Қасымның ойы дәл шықты. Ертеңіне таңғы шайын ішіп отырғанда Бұрындықтың шабарманы келді.
— Хан сізді шақырып жатыр, — деді ол.
Қасым шайын шала-пұла ішіп орнынан түрегелді. Киініп жатып сәл кідіріп қалды. «Қолда билік барда ақылдың керегі жоқ. Ханның неге шақырғанын кім білсін…» Қасым жайшылықта пешпентінің сыртында жүретін көк құрыш сүңгі наркескенін шешіп, пешпентінің ішінен тақты. Сырт адамға білініп тұрмай ма екен дегендей, қабырғадағы жылтыр қара тас күзгіге бойын түзеп бір қарады да үйден шығып кетті.
Қасым келгеннен кейін Бұрындық тағы да Мұхамед-Шайбаниға қарсы жорыққа шығудың қажет екенін білдірді.
— Ер шекіспей бекіспейді, — деді Бұрындық сөзінің аяғында. — Не біз Мұхамед-Шайбаниды жеңуіміз керек, не онымен бітімге келіп достасуымыз керек…
Қасым ақырын езу тартты.
— Мұхамед-Мазит-тархан шекіспей-ақ Мұхамед-Шайбанимен достасқан. Бірақ одан не тапты?
— Мұхамед-Мазит — Мұхамед-Мазит те, Бұрындық — Бұрындық қой.
Қасым тағы езу тартты. «әркім өз лағын текешік қояды, қорқақ ит үреген келеді. Жұрт айтпай, өзіңді өзгеден жоғарымын деу — адамның тек осалдығын көрсетеді». Бұрындықтың «ер шекіспей — бекіспейді. Мұхамед-Шайбаниді жеңуіміз керек, не достасуымыз керек» деген сөзіне Қасым қайтарып ештеңе деген жоқ. Бұл сөз өзіне қарсы, «байқа, Қасым, егер сен кешегідей қарсы келе берсең, жауыңменен достасып кетуім ғажап емес» деген мағынада айтылғанын түсініп тұрса да, үндемеді.
Бірақ Бұрындық:
— Махмуд-Сұлтанды әнеукүнгі қорғауыңа қарағанда, Қасымжан, Әбілқайыр балаларымен татуласуға сен де қарсы емессің-ау деймін, — деді, «Мұхамед-Шайбанимен достасам» деген сөзіне екеуміздің ойымыз бір жерден шығып жатыр ғой деген мағына берген болып, рабайсыз кекете күліп.
— Жеңіп тұрып «достасайық» деу мен жеңіліп қалып «достасайық» деу бір емес, хан ием. Қайткен күнде де жеңілмеу жағымызды ойлауымыз керек, — деді Қасым сабырлы үнмен, сөйтті де ханға кенет түйіле қарады. — Жорыққа аттануға мен дайынмын. Қашан, қай шаһарға шығамыз?
— Оны ойлану керек.
— Тез ойланған жөн.
— Неге?
— Біз бұ жақта жүргенде Мұхамед-Шайбанидың Яссыға қайтадан шабуыл салуы даусыз. Егер бір қаласына барып тиіссек, әнеукүнгі Отырарға барғанымыздай, Мұхамед-Шайбаниға Яссыны алуға бөгет етеміз. Амалы жоқ, біз барған қаланы қорғаймын деп Мұхамед-Шайбани Яссыдан қайтып келеді. Бұнымыз Мұхамед-Мазит-тарханға өте пайдалы. Моғол мен Жағатайдың өзге хакім тархандарымен тіл тауып бірігіп, Мұхамед-Шайбаниға қарсы тұруына мүмкіндік береміз.
— Бұл ойланатын жай екен…
Қасымның болжауы дұрыс еді.
Бұрындық Отырардан шегінерде Мұхамед-Шайбанимен бітімге келген. Сол бітімнің бір шарты Бұрындық хан Отырарды алуға бірге келген Мұхамед-Мазитты ұстап бермек болған. Қасым бұл шартқа көнбеген. Сол күні күндіз, хан араларында болған оқиғаны құпия жолмен Мұхамед-Мазитке жеткізген. Мұхамед-Мазит ымырт үйіріле бар әскерін ертіп Яссыға қашқан.
