— Хақназар туралы әркім әр түрлі айтады. Анығын өзіңізден бір естиін деп едім, — деді Әбілқайыр. — Сол аталарымыз жайында сөз қозғай отырыңыз.
«Ораз құлдың айыбын қалай жеңілдетемін» деп отырған Бұқар жырау бірден келісе кетті.
— Онда тыңдай бер. Хақназардың түбіне жеткен баяғы алауыздық пен Шайбани тұқымы Абдолла болатын…
Қараша үйде отырғандардың көз алдында жырау әңгімесі ғажайып суреттерге айналып, тізбектеліп өте бастады…
— Жалғанда өкініштен ауыр қасірет бар ма екен? Күшің жетпей, жаудан жеңілсең, — бұл өлім. Күшің жете тұрып жауыңды босатып жіберсең — бұл жомарттық. Ал артынан сол жауыңнан қастық көрсең — бұл өкініш. Өлімнен де ауыр өкініш! — деп бастады жырау әңгімесін…
Он екі қанат ақ боз үйді басына көтерген қыз-бозбаланың ду-ду сөздері де, дүркін-дүркін күлкісі де Хақназар ханның көңілін бөлер емес. Оң тізесін баса шынтақтай отырған кіші балдызы, ақ тотыдай сыланған ерке-шора Ақбаланың сыбырлай айтқан әзілі де құлағына кірер емес. Тек босағада тұрған кісі бойындай құмыраға оқта-текте көзі түсіп кетеді де, ондағы кестелі көне нақылды ойлана оқиды.
«Бұл құмыраға алтын құяр болар,
Бұл құмыраға күміс салар болар.
Бұл құмыраға шарап құяр болар,
Бұл құмыраға көздің жасы толар…»
— Хан жезде, — деп Ақбала кенет Хақназардың қара санынан бұрай шымшып алды. — Тіпті езу тартып, тіл қатар емессіз, нағыз Күлмес хан өзіңіз болдыңыз ғой.
Сан еті ду ете түссе де, қыздың сөзі бәрібір құлағына кірмеді. Балдыздың бұдан да қияңқы еркелікке хақы бар… Хақназар сол қолымен жас сұлудың мықынынан қытықтай сәл өзіне тартты, бірақ өзегі өртеніп, бар ойы осыдан бие сауымы бұрын келген шабарман хабарынан ұзай алмады.
Ақбала тағы да сыңғырлай күлді.
— Жауға шапқанда жолбарыстай батыл деуші еді, әлде Сарайшықтың қыз-қырқынынан жүрексініп отырсыз ба? Жүрексінбеңіз… Кісі жейтін әдетіміз жоқ…
Қыз сөзін енді ғана еміс-еміс естіді. Енді ғана өзінің қай жерде отырғанын есіне түсірді.
әлсірей ыдырап құлаған Алтын орданың орнына қазір Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары пайда болған. Бір кезде Батый хандығының кіндігі санал- ған, сан мемлекеттің сауда жолдары түйіскен, тас дарбазаларынан шығыс пен батысқа хан әмірлері тараған Еділ өзенінің бойындағы Сарай қаласы мүлде күйреп, оның орнына осы Сарайшық шаһары салынған. Бір кезде бұл да Каспий теңізі арқылы өтіп келіп, батыс пен шығыс саудагерлерінің бас қосатын үлкен сауда кіндігіне айналып еді. Ал қазір бұл — Жайық жағасындағы Үйшіктен жиырма шақырымдай жерде жатқан шағын ғана жай шаһар.
Алтын Орда әлсіреп бітуге айналғанда, негізі Маңғыт руынан құрылған Ноғайлы қауымы сол Сарайшықты өзіне астана етті. Ал қазіргі кезінде Ноғайлы хандығының бір бөлегі Астраханьға, бірі Қазанға, бірі Өзбек Ордасына, қалғандары Ақ Ордаға ауып, бет-бетімен ыдырауға айналған шағы. Тек Ноғайлы деген жалпы ел аты мен әлі де болса сауда-саттығы мол Сарайшық шаһары қалған-ды.
