«Жау келе жатыр!» дегенді естісімен-ақ Қамбар сауытын кие салып, бел- деуде тұрған қара қасқа тұлпарына мініп-ақ алды. Оң қолына қанжар ұшты, қайың безеулі найзасын ап, жау келетін күншығыс жақты қырындай берді. Бұл атақты үш батырдың жауды қарсы алуға шықпақ боп ыңғайланғанын көріп, өзге батырлар да атқа қонды. Тек сай табанында төселген ақ кигіздің үстінде жасы келіп қалған Арғын би, Қотан жырау секілді он шақты қарт адам қалды. Ұрыс батырлар ісі дегендей Жәнібек хан да орнынан қозғалмады.
— Жау келсе жауабын алар, қазақтың қазір ел-жұртын қорғайтын ұлдары бар ғой. — Ол саптай тізіліп жауға қарсы Нұраның Қаратұзының биігінде тұрған батырларға сүйсіне көз тастады да Қотан жырауға бұрылды. — Ана ер-азаматтар жауды қуып кейін қайтқанша уақыт босқа өтпесін, Қотан ата, көптен бері тыңдауға құмар боп жүр едім, сізді жақсы біледі дейді. Жошы өлімін естіртуді айтып беріңізші.
Болайын деп жатқан ұрыс бұларға еш қатынасы жоқтай, өзгелер де қарт жырауды қолқалай бастады.
— Иә, балалар қайтқанша ермек болсын, — деді Арғын би.
— Көңіл шіркін бір көтеріліп қалсын, — деді Үйсіннің қарт батыры Қылышбай.
Қотан жырау көп күттірмеді. Өмір-бақи жанында жүретін кәрі қара қобызын қолына алып, қарлыққан қарт даусын аңырата жөнелді.
Шыңғысхан өзге балаларынан тұңғышы Жошыны анағұрлым жақсы көрген. Сөйтсе де айтқанына көне қоймайтын Жошыны жоюға Ұлытау бойына әдейі арнап кісілер жіберген: Жошы аң аулап жүргенде қастары монғол әдісімен отыз жеті жасында омыртқасын үзіп өлтіреді. Бұл хабар Ұлы Ордаға жетеді. Шыңғыстың Жошыны жақсы көретінін білетін хан төңірегіндегі адамдар бұл хабарды естіртуге бата алмайды. Және оның үстіне өзі арнап кісі жібергендіктен Жошының қаза табатынына шек келтірмеген әлем әміршісінің өзі де «кімде-кім Жошының қаза тапқанын естіртсе, соның басын аламын» дейді. Хан жақсы көретін баласының ажалына өзі себепкер болып отырса да, оның өлгенін естімей өткісі келеді. Мұндай жағдайда жұрт дағдарады. Ақырында бұл хабарды жыр арқылы естіртуді Ұлы Жыршыға тапсырады. Ханның салтанатты көңіл көтеретін кешінде «ал, Ұлы Жыршы, жыр баста!» деген әмірді естігенде, қарт жырау түркі жырын аңыратып қоя береді.
Ол:
«Теңіз башынан бұлғанды.
Кім тұндыра, а ханым?
Терек түптен жығылды.
Кім тұрғызар, а ханым?»
дейді. Сонда Шыңғысхан:
«Теңіз баштан бұлғанса, Тұндырар олым Жошы дұр.
Терек түптен жығылса, Тұрғызар олым Жошы дұр».
дейді. Сонда Ұлы Жыршы алғашқы өлеңін тағы қайталайды, бірақ бұл жолы көзінен жасы парлап ағады. Ананың жылап отырғанын көрген Шыңғысхан:
«Көзің жасын төгілтер, Көңілің шерлі болғай ма?
Жырың көңіл үркітер.
Жошы өлген болғай ма?
деп сұрайды. Сонда Ұлы Жыршы түркі жырымен:
«Сөйлемеске еркім жоқ,
Сен сөйледің, а ханым!»
Өз жарлығың өзіңе.
Жөн ойладың, а ханым!»
деп Жошының өлгенін естіртеді. Сонда жаратылғалы көзінен жас шықпаған Шыңғысхан еңкілдеп жылап:
Құлын алған құландай.
Құлынымнан айрылдым!
Айырылышқан аққудай.
Ер ұлымнан айрылдым!»
деп теріс қарап, бүк түсіп жатып алады.
Қарт Қотан бұл жырды сонау Ұлы Жыршы мен әлем әміршісі Шыңғысханның дәл сол күндегі күйін отырғандардың көз алдына елестеттіргендей, кәрі қобызын боздата, кәрі даусын қарлықтыра шығарып, зар жылап отырып айтты. Жырау өнері жұрттың көңілін бөлгені соншалық, отырған адамдар ана жақта болғалы тұрған ұрысты ұмытып та кетті.
Қотан қарт енді жыр үстіне жырды тоғытты. Ол бір мезет Орақ толғауын бастады.
«Артуда арту тау келсе, Атан да тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Қарақұла жатар үңіліп…»
Орақ толғауының адамның құйқа тамырын шымырлатып, өн бойыңды дірілдетіп алып кететін қасқырдың ұлығаны тәрізді өзіне дербес бір ескі әуені бар. Осы әуенге сай Қотан жырау қобызын осып-осып аңыратып кенет жас күндегідей жігерлене толғады.
