— Құп, тақсыр, сеніміңізді ақтауға бармын.
— Әбілқайыр Муравинді өзіне патша үкіметінің атынан келген кеңесші деп санайды. Солай деп онымен келісілген. — Генерал күлімсіреген болды. — Кеңесші тілмаш емес, ханның ішінде не жатқанын да біліп тұруға міндетті. Ал осы прапорщик барғанша оның міндеті саған жүктеледі…
Неплюевтің өзіне сенбей Муравинді жіберіп отырғанына іштей наразы болып қалған Құдабай:
— Ол міндетті мен бұрын да атқарып келе жатқан жоқ па едім? — деді төмен қарап. — Және жаман да атқармаған секілді едім.
Неплюев өз тыңшысының көңілін тақа жүдеткісі келмеді.
— Сен жаман жұмыс істеп жүрген жоқсың. Адал еңбегің үшін дәрежеден де құр қалмассың… Прапорщиктен саған келер зиян жоқ. Бар!
— Құп, тақсыр.
Жарты сағаттан кейін Құдабай Әбілқайырдан көптен бері қолы жетпей жүрген сусар бөрік пен оқалы шапан киді. Бірақ хан одан жақында өзінің Ордасына Жанкентті тексеруге прапорщик Муравин келетінін, ал оның негізгі қызметі ханды аңду екенін білді. Ал сол күні түнде Неплюев Петербургке, сыртқы істер коллегиясына: «Әбілқайыр туған баласын аманатқа беріп отырып, Россияға қарсы шыға алмайды, бірақ оған сенуге де болмайды, өйткені ол екі жүзді және тәкаппар адам» деп хат жазды.
… Ал бұл кезде Әбілқайырдың орыс патшасының алдында тек өзім ғана адал болып көрінсем деген саясатының арқасында, Россия әкімдеріне өкпелеген Орта жүз ханы Әбілмәмбет Түркістан шаһары мен оның төңірегіндегі Қарнақ, Сукент, Сауран, Сығанақ секілді тағы отыз екі қаланы қайтарып берем деген Жоңғар қонтайшысының сөзіне сеніп, бір мың жеті жүз қырық екінші жылы Боқыраудың басында Қалден Церенге аманат етіп, өзінің кіші баласы әбілфейізді жіберді. Кешегі жауына бас иген бұл қылығын ол бір жағынан, осы кезде Жоңғар қонтайшысының қолына тұтқынға түскен Абылай сұлтанды босатып алу үшін істеген боп көрінді.
Бұрын өзіне қарсы кеп, әр басқан адымын аңдып отырған Орта жүз ханының өз жағына шығатын құлқынын сезген Қалден Церен қырық бесінші жылы орыс бекіністері мен қазақ жерінің іргелеріне жиырма мың қарулы әскері мен жол салуға арналған жеті мыңдай адамын әкеп қойды. Бұның бәрі бүгін болмаса, ертең қазақ жерінің дәл ортасына басып кірудің дайындығы еді. Үлкен айқас басталғанша олар жақын тұрған қазақ ауылдарын дүркін-дүркін шауып, мазасын ала берді.
Мұндай қиын жағдайда Орынбор әкімдерінің алдында екі түрлі міндет тұрды. Бірі, осы уақытқа дейін қазақ даласынан жырып алған жерлерін, салған бекіністерін сақтап қалу болса, екіншісі, қазақ даласына Жоңғар әскерін кіргізбеу.
Бұнымен қатар Орынбор губернаторы Кіші жүздің еліне Жайық өзенінің арғы бетіне мал жаюды тоқтатуды бұйырды, Жайық пен Еділдің ортасында бұрыннан көшіп жүрген кейбір рулар енді бұл араны тастап, Жайықтың бергі бетіне қуып шығарылсын деді. Ал бұған қазақ ауылдары көнбейтіндей ниет көрсетсе, осы маңдағы казак-орыстардың қарулы күштерінің бас қолбасшысы подполковник Ртищевке қалмақтың қарулы әскерлерін қазақтарға қарсы қолдануына рұқсат етілді. Және қалмақтарға қазақтардан талап алған мал-мүлік, тартып алған жерінің бәрі өздерінің қарамағында қалатынын айтты. Ал бұндай шараларға көнбей қарсылық істейтін қазақ ауылдарының басшыларын, сенат өзінің бір мың жеті жүз қырық төртінші жылғы бесінші марттағы указы бойынша «ұстап алып, Орынбордағы Роговик, Сібірдегі Нерчинскийдің күміс шығаратын заводтарына жер аударылсын» деп жарлық етті. Бұл шара аз болғандай, бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясы қазақ елі Жайық өзенінің оң жағына малдарын айдамас үшін, бұл өзеннің сол жағасы Каспий теңізіне дейін күзді күні өртелсін деп бұйырды. Бұнымен қатар орыс бекіністерін қазақ ереуілшілерінен сақтау үшін қазақ жеріне қарулы әскер шығаруға указ берді. Бұл указ бойынша, қарулы әскер қызметін Жайық бойының казак-орыстарына міндеттеді. Оларға қазақтардың жылқыларын ғана айдап алу емес, өздерін де тұтқын етіп, жер аударуға рұқсат етілді. «Шаш ал десе бас алатын» казак-орыстар енді ойларына келгенін істеуге еркіндік алды.
Мұндай жағдай тек қана Жайық бойында емес, Сібір губернаторының қарамағындағы қазақтарға да қарсы пайдалануға бұйырылды.
Бұл қысым жалғыз қазақ кедейлеріне ғана емес, жақында ғана кеп, жаңа жерге қоныс тепкен орыс шаруаларына да түсті. Патша қанауына шыдай алмаған бұқара арасында Пугачев бастаған көтеріліс белгі бере бастады. Бұған қазақ, башқұрт секілді ұлттардың кедей тобы да қосылды.
