Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Ақ сұңқар құс береді,

Көл айналып шүй сана!»

Бұл кезде Нұра беткейіндегі батырлар қара шоғырланып топтанып қалған. Қос күзетудегі Қыпшақтың жүзге таяу жігіттерін ертіп Қобыландыға Қазтуған қосыл- ған. Ел басына күн туғанда жеке қалудың лажын таба алмай, Шалкиіз жырау- ды бас етіп, екі жүздей қасындағы нөкер, сойылшы, малшы жігіттерімен Темір би де келген. Жәнібектің өзге балалары, бастығы Қасым мен Керейдің батыр ұлдары, ең үлкені Бұрындық боп, хан аулының маңайындағы төлеңгіт, сарбаздарын жинап, бұлар да төбе басына шыққан. Қысқасы, хан кеңесін қорғамақ боп Нұраның Қаратұзы беткейінде бес жүзге таяу заматта қол жиналды. Енді бұлар шеп құрып жауды қалай қарсы алуды кеңесті. Барлығы Қамбар батырдың айтқанына көнетін болды. Мұндайда батыр сөзіне бағыну ежелгі салт, Қамбар батыр Майсары[48] етіп Қыпшақ, Арғын жігіттерін, Маймене етіп Алшын, Дулат және өзге ру сойылшыларын тұрғызды. Өздері Шыңғыс ұрпақтары төлеңгіттерімен орта шепті алды. Келе жатқан жауға осылай үш мүйіз боп қарсы шабуды ұйғарды.

Дәл осы сәтте солтүстік пен шығыстың нақ орта шенінен аспанға бұрқылдай көтерілген шаң шықты. Тағы бір сүт пісірімдей кез өткенде шаң астынан қалың қол көрінді. Енді аздан кейін жау селеуті де анықтала бастады. Желкілдеген кілең ақ сең сең бөрік, күнге шағылысқан көк құрыш найза суыт келеді. Қарқындары тау бұзардай. Олар, таяған сайын қиғаштай шаба, әскердің қос қанатын екі жаққа жая түсті. Әбілқайырдың атты әскерінің ежелгі тәсілі. Құшағын жайып кеп, жауын ортаға ап жан-жағынан кенет ат қояды. Жау әскерін қоршауға алады. Бұл темір қышқаштан құтылу екіталай. Әскердің қолбасшысы бастаған бір тобы кейін қалады. Ол өзіне ың¬айлы жерде тұрып ұрыс болып жатқан майданнан көзін алмайды. Қай тұста әскері азая бастаса, не күші құлдырап жеңілуге айналса, сол тұсқа қасында тың тұрған әскерден көмек жібереді. Бұл жолы да сол әдістеріне салмақ тәрізді! Шайх-Хайдар әскері қазақ батырлары тұрған жерге тағалана қоршай таяп келеді. Дәл осы кезде, Нұра беткейінде тұрған батырлар, келе жатқан жау әскерінің күншығыс және солтүстік бүйірінен бұларға қиғаштай тиіспек боп құйындай шапқан екі қолды көрді. Батырлар бірден түсінді. Мынау астындағы қос өркеш желмаялары бастарын төмен түсіріп жіберіп, күншығыс жақтан тайрақтай шапқан қол — бұл жауын аңдамай өткізіп алған, қалқан етіп шығыс жақтағы жолға қойылған Керей, Найман жауынгерлері. Ал солтүстік тұстан шұбатыла жөңкіген — алдында әрқашанда ер жүрек батыры оқшау келетін — бұл солтүстіктегі қалқа — Арғын, Қыпшақ қолы. «Жау келе жатыр!» деген хабарды естігеннен-ақ Қасым: «Хан кеңесі болып жатқан жерге тез жетсін» деп ат шаптырған. Жау жүрек екі қолдың тез жеткеніне беткейде тұрған батырлар қуанып қалды. Әлдекімдер «Уа, сәт!», «Ақсарбас, ақсарбас!» деп өзінің көтерілген көңіл күйін жасырмай ашық айтып жатыр. Күтпеген жерінен, арттарын ала, екі бүйірлерінен екі қолды көрген Шайх-Хайдар әскері «өзіміз қоршауға түсіп қалмайық» деген қауіппен кенет екі жаққа жайыла түскен қанаттарын жия қойды. Енді олар шашау шығармай, тобын жазбай, садақ оғы жететін жерге кеп, аттарының қарқынын басып сәл аяңдай жүріп шоғырлана тоқтады. Бұл кезде Шайх-Хайдар әскерін, бүйірлей қоршап Найман, Керей мен Арғын, Қыпшақ қолдары да батырлар тұрған төбеге жетті. Екі жақ әудем жерге кеп қарама-қарсы тұрды. Енді қазақ батырларының тобы емес, Шайх-Хайдар әскері қоршауда қалатын тәрізді. Күш қазақ жағында басым. Бірақ бірде-бір рет жауынан беті қайтып, тауы шағылып көрмеген «Хан әскері» кейін шегінетін түрі жоқ. Көк найзаларын қазақ жігіттерінің кеуделеріне бір сұқпай мауқы басылар емес.

