Литмир - Электронная Библиотека

– Әй, ол табақшаға тарбиып мінгендердің руы кім екен-ей? – деп сұрақ қояды бір кезде таяғына сүйеніп тұрған әлгі кеңкілдек, қуақы шал.

– Найман екен!

– Қой-ей!

– Рас, өздері айтты ғой, ата!

– Әй, оларың өзінің атамекенінде ғұмыр кешпей, неғып қаңғып жүрген наймандар, ә? – деп кейігендей басын шайқайтын қария.

– Ата, сіз өзіңіз найман емессіз бе?

– Найманмын, балам!

– Онда сіз де басқа планетадан келген екенсіз!

– Не дейді, Құдайым-ау?!

– Сізді олар сұраған өткенде. Әлгі біздің Шүңірей шал қайда жүр деп.

– Ех-ех-ехе! Әй, иттің ғана күшігі! Әй, иттің ғана күшігі! Әй, иттің ғана баласы! Мә, апаңның жайған құртын ала ғой. Хе-хе-хе-хе, иттің ғана баласы, айтып тұрғанын қарашы-ей! «Шүңірей шал» деді ме-ей?!

– Иә, ата!

– Хе-хе хе, олар найман дейсің ғой?!.

– Нағыз найман екен! Түрлері сізден айнымайды!

– Әй, бар бол, иттің баласы, таппайтының жоқ…

Міне, көрдіңіз бе?! Мен жеген кәмпит я пірәндік, ішкен лимонад пен балмұздақ маған өздігінен өзенмен ағып, жаңбыр боп аспаннан құламайтын, тегін келмейтін.

Бұл «мінезімді» біліп алған ағайын күн ара менің әңгімелерімді тыңдауға әжептәуір дайындалып келетін. Мен де олардың көңілдерін қалдырмауға тырысам. Ұйқыға кетерде, жаңа хиқаяларды ертеңгі күнге дайындап жатамын. Ол үшін, менің бала миым ұдайы жұмыс істеп тұратын. Жаңа «қырық өтірікті» ойлап табу оңай деймісіз?! Ол бір бес минутта айта салуға келмейтін күрделі және машақатты жұмыс. Елді мезі етпеу үшін айтылған әңгіме қайталанбауы тиіс. Оның үстіне, айтылып отырған оқиғаларда қисын болу керек. Бір жерден сондай дүниелерді оқып алып, соған өз жанынан бірдеңелерді қосып, шұбыртып айта беретіндей, мен бұл уақытта әлі хат тани қойғам жоқ. Естіген-білгенімнен құрастырам да, оған өз ойымнан адамның ақылы жетпейтін «деректерді» қосып, әдемілеп тұздықтап, дәмдеп беремін. Сондықтан мен тәтті-мәтті мен сусындарды маңдай тер, адал еңбегіммен алатынмын.

***

Қиял-ғажайып әңгімелер мен өзім ойдан қиыстырған ертегілерімді айтып тапқан нәпақамның тең жартысын міндетті түрде науқас ағама әкеліп берем. Ол өз кезегінде маған салған суреттерін сыйлайтын.

Ағамның аты – Данышпан.

Менен екі жас үлкендігі бар. Нағашыларым оны «қаршадай боп алып үлкен кісілердің әңгімесін айтатын», – деуші еді. Туғанынан мүгедек боп қалған Даныш, күнұзақ отырып сурет салатын. Үнемі қабағы түйіліп, әлденелерді ойлап отыратын. Мен оның салған суреттеріне сүйсінуші едім. Бірде ол маған дәптердің бетіне салынған гүлдің суретін сыйлады. Шетіне «Бауырым Ақберенге ағасы Даныштан», – деп жазып қойыпты. Оны мен хат таныған кезде оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның табалдырығынан аттамаған ағам сол кезде өздігімен қара танып, оқуды үйреніп алған. Әлгі суреттегі гүл тап бір тірі гүл сияқты еді-ау. Әлі есімде, жататын кереуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең оянған кезде ағама: «Дәкай, қарашы, сен салған гүл жел өтінде тұрғандай ырғала билеп тұр!» – деп таңқалатынмын. Ол соған мәз болушы еді… Ал, мен болсам, ол суретті жоғалтып алдым. Әлі күнге дейін суретті сақтай алмағаным есіме түссе, өзімді жүндей түтемін.

Данышпанның дерті – қарғыс атқыр КСРО-ның басшылығы жасаған Семей полигонының зардабынан пайда болған ауру. Әкеміз Шұбартау ауданының тумасы болғандықтан, сынақ полигонына жақын жерде туып-өсті. Тіпті, оның өмірден ерте кетуі де осы ядролық сынақтардың салдарынан болды деп ойлаймын. Атам (ол кісі жайлы алдыңғы бөлімдерде баяндайтын боламыз) айтып отыратын: бала кезімізде Шыңғыстау жақтан алып саңырауқұлақ секілді жалын көтерілгенін талай көргенбіз. Сосын қораның төбесіне шығып алып жарылысты қызықтаймыз деп, бірнеше бала жалбырап күтіп тұратынбыз. Пәленбай шақырым жерде әлгі күл мен оттан жаралған аждаһа көкке көтерілгенде дем арасында біз тұрған қораның төбесіне бір қуатты толқын жетіп келетін. Жетіп келетін де, дауыл соққандай екпінмен бізді қораның төбесінен домалата құлататын. Біз соған мәз боп күліп жатушы едік. Кейін зардабын әбден тарттық қой, – дейтін.

