— Кенекең олай ойламайды, — деді Ағыбай төмен қарап. — Бауырлас қазағын қыруға өтіп бара жатқан «кәрі қылышты» көре тұра бүкіл ауылдан хабар берер бір еркек кіндікті шықпағанына сенгісі келмейді. Бүкіл ауылды өзіне қас көреді. Сондықтан Кәрібай қарттың өшін Ахмет правительдің нағашы жұртынан алып отыр. Мен бұларды осылай шапсам, өзге жұрт кәрімнен қор- қып екіншілей мұндай іс істемейді дейді.
— Сонда қайда барса да қырылатын бір қазақ екенін Кенекең ойламағаны ма? Бұл ел қамын ақылға салар кемеңгердің ісі ме?
— Кенекең жау қазақтың қырылғанын жау солдаттардың қырылғанымен тең көреді.
— Өзіңіз де солай ойлайсыз ба?
— Өз басым қан майданда бетпе-бет келмесе қарапайым елге қамшы көтеріп көргем жоқ. Ал бай тұқымы мен төре тұқымына деген мәңгілік өшпес өшім бар.
— Кенекең де төре тұқымы емес пе? Оған да өшіңіз бар ма?
— Ж-оқ, — деді Ағыбай сөзін созып. — Кенекең ел қамын ойлаған адам, оны төре тұқымы деп санауға болмайды. Ол жалпы қазақтың жоқтаушысы.
— Жоқтаушысы болса мына жазығы жоқ жұртқа істеп отырған қиянатына жол болсын! — Есіркегеннің көз алдына тағы да қараша үйдегі сурет елестеп кетті.
Ағыбай тұнжырай қалды. Өзіне ермеген елге деген Кенесарының қаталдығы бұған да, Байтабынға да бататын. Бірақ серіктікке опалы батыр «ісі қиындалып тұрғанында ала ауыздық көрсетуім сөкет болар» деп сұлтанның қай қылығына болса да көніп баққан. Ал Байтабын сырын білдіріп алған. Мұндайды кешпейтін Кенесарының қатыгездігі өзіне аян. Ағыбай жас батыр үшін қобалжуда еді. Есіркегеннің сөзі бітеу жарасының дәл үстінен басты.
— Шырағым, — деді ол кенет күрсініп, — сен бір қиын сыр қозғадың ғой…
— Баланың сөзі дұрыс, хабар бермедіңдер деп бұл ауылға біздің істегеніміз қатыгездік, — деді бір бүйірден сәл қоңырқай дауыс, — мүмкін хабар бергілері келген де болар, бірақ қорыққан шығар? Кенекеңнен өлді не, өз билерінен өлді не, ажалдың аты ажал, кімге болса да қорқынышты.
Есіркеген дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ол енді ғана сол жағындағы көгілдір көзді ақ сары жігітті көрді. Киімі қазақша болғанмен түрі орысқа тым ұқсас. Бұл Жүсіп-Иосиф Гербурт еді.
Есіркеген Кенесары әскерінде қазақтан басқа орыс, башқұрт, татар секілді бөтен ұлттың адамдары да бар деген сөзге бұрыннан қанық болатын. Сондықтан ол:
— Сіз орыссыз ба? — деп сұрады таза орыс тілімен.
Ауыл жігітінің орысша таза сөйлегеніне енді Иосиф Гербурт таңданды.
— Орыспен бауырлас ұлттанмын, — деді ол күлімсірей.
— Ғафу етіңіз, — деді Есіркеген өзін өзі ұстай алмай, — егер құпия болмаса, қазақ арасында қайдан жүрсіз? әлде тұтқын болып қолға түстіңіз бе?
Гербурт жымия күлімсіреді.
— Жоқ. Мені қазақ арасына өз ұлтымдағыдай ұлттық бостандық арманы әкелді.
