— Бахтияр баһадур! — деді Әбілқайыр. — Күн нұрынан жаратылған қасиетті бабам сайыпқыран Шыңғысханды ауызға алмай-ақ қояйын. Бүкіл Дәшті Қыпшақты билеген Жошының тұсында елдің бір бөлігі ханнан безіп, түп көтеріле көшу деген болушы ма еді.
— Жоқ, алдияр, — деді әскербасы.
— Ал, сол Жошының атының тұяғы тиген жерге мен де тегіс билік жүргіздім. Жошы әкесі Шыңғыстың арқасында жетіп еді ғой ол билікке. Дәшті Қыпшақты дүрілдетіп қайтадан ел қатарына қосқанда мен тек күшіме, өз ақылыма ғана сүйенгем…
— Иә, алдияр, қияға тек қыран бүркіт қана жете алады, — деді әккі әскербасы, мұндай сәтте хан иесінің мақтан сүйетінін есіне алып.
— Бірақ қыранға да серік керек, — деді Әбілқайыр. — Жошы бабамыз жанына кімді ертерін білген… — Сол себептен де жеңілмей келген… Ал мен… — хан айтайын деген сөзін бүгіп қалды, — соның арқасы болуы керек, қарамағымдағы елімнің тең жартысынан айрылдым…
Әбілқайыр ашуға булығып, демігіп, сөйлей алмай қалды. Бахтияр сұлтанда да үн жоқ, орданың ішінде шыбынның ызыңы естілердей ауыр тыныштық орнады. Ақыры үнсіздікті Әбілқайырдың өзі бұзды.
— Ханның әмірінен бас тартып, Моғолстанға қашқан қарашылардың жазасы қандай болмақ?
— Өлім… — деді Бахтияр даусын қатты шығаруға қорыққандай күбір етіп.
Сол-ақ екен. Ордада тұрған жұрт бірауыздан ду ете түсті.
— Өлім, алдияр.
— Өлімнен басқа кесім болмауға тиіс.
— Өлім.
Айтарын айтып қалғанмен, бәрі де өз сөздерінен өздері қорыққандай жамырай барып қалт тынды.
— Үкімдеріңе разымын, игі жақсылар — деді Әбілқайыр зорлана жымиып. — Оны орындау өздеріңе жүктеледі. Қолда бар әскер түгел ертең таңнан қалмай осы Орданың түбінен табылсын. Жаудың қорғанын қырып, қалғанын құлақ кесті құл етіп өз деңгейіме бас ұрғызбасам, Әбілқайыр атым құрысын!
Қанша ашуланса да, дауыс көтермейтін Әбілқайырдың мұншама ерен сөйлеуінің себебі ызадан екенін жұрт бірден ұқты. Қарсыласып ешкім тіл қатпады.
Бұйрықты беру оңай да, оның орындалуы қиын. Мұны Әбілқайыр жақсы білетін. Әсіресе бұ жолы. Сөйтсе де тәуекел деп ойлаған. Егер қарауында қалған елдің бас көтерер, қару ұстар ер-азаматтары түбімен қопарыла аттанса, әлі орналасып болмаған Керей мен Жәнібек көшін талқан етіп шауып, ел-жұртын шулатып, алдына сап малша айдап қайту оған мүмкін-ақ көрінген.
Бектер мен батырлар, «игі жақсылар» Ордадан шығысымен-ақ әрқайсысы өз қарауындағы руларына шапқан. Елдің елеңдеп отырған уағы, бір күннің ішінде әскер жиып алу әбден мүмкін іс еді. Басқаны былай қойғанда, хан Ордасының төңірегінде отырған, Әбілқайырға әбден берілген, сенімді деген сарбаздың өзі қаншама.
Бас әскербасы Бахтияр хабаршы, шапқыншыларды аттандырып болысымен, осы өз қарауындағы сарбаздарды жорыққа қамдауға кіріспек болды.
— Үргеніштен қайтқалы жамбастарың сарғайып аз жатқан жоқсыңдар, — деді ол Ордаға өңшең «жақсылардың» тегіннен-тегін жиналмағанын аңдап, әлдебір сұмдықты күтіп топ-топ боп, үдірейісіп тұрған сарбаздарға келген бойда. — Қылыштарың да қынабында жатып қалып, тот басуға айналған шығар. Құдай тілеулеріңді берді. Олжаға да қарық боларсыңдар.
— Уә, пәлі! — деді бір жас сарбаз ыржалақтап. Қынабынан қылышын суыра түсіп, жөткірініп қойды. Әйткенмен, қалған жұрт бұл құсап алақайлап кеткен жоқ. Сөздің артын тосып тұр.
— Бұл жолғы жау — басы шоқты қалмақ та, жылмағай жүзді шүршіт те емес. Алынуы оңай жау. Ел болып басын қоса алмай жатқан әлгі Керей мен Жәнібектің қашқындары. Ал қашқан жауға қатын ер…
— Ой-дой!
әскербасы көп ішінен күңк ете түскен дауысты құлағы шалып қалса да, құр доңайбат жасаумен болды.
