Есіркеген генерал сөзінен үлкен әсер алса да үндемеді, ауыр жарасына шипа тапқандай, тыңдаған үстіне тыңдай бергісі келді.
— Түбі, — деді генерал Генс, — қазақ халқы орыс халқымен достасады… Ал оған дейін патша ағзамның дегені болады. Қазақ жерінде оның отаршылық саясаты әрі кеткенде енді бір жиырма жылдың ішінде аяқталады. Күш қазір Россия патшасының жағында. Россия отаршылық саясаты дегеніне жетпей тоқтамайды. Ал өз мақсатына жету үшін ақ патша аянбай қан төгуге бар. Сондықтан осы жиырма жылдың ішінде қан неғұрлым аз төгілсе, соғұрлым бұл қиянат қазақ халқына жеңіл түседі. Бірақ мұны басы Кенесары боп ұқпайды. Олардың қимылы пілге үрген қанден күшікпен тең…
Дәл осы кезде Алтыншаш пен Күміс келіп сөз бөлініп кетті, бірақ Генстің айтқандары Есіркегеннің жүрегінде құран сөзіндей жатталып қалды.
Күміс Есіркегенді туған ағасын көргендей көзінен жасы парлап, құшағын жая амандасты.
Амал не, ұзақ сөйлесуге мүмкіншіліктері болмады. Есіркеген ертеңіне Петебургке жедел баратын жәмшіктермен бірге жүріп кетті. Тіл ұшында айтылмаған сыр, көңілде шешілмеген жұмбақтар кете барды.
ІІІ
Бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы, қыркүйектің жетісі күні, Алашаханның бейітінің басында үш жүздің ақсақал, билері жиналып Кенесарыны ақ кигізге салып, хан көтерді. Бұл кезде Иосиф Гербурт-Жүсіп Тор- ғайда еді. Кенесары хан болды дегенді естігеннен-ақ Жүсіп қатты ренжіді. Қазақ елінің патша отаршылық саясатына қарсы күресін Кенесары өз арманына жетуге пайдаланғанын енді түсініп, көтерілістің келешегіне қауіптене қарады. «Кенесарының хан болуы, оның өз арманына жеткен жері, бірақ бұл халық ереуілінің біткен жері. Енді жұрт өзінің бостандығы, жері үшін емес, Кенесары көтерген жасыл тулы хандықты қорғаймын деп алысуға мәжбүр болады. Бұдан әрі соңынан ерген ел күннен-күнге азая түседі. Ақырында көкейкесті тілегіне жете алмайтынын ұққан халық одан біржолата безеді. Бұқара жұртқа бұдан былай қарай Кенесарыға еріп қырылғанша, жан сақтау үшін Россия империясының қол астына кірген жөн. Бәрібір Россия империясы Кенесарыны хан етіп қоймайды. Ертең қалың қолмен шабады. Халық мұны неғұрлым тез түсінсе, оған Россия патшалығына соғұрлым бағыну тиімді. Бірақ осыны халық тез түсінер ме». Халық көтерілісінің түбі барып феодалдық, хандық тартысқа айналғанын көрген Иосиф Гербурт-Жүсіп енді Кенесары ордасынан кетпек болды. Бірақ он жыл өмірі өткен, жанындай жақсы көрген қазақ елін басына қатерлі күн туған кезде тастап кетудің ретін таба алмады. «Хан болып шыққан биігі — құлаған құзы екенін Кенесарының өзі түсінбеген күнде де оның жанында Таймас, Сидақ қожа секілді ақылды адамдар бар емес пе, олар неге түсінбейді? Ең болмаса солармен сөйлесейін, соңдарынан елін, жерін қорғап ерген қалың бұқара Кенесарының алдағанына көзі жеткенде бұлардан қол үзетінін айтайын. Мүмкін ақыл айтар төреге», — деді ол ішінен.
