Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Ташкент кентінің гүлдеуімен қатар оны өзіне бағындырғысы келгендер де көбейеді. Әсіресе оған көзін тігетіндер Бұхар, Хиуа, он сегізінші ғасырдың басында пайда болған Қоқан хандары еді. Он тоғызыншы ғасырдың басында Омарханның ағасы қанішер әлімхан, әптуар шайқының ұрпағы Жүсіп Қожаны соғысып жеңіп алады. Содан бастап Ташкент Қоқан хандығының бағынышты бір уәлаяты болып қалады, бірақ бағынышты деген аты болмаса оны ешкім баса-көктеп билемейді. Қоқан хандығына жататын Ұлы жүздің бір бөлек елі мен Сырдарияның орта ағысындағы Шу, Сарысу өзендерінің бойындағы қазақ жеріне салынған Ақмешіт, Жаңақорған, Жөлек, Қамысқорған, Шымқорған, Қосқорған секілді бекініс шаһарлардың бәрі Ташкент құшбегінің қарамағында қалады. Тек Ташкент құшбегі Қоқан ханына жылына екі жүз мың теңге салық төлеп тұрады.

Бұл салықты Ташкент құшбегі болған тәжік Мәмет әлім, өзбек, Ләшкәр, Бегдербек, Қыпшақ Нұрмұхамед өздеріне бағынышты қазақтардан он есе артық етіп өндіріп алып тұрды. Бұл жағына келгенде әсіресе осы кездегі құшбегі Бегдербектен асқан зұлымы аз-ақ. Ақмешіт хакімі Жақыпбек арқылы Қоқан хандығына бағынышты қазақ ауылдарының қаққанда қанын, сыққанда сөлін алды.

Есенгелді мен Саржан сұлтандар Ташкентке келген шақта оның Мәделіхан мен Ханпадшайым тоқалды шақыруында да үлкен кәп бар. Бірақ мұны әзір өзінен бөтен ешкім білмейді.

Құшбегі сыр сақтай алатын адам. Сондықтан да рабат, диуан сарайлары құпияға, ызғары суық сырға толы еді.

Осы құпия сыр бүгін ең биік шегіне жеткендей. Саржандардың келгеніне ай болса да құшбегі күнде бір сылтаумен оларды қабылдамады. Біресе аңға кетеді. Біресе үкім құрады. Біресе сырқаттанып қалады. Мұндай қорлыққа наразы Қасым төре балалары қолды бір сілтеп қайтып кетейін десе, аңдыған көз аяқтарын тыпыр еткізер емес. Бұлардың мұнда өрік, мейіз жеп жатқан жатыстары, қонақтан көрі тұтқын салтына жақын. Қазақ сұлтандары да аң-таң… Дос бүйтпесе керек еді, ал сонда Бегдербек қас па? Олай болса, өткен жолғы уәде, берген серттері қайда? Қас деуге қиын. Сонда бұларды бүйтіп ұстауға қандай себеп бар? Осылай жұмбаққа шешім таба алмай абыржыған, қобалжыған қыр бекзадалары құшбегінің бір уәзірінен жақында ғана жағдайды білді. Құшбегі Қоқан ханының келуін күтуде екен, бар шаруаны төрт көздері түгел отырып сөйлеспек көрінеді… Сол күткен Мәделіхан да бүгін келіп жетті. Қоқаннан алысқа шығып үйренбеген хан, жол соғып әбден қалжырап қалған екен, қазір әшекейлі диуан сарайының не бір салтанатты бөлмесінде дем алып жатыр. Кешке құшбегімен дидарласпақ. Сондықтан да хан тыныштығын бұзбайық деп демдерін ішіне жұтып жүрген бір жұрт… Құшбегі сарайында ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық. Әрі қауіпті, қатерлі тыныштық. Ал Бегдербек өзі кісі қабылдайтын шатырында. Ханмен дидарласар алдында Қасым төре балаларының да ой-пікірлерін білу керек. Бұларға деген шешімі Есенгелді мен Саржанды шақырмастан бұрын өзіне әйгілі болғанмен, қазір өзін өзі басқаша ұстауда. Қайткенмен де сұлтандар әзір ештеңені сезбегені жөн…

Сондықтан да Бегдербек күле қарап, жымия сөйлейді. Қазір ол сүпіге жабылған жібек түгі бір елі, құс мамығындай жұмсақ, қырмызы қызыл Бұхар кілемінің үстіне төселген алты қабат шайы көрпеде, аққудың түбіт жүнінен жасалған қос мамық жастықты шынтақтай жатыр. Шеті жібек күлтелі мол дас- тарқанның үсті толған тағам, шарап, шәрбәт…

Бегдербек алпысқа таяп қалған ат жақты, аққұба келген ұзын бойлы кісі. Қан-сөлсіз еріндері жұқалаң, қалың қабақтары тұтасып біткен, сақалының ағы басым. Сүзіле қарайтын сұрғылт көздері ысылдаған жылан іспеттес бір суықтық танытады. Беті күлсе де көзі күлмейді. Алпысты алқымдағанмен бетінде әжім жоқ, тіп-тік таяқ жұтқандай сұңғақ денелі. Қытай жібегіне малына киінген. Тек иығында өзбектің көк ала шәйі шапаны, басында ақ маржанмен кестелеген қара барқыт ала тақиясы. Ақ жібек көйлегінің ашық омырауынан кеудесінің көк буырыл түгі шығып тұр. Ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. Білектері де жүн-жүн… Қол әлуеті бір түрлі сұсты. Оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды. Аяқ жағында түкті балтырларын сипап уыздай аппақ, қара көзді он бір-он екі жасар патша бала отыр. Бұл да жібекке малына киінген. Қарсы, дастарқанның бергі жағында, малдастарын құрып құшбегіне қарай қалған Есенгелді мен Саржан.