Үй іші қазақ жігітінің Жүсіппен басқа тілде сөйлеп кеткеніне аң-таң. Ағыбай ішінен: «Бәсе, Масан қарттың орысша оқып жатқан бір немересі бар деуші еді, мынау сол болды. Дәу де болса тегін жүрген жоқ, ұстап алып өзін Кенекеңе алып барайын ба?» — деді ол бір реттен, бірақ бұл ойынан тез қайт- ты. «Жоқ, жоқ, өйтуім ағаттық болар. Жұрт сыйлайтын Масанның немересін ұстағаннан жақсы ат алмаспын. Алдынан жарылқасын, қоя берейін», — деп шешті.
Ағыбай босатқанмен Есіркеген бірден жүріп кетпеді. Жаңағы орыс пішіндес жігітпен тілдескісі келді. Иосиф Гербурт та мұнымен сөйлесуге құмар екен. Жолаушылар ас ішіп отырғандарында өзі келіп Есіркегенді ертіп, ауыл сыртына шығып кетті. Ұзақ сөйлесті. Бірімен бірі әбден танысты. Тек Иосиф Гербурт өзінің кім екенін айтқан жоқ, бірақ қазақ елінің шын досы екенін жасырмады. Есіркегеннің жолай көргенін естігенде, оның қам көңілін жұбатып:
— Қазақ халқының өзін өзі сақтап қалуда жалғыз ғана жолы бар. Ол Россияға қосылу, — деді. — Сенің көргенің Россия патшасының отаршылық саясатын жүзеге асыруға шыққан генералдардың ісі. Россияда тек қана ақ патша генералдары емес, сол ақ патшадан зорлық, зомбылық көрген қазақ халқы секілді ұлы орыс халқы бар. Түбі сол халықтың дегені болады. Ал ол халық бостандыққа ұмтылуда. Сондықтан Россия жұртымен бірігу бұл үлкен прогрестік жол.
Есіркеген кенет Гербуртке бұрыла қарады.
— Осы айтқандарыңызды Кенесарыға айтып көрдіңіз бе? Ол не дейді?
— Шет жағалап айтып көрдім. Мен оны алғашқыда шын ұлт күресінің көсемі ме деп ұғып едім. Сондай ойда келіп қосылғам. Бірақ сұлтанның ісі де, өзі де маған күннен-күнге жұмбаққа айналып барады… Шамам келсе тағы да бір рет сөйлесем, орынсыз қан төгудің қате жол екенін түсіндірем… Ал алда-жалда айтқанымды ұғар болмаса, амал не, жолымыз екі айырылады….
Есіркегендер Ағыбай көші қозғалардан бұрын жүріп кетті.
Гербурт сөзі көкейіне қонғандай болғанмен де, көз алдынан Қоқан мен Хиуа хандарының барымталаған, ақ патшаның жендеттері талаған, Кенесары шапқан үш ауылдың қан жылаған суреттері кетпей қойды. Хиуа, Қоқан, Россия ақ патшасы, қазақ сұлтаны — төртеуі төрт жақтан қанды шоқпарларын басына ойнатқан сорлы халқының құрып кетуге таяу тұрған тағдырын ойлағанда, өн бойы өртеніп, көкірегі қарс айрыла қайғы билеп, өзін өзі ұстай алмай толықсып ат үстінен құлап кете жаздайды. «Бұл дағдарыстан құтылар қандай жол бар? Кім қолын береді? Бағанағы жігіт орыс халқы дейді. Бірақ сол орыс хал- қы, сол жігіттің өзі айтқанындай, теңдікке жетіп қол ұшын бергенінше, көрінген жендет топтар Кәрібай шалдың аулындай шаба берсе сорлы қазақтың несі қалады? Жарық күнге жеткенше жалыны, түгіл, шоғы да сөніп бітпей ме?»
Осындай ауыр оймен Орынборға жеткен Есіркеген, Кенесарыға қосылып кеткен өз руының бір жігітінен Күмістің генерал Генстің үйінде екенін естіді.
