Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Қойсары би тағы да тоқтап, кенет басын көтеріп алды:

— Иә, өткеннің өкінішін айтып өзегіңді өртегенмен, алғанын құдай қайтарып бермес, бар үміт — алдағы заманда… Алдағы күйді болжап, жол шеккендей түрлерің бар, сапарың оң болсын, ағайын!

Сөзді Хақназар ордасының төбе биі — Ақсопы би алды.

— Ну қарағай құласа, орнында қалған шыршасы жапырақ атып гүлденіп, бұтақ шығып бүрленіп, қиядан ұшқан қыран құс қонақтап өтпес демеңіз. Айдын шалқар суалса, бұлақ болып арқырап, теңіз толып жарқырап, аққу-қаздар үстіне тұрақтап өтпес демеңіз. Арғымақ өлсе құлын бар, әкесі өлсе ұлы бар. Қасым хан қаза болғанмен, артында қалған Хақназар, алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай, әке тағына отырды. Ақ Орданың іргесі ыдырап, түндігін дауыл көтеріп, ел басына күн туған кезеңде, сол Ақ Орданың шаңырағын құлатпаймын деп, Хақназар оғлан атқа қонғанына міне он бес жыл! Сол он бес жылдың ішінде ыдырауға айналған Ақ Орданың іргесін қайта бекітті, құлауға қалған шаңырағын қайта тіреді… Бірақ арлан біреу… — қасқыр көп. Ақ Орданың күлін көкке ұшырып, уық-керегесін бұтарлай бөліп алуға анталаған жау аз ба? Өзгені қойып, осы бес-алты жылдың ішінде Мұхамед-Шайбани Ордасынан көз алартқан Абдолла баһадµрдың өзі де өкпе тұсына оқтай қадалды. Бір Әбілқайыр ұрпағы емес, Ақсақ Темір әулеті де соған еруде. Олар түгіл мына өзімен қан-жыны бір Шағай сұлтан да сонымен тілектес болып жүр.

Абдолла оңай жау емес… Бұған қарсы тұру үшін ойдағы, қырдағы қазақ тайпасының бас бірлігі керек. Отыз жылдан бері шалғай қонып, шет жайлап кеткен Ноғайлы саңлақтары, сендердің де қайтадан өз үйірлеріңе қосылғандарың абзал. Сөйтсек қана біз ен жайлап, еркін көшкен елдігімізді сақтаймыз. Бұхар мен Хиуаның құлақ кесті құлы болудан құтыламыз. Басымыз да, қосымыз да бір болсын, елдігіміз бен белдігімізді бір жерден ойлайық, бізге қосылыңдар. Сырымыз да сыңайымыз да осы. Қолмен келсек, қорқытқанымыз емес, жауға қарсы қайрат көрсетер күшіміз сендерге де көз қуаныш болсын деп келіп отырмыз. Он сан Орманбеттің Еділ-Жайық бойында қалған ұрпақтары, ендігі сөз сендерде, — деп Ақсопы би сөзін тамамдады.

Бұл баяғы Ақжол бидің Момын деген әйелінен туған Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы атты бес ұлының үлкені. Арғынның аты шулы Қанжығалы, Тобықты руларының ірге атасы. Жасы сексеннен асып кетсе де, әлі ат жалын өзі тартып мінетін қуатты қарт. Оның аталы сөзі мен әділетті тоқтамын екі жақ бірдей ықыласпен тыңдады.

Қойсары, Ақсопы билер қайтадан сөйледі. Алуан-алуан ойлар, кесек-кесек ұшқыр сөздер айтылды. Бұлардан кейін кезек Төле би, ұрымтал, ұшымды билерге берілді. Олардан басқа ділмар, сөзуарлар қызыл тілдерімен сан өрнек тоқыды. Ел бірлігін тілге тиек еткен нелер әшекейлі толғаулар ортаға салынды. Бір мезет Хақназар Ақ Орданың басына төнгелі тұрған қилы-қилы кезеңдер бар екенін баяндай келіп, Ноғайлының Ақ Ордаға түгел қосылуын талап етті.

