Алайда Әбілқайыр Россия секілді ұлы мемлекетті аз қолмен қарсы шығып, мұқата алмайтынын жақсы білетін. Сол себептен де ол баласы Қожахметті босатып аламын ба деген үмітпен, тұтқынға түскен орыс адамдарын қайтарып бергізуге бірталай әрекет істеді. Бірақ орыс әкімдері оның бұл ойын тағы теріс ұқты. «Бізге қарсы әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын білгендіктен, Әбілқайыр бұрынғысынан көрі жуасыды» деп жазды Неплюев Сыртқы істер коллегиясына.
Ал бұл кезде Жоңғармен тіл табам деген Әбілмәмбеттің де басқыншы елмен дос бола алмайтынына көзі жеткен. Қалден Цереннің бар көздегені қазақ елін бүтіндей өзіне бағындыру екенін Орта жүздің ханы түсінді. Россия патшалығы алдында Әбілқайырдың беделінің түсе бастағанын білген Әбілмәмбет енді орыс әкімдерімен тіл табуға тырысты.
Демек, орыс әкімдері Әбілмәмбеттің және оған ерген Абылай секілді сұлтандардың мұндай ықыласын пайдаланғысы келді. Енді Орынбор губернаторы Неплюев өзінің ескі әдеті — қазақ хандарын, сұлтандарын бір-біріне айдап салатын әдісіне қайта көшті. Ол енді Әбілқайырға қарсы Барақ сұлтанды пайдалануды ойлады. Бұл кезде Әбілқайыр мен Барақтың арасы әбден шиеленісіп болған. Осыдан жарты жыл бұрын ғана Барақтың баласы Ханбабайдың Созақты билеп тұрған әкесіне Хиуадан Сырдария арқылы жіберген жетпіс түйелі керуенін Әбілқайырдың жасақтары талап алған, осы керуен жайында хабар берген Неплюевтің өзі еді.
Бұл кезде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Түркістанды беремін деп алдаған Қалден Цереннен мүлде ат құйрығын үзген. Жоңғар қонтайшысының шақыр- ғанына, ақсақалдармен ақылдасып бармай қойған. Бұған ашуланған Қалден Церен қолындағы Әбілмәмбеттің аманат баласы әбілфейізді, Барақтың ұлы, Шағайды өздеріне қайтарып, қазақ даласындағы елшілерін, саудагерлерінің бәрін жинап алған. Бұнысы Қалден Цереннің тағы соғысамын дегені еді. Бұндай жағдайда Орта жүздің ханы Әбілмәмбет те, батырлары Барақ, Абылай, Жәнібек, Бөгенбай, Күшік те, Кіші жүздің белді адамдары Бұғыбай, Бөкембай, Алтай, Тайман, тіпті хан балалары Нұралы, Ералы, Айшуақ та Россия жағына шығып, соны паналауды ұйғарған. Бұны біреуі ел қамын ойлап істесе, енді біреулері қорыққандығынан мақұлдады. Барақ секілділері Россия патшасына бағынуды түпкі ойы ұнатпаса да, басқа лажы болмай, амалсыз көнді.
Бүкіл Орта жүз бен Кіші жүз басшыларының бұлай Россия жағына күрт құлауына тек Жоңғар қонтайшысымен араларының қиындап кетуі ғана себеп болған жоқ. Халық бұл кезде соғыстан, алыс-жұлыстан әбден шаршаған еді. Енді ол аз уақыт болса да тыныштық іздеп, өзінің азып-тозып бара жатқан шаруасын жөндегісі келген. Мұндай аласапыран кезеңде халық тыныштық тек орыс патшалығы арқылы ғана келеді деген сенімде еді. Өйткені Россия патшалығы кеше қазақ жеріне бекініс ретінде салған: Орск, Елецк, Троицк, Үйшік, Ямшенев, Семейпалат, Тобольскілердің бәрінде де сауда-саттық жүргізе бастаған. Қазақ еліне керегі де осы. Енді олар бұл қалалардағы орыс саудагерлеріне малын, терісін, жүн-жұрқасын сатса, өзіне керек астығын, матасын, қазан-ошақ, ыдыс-аяғын, кетпен-балтасын алды. Орыс әкімдері қазақ еліне тек мылтық, күкірт секілді қауіпті заттарды көп сатуға рұқсат етпеді.
Россияда сауда қалаларының күшейе бастағаны соншалық, ондағы болатын жәрмеңкелерге қазақ жерін басып Орта Азия хандарының сауда керуендері де келді. Ал қалың бұқара орыс қара шекпендерімен таяу танысып, олардан егін салу, балық аулау секілді өнегелерді үйренуге кірісті. Көбі өзі секілді шаруалармен тамыр-таныс боп алды. Орыс әкімдері де бос жатпады. Біресе Әбілмәмбетке, біресе Абылай, Барақ, Жәнібектерге бір кезде Россия қол астына кіргендерін құлаққағыс етіп, кісі жіберумен болды.
Осы тұста Кіші жүз ханы Әбілқайырдың күйі бұрынғысынан да нашарлай түсті. Екі жүзділік саясатының салдарынан ол не қазақ елінің, не орыс патшалығының сеніміне кіре алмады. Ал Орынбор губернаторы Неплюев өз жұртының алдында қадірі кеткен Әбілқайырдан мүлдем құтылуды қарастыра бастады. Бұл жолы ол Әбілқайырды сенат, не Сыртқы істер коллегиясы арқылы емес, Кіші жүз ханының Орта жүз сұлтандарымен бәз баяғы бас араздығын пайдалану арқылы-ақ құртпақ болды.