«… Уа, жігітләр, жігітләр, Жалаңғаш жерде жауға шап.
Осынау жалған дүниеде.
Ажал житмай өлмек жоқ».
Жырау даусы, шаба келе қызған жүйріктей, енді шарықтай түсті. Ұйып тыңдаған ақсақалдар қазір қан майданда шешілгелі тұрған қазақ хандығының тағдыры естерінен тіпті шығып кеткендей, бастарын жерден алмай, тапжылмай тыңдауда. Жоқ, бұлар жаңа ел болып келе жатқан халқының тағдырын ұмытқан жоқ. «Сонау айқас немен тынар екен?» деп іштері алай-түлей. Әрқайсысы бір тайпа елдің қалың қолын басқара алатын сонау қалың қабақты, түкті білекті батырларға сену өте орынды. Қыран балапандарын өмір арпалысына дайындағанда, ең алдымен қоянға емес, қасқырдың бөлтірігіне түсіріп үйретеді екен. Жәнібек те сол қыран. Қанатының астындағы батырларын бірден ең ауыр сын- ға шынықтырмақ. Ел болғылары келсе, өздерін-өздері қорғай білсін!.. Бүгін бастары бірігіп, жауына қарсы тұра алмай, ала ауыздық не қорқақтық көрсетсе, ертең быт-шыт боп, көрінгеннің табанының астында кетеді. Ал бүгін ел намысын — ер намысын қорғай алса, ертең тастан берік бірлескен жұрт болады. Құрыш отта асылданады, халық күресте шынығады.
Жәнібек қанша қобалжыса да сабыр тұтты. Ол ру бастықтары батыр, билердің хан әмірін орындау үшін емес, ауыз бірліктерін айғақ етіп, жауына өз беттерімен қарсы шыққанын көргісі келді. Хан ақылы емес, халық ақылы шешсін деді халқымыздың болашақ тағдырын.
Жәнібек қазақ хандығының тағдыры шешілетін мұндай қысылтаяң мезетте сап алдында болмай, кәрі-құртаң ақсақалдар қасында қалуын кейбіреулердің қылмыс санайтынын да, не қорқақтыққа балайтынын да біледі. Бірақ ертең қазақтың бытыраған руларының басын қосып, мықтап ұстар хан болу үшін, мызғымас беріктік те керек. Өзіңді шабуға жау келе жатқанда бір сайдың жағасында қарт жыраудың толғауын тыңдап отыру — көрінген ханның қолынан келмейтін қасиет. Халық алдында мұндай адам аңызға айналады. Өзінің абыржымас тастай мінезімен өзгелердің де үмітіне әл беру — қолына қылыш алып жауға шабудан анағұрлым артық ерлік. Хан әбігер болмаған жерде, халық та әбігер болмайды. Бұл — жеңістің ең бір керекті шарты. Ханның келе жатқан жаудан құты қашпай, жайбарақат отырғанынан өзгелері де үлгі алды. Олар да келе жатқан жауына берекелері кетпей, сабырлы салқын қанмен дайындала бастады.
Қотан жырау Орақ толғауын бітіріп әлдеқашан Едіге жырына көшкен. Жұрт сол ұйыған қалпында тыңдауда. Бұған Жәнібек іштей қуанышты. Өзінің де қобалжуы басылғандай. «Жоқ, мұндай жұртты жау жеңе алмайды. Мұндай мызғымас елмен түбі Ұлы хандық құруға болады. Қан-жоса етіп қырып-жоям деп жауы келе жатқанда, мынау қарт би, батырлардың осыншама сабырлылық көрсетуі — жақсы ырым. Бұ тәрізді жұрт болашақта басына қандай ауыр сын түссе де шыдайды, қандай жаумен болса да табан тіреп алысуға жарайды. Ал келе жатқан мына жауға анау Нұра үстіндегі кілең батыр жігіттер жауап бере алады. Мұндайда ер қимылын арман шешеді. Ал ер арманы — ел болу. Бұл арман үшін анау ерлердің аянбай айқасатынына күмән келтіру күнә болар еді…»
Жәнібек ханның құлағына қарт жыраудың даусы еміс-еміс келеді. Құлағы жырда, көңілі көп кешікпей басталатын қанды айқаста.
Қарт жыраудың даусы әлі болдырмаған жүйріктің шабысы тәрізді. Біркелкі дүбір, біркелкі ұйтқу…
Қарт ақын қарлыға толғайды. Ол қазір тоғыз батыр Едігені қуып келіп, Кен-Жанбайдың Едігеге арнап айтқан жырын толғап отыр:
«әй, Едіге, сен енді қайт сана!
Қайтып Еділ өт сана!
Еңсесі биік боз Орда.
Еңкейіп сәлем бер сана!
Ерні жұқа сар аяқ
Ер сарқытын іш сана.
Жауырындары жақталы, Түйме бауы тартпалы.
Ал қара киім үстіңе.
Тон береді, ки сана.
Көк ала жорға ат мініп, Көк дабылпаз байланып, Тұтам бауы сом алтын.