Бұрындық пен Қасым Отырардан кеткеннен кейін Мұхамед-Шайбани көп сыйлық беріп, Жақия бек басқарып келген Сұлтан-Махмұд ханның үш мың әскерін Ташкентке қайтарып жіберді. Өзі Яссыға шабуылға шықпақ болады. Осы кезде оған Созақтан қашып шығып, Хантағы тауында тығылып жатқан Махмуд-Сұлтаннан хабар жеткен. Мұхамед-Шайбани қолындағы бар әскерімен Хантағыдағы Махмуд-Сұлтанға барып, екеуі құшақтаса табысқан. Содан кейін екеуі қосылып Сауранды шапқан. Қаланы алған соң Қасым сұлтанға Махмуд-Сұлтанды ұстап берген адамдарды қатты жазалаған. Біразын дарға асып өлтірген. Қалғандарын дүние-мүліктерін тартып алып, өздерін дүрелеп, қатын-балаларын құлдыққа сатқан.
Осыдан кейін барып ағайынды екеуі Яссыны шапты. Қаланы алып, Мұхамед-Мазит-тарханды қолға түсірді. Мұхамед-Шайбани оның қызы Ғибадат-Бегімге үйленіп отырғандықтан, қайын атасын өлім жазасына үкім етуден бас тартып, қол-аяғын кісендеп Отырарға алып келген. Мұхамед-Шайбанидың жеңісін естіген Ташкенттің әміршісі Сұлтан-Махмұт хан, Мұхамед-Шайбаниды құттықтамақ боп Отырарға жеткен. Өзінің көптен бері Мұхамед-Мазит-тарханның інісі Сұлтан-Ахмет ханның қызы Айпатша-Бегімге құштар екенін, Сұлтан-Ахмет ханның көнбей жүргенін Мұхамед-Шайбаниға айтып, сол қызды маған бермей, Мұхамед-Мазит-тарханды тұтқыннан босатпа деп өтінді. Бұған Мұхамед-Шайбани көнді. Ақырында Мұхамед-Мазит-тархан інісінің қызы Айпатша-Бегімді Сұлтан-Махмұт ханға бергіздіріп, өзі тұтқыннан босанды.
Алдын ойламайтын адамның ақылы өкінішімен бір жүреді. Мұхамед-Шайбани ханның қандай адам екенін, жолбарысты темір тордан шығарып алғанын Мұхамед-Мазит-тархан кеш түсінді. Ал жолбарысты қайтадан темір торға кіргізу үшін қаншама күш керек, айла керек! Мұхамед-Шайбани Яссыны алғаннан кейін ендігі кезек Ташкенттікі екенін Сұлтан-Махмұт хан да жаңа сезді. Ол жанталасып моғол әмірлерін жинауға кірісті. «Бұл қалпымен Мұхамед-Шайбани бәрімізді де бағындырады, әлі күш алып кетпей тұрғанында құртайық» деп жан-жағына ат шаптырды. Әмірлер ақылға салып «бұл іске қазақ сұлтандарын көмекке шақыру керек, оларсыз Мұхамед-Шайбаниға біздің күшіміз жетпейді» деді.
