Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Оған қоңырқай дауыс жауап берді.

— Өз әкесін өзі өлтірген әйелмен, қанша жақсы көрсем де, бір төсекте жата алмас едім.

— Онда өзің өлтіруің керек еді.

— әкесін өлтірген адамды қандай әйел шын көңілімен ерім дейді?

— әрине ғой, — қызы күрсінді, — садағымды тартуға менің де дәтім бармас еді… Тек ыза… — сөздің ар жағы естілмеді.

Әбілқайыр аздан кейін көзін ашып жан-жағына қарады. Бірақ ешкімді көрмеді. Аламандар оң жақтағы қалың қарағаш арасына кіріп кетіпті. Кенет Әбілқайырға хабар берген керней үні шықты. Жорық дабылына үйренген Тарланкөк арқырай кісінеп қоя берді. Көп кешікпей серіктері де жетті. Өліп жатқан жолбарыс пен жолай жайрап қалған қасқырларды көрген Бахтияр-баһадур мен нөкерлері хан ерлігін мадақтай жөнелді. Бірақ оған Әбілқайыр ләм-мим деп тіл қатпады, қабағы түксиіп сазарды да қалды. Ол қазір алай-түлей өкініште еді. «Отыз жыл хан болсам да, осы мезгілге дейін өзіме керек адамды таңдай білмеймін. Әлгі жігітпен ғой тіл тапсам әскеріме қандай қолбасшы болар еді. Сондай адамдармен ғана әлемді бағындыра аласың! Қап! Қап!

Хан батырлығының куәсі етіп нөкерлері жолбарыс пен арлан қасқырлардың терісін сойып алып, алдарына бөктеріп, кейін қайтты. Әбілқайырда әлі үн жоқ, сол қабағын қарс жапқан қалпында. Тек нөкерлері ханның жеңісті екенін күні бұрын бар әлемге дабырлата білдіріп, сырнай-кернейлерін барылдата тартып келеді. Шатырларына таяғандарында ғана Әбілқайыр қасындағы Бахтияр-баһадурға:

— Егер мен жоқ жерде батыр Саян мен менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым қолдарыңа түсе қалса, — деді өзгелерге естіртпей, — менің қызымның басын алыңдар. Ал батыр Саянды сый-құрмет көрсетіп босатып жіберіңдер.

— Құп, тақсыр!

Бахтияр, баһадур осы бір болмашы сөзден ханның неге үндемей келе жатқанын ұқты. Жолбарысты батыр Саян өлтірді-ау деп жорамалдады. «Бәсе, жолбарыс жүрегінен суырылған жебе хан жебесіне ұқсамайтын еді-ау». Батыр жігіттің тек жолбарысты ғана өлтірмей, ханды да ажалдан алып қалғанына шек келтірмеді. «әйтпесе кекшіл Әбілқайыр оны қолға түссе босатып жібер демесе керек еді». Осының бәрін сезсе де Бахтияр-баһадур тіс жарып ештеңе демеді. Ханның көңілін көтерейін дегендей ол, құйрығы мен бас терісі жерге сүйретіліп бір нөкердің ерінің алдына бөктеріліп келе жатқан жолбарыс терісін көрсетіп:

— Қандай үлкен жолбарыс, — деді сәл езу тартып күлімсіреп, — егер қарсы шапқан кезінде қолыңыз дірілдеп кетіп садақты тарта алмай қалсаңыз ғой, жарып тастауы кәміл еді. Бір ажалдан батырлығыңыз құтқарды. Бұл ажалдан аман қалғаныңызға зор қуаныштымын. Сіз көрінбей кеткеннен-ақ «Ақсарбас!» садақаны айтумен болдым.