Осы Сарайшық шаһарына екі сана қолмен бұдан бір апта бұрын Ақ Орда ханы Хақназар келген. Сонау ит арқасы қияннан қалың әскермен сапар шегуге Ақ Орда ханы мәжбүр болған.
әкесі Қасым Әбілқайыр мен Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сейхұн дарияның төменгі жағы мен Қаратал, Сайрам, Талас, Шу өзендерінің бойын ғана алып қойған жоқ, ол қазақ хандығына Жетісу, Еділ, Ақ Жайық бойын да бағындырмақшы болды.
Осы саясатты көздеген Қасым мен Астрахань хандығына қарай бейімделе түскен Ноғайлы елінің көп жұртын өз шеңберінен босатпаймын деген оймен, 1523 жылы Сарайшыққа келіп, сондағы бір айқаста қаза тапқан. Содан кейін-ақ Бұхар ханы Абдолла мен Моғолстан ханы әбдірашиттің бірігуі арқасында қазақ жері талан-таражға түсті. Көптеген рулар Арқа жеріне қарай ойысты.
Міне, Хақназар Ақ Ордаға осы кезде хан болды. Көп жерін Бұхара, Моғол хандарының басып алғаны аз болғандай, дәл осының алдында ғана Жәнібектің кенжесі Жәдіктен туған Шағай сұлтан Абдолламен тіл тауып, Түркістан уәлиетінің күншығыс жағын бөліп алып, Бұхара хандығына қарап кеткен.
Хақназар Ақ Ордаға ие болғаннан бері де он бес жылдай уақыт өткен. Бірақ осы он бес жыл Хақназарға оңайға тимеді. Бөлшектеніп кеткен қазақ хандығын, әкесі Қасымдай, қайта біріктіруге кірісті. Бұл істің сәтті болуына бір себеп қазақ елінің негізгі жауы Қытай боғдыхандары өзара қырылысып, қазақ жерін шабуға қолы тимеді. Соны пайдаланып Хақназар қырғыз бен қарақалпақ туыстарды да өз туының астына жинай бастады. Нелер қан төгіс шайқас, арпалыс, қырғындар өтті халықтың басынан. Әсіресе, Сейхұн дария бойындағы қазақ шаһарларын қайтарып алу, ғаламат ауыр тартыстарға айналды.
Бұдан бұрын әлсіреп қалған Шайбани ордасы, осы ұрпақтан шыққан Абдолла сұлтан Бұхар әміршісі болғаннан бері қайтадан туы көкке өрлеп, күшейе түскен. Бірақ, Шайбани ордасының тым дәуірлеп кетуіне арасындағы алауыздық көп қырсық етті. Алауыздықтың негізі — Ташкент әміршісі Бабасұлтан мен Абдолла арасындағы таластан туған.
Бұл таласқа қазақ хандары да жан сала кіріскен-ді. Абдолла жағында Шағай, Бабасұлтан жағында Хақназар. Абдолла мен Бабасұлтанның таласы, бір жағынан Хақназардың қазақ хандығын күшейтуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Шағай сұлтанды өзіне қарсы қойып, бүкіл қазақ елін біріктіруге үлкен зиянын тигізіп келді.
Бұның үстіне Хақназар қол астына енген қырғыз, қарақалпақ елдерінің арасындағы өзара тартыс, дауы да Ақ Орданың күшеюіне әжептәуір кедергі болды. Оң қырғызға жататын Сарбағыш, Солты, Бұғы, Саяқ, Черін, жер ыңғайына қарай қазақ ханына қосылса, Сол қырғызға кіретін әдігене, Жәдігер, Базыс, Бағыш, Түнғатар, Сары тәрізді рулары біресе Шығыс Түркістан ханы әбдірашитке, біресе Ақсақ Темір ұрпақтарының жағына шығып, бірігіп ел болуға көп бөгет етті.
