Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Осыған өшіккен Бұрындық: «Қап, бәлем Қарашың, қан майданда бір кездесерсің!» деп жүргенінде мына айқас дөп келді. Бұрындықтың көктен сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма! Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді.

Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік атып ақ бура тайраңдай шаба жөнелді. Өзіне қарсы түйелі Бұрындықтың шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында қара жартастай қара арғымақ мінген Қарашың. Екінші жағында көбік шашқан ақ бура мінген, айдалаға отырғызып қойған балбала тәрізді абажадай Бұрындық. Жұрт мұндай алып денелі батырлардың айқасының немен тынарын білмей, демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған.

Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге таяса болғаны, ирелеңдеген мойнын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын сілтегенше шауып келе жатқан екпінімен Қарашыңды кейін тартқан қыл арқан заматта тынысын тарылтып, аттың артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен сырғып кетпес үшін, қарасанынан мықтап шырмаған қыл шылбыр жібермеді. Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай алмай барып жерге күрс етті. Қыл арқанды тақымынан өткізіп, ақ бураның алдыңғы өркешіне байлаған Бұрындық ай-шайға қарамай, орағыта, өз тобына көкпар алған адамдай «Аруақ! Аруақ!» деп айқайлай шапты. Басына киген тор дулығасының етегі алқымына түскен қыл арқанның мойнын жұлып әкетпеуіне себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен сүйретіле жөнелді. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта өтті. Алып күш алыптығын көрсетті. Шап-қан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді. Қарашың құлаған жерге таяу тұрған Қасым атынан секіріп түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді.

Бұрыннан да қазақ жағының күші басым екенін байқап, жүрегі дауаламай тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп, енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де соңынан ерді. Қарашыңның әлегімен сәл көңілдері басқа жаққа ауған қазақ батырлары, жауының жапа-тармағай кейін шегініп бара жатқанын көріп, лап қойды. Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақал-теке, теке жаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу адамын сойылға жығып түсірді. Қалғаны ұзай берді. Бұдан әрі қуу қажет емес деп түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі Қобыланды батыр тоқтай алмады. Жеткен жігіттерін тірсектен сойылмен бір ұрып, жерге құлатып, жау соңынан қуа түсті. Қобыландының жалғыз шауып келе жатқанын көрген сұлжық түрікменнің елу шақты сойылкер батыр жігіттері кенет аттарының басын кейін бұрып Қобыландыға қарай ат қойды. Жан-жағынан қоршап, ортаға ап қыса бастады. Көкжал қасқыр қанша арлан болғанменен, жан-жағынан жұлқылай түскен өзіндей кілең көк бөріге не істей алады? Қобыландының да халі осы көкжал қасқырдай еді. Қанша алысқанмен де көпке топырақ шаша ала ма, күші де баяғы жас кезіндегідей емес. Енді ажалдың таяу қалғанына көзі жетті. Дегенмен күші азая бастаса да, ол сойылын оңды-солды сілтеп, қасына жауын тақа жуытпай тұр. Бірақ бұл алыс ұзаққа бара ма? Ол анда-санда арт жағына қарап қояды. «Көп кешікпей өзі оралар» деп ойлаған серіктері мұны іздеп келе қоймады. Хал мүшкілге айналды. Қарашыңды жауына түсіртіп алған сұлжықтар, оның орнына Қобыландыны байлап әкетпек болды. Олар асау ұстаған жігіттердей, жан-жақтарынан қоршап, арқандарын Қобыландының мойнына лақтыруға ыңғайлана берді. Қалжырауға айналған Қобыланды енді өзінен дәрмен кетіп бара жатқанын түсінді. Намыстан да жан тәтті. Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау шебін үзбек боп кейін шапты. Қобыландының айбарынан сескенген жігіттер қақ айырылды. Қобыланды орталарынан зырғытып өте берді. Бірақ өте алмады, екі жағынан лақтырған арқан мойнынан бірдей түсті. Ырғи жөнелген Киіккетпестің үстінен сыпырып жерге дүңк еткізді. Аспан-көк шыр айналып кетті. Құлап бара жат- қанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен «Ақжол! Ақжол!» деген айқай ғана еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан ақырын түрегелгенінде, алдында күлімсіреп қарап тұрған жас жігіт пен алтын зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе де, бұл екеуін Қобыланды бірден таныды. Шатыраштанып жасыл төккен мырза қарағай тәрізді сұңғақ бойлы сымбатты жігіт батыр Саян болатын. Ал қасындағы келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім еді.

Батыр Саян баяғы Сейхун дарияның жағасында Әбілқайырды жолбарыстан аман алып қалғаннан кейін, өзі секілді күштілерден қорлық көрген жүзге тарта батыр жігіттерді жинап, аламан болып кеткен. Сейхун мен Жейхунның арасында қасқырдай жортқан. Талай шонжарлардың малын шауып, Мауреннахр мен Түркістан арасында көшкен сан саудагерлердің керуенін тонаған. Ақырында Жетіқоңыр маңайында қазақ рулары бас қосып жатыр дегенді естіген. Енді аламандықты тастап, бір кезде өзін өлімнен құтқарған нағашы жұртына қосылмақ боп, қасындағы жүзге таяу серіктерімен, бес жасар баласын алдына отырғызып, Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім сұлуын ертіп жолға шыққан. Құмға өскен қалың сексеуіл арасында келе жатып, Қобыланды батырды қоршаған сұлжық түрікмендердің жігіттерін көрген. Қобыландыны аналар аттан құлатып, байлап жатқан кездерінде Арғынның ұраны «Ақжолдап!» айқайлап, шабуыл салған. Қазақтың көп сыпайлары жетіп қалған екен деп ойлаған сұлжықтар, қарсыласуға батылдары бармай, Қобыландыны тастап қашқан. Өздері жолаушылап алыстан талып келе жатқан батыр Саян жігіттері оларды қумаған.

Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін-өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.

— Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді. Сен екеуміз шекістік. Айып менен, — деді. — Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.

— Мен де кешірдім, — деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп.

Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды.

Осы тойдың нағыз қызып жатқан шағында, бір өліп тірілген, қараша күркеде сирағы сыртқа шығып шынжырлаулы жатқан Қарашың батырға Бұрындық келді.

— Қарашың батыр, — деді ол айтайын деген сөзіне бірден кірісіп. — Егер жаныңды сауға етіп, еліңе жіберсін десең менің шартымды орында.

— Қандай шарт?

— Тоқтар-Бегім сұлуыңды маған тоқалдыққа бересің. Сонда босатам.

— Ау, оның байы бар емес пе? Және былтыр бөпелі болған.

55
{"b":"110490","o":1}