Бірақ Жүсіп екі жағдайды еске алмады. Бірі Кенесары бес жыл ұрыс-айқастың ішінде, өз маңына тар жол, тайғақ кешу күн туса тастап кетпейтін, әйгілі батырлардан, төре тұқымы туған-туысқандарынан табанды серіктер жинап, оларды жұмылған жұмырықтай, тастай етіп ұстай білді, Бұл батыр, сұлтан, билердің әрқайсысының соңында аз болсын, көп болсын жеке ауылы, руы бар. Рушылық әбден қанына сіңген қазақ батыры, биі қайда бастаса сонда барады. Кенесарының қасында мұндай серіктері бар деген сөз — елі бар деген сөзбен теңдес. Хандыққа, мансапқа, баққа таласатын адамдардың ең алдымен маңайына өзін сатпайтын табанды кісілерді жинап алуы ежелгі әдеттері. Мұндай тіректерсіз қандай ақылды қайраткер болса да ойлаған мақсатына жете алмайды. Кенесары да бұл әдісті жақсы пайдалана білген адам. Оның бір мықтылығының өзі де осында еді. «Тек Байтабын батыр ғана ши шығарғалы жүр ме, қалай дейді ішінен сұлтан, егер көзім шын жетсе…» Екіншісі: бұрын басқа үлгіде мемлекет болып көрмеген, әлі де феодалдық, рушылық сатыда жүрген қазақ еліне хандық деген ұғым — жеке ел болып, өзінің жерін, еркіншілігін сақтау деген ұғыммен бір. Қалың бұқараға хан сайлау деген ұғым, оның жеке ел болып көсемімізді сайладық деген ұғыммен ұштасып жатады. Осындай түсініктегі қалың бұқара, алғашқы кезде өзінің Россия патшасының отаршылық саясатына қарсы бас көтерген қимылын ақырында кеп бостандықтары үшін емес, Кенесарының хандығы үшін күресіне айналып кеткенін аңғармады. Шынында да Россия патшалығына бағындым деп бітім істей тұрып Кенесарының өзін хан көтертуі, ел қамын емес, өз қамын ойлауы еді. Бұл баққұмар сұлтанның ғана трагедиясы емес, бостандықты көксеп алданған халықтың да трагедиясы еді. Осы трагедиясын түсінбеген ел Кенесарының соңына еріп тағы да бес жыл күресті, ақырында қанға батып қырылды…
Кенесары қозғалысының енді халыққа қаншалық қауіпті екенін түсінген Гербурт-Жүсіп Қасым баласының қандай күшті адам екенін де енді ғана ұқты. «Тарихтың әр сатысында, халық арманының бір тоғысқан түйінді кездерінде осындай адамдар туады. Олар өздерінің мақсаттарына жету үшін халықты да, тарихты да, бәрін де пайдалана біледі. Бұларда да құр ғана қаныпезерлік, адамды аямастық қана емес, ақыл да, амал да мол келеді. Кенесары да соның бірі. Егер осындай адам миллиондаған халқы бар үлкен елге жаратылса қайтер еді? Азғантай қазақ халқын қанша қанға батырса, үлкен елді де сонша қанға батырар еді. Онда Кенесары қозғалысы кішкентай ел емес, үлкен ел трагедиясы болар еді. Халқының кішкентайлығынан бұл елдің үлкен трагедиясы өзге жұрттың көзіне кішкентай трагедия болып көрінеді. Сондықтан да кейде «Европа хабаршысында» ғана қазақ қозғалысы туралы қысқа-қысқа хабарлар шығады. Россияның шығыс бұрышында қандай айқастар болып жатқанын Европа елдері тіпті білмейді. Ал түсінген адамға бұл — кішкентай елдің трагедиясы. Қазақ жеріне енді бұрынғыдан да үлкен қайғы келді. Ол қайғы көзден жас, жүректен қан боп ағады. Кенесары жұртты Россия отаршылдық саясатына қарсы көтеріп, ақырында өзі хан болды. Енді сол тағымнан түспеймін деп халықты ажалға қарсы айдап