Кенет Шайх-Хайдар шебінен жал-құйрығы жерге төгілген, нардай ақал-теке арғымақ мінген, үстінде қара сауыты бар Қарашың батыр ойқастап ортаға шыға берді. Ол күндерде соғыс жүргізу тәсілі екі түрде болатын. Бірі жауын қапыда бас салу да, екіншісі қан майданда бетпе-бет кеп ашық ұрысу. Мұндай жағдайда ең алдымен жер белгіленіп, майдан ортасына батырлар жекпе-жек шығып ұрысады. Екі жақтан жекпе-жекке шыққан батырларға ешкім болыспайды. Қайсысының күші басым болса, сол жеңеді. Кейде жекпе-жек айқас екі жақтан батырлар табылғанша созылады. Кейде жекпе-жекке шыдай алмай, жаудың бір жағы ат қойып, ұрыс ашып жібереді. Бұл үлкен айып болып саналады. Артынан бітімге келгенде бұл кінә еске алынады.

Қарашың батыр қара арғымағының үстіне анандайдан қара шыңдай боп майдан ортасына кеп, айбарлы үнмен айқай салды.

— Шық бері жекпе-жекке! Жаныңнан безген қайсың барсың!

— Мен бармын! — деді Қамбар батыр астындағы қара сирақ тұлпарын тебіне түсіп, алға қарай ұмтыла беріп.

— Тоқта! — деп ақырып жіберді дәл осы сәтте шудалары жерге түскен аппақ бураның үстінде отырған Бұрындық. — Жол менікі! Аға тұрғанда іні алға шықпас болар!

Аға бұйрығына іні көну — қазақтың көне салты. Қамбар батыр атын кенет тежеп тоқтай қалды.

Бұрындық көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қолдары кескен томардай, шойын денелі балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын Ғазірет Ғалидай екі құлағына апарып іліп қоятын. Түнде көрген адамның жүрегі жарылатындай түсі суық. Бала жасынан сотқар, соғыс құмар. Оның жауымен ұрысқанда ең жақсы көретіні — ақ бурасына мініп алып жеке шығу. Ақ бураны ол бота күнінен жауға салып үйреткен. Өзі де өзге буралардан анағұрлым биік. Шапқанда жылқы баласының ілуде біреуі ғана ілесе алады. Бұрындықтың көркі осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып алып, табанының астына салып, тарпып тастауға мықтап төселген. Кейде жерге құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата сындырып, мылжа-мылжасын шығармай үстінен тұрмайды. Жекпе-жек шыққан батырдың үстінен Бұрындық екі құлаш қайың шоқпарымен қос қолдап ұрса, бұл жерге құлаған батырды жаныштап тарпып өлтіреді. Мұндай астындағы бурасы мен үстіндегі батыры қатар қимылдайтын жаудан жекпе-жек шыққан адамның күні бұрын зәре-құты қалмайтын. Оның үстіне ақ бура Бұрындықтың жауына қандай тәсіл құратынын алдын ала ақылдасып қойғандай, жауға шапқаннан-ақ үстіндегі батыр ыңғайына қарай көшетін. Тарпитын жерінде тарпитын, тістейтін жерінде тістейтін. Ал Бұрындық егер жауын құр аттан түсіріп кететін ойы болса, ақ бура ашуға мінбейтін, тек үстіндегі батырдың әуеніне қарай қимылдап, дегеніне көне беретін. Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса жұрт «Тентек қара жынына мінді, енді жолымыз болар» дейтін.

Бұрындық міне осы ақ бурасына мініп, Қарашыңға жекпе-жекке шықпақ! Ал Қарашыңның қандай батыр екені жұртқа аян. Оң қолымен өзіне қарсы сілтенген сойыл шоқпардан қорғана білсе, сол қолындағы жүзі ұстарадай сала құлаш алдаспанымен жауының астындағы тұлпардың мойнын қағып тастайтын әдеті. Бұған тек ұрысқанда дәл осындай тәсілі бар, қара сирақ атты Қамбар батыр ғана төтеп береді. Және қара сирақ тұлпардың мойын тұсы кереге көз шынжыр сауытпен торланған. Ал ақ бура қанша айбарлы болғанмен де, сауыт жабылған тұлпар емес, сілтегені мүлт кетпейтін Қарашың батыр оның сидиған мойынынан басын бір-ақ қағып түсіруі мүмкін. Жоқ, бұл жекпе-жек айқасқа Қамбар батыр жөн еді.

Бұрындықтың Қарашың батырға қарсы шықпасқа лажы жоқ-ты. Оған деген елінің кегінен де бөтен, өзінің де кешпес өшпендігі бар.

Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер көркем. Оның үстіне ағасы Қарашың Әбілқайырдың аса бір ардақты батыры болғандықтан, анау-мынау адамды менсінбейтін тәкаппар, өр мінезді де, Бұрындық осы қызға Әбілқайыр қол астында жүрген кезінде ғашық болған. Қыз онда он үш жасар-ды. Бұрындық оған көңіл қосайық деп жеңгетай салған. Қыз: «Кескен томар секілді Бұрындық менің теңім емес», — деп жауап берген. Намысқа шапқан Бұрындық әкесі Керей сұлтан арқылы «қарындасын маған тоқалдыққа берсін» деп Қарашыңға құдалар жіберген. Әбілқайыр хан мен Жәнібек, Керей сұлтандардың арасының нашар екенін білетін Қарашың: «Қарындасымды Ташкенттің бір бекзадасы айттырып қойған» деп бермеген. Артынан, Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп көшіп кеткеннен кейін, осы Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан.

вернуться

48

М а й с а р ы, М а й м е н е — ханның оң жағында және сол жағында отыратын кеңесшілері. Ұрыс кезінде әскердің оң қолы, сол қолы.

54
{"b":"110490","o":1}