Осылай үш күнге созылған шешендер талқысынан кейін, Ақ Орда мен Ноғайлы қауымы ел арасын алыстатпайтын бітімге келді. Ноғайлы елі Хақназарға бағынып Абдолла ханның бетін қайтарып, Сыр бойындағы қазақ қалаларын біржолата Ақ Орда қарамағына алып қалу үшін, осы жаздың өзінде он мың атты әскер бермек болған тұжырымға тоқтады.

Мұндайда ру бірлігі, ел билігі құр сөзбен ғана бітпейтіндігі ежелден белгілі. Қазақ дәстүрі бойынша сөз бірлігін сүйек бірлігімен нығайталық деп, Ноғайлы қауымы Хақназар ханға қыз бермек болды. Ежелден Жағалбайлы елінің қыздары сұңғақ бойлы, алма мойын, оймақ ауыз, көген көз, сұлу келетін. Әсіресе, Қарасай байдың Ақторғын, Ақбала атты қос аруы бүкіл Ноғайлы еліне аты шыққан әйгілі сұлу, асқан көрікті жандар еді.

Билер құран ұстап бітімге келген Ноғайлы елінің бекзадалары хан көңілін біржола өздеріне қаратуды ойлап, елінің ең аяулы сұлуының бірі Ақторғынды қалыңдыққа ұйғарды.

Хақназар мен Ақторғынның қосылу тойы бүгін таңертең басталған. Күншығысын қалың әскер қаптап, үрейленіп қалған Сарайшық бір түнде түлеп шыға келді. Қыз-бозбалалар жаңбыр жуған қызғалдақтай құлпыра қалған. Керуен сарайлар, қала аулалары ән-күйлі, ойын-күлкілі думанға толып, екі жақтың әскерлері бейбіт бәсекеге шығып, әр жерде сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату ойындарына кіріскен.

Қырыққа таяп қалған Хақназардың түрулі шайы шымылдықтың астында ақ дүрия көйлек, оқалы бешпент киген, басында үкісі бұлаңдаған, асыл тасты жағалбайлы шошақ тақиясы бар қалыңдығын көргенде, жүрегі шымыр ете қалды.

Ақторғын десе, ақ торғындай-ақ екен! Екі беті жаңа жауған ақша қардай, ұзын кірпіктерін көтермей, төмен қарап отыр. Күйеу жігіттер кіріп келгенде, ханның мысы жеңіп, шымылдықты жабуды ұмытып кеткен қыздың бір жеңгесі асыға қимылдап, шымылдықты түсіре қойды.

— Күйеужан, көрімдігіңді бермей жатып, аққуыма сонша сұқтанғаның не? — деді қыз жеңгесі әзілдей күліп.

Дәл осы кезде күтпеген жағдай болды. Үйге асып-сасып үсті-басын шаң-тозаң басқан, киім болмысы Сыр бойынан екені айтпай-ақ танырлық, шоқша сақалды біреу кіріп келді. Бет-әлпетінен алыс жолдан арып-ашып жеткені көрініп тұр.

— Хан ием, — деді ол есіктен аттай бере тізесін бүгіп. — Оңаша айтар жедел хабарым бар.

Хан шабарманды енді таныды:

— Ау, Қияқ батырсың ба?

— Иә, тақсыр.

Хақназар дереу орнынан тұрып, сыртқа қарай бет алды. Сонау Қараталда қалған Ақ Ордадан шабарман Қияқ қандай хабар әкелді? Оны ханнан басқа ешкім сезген жоқ. Көп кешікпей, ол үйге қайта кірді. Қияқ ақ сабын болып көпсіп терлеген атын ауыстырып, күншығысқа қарай қайтадан шаба жөнелді.