Есенгелді етжеңді келген, дөңгелек қара торы жүзді, қой көзді адам. Шиырылған сұлу мұртты. Саржан сұңғақ бойлы, қызғылт сары, өткір көзді, бәйгеге жараған жылқы тәрізді, қатып қалған, шапшаң қимылды кісі. Екеуі де елуді алқымдап тастаған. Есенгелді бірер жас қана үлкен тәрізді. Екеуінің басында да үстін төрт салалы көгілдір барқытпен әдіптеген, қырдың қызыл түлкісінің терісімен көмкерілген, қандай түрге болса да көрік берер Арқаның сұлу бөркі. Үстерінде — жағаларына қара барқыт ұстаған, жібін жіңішке етіп иірген аппақ түйе жүн шекпен, аяқтарында — жарғақ мәсі, бұттарында — сала құлаш балақтары оюланған көк барқыт шалбар. Белдерінде — алтын жалатқан қарыс сүйем кіселі, қақтаған күміс белбеу. Саржанның беліндегі жез сақиналы күміс қында сабы сары мүйізден соғылған сегіз қарыс ақ семсер. Есенгелдінің белбеуінде кішкентай ғана күміс кездік, ай мүйіз, алтынмен зерлеген арқар шақша… Жанындағы ағасы Есенгелдіге қарағанда Саржанның жауынгер жан екені бірден білінеді. Екеуінің де көзінен құшбегін сынай қараған ұшқын сөнер емес. Отырғандарына әжептәуір мезгіл болса да қойылған тағамнан әлі татып алған жоқ.

Кісі сырына әккі болған Бегдербек те сұлтандардың бұл сыңайын байқап отыр.

— Алыңыздар, алыңыздар, — деді ол езу тартып күлген болып, ана екеуінің ортасында тұрған шыны тұрғауыштағы қыз емшектеніп сүйірлене піскен жүзімді меңзей. — Өзбектің жүзімі сый-құрметтің басы.

— Рақмет… — Саржан ернін жыбырлатты да қойды.

Сазарып отырған қонақтарының көңілін көтергісі келгендей құшбегі тағы да езу тартты.

— Бұл жүзім туралы қазақ пен өзбектің арасындағы қалжыңды естіген боларсыңдар.

— Ж… жоқ. — Бұ жолы Есенгелді ернін жыбырлатты.

— Естімесеңдер айтып берейін, — Бегдербек әлдекімді мысқылдай күлді, — бір қазақ пен бір өзбек дос болыпты. Аулына келген өзбекті қазақ қойын сойып, қымызын тосып әбден сыйлапты. Жолы түсіп, қазақ шаһарға келсе, өзбек досы сый-құрмет көрсетіп алдына бір тегене жүзім қойыпты. Бұрын жемісті жемеген қазақ, таңсық көріп асай бастапты. Қомағай қазаққа не шыдасын, жүзімнің таусылып бара жатқанын аңғарған сараң өзбек:

— Алдыңыздағының атын юзім дейді, оны бүйтіп бір-бірлеп үзіп жейді, — деп аздап жеудің керек екенін ескертеді.

Сонда қазақ:

— Иә, мұны бізде жүзім дейді, бір жегенде жүзін жейді, — деп саусақтарын сала түсіпті.

әңгіме ұнаған Есенгелді мен Саржан сыпайылық көрсетіп езу тартты.

Қонақтарымның көңілін көтеріп болдым ғой дегендей Бегдербек кенет қабағын сәл түкситті де, сөзінің бетін бірден бұрып әкетті.

— Иә, әңгіме бұзау емізер… дегендей, енді бітім-келісімге кіріскен жөн болар… Әнеугіден бері сіздерді қабылдамай жатқанымыздың себебін естіген шығарсыздар. Ханзаданы күтіп едік… Ол кісі бүгін келді, қазір саухат етіп, дем алып жатыр… Кешке менімен сөйлеспек… Құрметті Мәделіханға барар алдында сіздердің де тілектеріңізді білгім келіп еді.

— Біздің тілегіміз Мәделіханда емес, өзіңізде ғой, — деді Есенгелді байсалды үнменен.

— Иә, сіздердің тілектеріңіз менде, ал менің тілегім Қоқан ханында, сонда не болғаны? — Құшбегі аппақ тістерін көрсете күлді. — Аллатағала, дүниені домбыраның пернесіндей, бір үнді бір үнмен байланыстыра жаратса амал не? Алдияр тақсырдың не айтатынын кім біледі?

Саржан қабағын шытты.

— Бұл — бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде күйсандықтың кебі ғой…

— Иә, сол күй сандықтың кілті Қоқан ханының қолында емеc пе? — Бегдербек те қабағын шытты. Оның қалың қабағы жабылып, қайта ашылды. — Қысыр сөзді қайтеміз, одан да не тілейтініңізді айтыңдар.

— Кімнен.

— Мәделіханнан, менен.

— Біздің тілек өзіңізде, алдияр тақсыр құшбегі, — деді Саржан тікелей, — тілек біреу-ақ: сіздердің берген жауынгерлеріңіздің қандай ерлік іске бара алатынын біз ана жылы өз көзімізбен көрдік қой. Әрине айдалада жатқан қазақ елі үшін өзбек ағайынға жан қию оңай емес. Сондықтан қарамағыңыздағы Сыр бойын, Қаратау, Сайрам, Шу, бойын жайлаған Қыпшақ, Қоңырат, Шымыр, Ысты, Сиқым, Сыбан, Жаныс ауылдарынан сарбаз жинап елімізді, жерімізді қорғауға мүмкіндік беріңіз.

13
{"b":"110493","o":1}