— Бұл жанаралдың өзі қызық адам көрінеді, — деді әлгі жігіт, — солдаттары ауылды шабады, ал өзі жетім қалған қазақ балаларын үйінде асырап тәрбиелейді. Күміс солардың бақташысы.
Бұл жігіт Таймастың Алтыншашқа жіберген құпия адамы болатын, Генстің үйін жақсы біледі екен, Есіркегенге жол сілтеп жіберді.
Есіркеген келгенде Күміс үйде жоқ екен. Алтыншаш екеуі жетім балаларды ертіп қала шетіндегі орманға серуенге кетіпті. Жас жігітті генералдың өзі қарсы алды. Бұның Петербургке оқуға бара жатқанын естіп, тіпті еркін, ашық сөйлесті.
— Оқы. Білім алып тезірек қайт, — деді ол бір сөзінде Есіркегенге, — сендердей көзі ашық азаматын күтіп отырған елдерің бар.
— Петербург бізді кім етіп дайындайтынына кімнің көзі жеткен, — деді Есіркеген генералдың жылы сөзі көңілін тебірентіп, — мүмкін менен де войсковой старшина Лебедев секілді орыстың бір қаншелек офицерін істер…
— Жоқ, сен ондай жолға түспе, — деді шын ойымен генерал Генс, — Петербургте демократшыл, ақыл ой иесі кісілер көп. Соларға жақындай біл. Олар сені қанды жолға салмайды…
Есіркеген аң-таң. Орыс генералы. Айтып отырғаны патша генералына жат ойлар. Оның есіне бағанағы жігіттің «бұл жанаралдың өзі қызық адам…» деген сөзі түсті. «Рас қызық адам болуы керек… Бір ретте шын ақ жүрек жан… Әлде менімен жай қалжыңдасып отыр ма? Солай секілді… Ақ жүрек адам болса, Кәрібай шалдың аулын неге шаптырды? Сондағы жазықсыз төгілген қанда мұның да үлесі бар емес пе?!»
Кәрібай шалдың аулындағы көрініс көз алдына елестеп кеткенде Есіркеген өзін өзі ұстай алмады. Болған уақиғаны генералға тегіс айтып беріп, «бұған кім айыпты?» дегендей Генстің бетіне қарады.
Генерал үн-түнсіз ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:
— Мексика, Перу жерлерін испандықтардың қалай билеп алғанын естігенің бар ма? — деді. Конкистадорлар жергілікті жұрттың бірін қалдырмай қырмақ болған. Тіпті қазіргі Америка, Англия отаршылдарының саясатын алсақ онда да сол қиянат. Бұлар да бір индеец, бір негр қалдырмай дүниеден жоқ етуге дайын… Индеец пен негрді біржолата құртып жіберуге тек қара жұмысқа, плантацияларға тегін пайдаланатын күш керек… сондықтан ғана оларды құл ретінде резервацияларда амалсыз ұстауда… Егер орыстың Горчаков, Скоблев секілді генералдарына салсаң осынау кең далада бірде-бір қазақ қалдырмауға бар. Бірақ бұлар орыс халқы емес, орыс халқы түгіл саналы оқығандарына да жатпайды, бұлар Николай Палкин секілді отаршыл патшаның ауыр күржілері. Қазақ басына төнген осындай ауыр күржілерді біз шамамыз келгенше жеңілдетуге тырысудамыз. Бірақ бірден бар ойыңды іске асыра алмайсың, — ол сәл тоқтап қайта сөйледі. — әзірге біз азбыз, олар көп. Халық әлі оянбай жатыр. Сондықтан мұндай үлкен күресте жаңағы сен айтқандай уақиғалар болып тұрады. Бірақ қазақта мақал бар ғой: «Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген, ақ патшаға өкпелеймін деп орыстың демократшыл адамдарынан безуге болмайды. Сен де безбе, өйткені олар қазақ секілді кішкентай ұлттың үлкен қайғысына ортақ.