салады. Ал оны әлі күнге дейін елінің қамын ойлаған кемеңгер деп түсінетін жұрт мұның соңынан тағы ере түседі. Мұндай жағдайды тарихта жалғыз Кенесары пайдалана білген бе? Жоқ, бұл талай қаһармандардың қайғылы үлесі. Наполеон да жаһанкездік ісін осылай бастаған жоқ па еді. Франция халқының революциялық рухын пайдаланып, Бурбондарды құртты, роялистерді Франция жерінен қуды. Бұдан артық сол кезде революциялық іс болар ма? Бірақ артынан өзі император болды. Өзіне жол ашқан революцияны өз қолымен тұншықтырды. Кенесары да сөйтеді. Ертең қазақ жеріне шын мағынада хан бола қалса, Горчаков пен Қоңырқұлжаның қазақ халқына істегенін бұ да істейді. Сонда Кенесарының қозғалысы қандай қозғалыс? Россиядан қазақты бөліп алып, феодалдық хандық құру үшін күрескен халық тілегіне сәйкес емес кертартпа қозғалыс. Бұдан қазақ еліне келер пайда жоқ. Одан да қазақ бұқарасына Россия империясының қол астына кіру керек. Россия қол астына кіру деген сөз — орыс халқымен бір болу деген сөз. Келешегі де, қайғысы да, қуанышы да бір. Патша қысымшылығына да қарсы тізе қосып бірге күресе алады. Мәдениетке де бірге жетеді. Ал Кенесары болса өзінің феодалдық-хандық бөлшектенуімен қазақ елін орыс халқынан ұзақ уақытқа бөлгелі тұр. Жоқ, бұл жағдайда санасы бар азаматтармен сөйлесу керек. Ел басына келгелі тұрған апатқа араша түсу керек».
Бірақ Гербурт-Жүсіп Таймаспен де, әбілғазымен де, Сидақ қожамен де тез кездесе алмады. Жоқ жерден Кенесарының өзімен сөйлесуге мәжбүр болды. Бұлар бір мың сегіз жүз қырық екінші, Барыс жылының көктемінде кездесті. Кенесары өткен жылғы қара суық күзде Перовскийдің жарлығы бойынша Қоқан жерінен қайтып келген соң, жылдағы әдеті бойынша қалың әскерін елді-еліне таратты. Өзі азғантай төлеңгіт аулы мен төрт жылдан бері бауыр басқан Торғай өзенінің жоғарғы сағасындағы қыстауында қысты тыныш өткізіп шықты. Перовский мен Генске өкпелегендіктен қыс ішінде олармен хабарласа қоюды да жөн көрмеген. Бірақ осы Барыс жылының басында Орынборда Генстің үйінде жетім балаларға тәрбиеші болып жүрген Алтыншашқа жолығып қайтқан Байтабын суық хабар әкелді. Патша ағзам жақында Перовскийді орнынан алып Орынбор әскери губернаторы етіп генерал Обручевті тағайындапты-мыс. Байтабын; «Сірә, Генсті де босататын көрінеді, ісін тексеруге жіберіпті», — деп келген. Бұл хабарды естісімен қыстан тыныш шығуға айналған Кенесары түсінен шошып оянған адамдай қобалжи бастаған. Қарамағындағы рулардың басшыларына ат шаптырып «әскерлерін жылдағыдан гөрі ертерек, қар кетісімен, көк шығуға қарамай-ақ, Қара Кеңгірдегі Алашахан моласының жанына жеткізсін», — деп хабарландырған. Өзі де сұрапыл соғарын сезген шағаладай әлденеге мазасы кетіп, біртүрлі тынышсыздана түскен. Өйткені бұлармен тіл тауып, бітімге келгелі отырған Перовскийді патша ағзамның тегін түсірмегенін сезген… Және астыртын Орынборға жіберген кісі арқылы, Генстің үйінде анда-санда бас қосатын офицерлердің сөздерінен «Обручевтің Кенесарыға сенбейтінін» Алтыншаш та хабарлаған. Бұрын Перовскийдің тәк-тәгімен әзер жүрген Горчаковтың енді бұған шабуыл жасайтынын Кенесары бірден ұққан.