Осындай бірін-бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. Төбеден күйдірген күн мен күнгей жақтан аңырап соққан аңызақ желден, онсыз да шөбі шамалы Бұхардың жері күйген құйқадай тақырға айналды. Күннің ыстығынан қара жердің өзі шатынап жарыла бастады. Тебінге үйренген қазақы жылқы қабырғалары ырсиып, әзер жүретін халге жетті. Ақырғы екі жүз жылдың ішінде жат жерде соғысып, басқа елдің қамалын алып үйренбеген, қазақ, қырғыз, ұйғыр сыпайлары, бұл соғыстың өздеріне тіпті керек емес екенін енді түсініп, күңкілдей бастады. Оның үстіне күннің ыстықтығынан әскер арасында іш ауру пайда болды. Енді қазақ сыпайлары Бұхарды алудан гөрі, өздерінің елі қалған теріскей жаққа телміре қарауды шығарды. Баяғы Қияқ айтқан күйге жетті. Тәуекел хан Бұхар маңындағы елді үнемі талап, осыншама әскерді қоректендірудің қисыны болмайтынын ұғып, амал жоқ кейін шегінуге бұйрық берді. Қазақ әскері Самарқантқа келіп бекінді. Бұл кезде Хиуадан қалың әскермен Жармұхаммед ханның інісі Бақимұхаммед сұлтан келіп, Бұхар әскеріне қосылды. Енді екі жақтың күші теңдесіп қалды. Бірде бұхарлықтар, бірде түркістандықтар жеңіп, Самарқант түбіндегі айқас бір айға созылды. Осындай бір түнгі ұрыста Тәуекел хан қатты жараланды. Күні күйіп тұрған Мауреннахр жерінде жаз бойы соғысып әбден жүдеген қазақ әскері амалсыз Самарқантты тастап, Ташкентке келіп бекінді. Бұл арада да ұрыс саябырлаған жоқ.
Тәуекел ханның халі қиындай түсті. Жарының ауыр жаралы екенін естісімен, бір топ нөкерімен Ақторғын ханым да жетті.
Күшті кезінде серік болған одақтастары енді мұны жалғыз тастап кетті. «Жалған дос көлеңке тәрізді, күн ашықта жаныңнан қалмайды, аспанды бұлт торласа қасыңда болмайды» дегеннің не екенін Тәуекел енді түсінді. Сонда ғана барып ол өзіне ермей қалған қазақ батырларын есіне алды. Дегендеріне көнбегеніне өкінді. Бұл кезде Бұхар әскері Ташкентті тастай етіп қоршап болған. Түркістанға баратын ең соңғы жол да үзілген. Ал Тәуекел ханның жанында ең сенімді достары мен Ақторғын ғана қалды. Ісік уыты бүкіл денесіне жайылып бара жатқан Тәуекел, кенет жастықтан басын көтерді.
— Бұл не шу? — деді ол елегзи.
— Жау әскері біз тұрған бекініске атой салып жатыр.
Бұхардың қалың әскері қаланы алып болып, Тәуекел хан мен оның серіктері бекінген ең ақырғы қорғанды шабуға шыққан-ды. Қорғанның тақа биік емес қабырғаларына баспалдақтар қойып, үстіне көтерілуге тырысып жатқан. Жау кей жерінің қабырғаларын бұза бастаған. Ат үстіндегі ұрысқа үйренген қазақ жауынгерлері енді жаяу соғысуға мәжбүр болды. Бұл оларға жеңіл тимеді. Жеңуге айналған жау әскері хан жатқан сарайға жақындай берді. Сырттағы шу үдей түсті.
— Не болды? Не боп қалды? — деді есі бір кіріп, бір шығып жатқан Тәуекел хан.
Дәл осы сәтте есік сарт етіп шалқасынан ашылды да, үйге еңгезердей бір батыр кіріп келді. Үсті шаң басқан қан-қан.
— Біз сені әкеткелі келдік, — деді кірген кісі.
Сөйдеді де батыр жігіт жерге сылқ етіп құлап кетті.