Есімде, жаз шықса, атамның бет-ауызы қып-қызыл боп бөртіп, көзі жабылып, жүзі күп боп ісіп, түрі құбыжыққа ұқсап кететін. Атамның біз үшін үйреншікті бұл бейнесі күзге дейін жалғасып, біртіндеп қайтатын. Ядролық сынақтардың зардабы тұқым қуалайды деп оқығам. Сол апайым екеумізді айналып өтіп, Данышпанға келгенде аяушылық танытпапты. Кейін естідік, әкем көзі тірісінде Данышпанды Мәскеуге апарып емдетем деп біраз әрекеттеніпті. Өкінішке қарай, үлгермеді. Ол үшін салқар кезекке тұрып, қол жетпес квоталар алу керек екен, қысқасы, машақаты көп шаруа дейді. Әлде сол кездің қанқұйлы саясатының ұстанымы бойынша дәрігерлер полигонның әсерінен мүгедек боп қалған балаларды эксперимент ретінде зерттеп, әдейі емдеуге асықпаған шығар. Ол жағы маған беймәлім. Бірақ жүрек құрғыр соны сезеді. Әкемізді де Үкімет жыл сайын шипажайға жіберіп, үнемі анализ алып отыратын деп айтатын шешеміз… Әкей кеткен соң, Данышпан кімге керек?! Шешемнің түрі болса – мынау. Мынандай жағдайда ауру баланы емдетпек түгілі, артық қимыл жасауға жағдайы жоқ, туыстарын паналап отыр.

***

Ағам екеуміз дос едік.

Жаздың бір ыстық күнінде Данышпан екеуміз суға шомылайық деп үйдің іргесінде ағып жатқан өзенге бардық. Сол күн есімнен еш кетпейді. Адам боп ең алғашқы рет өзенге шомылуға келіп тұрмыз. Суда жүзуді білмесем де, өзенге әдеттегідей бірінші боп мен қойып кеттім. Қойып кеттім… ал аяғым жерге тимей қалды. Өзені бар болсын, мұндайда малтуды білу керек екен ғой! Оны кім ойлаған? Адам терең су болса батады екен, батқан соң, тұншығады екен, оны бізге кім айтты дейсіз. Ал тұншық! Ал тыпырла! Ал жанталас! Дүние шыркөбелек айналып бара жатты. Ағам менің батып жатқанымды ұқты ғой деймін, «әй, әй» деуге ғана шамасы жетті.

Судың түбіне бір кетіп, бір шығып қалытқыдай қалтылдаған мен жағада шырылдап жүрген ағамды көрем. Бір кезде Данышпан суға дір-дір етіп, киімшең түсті, әйтеуір. Қолымды беріп үлгердім, өзіне қарай тарта бастады… Жаным қалды. Жағаға қалай шыққанымызды білмеймін, су құсып жатыр екем.

Ағамның алғашқы және соңғы ұрысқаны сол болды. Бірдеңені бүлдіріп қойсақ, нағашы апамның айтатыны бар: «Қазір ішіңнен ішегің шығады, бәлем!» деген. Данышпанның да еститіні сол ғой, маған ыза боп тұрып, «суға неге секіресің? Жағаға жақын жерге түспейсің бе! Әне, тұншығып едің, ішегің шығайын деп тұр, қара әне, ішіңе!» – деп айқайлады. Ішек туралы әңгіме естілісімен мен бақырып қоя бердім. Ағам өзі өкініп қалды ғой деймін, жүгіріп келіп, мені құшақтай алды. Жүрек дегенді қойсайшы, туыс құшақтан еріп кете жаздады ғой сол кезде.

Онсыз да әкеміз қайтқалы іштей қамығып жүрген екеумізді бұл оқиға ерекше толқытты және қатты жақындастырып жіберді. Бірге жыладық. Данышпан мені ерекше мейіріммен құшақтап алып, аға болып жұбатты. Жағада құшақтасып, ұзақ отырғанымыз есімде. Ой, Алла-ай, десеңші, сол кезде Данышпан бар-жоғы жеті жастағы бала екен ғой…

***

Данышпан көбінесе үйде отырады. Сурет салады, ежіктеп кітап оқиды. Одан қалса, теледидардың алдында шоқиып, үлкен адамдар көретін фильмдерді тамашалайды. Мультфильм дегенді көріп отырғанын байқамаппын. Данышпанды туған-туыс жақсы көретін. Үлкен кісілермен шай ішіп отырып, ойлы жанарын арлы-берлі аударып, үлкендердің әңгімесін мұқият тыңдап отыратыны әлі көз алдымда. Біздікі не? Біздікі сол нанға майды жағып жіберіп, үстіне қантты сеуіп жіберіп, оқыра тиген бұзаудай далаға атып шығып, жын соққандай шапқылай беру, шапқылай беру.

Денсаулығы жақсы, зырылдап тұрған балаға даладан басқа не керек?! Ал ағамның дерті оған ондай мүмкіндік бермейтін. Соны түсінетін мен бе, ойын баласымыз, күнұзақ айдалада қаңғып, кешке көшенің шаңын көтеріп кеп, сілейіп жатамыз. Ойға ештеңе кіріп-шықпайды. Маңайдағы сары домалақ, қара домалақтармен алысу, доп тебу, үйдің маңындағы тоғайдан Робин Гудты іздеу, күшіктің тұмсығын жалау, құмырсқа төбелестіру – бар жұмысым осы. Сол кезде деймін ғой, ағамның қасында болып, әңгімелесіп, сырласу керек-ау дегенді мен қайдан білейін? Жан ағамның да әкемнің артынан көп ұзамай мәңгілікке сапар шегетінін мен ақымақ білгем жоқ қой…

2
{"b":"737324","o":1}