Литмир - Электронная Библиотека

ҚР ҚПК 99-бабына сәйкес процеске қатысушы, оның ішінде адвокат, қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән- жайларды анықтау, өтінішхатпен жүгінген адамның немесе олар өкілдік ететін адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін процестік әрекеттерді жүргізу немесе процестік шешімдер қабылдау туралы өтінішхаттармен тергеушіге жүгінуге құқылы. Осыған байланысты егер тергеуші менің өтінішіме 3 тәулік ішінде тиісті қаулы шығару арқылы жауап бермесе, ол мұны ҚР ҚПК 99-бабы бойынша жасауға міндетті, онда мен ҚР ҚПК 105-бабының тәртібімен осы істі қадағалайтын прокурорға шағым жазамын, ал қадағалау органы әрекет етпеген жағдайда, ҚР ҚПК 106-бабының тәртібімен тергеу сотына ұқсас шағыммен жүгінемін. Заңның көрсетілген нормасы тергеудің сотқа дейінгі сатысында заңдылықтың сақталуын сот бақылауының құқықтық тетігін бекітеді және тергеушінің немесе прокурордың әрекеті немесе әрекетсіздігін тікелей қозғайтын кез келген адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Әдетте шағым қаралғанға дейін немесе ол қаралған күні тергеуші адвокатпен белсенді түрде байланысқа шығады және түсінбеушілікті шешу үшін кездесу ұсынады. Жалпы тергеушімен болатын барлық қарым-қатынасты құжаттандыруды ұсынамын. Мысалы, тергеу әрекетінің сол хаттамасында жауап алғаннан кейін өтініш жазамын. Осылайша ол жоғалмайды, тергеуші оған жауап беруге мәжбүр болады, бірақ бұл оған ұнамайды. Ол менің әрекеттерімнің хаттаманы бұзғанын айтады, бірақ іс жүзінде олай емес, өйткені бұның бәрі заңмен рұқсат етілген. Мәселен, ҚР ҚПК 123-бабы 4-бөлігіне сәйкес, ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгізіледі, ал жазбаша нысанда жазылғандар хаттамаға қоса беріледі. Бұдан басқа, ҚР ҚПК 199-бабы 6-бөлігіне сәйкес хаттама тергеу әрекетін жүргізуге қатысқан барлық адамдарға танысу үшін ұсынылады. Олар хаттамаға енгізілуі тиіс ескертулер жасау құқығы түсіндіріледі. Хаттамаға енгізілген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер ескертілуі және осы адамдардың қолымен куәландырылуы тиіс.

Тергеушімен, прокурормен, сотпен қарым-қатынас – бұның барлығы сыртқы қорғаныс. Бірақ клиентпен, ішкі қорғаныспен қалай жұмыс жасау керек? Жалпы қылмыстық істерден айырмашылығы, экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша басынан бастап айғақтар беру, тергеуге құжаттарды көрсету қажет. Бұл неліктен маңызды, себебі көптеген адамдар экономикалық қылмыстар туралы істерде ең бастысы құжаттар деп санайды. Иә, дәл солай, бірақ осы дұрыс рәсімделген құжаттарды өзің тергеушіге бірінші көрсетіп, оның қатысы бар адамға деген қызығушылығын жоғалтатындай етіп түсіндіріп берген дұрыс. Тергеу – жедел тобы клиенттің кеңсесіне куәгерлерімен келіп, жәшік- терге салынған компьютерлері бар барлық құжаттарды тәркілеп, клиентті ешнәрсесіз қалдыруы сорақылық болып табылады. Тәркіленген құжаттардың көшірмелерін уақытысында жасамағандықтан, болашақта сол құжаттарға сілтеме жасай алмайды.

