Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Россия империясының қол астына кірген Орта жүздің жеріне Қалден Церен шабуылға шығуды ойласымен-ақ, Жоңғардың қанқұмар нояндарына Цзинь-Лун қолдан келер жәрдемін аямаған. Қару-жарағын да, азық-түлігін де берді. Аузынан жырып, күрішіне дейін төкті.

әрине, мұндайда боғдыхан өзінің алтынын да аяған жоқ. Жоңғардың қанды қол түмендерін қалаған жағына жұмсай білетін нояндардың көбін алтынымен сатып алған. Сол себепті де жоңғар әскері орыс бекіністерімен қатар жатқан Орта жүз жеріне қарай бет бұрған.

Жоңғар қонтайшысының осылай дайындалып жатқанын, Ертістің бергі жағын жайлаған Уақ — Керей тайпасының батырлары да айтып келді. Қалден Цереннің енді тек ыңғайлы кезді күтіп отырғаны мәлім болды. Әрине, Қалден Церен Орта жүзге Әбілмәмбеттен гөрі Абылай ықпалының күшті екенін біледі. Егер шу дегеннен қазақ әскерінің күйрей бастағанын көрсе, Абылай амалсыз менің жағыма шығады деп ойлады ол. Абылайдың Жоңғар жағына шығуы — жеңіспен тең. Егер Орта жүз Жоңғар жағына шықса орыс қалаларының іргесі ашылады. Қытай саясатшыларының да көздегені осы.

Абылай бұл мәжіліске досын да, қасын да шақырып отыр. Әсіресе Жоңғармен көршілес рулардың әйгілі адамдары тегіс хабарланған. Әттең, Батыр Баян келмей жатыр. Сұлтанды азырақ ренжіткен осы.

Абылай жаңа ғана бастаған сөзін енді жалғай берем дегенде, сырттан дабырласқан дауыстар шықты.

— Бұқар жырау келді!

— Ұлы жырау аттан түсіп жатыр!

— Арқаның ардагерін қарсы алайық!

— Қош келіпсіз, Арғынның майталманы!

Сөйткенше болған жоқ, бір топ адаммен ордаға Бұқар жыраудың өзі де кіріп келді.

Бұл ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, шоқша сақалды, қошқар тұмсық, еңселі кісі еді. Руы Баянауыл төңірегін жайлаған Алтынторы — Қаржас. Әкесі Қалқаман батыр шешен кісі болған. Алпыс жасында халқының тәуелсіздігін қорғаған Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлардың ерлігін көп жырлаған әйгілі жырау. Бұл кезде халық «көмекей әулие» деп атап кеткен.

Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған.

Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді. Жырау бір қарағаннан-ақ үйде көптен бері бастары қосылмай жүрген адамдардың жиналғанын байқап, жүзі жадырап сала берді.

— Арсыңдар ма, жарқындарым?

— Барсың ба, Арғынның ақиығы!

— Бармын, арысым… Сен той жасағалы жатыр деген соң, ой салғалы шығып едім. Бұрын Баян мен Көкшенің арасы жақын-ақ еді…

— Енді алыстап кетіп пе, Бұқар аға?

— Жоқ, жақын. Бірақ жақын болса да алыс. Ортаңа салған орыс бекіністерін орағыта жүремін деп кешеуілдеп қалдым. Ат-тон айыбым бар. Жырымды аласың ба, әлде шерімді аласың ба?

Абылай езу тартты. Адуын жыраудың «ортаңдағы орыс бекіністерін орағытып» деген сөзінен-ақ сезіктеніп, әңгімені бөтен жаққа бұрғысы келді.

— «Жырыңыз» бен «шеріңізді» естіп, ат-тон айыпты біз төлеп жүрмесек нетсін, — деді күліп, — сол ат-тон айыбымды берместен бұрын, басқа бір өтінішім бар.

— Төренің қарадан өтініші болмас, өкініші болар. Шамам келсе өкіндірмейін, арысым айта ғой.

— Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген Үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға?

Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта барып жырау:

— Түс жору — түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін…

— Сөйлеңіз, көмекей әулие…

— Қырыққа келмей табытта жатсаң — өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыс- тан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен.

Абылай үндемеді.

— Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма?

— Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?..

— Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің жүрегінде қаласың!

Абылайдың қабағы жадырап сала берді. Қазақ: «еркектің ақылы қырықтан бастап толады, алпыстан бастап солады» дейді. Абылай қазір қырықтан жаңа асып барады. Түсін жорыған сыншы жырау оның түпкі сырын дұрыс болжады. Абылай — қазақ елін ұлы елдер қатарында көргісі келді, хан болса сол ұлы елге хан болуды арман етті. Сондықтан да ана жылы тұтқында жатқан Абылайға Қалден Церен: «Дүниеде не жаман?» деп сұрағанда, ол: «Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» деп жауап берген.

