетіп қалар. Әйтеуір түстері суық, біреудің қанын ішпей тоқтар емес.

Абылай сәл ойланып тұрды да, дереу шапанын киіп, артында тұрған бір нөкеріне бұйрық берді.

— Ұр дабылды! Қолына қару ұстайтын еркек кіндік тегіс жиналсын.

Сол-ақ екен, орда қасындағы кепкен қарынмен кернелген тай қазандай қос дабылды екі жігіт оқтаудай жұмыр таяқпен қос қолдап ұра бастады. Жаугершілік заман, жауға шабатын жігіттердің аттары белдеуде тұрған. Біразы жақын маңда шідерлеулі жайылып жүрген. Ауыл үсті лезде опыр-топыр бола қалды. Әне-міне дегенше ер азаматтар аттарына да мініп, ауыл сыртына жиналды. Үстіне сауыт-сайманын киіп, Абылай да ақ боз үйден шықты. Төлеңгіт жігіттің біреуі Абылайдың атақты бәдәуи тұлпары Жалынқұйрығын алдынан тарта берді.

Ал жұртты әбігерге салған бұл оқиғаның тарихы мынадай еді. Бұдан екі жыл бұрын Арғынның бір тармағы Қаракесек елінде бір үлкен ас болған. Үш жүздің баласы тегіс шақырылған сол асқа өзінің төлеңгіттерімен Абылай да барған.

Бәйге, күрес, жамбы ату басталып, ас әбден қызған шақта, тамаша көруші жамағатты аралап жүрген Шаншардың еріккен қуларының бір тобы Абылайдың үстінен шығып қалады. Абылай теңге алуды тамашалап тұрған-ды. Сонда көп қудың ішіндегі тентектеу біреуі:

— Сұлтанның басындағы қалпағын қағып түсірсе қайтер еді, — дейді.

Қасындағылар оны желіктіріп:

— Абылайдың қалпағын қағып түсірсең, өзіңнің де басың кетеді, — дейді.

Сонда әлгі қу жан-жағына қарамастан сұлтан тобына кимелеп келеді де, аңдамаған болып, қамшысының сабымен Абылайдың басына киген алтын зерлі айыр қалпағын ұшырып түсіреді.

Сұлтан Шаншар қуының бұл қылығы жанына қатты батса да сыр бермеген:

«Ұлан асыр үлкен ас, жеген тоқ, ішкен мас деген осы екен-ау!» — деп күлген де, атының басын бұрып жүре берген. Жерге түскен қалпаққа қайырылып та қарамаған.

Келесі, бір мың жеті жүз елу екінші жылы генерал Киндерман Қызылжар бекінісін салып болып, осы бекіністің бітуіне Қызылжарда үлкен жәрмеңке ашылған. Оған Қаракесек ішінен де біраз адамдар барады. Осы жәрмеңкеде Абылай өткен жылы өзін күлкі етпек болған қулардың айыбы ретінде Қаракесектің Жанай, Ботақан деген екі белгілі адамын ұстатып алып қалған-ды. Әлде сұлтаным деп сыйламай, тіл тигізді деді ме, әлде өткен жылы қулардың қылығына масайрай күлген топтың ішінен осылар көзіне шалынып қалды ма екен, әйтеуір, Абылай Жанайға онша көп қысым көрсетпейді де, Ботақанды тірідей көрге салады.

— Шаншар жігіттерінікі жай қалжың еді ғой, — деп ақыл айтқысы келгендерге, Абылай:

— Бағынышты елінің бүгін қылжағын кешірген сұлтан, ертең оның қылмысын көтеруге мәжбүр болады! — деп жауап берген.

Көрге түскен Ботақан ас-су ішпей жатып алады. Бір-екі күн өткен соң, Абылайдың бұйрығы бойынша, «енді көрден шық» деп келген жігіттерге ызалы Ботақан, «Көрге түскен адам тірі шықпайды» деп, өзінің ішін өзі есіп жіберіп, жарылып өлген.

Бұл хабар елге жеткен соң Арғынға жататын Қуандық, Сүйіндік, Бөгендік, Шегендік, Қаракесек — Балтақожа, Шұбыртпалы, Қаржас тегіс атқа қонған. Әскер саны үш мыңдай адам.

Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ, бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рулардың кедей топтары да қосыла берген. Ақыры бес мыңға жуық қол Ботақанның құнын жоқтап, алдында кім тұрса да быт-шыт етуге дайын долы күшке айналған. Арғынның ұлы биі қаз дауысты Қазыбек осы кезде жетпіс жетіге кеп, төсек тартып жатқандықтан, бұл топты Абылайдың басқа да астамшылық, қиянаттарын көріп әзер шыдап жүрген Бекболат басқарып келе жатыр еді.

49
{"b":"110492","o":1}