— Қашқан жауға қатын ер, — деді ол сөзін қайталап, жан-жағына көз тастап. Кәне, батыр болсаң шығып көрші дегендей, әскеріне түксие қарап біраз тұрды. Бірақ бұл жолы тірі жан қыбыр етпеген соң, сөзін қайта жалғастырды. — Ал сендер сайыпқыран ерлер емессіңдер ме?! Тентек Жәнібек пен ақылынан адаса бастаған Керейді ат құйрығына байлап, ал оларға еріп, ханымыздың қасиетті Ордасынан безген жалаңаяқтарды қойдай маңыратып, қозыдай шулатып айдап келу — сендер үшін түк емес.
— Сайыпқырандық қолдан келсе! — Бұл — мана алғаш үн шығарған кісі еді. Жасы отыз бес-қырықтардағы көк көз сары жігіт Орысбай болатын. — Шаруадан босай алсам жақсы ғой…
— Менде сылтауратар ешқандай шаруа жоқ, бірақ… бұл сапарға қинамасаңыз… — Бұл сөзді айтқан бетінде қылыш таңбасы бар, елулер шамасындағы кәрі жауынгер Қоқыш деген еді. Бар өмірін Әбілқайыр есігінде өткізген кедей төлеңгіт…
Сол-ақ екен, күңкіл-сүңкіл көбейіп кетті.
Шаруа жайы қиын ғой, жорықтан қажып қайттық…
— Мал бар, бала-шаға бар…
— Уақыттың өзінің тар боп тұрғанын көрмеймісіз…
— Тоқтат, өңшең шуылдақ! әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп пе едіңдер? Жорық көрмеп пе едіңдер? Сонда үйде шаруам қалды, қатыным қалды деп қайсың айтушы едің?! әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек!
— Тақсыр, — деді Орысбай иығын қомданып, алға шығыңқырап. — әрине, біліп, сезіп отырсыз, шаруа дегеніміз тілге тиек қана. Шынымды айтсам, мен жазықсыздан-жазықсыз өз бауырларыма қарсы қылыш көтеріп, адам алдында бір, құдай алдында екі күнәкар болғым келмейді. Онсыз да төгілген қан аз емес. Дәрежең кем демесең, мен де ата мен анадан туған ұлмын. Ешкімнің де басыбайлы құлы емеспін. Өз еркім өзімде. Бұл жорыққа бара алмаймын.
— Қинамаңыз, мырза.
— Тақсыр-ау, ел бетіне қалай қараймыз…
— Хан мен сұлтандар жанжалдасты деп екі ортада шаруа неге қырылуы керек…
— Өзара жауласудың қанша қажеті бар…
Жұрт дабырласып, дүрлігісіп кетті.
— әй, Қоқыш, әй, Такежан, әй, Күйгенбай, — деді әскербасы қарашы халықтың мына райын аңдаған соң, Әбілқайырдың басыбайлы төлеңгіттерінің атын арнайы атап. — Хан иемнің бауырында өскен күшік емеc пе едіңдер, дәмін ақтамай, құдайды ұмытқандарың қалай?!
Топ ішінен біреудің кеңкілдеп күлген даусы естілді. Бірақ төлеңгіттердің көбі не айтарын білмей тосылып қалған еді, көп атынан Қоқыш сөз алды.
— Дәм ақтайтындай, ешкімнің хақысын жеген жан емен, — деді ол әскербасыға тура қарауға қаймыққандай, көзімен жер шұқып. — Бірақ хан бұйырса қай жорыққа болмасын барам. Әйткенмен, тақсыр, сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды деуші еді, құр қара көбейтсін демесеңіз, қан төгуге ар-ожданым шыдамас.
— Өңшең ез! Сендер жау түсірмек түгіл, өздерің олжаға кетерсіңдер! — деді күйіп кеткен әскербасы булыға.
Бұдан әрі күш көрсетуге Бахтияр сұлтан бара алмады. Әскер дені көшкен елмен тілектес екенін сезгендіктен не айтарын білмей тұрып қалды.
Кешке қарай әр тараптан хабаршылар да жете бастады. Елегізіп отырған ел хан жарлығын қуанышпен қарсы алмапты. Тіпті, кейбір рулар хан ием біздің Жәнібекке ермей, өз қарауында қалғанымызға неге шүкіршілік айтпайды десіпті. Ал енді бірталайы игілікті іс үшін хан өлімге жұмсаса да барар едік, бірақ бұ жолғысы қиянат, өз бауырларымызбен соғысуға аталарымыздың аруағынан қорқамыз деген көрінеді. Жарлыққа мойын ұсынғандар аз еді. Осының нәтижесінде Әбілқайыр жасағы ханның өз ойлағанынан екі-үш есе кем боп шықты. Бұл жиналған жұрттың өзінің қаншалық сенімді екені күмәнды.
Ақыры хан, үстіне жан адамды кіргізбей, көз шырымын алмай, дәм татпай ақ орданың ішінде бір күн, бір түн бойы ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. Әбілқайыр бұ жолы, шынтуайтқа келгенде ел тағдырын хан мен сұлтандар емес, халықтың өзі шешетінін ұқты. Қазір Дәшті Қыпшақтың қалың бұқарасы өзінен опа шегіп, қазақтың жеке хандығын құрамыз деген рулар жағына мүлдем шығып кеткеніне шек келтірмеді. Енді ол Жәнібек пен Керейлерді хандық құрмай тұрғанында басып алу үшін жорыққа аттану жайлы ойынан бас тартты. Өйтпеске шарасы да жоқ-ты. Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп, аңысын аңдуға көшті.
Екінші бӨлім
І