«Бәріміз бірігіп Мұхамед-Шайбаниға қарсы шығайық» деп Бұрындық пен Жәнібек балаларына Сұлтан-Махмұт хат жазып кісі жіберді. Бұрындық бұл хабарға қуанып қалды. Біз моғолдармен бірміз деп қолына түкіріп шыға келді. Құран көтеріп, төс ұрысып уәделесіп Мұхамед-Шайбаниға көше бастаған Түркістан уәлиетін шаппақ болды. Ең алдымен Яссыны алсақ десе де, онда Мұхамед-Шайбанидың өзі отырғандықтан беттерін Отырарға бұрды. Бірақ бұлардың қолына Отырар да оңай түсе қоймайды. Осы кездегі қаланың билеушісі, Әбілқайыр ханның кіші баласы Мұхамед-Темір сұлтан өзгелерден жас болғанмен, соғыс тәсіліне ешкімнен кем соқпады. Ұялы қасқырдың бөлтірігі — өнерді ұяластарынан үйренеді. Жауынгер ордада өскенін білдірді, Бұрындық пен Сұлтан-Махмұтқа алдырмады. Олар енді әскерлерін Ташкент уәлиетіне жататын Сайрам қаласына көшіріп, күндіз-түні Түркістан уәлиетінің қышлақтарын, егінші, малшы, кіші-гірім дихтарын шаба бастады. Бұны көрген Мұхамед-Шайбани хан «сендер үйтсеңдер, мен бүйтем» деп қалың әскерін Дәшті Қыпшаққа жіберіп, қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Екі жақтан да халықтың көз жасы қан боп ақты. Өрт алған қалалар, малдарынан айрылып құр жер шұқып қалған ауылдар, құлдыққа — күңдікке айдалған қыршын жастар. Ел басына шын тозақ енді орнады. Мұндай күйге ұшыраған қазақ ауылдары жаппай атқа мінді. Бір кезде жауға дес бермеген кәрі шалдар, қайтадан қолына найза ұстады. Бұрын тек ән-күйді ғана паш еткен қазақтың жас арулары аға орнына садақ тартып жауға шықты. Бүкіл қазақ намысына шауып, ең аяғы алыстағы Алшын руларынан да топ-топ жігіттер келді. Осы кезде соңғы уақытта ұмытыла бастаған «Жалғыз көз» батырдың аты жерді жара қайтадан даланы тітіретті. Халық көтерілісінің басында енді Бұрындық та, Қасым да емес, осы халық ұлы «Жалғыз көз» батыр болды. Өзі жұрт көзіне көрінбесе де, оның құрған жасақтары жау шебіне қырғидай тиді. Халық жаралы жолбарыстай ақырып осылай жауына қарсы шыққан кезде, тағы бір суық хабар жетті. «Мұхамед-Шайбани хан мен Бұрындық хан ауыз жаласып бітімге келіпті. Соғысты тоқтатып қыз алысып, қыз берісетін болыпты» деген лақап бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін алып кетті.
Бұл рас хабар еді.
Мұхамед-Шайбанидың Бұрындықпен бітімге келуі тәсіл еді. Түркістан мен Мауреннахрды әбден өзіне бағындырып алғанша қазақтармен жауласу Мұхамед-Шайбаниға тиімді емес-ті. Бір моғолдардың жаулығының өзі оған жететін. Ал Түркістан мен Мауреннахрды билеу — Мұхамед-Шайбанидың бер жағындағы ғана арманы. Айлакер ханның түпкі тілегі тіпті әрменде жатқан. Алдымен Түркістан мен Мауреннахрды алса, сосын Дәшті Қыпшақ пен Қорасанға қол созбақ. Бұларды бітіргеннен кейін Моғолстан, айдаһардың аузына өзі түскен көжектей, өзінен өзі келеді. Бүкіл шығысты билегенмен, атасы Әбілқайырдың Көк Ордасын қайта тұрғызу — оның шын көкейкесті мақсаты. Ал бұл арманға жетудің жалғыз ғана жолы бар — жауыңның басын қостырмай, біріне бірін айдап салып, шетінен біртіндеп бағындыру. Міне осы себептен қазір Түркістан мен Мауреннахрды бауырына әбден басып алғанша Дәшті Қыпшақпен жауласпау керек. Асықпаса оның да кезегі келеді. Шарттың қаншалық құны бар екенін Бұрындық хан сонда көрсін! әзірге тұлыпқа мөңіреген сиырдай, «Мұхамед-Шайбанимен татуластым, ол маған тимейді» деп жүре берсін. Мұхамед-Шайбани сыры осы. Ал Бұрындық болса, басқаша ойлайды. Қазір бұл арада күшті екі хан бар, бірі Бұрындықтың өзі, екіншісі — Мұхамет-Шайбани. Біз екеуміз тату-тәтті тұрсақ, өзге хандар қарамыздан қорқатын болады. Оның үстіне Мұхамед-Шайбани тәрізді арыстан іспеттес ханмен жақындассам, қазақтың батырларының көмейіне құм құйылады. Әнеугідей Қасым жағына шықпайды. Қазақ рулары тек қорыққанын сыйлайды. Мұхамед-Шайбани секілді одақтасы бар ханнан қорықпай көрсінші! Керек десе, осы Мұхамед-Шайбанимен төс соғыстырған құда боламын. Сонда не істер екен Қасым мен оның серіктері! Осындай далбаса ойға келген Бұрындыққа шынында Мұхамед-Шайбани құда түсті.