Жылқы жылы Арқаға Мәмет әлім құшбегі қалың әскерді бастап барып, ар жағынан патша солдаттары шыққанда Ташкентке қарай қашқанын Саржанның сөз етіп тұрғаны құшбегіне ұнамады. Сол себептен ол қалың қабағын қарс жауып Саржанға түйіліп отыр.
— Сонда ол күш кімге қарсы шығады?
— Ақ патшаға, алдияр тақсыр құшбегі.
— Жалғыз ғана ақ патшаға ма?
«Жоқ, мұндай күш жиналса қазақтар ең алдымен Қоқан хандығына қарсы шығады. Оны Бегдербек жақсы біледі. Өйткені Россия империясынан гөрі бұлар- ға қазір Қоқан, Хиуа хандықтарының тегеуіріні батып отыр. Құшбегі мұны да біледі. Иә, Россия империясы әзірге қазақ жеріне бекіністерін салып, өкіріктер арқылы біртіндеп өз ықпалын таратып жатыр. Ал соңынан бүкіл қазақ жерін біржолата басып алмақ. Түбі өзінің меншігіне тиетін ел болған соң, қазір бірден салық жағынан да қан қақсатып отырған жоқ. Ол сондықтан да бір мың сегіз жүз жиырма екінші жылғы уставы бойынша Орта жүз өкіріктерінен алатын мал салықтарын да жинауды кешіктіріп келді. Ал Қоқан, Хиуа хандықтары болса, олар қазаққа қандай қиянат жасамады десеңші! Бір ғана Шымкент уәлаятынан өзі өткен жылы сексен мың сом күміс ақшамен зекет алған жоқ па. Ал хараж салығынан келетін пайданы қайда қоясың? Он бес, жиырма тақип жер бір қош болады. Бір қоштан жылына орта есеппен елу бес пұт бидай хараж алынады. Сонда әр уәлаяттан ең кем дегенде қырық мың күміс ақшадай пайда түседі. Бұл — бұл ма, Мұхамбет пайғамбардың діні бойынша әр қырық қойдан бір қой садақа алынатын болса, біз әр үйден жылына алты қой садақа алмаймыз ба? Ал шөптен, көмірден, сексеуілден алынатын хараждарды қайда қоясың! Хараж бен зекеттен басқа да пайда аз ба? Олар бекіністердің қабырғаларын, қақпаларын жөндеулері керек. Қоқан бектерінің бау-бақшасын, салған қауын-қарбыздарын қарап, ал соғыс бола қалса, өздерінің ат-көлігімен, қару-жарағымен төлеусіз-құнсыз қызмет істеуге міндетті.
Осы салмақтың бәрін де қарамағымыздағы қазақ ауылдары көтеріп келе жатқан жоқ па? Иә, көтеріп келеді… Бірақ үнін шығармай жүр ме?
Бұған:
Келі түбім деп алады,
Кеусенім деп алады.
Ұтыра зекет деп алады,
Қошақ зекет деп алады.
Арқадан келген сор Найман
Аң-таң болып қалады, —
деп Жанкісі жыраудың Қоқан ханы әлімге айтқаны айғақ емес пе?..
Осылардың бәрін Саржан да, Бегдербек те біледі. Сондай қорлықты бастан кешкен қазақ әскер жинап басы қосылар жағдай туса ең алдымен ауызды Қоқанға салмағанда кімге салады? Бүгінгі күнге дейін шыдап келсе, онысы Қоқан Россия патшасына қарсы жәрдем берер деп сеніп келгені. Түбі ең күшті жауы Россия патшасы екенін Қасым төре балалары біледі. Егер оның отарлығынан құтыла алса, Қоқан хандығынан құтылуды оңай деп ойлайды бұлар. Сондықтан да жәрдем күтеді. Ал Қоқан хандығының берген жәрдемі ана жыл- ғы… Мұндай жәрдемнен қазаққа келер пайда жоқ. Енді бұлар бізсіз бастарын қоспақ. Жоқ, басын біріктіре алған дұшпаның қайралған қылышпен тең, абайлап ұстамасаң қолыңды алып түседі. Іштегі шұбар жыланды асыраудың қажеті жоқ, одан дер кезінде арылған жөн».
Саржан сұраққа қарсы сұрақ қайтарды.
— әлде сіз біздің Россия патшалығымен ұрысқанымызды ұнатпайсыз ба?
— Бекер үйдейсіз, — деді сөзін соза құшбегі. — Егер мынау ақ сақалым орыстың қанымен боялса арманым жоқ. Бірақ қазір мәселе онда емес…
— Енді неде?
Бегдербек Саржанға күлімсірей қарады.
— Қазақта мақал бар емеc пе… «Өзім асыраған күшігім өзімді қапты» деген?
Саржан тұнжырап кетті.
— Қай күшік қай күшікті асырағанын анықтасақ нетті.
Құшбегі бұрынғысынан да күлімсірей түсті.
— Қазақта тағы да бір мақал бар емес пе, дастарқан қасында отырып қонақ аяғын алшақ көсілмес болар деген?
— Иә, сөзіңіз дұрыс, кей қонақ аяғы сонау Созақ, Сайрам, Ақмешітке дейін көсіліп жатқан жоқ па? Ондай масыл қонақ, масыл ағайынға аяғыңды тарт дейтін, әттең дүние-ай, күштің жоғы-ай!..
Бегдербек Саржанды сөзінен ұстады.
— Бас қосып, күш жинау дегендегі мақсатың сол екен ғо й.