Қарсы шапқан жолбарысқа оқ кеудесінен, не басынан, әйтеуір қарсы жағынан тиер еді, ал өлген жолбарыстың жебе өкпе тұсынан қадалған-ды. «Қарсы шапқан жолбарыстың» деген сөзінен Бахтияр-баһадурдың жолбарысты мұның өзі өлтірмегенін сезіп қалғанын хан бірден ұқты. Бірақ мыңдаған жауынгерлердің жеңісін өз жеңісі санап әдеттенген хан, «жолбарысты батыр Саян өлтірді» деу- ге аузы бармады. Әйтсе де баһадурдың сөзін түсінгендігін білдіре, ол қай-тадан:

— Егер батыр Саян қолға түссе босатып жіберіңдер, — деді.

— Құп тақсыр. Ал екінші мәртебе қолға түссе ше?

— Онда басын алыңдар.

Бахтияр-баһадур езу тартты да қойды. Батыр Саянның ханды жолбарыстан құтқарғанына енді ол тіпті күмәнданбады. «Ажалдан аман алып қалғаны үшін, хан да оны бір рет өлімнен құтқаруын борыш санайды. Ал екінші рет қолға түссе. Істеген жақсылығы үшін қастық. Жақсылық та, жамандық та саудаға түскен, шіркін, қу заман!» Дегенмен, аламан жігіттерден сескенген Әбілқайыр бұдан былай қарай бұл маңға аңға шықпады. Бір апта өткеннен кейін, мыңдаған салмен сау-саламат Сейхун дариясының оңтүстік жағасына жүзіп шықты. Су киімдерін кептіріп тынығып жатқандарында, үш күн бұрын осы арадан Жәнібек пен Керейге қосыламыз деп Андижан маңайындағы қазақ руларының өтіп кеткенін естіді. Хан қашқан елдің соңынан түре қуып, қырып тастауға әскеріне атқа қонуға бұйрық берді. Әскері әбігерленіп, дайындалып жатқанда Самарқантты алған Мұқамет-Жөкінің сыйлыққа жіберген көші жетті. (әттең не керек, әбусейіт Қорасаннан қайтқан соң, бөтен әмірлердің күшімен өз тағын қайтадан Жөкіден тартып алды). Жүз қызыл нарға Самарқанттың бар қазынасын арттырып жібергендей Мұқамет-Жөкі. Ал бұл керуенде жүз нарға тиелген алтын ыдыс, парша, манат, шағи, дүрия, қамқа. Самарқант кілемдерінен де қымбат Әбілқайырға арналған ерекше қазына бар болып шықты. Ол әбусейіттің үлкен бәйбішесінен туған Ғибадат-Сұлтан-Бегім еді. Қос анары жаңа пісіп келе жатқан алмадай қап-қатты, үлкен қарақат көздері қолға түскен құралайдың көзіндей жаудыраған, жаңа қыз болып қалыптасып келе жатқан сұңғақ бойлы жас сұлудың мысы жеңді. Әбілқайыр қашқан елдің көшін шабуды ертеңге қалдырды. Сол күні түнде күміс бағаналы көк жібек шатырдың ішінде әлі тұғырынан тая қоймаған кәрі көкжал он үш жасар уылжыған ақ тотының аппақ төсінен шөлі қана тояттанды. Кешеден бері Ғибадат-Сұлтан-Бегімді көргеннен бүкіл денесін билеп кеткен қызуын баса алмаған Әбілқайыр, енді көңілі бір саябырлап қалың қолына көтерілуге бұйырды. Бірақ жіберілген ертөлелерден қашқан көш түнде Сейхун дариядан кейін, Қараталға қарай өтіп кеткенін естіді. Кешегі салдарды суға ағызып жіберген хан, қайтадан бір жеті сал тоқытып, кейін шегінгенше қыруар ел мекендеріне жетіп, бекініп алатынын түсінді. «Үргенішке туымды тігіп, әбден күшейіп алып Моғолстанды шапсам, әр жерге бір көшіп жүрген қазақтың қаңғыған рулары қайда кетер дейсің!» деп ойлап Әбілқайыр бетін қайтадан Жейхун дариясының жағасына бұрды. Бір түннің қызығына хан Ордасының болашағын айырбастаған қатесін ол бұ жолы аңғармады. Тек жиырма жыл өткеннен кейін бұл қатенің ауыртпалығын балалары көтерді. Өйткені осы қалың көшті Көкше теңізге құятын Қаратал өзеніне бастап бара жатқан — қазақ елінің болашақ ұлы ханы, Жәнібектің баласы Қасым сұлтан еді. Әбілқайырға бір түнде түсетін жеңіс, артынан барып оның балаларына отыз жылдық күйреуге айналды.