Неплюев қазақ елі мен патша үкіметінің арасындағы қырғи-қабақтықты бәсеңдетудің бір айласы бітім сөз жүргізумен қатар, қазақ даласымен сауда-саттықты кеңейте түсуде деп ойлады. Ол, тіпті, бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясына берген рапортында: «Бұл халықты құр қорқытумен ғана емес, көбірек сауда-саттық секілді жақсылық істер арқылы да бағындыру жолын ойлауымыз керек» деп жазды. Егер бұған қазақ елі көнбейтін болса, оларды күшпен бағындыру үшін, өзіне және Ойыл жолындағы әскердің бастығы генерал-майор Штокманға Жайық қазақ-орыстарынан екі мың, Орынбор мен Ор бекіністеріндегі әскерден бес мың солдат берілуін сұраған. Түбі бұл әскер аз бола қалса, тағы қалмақ, башқұрт, шоқынған татарлар мен мешерлер секілді Россия патшалығына бағынышты бұратана ұлттардан он мыңға тарта қарулы адам қосылсын деген. Әрине, осыншама әскерді Неплюев неге сұрап отырғаны Сыртқы істер коллегиясына да айқын еді.
Осындай жағдайда қазақ елінің өз тәуелсіздігін сақтап қалуы екіталай шаруа.
Бір жағынан жиырма мың әскерін жалақтатып жоңғар қонтайшысы Қалден Церен, екінші жағынан дәл осындай әскерін қазақ жеріне кіргізе бастаған орыс патшасы. Жан алқымға енді келді. Хан мен сұлтандар өздерінің жолын тауып жатты: бірі орыс патшасына қызметке кірді, бірі Жоңғар қонтайшысымен ауыз жаласпақ болды. Ал қара халық ше? Жерінен, бостандығынан айрылуға жақын қалғанын сезіп, жанталасты.
Орыс патшасы арқылы «жұмақ орнатам» деген Әбілқайырдан да, Жоңғар қонтайшысы арқылы тыныштық әкелем, атамекен Түркістаныңды қайтып әперем деген Әбілмәмбеттен де халық суий бастады. Білегін сыбанып жіберіп, ол енді батыр жігіттерінің соңына ерді. Орыс патшасы салдырған бекіністерді шапты, керуендерін тонады, патша солдатының қолынан бір шаруа өлсе, оның құнын екі есе қайтаруға тырысты. Осылай Кіші жүздің көп рулары атқа қонса, Орта жүздің жігіттері де бос қалмады. Әбілмәмбет ханнан көрі, енді олар өз араларынан шыққан Баян, Малайсары, Бөгенбай, Бұқарбай, Олжабай, Елшібек секілді батырларының жасағы боп, тұс-тұстан Жоңғар қонтайшысының үстемдігіне қарсы шықты.
Орыс патшалығынан не әскер, не Жайықтың арғы бетінен жайлы қоныс, не аманатқа берген баласы Қожахметті қайтып ала алмаған Әбілқайыр өзінің қадірінің шын түсе бастағанын енді айқын сезінді. Бұл Әбілқайырдың емес, Орынбор губернаторы Неплюевтің қатесі еді. Әбілқайыр қазақ елін Россияға қосу жолындағы алғашқы қайраткерлерінің ең табандысы екені даусыз болатын, ел көзінде оның қадірін көтере білу керек еді.
Соңынан ерген жұртының өзінен алыстай бастағанын ұққан Әбілқайыр қатты састы. Біресе қарамағындағы елді Орта Азия хандарының жеріне көшуге, не болмаса Иран шахының қол астына кіруге үгіттеді. Ондағы ойы егер қазақ рулары солай қарай ауар болса, орыс патшасы қарамағыма өзіме керек әскер беріп, қазақ елін біріктіруге тағы шақырар деген үміт. Бұдан да ештеңе шықпады. Қазақ жұрты жат ел хандарына жалынышты болғаннан гөрі, қандай қиындық көрсе де өз жерінде қалғанын артық көрді. Бұл бір ерекше өкініш еді. Нәдір шах әскері келмей тұрып, 1744 жылы Әбілқайыр Хиуаны басып алған. Соңынан тұрғын елдің бүліншілігі арқылы аз уақыт бұл араға Нұралы да хан болған. Нәдір шах мұны да қуып жіберген. Хиуа хандығынан айрылып қалған Әбілқайырдың жүрегін өкініш жегідей жеген. Халық болса жолын өзі тауып кете ме деп қорыққан Әбілқайыр, сасқанынан орыс патшалығына қарсы қимыл көрсете бастады. Сондай әрекеттің бірі қырық жетінші жылы болды. Әбілқайырдың ақылымен қазақтың екі мықты қолы Үйшіктің төменгі жағындағы мұз боп қатып қалған Жайық өзенінің үстімен өтіп, Қызылжар деген жерде қалмақтардың ұлысы мен орыс балықшыларының қалашықтарын шапты. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды. Алты жүзден астам қалмақ пен орыс адамдарын тұтқын етіп өздерімен бірге әкетті. Осы жылы тағы да қазақтың бес жүз адамнан құрылған жасағы Үйшікті айнала өтіп, үстірт арқылы Еділдің жағасына шықты. Тағы тыныш жатқан жұртты шауып, мал-мүліктерін олжа етті. Бірақ жолай өздерін аңдып жатқан казак-орыс жасағына душар болып, әзер қашып құтылды. Әбілқайыр Россия бекіністеріне қарсы басқа да жорықтар ұйымдастыра бастады. Әбілқайырдың бұндай қылығын көрген Кіші жүздің кей рулары оның маңына қайтадан шоғырлана түсті.