Мұндай жағдайда Хақназар ханға біржолата берілген сенімді күш керек болды. Бұл күш Сырдария мен Қаратал бойларынан Ұлытау, Арғынаты өңірінен, Көкше теңіз, Есіл, Ертіс, Тобыл, Нұра жағаларынан табылды. Бірақ қайтадан күшейіп келе жатқан Мұхамед-Шайбанидың Ордасына қарсы тұруға бұл күш те аздық ететін еді. Шайбани Ордасына төтеп берер еді-ау, Алтай жақтан Ойрат қолы төнгелі келе жатыр. Оңтүстігінен Қытай дүбірі естіледі. Ақ Еділдің ар жағында — бүгін болмасаң ертең тұғырына қонғалы тұрған Россия…
Жоқ, ту-талақай болып әркімнің қолында кетпес үшін жалғыз жол — ел болып бірігіп, Ақ Орданың маңына шоғырлану керек. Арқа мен Жетісу өңіріндегі рулардың беті бері қарады. Ендігі кезек — әкесі Қасым да жөндеп көндіре алмай кеткен Еділ, Жайық өзендерінің арғы-бергі жағындағы көп елді Ақ Ордаға қарату. Сонда ғана бұл ел сырт жауларға қаймықпай қарсы тұра алады.
Осындай халдегі Ақ Орданың ханы Хақназар, Абдолла мен Бабасұлтан арасындағы шиеленіскен тартысты пайдаланып, өзіне аз тыныс тауып, Ноғайлы елінің кіндігі — Сарайшық қаласына келіп еді.
Ноғайлы еліне аттану үшін Хақназар Сарайшық шаһарының түбіндегі әкесі Қасымның зиратына барып құран оқып, басына қайтадан күмбезді мазар салуды сылтау еткен. Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. Бұл елдердің қазіргі бас көтерер адамының бірі — атақты Шалкиіз жырау, қалың қолмен Хақназар келе жатыр дегенді естіп, сойыл ұстап қарсы шықпақ болған желөкпе жігіттерін басып, ханды құрметпен қарсы алуға кеңес берген. Қарт жыраудың ақылын ақсақалдар да мақұл көрді. Ақыры, Хақназар ханды жұрт болып шын ықыласпен қарсы алған.
Келесі күні екі жақ келіссөзге кірісті. Шалкиіз жырау қартайған соң Ноғайлының түп қазық биі болған Қойсары би толғауын бастап кетті.
— Ойлай берсең — ой да көп, уайым да көп. Ойнай берсең — ой да жоқ, уайым да жоқ! — деп бастады сөзін Алшынның ақ саңлағы. — Бір жайлауда іргелес, бір керуенде тіркелес ел едік, екі сана қол ертіп Ноғайлыға келуіңде, Хақназар хан, гәп болар. Әйткенмен сөздің басын сұрақтан бастайын. Кәрі құлақ еміс сөзге де емексиді, әкең Қасым ханның зиратына құран оқып, мазар сал- ғалы келген сыңайың бар секілді… Қасым хан саған әке болса, Ноғайлыға хан еді, мазарының басындағы алтын айына дақ түсірмей отырғанымызды кеше көзің көрді, — деп Қойсары би ханға әскермен келуінің төркіні басқа-ау деген тұспалды бір аңғартып өтті де, — иә, Қасым алдияр жігіттің сырттаны еді, маңдайымызға сыймады, қара жер оны да алды, — деп аз бөгеліп отырып, ар жағын тақпақтап кетті: — Қара жер жалғыз Қасымды алды ма? Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі. Жердің жүзін жұтса да бір тоймайды, қара жердің талысы. Өлім деген — ұзақ жолдың алысы.