Орнынан сүйретіле тұрып, Тәуекел жігіттің бетіндегі шынжыр торды ашты. Қияқ батыр екен.
— Сені алып кетуге келдік, — деді ол кезеріп кеткен ернін әзер қимылдатып, — жат жерден тезірек кетуің керек…
— Басқа елге тиме, өз басыңа өзің жетесің деп едің, Қияқ батыр, айтқаның келді, — деді Тәуекел. Сосын ол да Қияқ батырдың үстіне құлап түсті. Дәл осы сәтте Қияқ батыр да ақырғы рет ышқынып, демін бір алды да, о дүниеге жүре берді.
Сөйтіп бір күні, бір мезетте туған екі батыр бір күнде, бір мезетте о дүниеге сапар шекті. Сұлтан тұқымынан шыққан Тәуекел артына алты әйелі мен сегіз баласын қалдырды. Иран, түрік, орыс әдебиеттерінде Тәуекел хан деген айбарлы атын қалдырды. Ал сол ханмен бірге өмір сүрген, құлдан шыққан Қияқ батыр, елі-жері үшін үнемі жорықта жүріп, елуден асқанша бұл дүниенің рахатын көре алмай кетті.
Осындай мыңдаған белгісіз батырлардың арқасында қазақ елі сан жанталаста жеңіп шығып, ғасырлар бойы өзін аман сақтап келді…
Қазақ жерінен Тұяқ батыр мен Кіші жүзден шыққан Жолымбет батыр бас- қарып келген қалың қол жетісімен, Бұхар әскері сәл кейін шегінді. Енді ұрыс бұрынғысынан да қыза түсті. Есім сұлтан қаланың күнгей жағына, Құджек сұлтан — теріскей тұсына шапты. Құбыла жағындағы Қаңлы, Шанышқылы секілді рулардың әскерін Тұрсынмұхаммед әмір басқарды. Бекіністің ең қауіпті жағы күншығысы еді. Бұл тұсты Жолымбет батыр қорғады. Шабарман енді бұл батырдың да жараланған хабарын әкелді. Осы себептен қаланың күншығысына Тұяқ батырға шабуға тура келді. Хан ордасы күншығыс жақтағы майданда болатын. Кімде-кім осы майданды басқарса, сол жалпы әскердің қолбасшысы саналуға тиісті еді.
Қазақтың іргелі руларынан шыққан батырлар мен Шыңғыс ұрпағынан тараған сұлтандар Тәуекел ханның Қияқ пен Тұяқты мың басы еткеніне іштей наразы еді. Әрине, дәл қазір бұлар Тұяқтың айтқанына бағына қоймаулары да мүмкін. Бұны түсінген Ақторғын, ерінің сауытын кие бастады.
Атына қонғалы жатқан Тұяқ үйден бір жас батырдың жүгіре шығып, Тәуекелдің Теңбілкөгіне асыға мінгеніне таң қалды.
— Тұяқ батыр, мен де сізбен бірге барамын, — деді әлгі жас батыр.
«Бұл кім? Қайдан пайда болды бұл батыр?» Жөн сұрасар уақыт емес, қатарласа шаба жөнелді. Сонда ғана Тұяқ жанында келе жатқан — Тәуекел ханның кіші бәйбішесі Ақторғын екенін білді. Тұяқ оған: «Қайт кейін!» дей алмады. Қазақтың батыр қыздарының жауға қарсы шабуы жаңалық емес. Ақторғынның жанында болуы, хан атынан Тұяққа «қазір сен әскер қолбасшысысың» дегенді ескерткендей еді.
Бұлар күншығыс қақпаға жеткенде, ең алдымен көргендері: қамалды қоршап не істерін білмей үрпиісе қалған қазақтың қалың әскері мен осы қамалға ар жағынан тұтасқан қара бұлттай, жұбын жазбай төніп келе жатқан жау лашкарлары болды. Тәуекел ханның қаза тапқаны екі жаққа бірдей жеткен екен. Айбарлы қолбасшысынан айрылған қазақ әскері қандай абыржыса, жау жағы сондай қатулана түскен. Күншығыс тұсты қазір басқара қоятын батыры жоқ екенін сезген Жармұхаммед пен Бақимұхаммед сұлтандар әскерлерінің көпшілігін де, білектісін де осы өңірге төккен.