Хан қалың қолымен құмайтты, сорлы сұрғылт даланы басып үш күннен кейін, Жейхун дарияның сол жақ жағасына жетті. Енді осы дарияның бойымен жоғары қарай жүріп отырып, Үргеніштің тұсынан шықты. Бұрын, отызға толмай тұрған шағында ол қан-жоса қырғыннан кейін екі аптаның ішінде Үргенішті алған-ды. Шаһарға көк Орданың көкшіл жібек туын тіккен. Орда-Базардан хан Ордасын мүлдем көшіруді ол кезде ойлаған жоқ еді. Сол күннен бастап Әбілқайыр тағы шығыс патшаларының ең күштілерінің біріне айналды. Үргеніштің жазық даласында алтын айлы, көк күмбезді мешіт салдырды. Стамбул, Пекин, Рум, Мәскеуден шеберлер алдырып, ақ тастардан, күйдірген қызыл кірпіштерден хан сарайларын тұрғызған. Әйтсе де жат жерді ұзақ қоныс ете алмаған. Ал қазір Үргенішті қапелімде қолға түсіріп, мүлдем басып қалуға күші жетпеді. Енді, амал жоқ, атының басын кейін бұруға тура келді. Бұ жолы Әбілқайырдың көздеген ескі қонысы — Сығанақ болды…

Әбілқайырдың сырты бүтін, іші түтін еді. Бет келбеті де қара күреңденіп кеткен. Жәнібек пен Керейдің және оларға ерген рулардың ішіне қан қатқанына, ашу, араздықтың оңайшылықпен тарқай қоймайтынына анық көзі жеткенімен, олар өзінен бүйтіп ат құйрығын кесісіп, мүлде бөлініп кетер деп ойламаған. Бөлінген күнде де адымы кең болмас, қайта оралар деген. Бүйтіп атадан балаға мирас қалар жаулыққа шыдамас, өйтуге батылдары бармас деп көңілін жұбатқан. Енді міне… Олар біржолата оралмай келмеске кеткен екен…

Жорық кезінде аздап басылған ыза, Сығанаққа келгеннен кейін қайта өршіді. Туын тігісімен Әбілқайыр шыдай алмады.

— Бас әскербасы қайда? — деді Әбілқайыр үй тола отырған батыр, сұлтандарға сүзіле қарап.

Қол қусырып сырттан кірген жасауыл сол еңкейген бетте шегіншектеп шығып кетті. Сыртта бір құлтекінің аузынан екінші құлтекінің аузына көшкен «әскербасы Бахтияр сұлтанды алдияр тақсыр шақырып жатыр» деген дауыс бірте-бірте әлсіреп, әлдеқайда көше қуалай ұзап барып мүлде өшті.

Көп ұзамай-ақ хан сарайына қыран қабақ, нар денелі, апай төс, орта жастан асқан бас әскербасы Бахтияр сұлтан келіп кірді. Жақсылық хабармен шақырылмағанын біліп еді, бірақ әміршісінің қанын ішіне тарта, сұрланып алған түрін көргенде көп сұмдықты басынан кешкен жүрегі зырқ ете түсті. Дегенмен сыр бермеді, ханның оң жағынан кеп орын алды.

37
{"b":"110490","o":1}