Үйге кірген хан, серіктерінің қобалжи қараған сұраулы кескіндеріне жауап бергендей, жайбарақат:

— Жай хабар. Той-думанды бәсеңдетпеңдер! — деді.

әңгіменің дәл осы тұсында Ораз құл сыртқа қазан қарауға шығып кетті. Бұқар жырау ошақтағы тобылғы шоғын сәл көсеп, үй ішіне жарық берді де, «не ойлап отыр екен?» дегендей әбілмансұрға сынай қарады. Жас түйешінің беті бүлк етер емес. Бір тұңғиық қиялға шомып, үн-түнсіз қатып қалған. Әлден уақытта барып ол:

— Хақназар хан шабарманға әскери тапсырмадан бөтен сыр айтты ма? — деді ол.

Бұқар жырау сәл қозғалды.

— Айтса ше?

— Қожасының құпиясын білген құл — қойныңа салған жыланмен тең, бір күні болмаса бір күні шағып алуы хақ.

Бұқар жыраудың бойы тағы шымырлап кетті.

«Япырмай, мынау бір сұмдықты айтып отыр ғой. Оразға бір қауіп төніп-ақ тұр екен…»

Әбілқайыр да түйешіге таңдана көз тастады. Осы кезде қолына шылапшыны мен құманын ұстап Ораз да кірді. Үйдегілер қолдарын жуа бастады. «Жасым кіші жалшымын ғой» деп, Әбілқайыр хан мен жырауға орамал ұсынып, бәйек қаққан жоқ, дәрежесі тең адамдай өзі де барып құманға қолын тосты. Анау жасым үлкен ғой деп шамданбай, ілтипатпен су құйды. Әбілмансұрдың тегін түйеші емес екеніне Бұқардың көзі енді әбден жетті. Бұқар жырау: «Осы бейшара өзіне төніп тұрған қауіпті сезбей жүр ме?» дегендей құлға да сынай қарады. Ананың жүзінен абыржығандық белгі барын сезді. Жырау аяп кетті.

Астан кейін Бұқар әңгімесін қайта бастады. Бірақ көңілінен: «Мына бәтшағар расымен-ақ құлын өлтіріп тастамаса жарар еді» деген күдік кетпей-ақ қойды.

Қияқ келіп кеткеннен бастап ханның қабағы ашылмады. Жаңа ғана Ақтор- ғынды көргенде лаулап тұтана қалған жалыны да лып етіп қайта сөнгендей. Өзінің үйлену тойында отырғаны да естен шыққан, көңілі әлдеқайда. Ханның жабырқаңқы жағдайын ұққан балдызы Ақбала қасына келіп, тізесін шынтақтай отырғанда да селт етпеді. Айтылған әзілге жай бір сүлесоқ күйде жауап бере салды. Ханның үлкен қобалжуда екенін сезген серіктері ғана сыр бермегенсіп, үй іші толған қыз-бозбалалардың әзіл-күлкісіне белсене араласып отыр.

Шағай бұдан көп жыл бұрын бір жорықтан келе жатып, Сайрам даласында бір кезде Әбілқайырдың атақты жауынгері болған Қоңырат Ұршы батыр ұрпағының аулына түскен. Бұл ауыл жұпыны киінген кісінің Шағай сұлтан екенін білмейді. Жолаушылар ауыл ақсақалы Ұршы батырдың шөбересі әбілқасымның үйіне түнейді. Түнде Шағай әбілқасымның оң жақта отырған Күнсана атты бойжеткен қызын оятады. Қырыққа келіп қалса да жастық оты әлі сөнбеген сұсты Шағайға қыз беріліп қалады. Қыздың ашылмаған гүл, жарылмаған бүр болып шыққанына риза болған Шағай, сол бір айлы түнде Күнсананы қалың малын төлеп алмақ болып ант береді.

8
{"b":"110492","o":1}