Міне, олар қара бұлттай қаптап келе жатыр… Жаңадан күш қосылғанына қарамай қазақ жауынгерлерінің құты қашқан. Әр жерден «Сап түзеңдер!», «Қашушы болмаңдар!» деп айқайлаған мың басыларының жарлығын ешкім тыңдар емес, соғыс кезінде хан өлуі жаман ырым! Мүмкін содан да болар, кешегі айбынды қазақ жігіттері, қазір қасқыр шапқалы тұрған қойдай үрпиісе қалған.
Қорған мен жау арасы бір шақырымдай. Жау қазір лап қояды. Сонда бәрі де бітеді. Қашқанға қатын да батыр, қазақ әскерін мынау келе жатқан алып күш көше-көшені қуалай жүріп қырып салады. Қала ішіндегі ұрысқа үйренбеген қазақ жігіттері ең болмаса өз бастарын да арашалай алмайды. Жаумен не болса да жазық далада кездесу керек.
Кенет қорған қақпасынан жауға қарай бір салт атты шаба жөнелді. Астында Тәуекелдің Теңбілкөгі, үстінде Тәуекелдің сауыты, басында дулығасы… Абыржыған қол заматта тына қалды. «Бұл кім? Бүгін ғана өздері қара жерге қойған Тәуекел тіріліп келгені ме? Япырмау, ханмен қатарласа шауып бара жатқан Қияқ батырдың өзі ме? Оны да бүгін ханмен бірге жерлеген жоқ па едік?»
Сөйткенше болған жоқ, бұлардың құлағына Ақторғын мен Тұяқ батырдың:
— Аруақ! Аруақ — деп айқай салған ұраны естілді.
Сол-ақ екен, жаңа ғана үрпиісіп тұрған қазақ жігіттері, аттарына қамшыны басып-басып жіберіп, алға қарай қалай лап қойғандарын өздері де білмей қалды.
— Ақжол! Ақжол!
— Үйсін! Дулат! Шақабай!
— Қарақожа! Қабанбай!
— Бекет! Қаңлы! Бөрібай!
Қашан да болса бірінші боп атой салған жау қорқынышты. Қолбасшыларынан айрылған әскерден мұндай қимылды күтпеген Бұхар лашкарлары дүрлігіп қалды. Кейбіреулері аттарының басын кейін бұрып та алды. Тәуекел ханның өздеріне аян Теңбілкөгі мен алтын жалатқан дулығасын көрген Бұхар әскері хан өлмеген екен деп ойлады. Өздеріне таяп келе жатқан қаһарлы күшке қарсы тұра алмады. Тіріліп келген Тәуекел мен Қияқтың сұсы жеңді ме, кейін қарай қаша жөнелген лашкарлар көрінді. Тек кейбір топтары ғана найзаларын ыңғайлап қарсы шапты. Көптіктен гөрі ерлік жеңетін заман, қазақ әскерлері сол қаһарлы беттерінен таймаған қалпында, алыстан кеп бар пәрменімен жағаны ұрған долы толқындай, жұбын жазбай, Бұхар шебінің дәл ортасына кеп кірді. Қарқындары соншалық екпінді болды, тынық суды қақ жарған сүйір тұмсық қайықтай, жау шебін қақ бөліп өте шықты. Әне-міне дегенше көк найзалар қағысып, құрыш алдаспандар құлаштай сермеліп, қоян-қолтық ұрыс басталып та кетті. Қабақ қаққанша талай жүйріктер шылбырларын сүйретіп босап шыға берді, сан ерлер «әттеген-ай» деп қара жерді қаба құлады. Тұяқ өзінің ежелгі серігі алты жігітімен қаптаған жаудан Ақторғынды қорғаумен болды.