Абылай — Әбілқайыр да, Әбілмәмбет те, Барақ та, Нұралы да емес еді. Ол бұл кезде көп нәрсені түсінгенді. Өзінің әр әрекетін сол тұстағы көшпелі ел көсемінің қолынан келетін мүмкіндігіне қарай құратын. Ал тек құдай алдында ғана жауапкер Бұқар жырау болса, күнде өзгеріп жатқан дүние қайшылығын көріп, «дүние шіркін қайда бара жатыр?» деген аздаған күмәнда болатын. Сүйері көк шалғыны толқынданып, жұпар иісі аңқыған қазақтың жасыл даласы, тілегі — халқының қамы.

Бұқар жырау үнемі қасынан тастамайтын қарағай домбырасын қолына алды. Құлақ күйіне келтіріп, біраз шертіп отырды да, алыстан күркіреп келе жатқан жауар бұлттай, әуені қобалжыған бір термені бастап кетті.

«Ай заман, заман-ай,

Түсті мынау тұман-ай,

Істің бәрі күмән-ай

Осылай ол бір толғап алды да, әрмен қарай нөсерлете жөнелді. Жырау салынып жатқан бекіністер мен қазақ елінің болашағын толғады.

Ол әр сөз шумағын лақтырған сайын, алпыста емес, жиырма беске жаңа шыққан жас жігіттей қызулана түсті. Қазақтың көсем ұлдарынан, әсіресе, Абылайдан ел қамын ойлауды талап етті.

Жырау толғауы отырғандарға ұнады ма, жұрт енді домбыраның қағысымен бірге қимылдап, қызулана «Уа, пәле!» деп қосыла теңселді.

Жырау бір мезет ел жайын емес, тек өз басының қамын ойлаған хандарды сөге келіп, кенет сөзін бітірді де, қолындағы домбырасын ашулана есікке қарай лақтырып жіберді. Шабыттанған шақтағы жыраудың мұндай әдетіне қанық есік алдында тұрған атқосшы жігіт домбыраны жерге түсірмей қағып алды.

Бұқар жырау Абылайға түйіле қарады.

— Бар сенгеніміз сенсің, Абылай! Оң жағыңдағы тұңғиықтан құтыламын деп, сол жағыңдағы шыңырауға құлап кетіп жүрме. Шүршіттің ызғарынан қорқып, орыс патшасының қолтығына кірдім деп ант-су іштің. Мүмкін, бұның дұрыс та шығар… Дегенмен, «көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас», жұртыңмен ақылдас.

Абылай үнсіз тыңдап отыр. Қазақ даласы қазір үлкен қобалжу үстінде…

Орынбор генерал-губернаторы Неплюев Ор, Елек, Жайық бойларында орыс бекіністерін салып, қазақ жерін отарлау саясатын қолға алса, Сібір генерал-губернаторы князь Гагарин де одан кейін қалмаған. Ол бір мың жеті жүз он үшінші жылдың өзінде-ақ Бірінші Петр патшаға Ертіс бойына бекіністер салудың мүмкіншілігі барын айтып хат жазған. Осыдан кейін бір мың жеті жүз он сегізінші жылы Семей бекінісі, бір мың жеті жүз жиырмасыншы жылы Өскемен бекіністері салынған. Бұдан екі-үш жыл өткеннен кейін орыс солдаттары Көкшетау маңын иемденіп, жиырмасыншы-отызыншы жылдары Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері тұрғызылған. Бұл бекіністердің бәріне солдаттар әкелініп, Россияның шалғай түкпірінен көшіп келген шаруаларға жер беріп, енді бұл араны біржолата қоныс ете бастаған. Ал Сәмеке хан қайтыс болған бір мың жеті жүз отыз жетінші жылдан бастап, патша үкіметі Ақмола мен Көкшетау арасына жол жүргізіп, бекеттер салуға кіріскен. Бұған он мыңға таяу орыс жұмыскерін сонау орталық Россиядан әкеп төккен. Бұл жол Көкшетаудың тау- лы алқаптарының бойын қуалай он жыл ішінде әзер біткен. Әрине қазақ жерінің бұл «бөлісінде» шонжарлар өз ұпайын жібермеген. Жерлеріне жер қосып ал- ған. Сөйтіп, қазақ кедейі қиянатты орыс генерал-губернаторымен бірге өз би, сұлтандарынан да көрген. Қатар қоныстануға мәжбүр болған қазақ, орыс кедейлері өмірдің ауырлығын да, азабын да бірге тарта бастады. Осы қиындықта туған бауырмалдық қатынас ақыры екеуін бірдей апарып Пугачев ереуіліне қосты. Әділетсіздікке көнгісі келмеген қазақ аулына патша бекінісі мен хан ордасынан ел жылатқан «кәрі қылыш» жасағы шығып тұрды. Бірақ қалың халық дәл бүгін ыңғайлы сағатын күтіп, Ертістің арғы бетінде қазақ жерін шапқалы Қалден Цереннің жиырма мың әскері тұрғанын білмейтін. Бар ұғары жерінің тарылып, малының азайып бара жатқаны. Жырау толғауы да осыны айтады, халық та сол үшін оның сөзін ойлана тыңдайды.

51
{"b":"110492","o":1}