Сондай-ақ салық төлеуден жалтару үшін келесідей трюк қолданылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін салықтық тексеру актісі талап етілетіні белгілі. Егер берешек сомасы 50 мың АЕК-тен асатын болса, онда салық қызметкерлері актіні материалдарымен бірге қаржы мониторингі органдарына жібереді. Бірақ ол басқа жолмен де орын алады. Мысалы, тәжірибемде мынадай жағдай болды, букмекерлік кеңсенің басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты құмар ойындар ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы іс аясында салықтық тексеру тағайындалды. Салық кодексі бойынша қылмыстық іс шеңберінде салықтық тексеру жүргізілген жағдайда хабарлама сот үкімінен кейін ғана шығарылады. Мәселен, ҚР Салық кодексі 159-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде салықтық тексеру жүргізілген жағдайда, өзіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан салық төлеушіні тексеру нәтижелері туралы хабарлама қылмыстық істі қарау аяқталғаннан кейін шығарылады. Осылайша, кәсіпкердің азаматтық тәртіпте хабарламаға шағымдануға мүмкіндігі жоқ.

Бізде қазіргі таңда 01.01.2015 жылға дейін, яғни ҚР соңғы ҚПК заңды күшіне енгенге дейін болғандай тергеуге дейінгі тексеру жүргізілмейді. Енді сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы адамдар тінту, құжаттар алынып, шоттар жабылып, контрагенттерден жауап алу жүргізіліп жатқан кезде ғана біледі. Алайда қылмыстық істің ашылғаны туралы мәлім бір белгілер арқылы анықтауға болады. Бұл туралы банктерден, мемлекеттік кіріс органдарынан сұрау салулар куәландыруы мүмкін. Кәсіпкер мұны сезгеннен кейін бірден бухгалтерлік есепті тексеруді қамтитын компанияның аудитін өзі жүргізуі керек. Оның үстіне мұндай тексерулерде «тәжірибелі» адамды сырттан шақырған дұрыс. Онымен бірге экономикалық қылмыстық істерге мамандандырылған адвокат құжаттаманы тексерген кезде құқықтық аудит жүргізу керек, өйткені тергеуші кейін оған өзінің айыптау призмасы арқылы қарайды. Кәсіпкер адвокатына барлығын ашық айтқаны абзал, сонда ол істі дәл сол жерде тезірек реттеп, осыған байланысты тиімді заң көмегін көрсетуге болады. Кәсіпкер бухгалтерлік есеп пен заңды құжаттарға аудит жүргізгеннен кейін өз құжаттарын ретке келтіруі керек. Бәрін сканерлеп, серверді кеңсе аумағынан тыс жерге көшіргені дұрыс. Келесі қадам – ұжыммен жұмыс. Бұл жерде адвокат қайтадан өз клиентімен, яғни компанияның меншік иесімен немесе директорымен жұмыс жасап, оған қызметкерлермен қарым-қатынас жасауды тапсыру керек. Неліктен бұл маңызды, себебі тергеуші мықты адвокаттарды әртүрлі заңсыз әдістермен істен шығаруға тырысады. Олар әдейі жалған айғақ беруге мәжбүрлеу сияқты себеп табады, онда қызметкер адвокат оны осылай айтуға бұйырды деп айтады.

Мұндай істер бойынша қорғаныстың әлсіз буыны компания қызметкерлері болып табылады, өйткені жауап алу бірінші солардан басталады. Оларды жүргізу барысында негізгі шешімдерді директордан басқа кім қабылдайтыны, олар қалай қабылданатыны, кімнің қандай қызметтік функциялары бар екені, куәгердің келісімшарт туралы не білетіні, оның орындалмауы сот тергеуіне себеп болғаны белгілі болады. Сондықтан куәгерге жауап алуға заң көмегін көрсету туралы келісімі болатын адвокатпен бірге барғаны дұрыс. Сотта куәгерлердің 10-12 сағат бойы адвокатсыз тергеушімен бірге су- сыз, тамақсыз, дәретханасыз отырдық және соңында хаттаманы оқымай-ақ жай ғана қашып құтылу үшін қол қойдық деп айтып жатқандарын көріп жүрміз. Онда бұл куәгер айтқандай жазылмаған. Сосын олар тергеушіні сотқа шақырады, ал прокурор оған «куәгерге қысым көрсеттіңіз бе?» деп сұрақ қойғанда, тергеуші «әрине, жоқ!» деп жауап береді. Ал сот өз кезегінде, тергеушіге сеніп, айыптау үкімін шығарады. Егер кәсіпкер өз қызметкерлерін уақтылы қорғауға, ешкімді азаптамауға және тергеу сатысында істі тоқтатуға шаралар қабылдаса, осының бәрін болдырмауға болады.