Қызу қанды Саржан абайсызда от басып алғанын түсінді. Айтылған сөз, атылған оқпен тең, қайтып алар дәрмен қайсы. Осы ағаттығынан іштей ызаланып, сазарды да қалды. Ал Бегдербек болса жауының түпкі сырын оңай аш- қанына мәз болып, енді шындап күлімсіреді. «Бас қосып күш алса, өзіңе тарпа бас салайын деп тұрған жауды қалай босатып жіберуге болады? Жоқ, кешірілген жау — ең қауіпті жау».
— Алдияр тақсыр, — деді енді Есенгелді сөзге кірісіп, — жерді шұқылай берсең шұңқыр болады, денеңді шұқылай берсең жара түседі… Елімізден, жерімізден айырылып жүргенде не етесіз біздің жанымызға жара салып? Россия патшасына қарсы шығамыз деп сізбен бірге бір қайыққа мініп едік, сол қайықтың бір жағаға жетуі керек те еді. Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма дегендей, шын ойымызды айтайық. Ташкенттік өзбек ағайынға сонау Сарыарқаның жерін қорға деу қиын, ал ақ патшадан тартып әпер деу тіпті орынсыз. Сыбырлап сөйлегенді құдай естімей ме, орыс солдатын жеңетін Қоқанда да күш жоғы өзіңізге аян. Сондықтан біздің өтінішіміз…
— Жаңағы Саржан мырза айтқан ғой?
— Иә, мал ашуы — жан ашуы, жер ашуы — ел ашуы. Қазақ ел болып бас қосса, кім біледі, бір кемерге жетіп те қалар ма еді, қайтер еді… Алдияр тақсыр, жаралы жолбарыс жарасыз жолбарыстан ер келеді. Біз қазір жаралы жолбарыспыз. Жауымызға аямай шабуымыз заңды.
«Иә, мен де сендердің жаралы жолбарыстай пиғылдарыңнан қорқамын, — деді ішінен Бегдербек, — сондықтан да сендерді темір шынжырда ұстау ең тиімді әдіс».
Бірақ Есенгелдіге өзгеше сұрақ берді.
— Жарайды, Қаратау, Шу, Сыр бойының қазақтарының басын қосуға біз рұқсат берейік делік. Сонда қолдарыңнан не келеді? Ол күш тым жеткіліксіз емес пе?
Орта Сыр, Шу, Сарысу қазақтарының басын қосуға сіздер мүмкіндік берсеңіздер, Аяқ Сыр, Арал теңізі, Үстірт, Маңғыстау қазақтарының бізбен бірігуіне Хиуа ханы қарсы болмас деген үмітіміз бар. Хиуа хандығының Россия империясынан қорғаныс ететін алдыңғы шебі қазақтың жері емес пе?
Он тоғызыншы ғасырдың бас кезінде, Мұхамед Рахым ханның тұсында Хиуа хандығы үлкен мемлекетке айналған. Солтүстікте Сырдарияның Аралға құятын сағасынан бастап Оңтүстіктегі Ауғанстан шекарасына дейін осы хандыққа бағынышты болатын. Бұған Мұхамед Рахым мен оның әкесі Елтезер қазақтың алауыздығын пайдаланып, Сырдарияның Аралға құятын сағасын, Арал теңізінің маңайын, Үстірт, Маңғыстауды, сол жерлерде паналайтын Кіші жүздің біраз руын өзіне бағындырып алған. Хиуа ханының қарамағындағы қазақтардың көрген күні, Қоқан хандығындағы қазақтардікінен де сорақы еді. Қит етсе қырып-жойып, байлап-матап Ауғанстанға апарып, қатынын күңдікке, еркегін құлдыққа сататын. Бір ғана мың сегіз жүз жиырмасыншы Ұлу жылы Хиуа ханының әскері қазақ ауылдарын шауып, жүздеген адамдарын өлтіріп, алпыс бес мың қойын он бес мың түйесін, жеті мың жылқысын, мыңға жуық сұлу деген қыз-келіншектерін тартып алып кеткен. Кіші жүз ауылдары Хиуа хандығына қарсы талай рет бас көтерген. Бірақ жігері құм болып, дегендеріне жете алмаған.
Бір мың сегіз жүз жиырма бесінші, Тауық жылы Мұхамед Рахым өлгеннен кейін Хиуа ханының тағына оның үлкен баласы Аллақұл отырды. Табынды басқарып келген Айшуақ ұлы Серғазы сұлтан осы Аллақұлға жалғыз қызын беріп, Хиуаның қол астына кіріп, соның арқасында Кіші жүздің ханы аталған.
Бірақ бұл кезде Россия патшалығы Хиуаға да көзін тіге бастап еді. Өз хандығына қауіп төнгенін сезген Аллақұл екі мемлекеттің ортасында жатқан Үстірт, Маңғыстау, Арал теңізі, Сырдарияның аяқ шенін жайлаған қазақ ауылдарын Россия патшалығына қарсы қойып, өзіне қалқан етуді көздеген.
Есенгелдінің айтып отырғаны осы екенін құшбегі де түсінеді. Сөйтсе де сұлтандардың түпкі сырын аша түсейін деген оймен:
— Жарайды, Қоқан ханы мен Хиуа ханы қазақ ағайынның пайдасын жоқтап Ұлы жүз бен Кіші жүзге өз бастарын қосып жасақ жинауға мүмкіндік берсін делік. Бірақ, бұ да аз күш қой. Қазақта сан жағынан Орта жүз басым. Біздің есебімізде Қараөткел, Семей, Торғай, Жайықтың солтүстік пен күншығыс шебінде, аздаған Кіші жүздің руларын қосқанда бір миллион сегіз жүз мың жан бар. Тегіс Орта жүз десеңіздер болады. Ал сол Орта жүз қайда қалады?