Ал Әбілқайыр енді тікелей Петербургпен тілдеспекке қол созды. Ол өзінің Неплюевпен қырғи-қабақ екенін айтып, жәрдем сұрап Тевкелевке хат жазды. Орынборға бұл хатты алып келген Құдабайды ертеңіне Неплюев шақырып алды.
— Орынборға неге келдің? — деді амандықтан кейін.
Құдабай жасырған жоқ.
— Әбілқайыр ханның генерал Тевкелевке жазған хатын әкелдім. Осы жерден Петербургке баратын біреу арқылы беріп жібермекшімін.
— Хат не жайында?
әрине, дворян тәрбиесімен өскен Неплюев бірудің хатын ашып оқудан аулақ еді. Ал тілмаш, ханның өтінішімен өзі жазған хаттың дымын да жасырмай бәрін айтып берді. Хаттың түпкі мәні Кіші жүздің ханын Орынбор губернаторымен татуластыру жайында және Неплюевтің өзі сенатқа жазған Әбілқайыр екеуінің арасындағы қайшылықтар туралы болғандықтан, Неплюев Әбілқайырдың аңқаулығына езу тартып күлді де:
— Жақсы, хатыңды ертең біздің почта арқылы жібер, — деді. Сосын кетіп бара жатқан Құдабайды тоқтатып, — Кіші жүз ханы мен Орта жүз сұлтандарының арасындағы бақ таластықты, қайсымыз орыс патшасына көбірек жағынып, атақ-дәреже аламыз деуден туған өшпендікті өзім де жақсы білемін. Бірақ мәселе қазір онда емес… Басқада. Россия патшалығы енді Әбілқайырға арқа сүйей алмайды…
Құдабай сәл басын көтерді.
— Әбілқайыр хан райынан мүлдем қайтып, біржола Россия патшалығына арқа сүйегісі келсе де ме?
— Бәрібір, — деді Неплюев. — Енді Әбілқайыр райынан қайта ма, қайтпай ма, маңызы жоқ. Өзінен ақылды жас шықса, кәрінің оған жол беруі жаратылыс заңы…
«Ол жасың Әбілқайырдың баласы Нұралы ғой! — деді ішінен Құдабай. — Нұралы шу бастан өзін дұрыс ұстап келеді. Бірақ Әбілқайыр тәрізді көкжалдар бір бұлқынғанында жоқ қылғалы тұрған арыстан ашуланса, Нұралы секілді көжектің несін қалдырады?»
— Сонда… Біздің ханымызды орнынан түсірмексіздер ме? — деді тәуекелге бел буған Құдабай, — сенат ол туралы указ берді ме?..
— Өйте қояр ма екен… — Неплюев енді Құдабайға ызғарлана қарады. — Патша үкіметінің Әбілқайырда енді шаруасы жоқ. Қазақ сұлтандарын өзіне қарсы қойған екен, жауабын да өзі берсін…
«Сонда Әбілқайырды о дүниеге қай сұлтан жөнелтуге тиісті? — Құдабай тіпті терлеп кетті. — Губернаторы қайда бастап барады?»
— Меніңше қазақ еліндегі оның қас жауы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет, — деді Құдабай. — Екеуінің арасындағы бақ таластық…
— Жоқ, Орта жүздің ханы бұл іске жарамайды. Әбілмәмбет Әбілқайырды өлтіріп, бүкіл Кіші жүзді өзіне қарсы қояр ақымақ емес. Басқа қайсысы бар?
— Барақ сұлтан… Екеуінің арасындағы өшпенділік бірін-бірі нағыз өлімге қиярлық жағдайда. Оның үстіне Барақ сұлтан орыс қалаларының қазақ жеріне салына бастауының бас айыпкері Әбілқайыр хан деп санайды, Кек алуға ол тайынбас…
— Иә, Барақ сұлтан бізге де дос емес, «қол астына кірдік» деген анты құр шығарып салма сөз. Шын беріліп жүрген ол жоқ. Міне, осы Барақ сұлтанды пайдалану керек…
— Сонда маған не бұйырмақсыз?
— Барақтан жоңғар қонтайшысы құнын сұрамайды. Рақметін айтады, сенің міндетің — Бараққа біздің ойымызды сездіру… Және Россия патшалығының да қуғын салмайтындығына сендіру.
— Жоңғар мен орыс патшасы Әбілқайыр үшін, Барақты дарға асып, оққа байламайды делік. Бірақ мұндайда жайшылықта жек көргенмен, хан құнын жоқтар Кіші жүздің рулары бар емес пе? Барақ олардан сескенбей ме? Қанша көкжал дегенмен, оған да жан керек қой.
— Кіші жүз руларын Нұралыға жібер. Болашақ хан өзіне бағынышты елімен тіл табысар…
— Ал өзім жайында…
— Өзің жайында қам жеме… Россия империясы өз адамын қашан да қорғай білген.
Қанша сұм болғанмен, Құдабай осынау бір алыста жатқан сұмдықтың ыз- ғарынан өзін тоңып кеткендей, бозара қалды. Тыңшысының мұндай халін ал- ғашқы рет көрген Неплюев оның көңілін ашқысы келді.
— Орынборға көптен бері келген жоқсың ғой, — деді сөзді басқа жаққа бұрып. — Губернатор кассасында бірталай еңбек ақың жатыр. Соны ала кет.
Жаңа ғана салы суға кетіп тұрған Құдабайдың түрі енді жайнап сала берді.