Жалпы басынан бастап экономикалық қылмыстық істерде маманданған адвокатпен жұмыс жасаған дұрыс. Мысалы, жедел уәкіл есепшіге қоңырау шалып, оған бір күн ішінде келісімшарттар мен құжаттарды әкелуді сұрайды. Есепші бірден бәрін орындай бастайды. Ал бұл іс жүзінде қажет пе? Мәселе мынада, келісім шартта кем дегенде екінші тарап бар, егер ол туралы ақпаратты оңға және солға тарататын болсаңыз, оның құқықтары бұзылуы мүмкін. Сондықтан заңда құпиялылық пен коммерциялық құпия туралы келісімде осындай талап бар. Тәркілеу шаралары қашан орын алады? ҚР ҚПК 253-бабына сәйкес іс үшін маңызы бар белгілі бір заттар мен құжаттарды, егер олардың қайда және кімде екені нақты белгілі болса, сонда тәркіленуге жататын мүлікті алып қою мақсатында тәркілеу жүргізіледі. ҚР ҚПК 254-бабы 1-бөлігінде коммерциялық құпияны құрайтын құжаттарды тәркілеу тергеу сотының санкциялауын талап ететіні көрсетілген. Тергеу соты рұқсат еткен тәркілеу туралы қаулыны талап ете отырып, клиент онымен танысуға құқылы, ал оның адвокаты көшірмесін жасап алуға құқылы. Сонымен бұл қаулыда тергеуші судьяға санкцияның не үшін қажет екенін түсіндіруі керек деген мотивациялық бөлім бар. Мұнда сіз толық болмаса да, бастапқы кезеңде кәсіпкер мен оның адвокаты үшін өте құнды ақпаратты, соның ішінде қылмыстық істің нөмірін, тергеушінің тегін, тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстың мән-жайын, қай бап бойынша, қай уақыттан бастап тергеу басталғанын таба аласыз. Ал қаулымен танысқаннан кейін кәсіпкер тергеушіден қажетті құжаттарды жинауға уақыт сұрай алады. Құжаттарды жинау кезінде клиентке компьютерде құжаттаманың егжей-тегжейлі атауы бар құжаттардың толық тізімін теріп, оны флэшкаға жүктеуге кеңес беремін. Осылайша, өзі немесе қызметкері және адвокаты құжаттаманы беру кезінде уақытты үнемдейді. Тергеуші жай ғана флэшкадағы ақпаратты жүктеп, өзінің деректемелерін жазып, хаттаманы басып шығаруы керек бо- лады. Компания қызметкері тергеушінің қолы қойылған осы хаттаманың көшірмесін алуға құқылы. Мәселен, ҚР ҚПК 256- бабы 2, 4-бөліктеріне сәйкес алынған барлық заттардың жеке ерекшеліктерін нақты көрсете отырып, хаттамада көрсетілуі тиіс алу хаттамасының көшірмесі олар жүргізілген адамға қолхатпен беріледі. Егер тәркілеу ұйымда жүргізілсе, онда хаттаманың көшірмесі оның өкілдеріне қолхат арқылы тапсырылады. Сондай-ақ тәркілеу жұмыстарының барысын фотоға немесе бейнеге бекіту қажет екенін есте ұстаған жөн.

3
{"b":"785462","o":1}