Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Жәнібек осы мәселелерді Хан Кеңесіне салмақ болды. О кезде күрделі істің бәрін Хан Кеңесі шешеді. Хан ұсынысын егер Хан Кеңесі қабылдаса ғана іске асады. Абылай ханға дейін бүкіл қазақ тарихында осылай болып келген. Ал Жәнібек тұсында Хан Кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін «Тағанақ кеңесі» деп атайтын, екіншісін «Тұрымтай кеңесі» дейтін. Біріншісі үлкен Хан Кеңесі деген мағынада, екіншісі кіші Хан Кеңесі деген түсінікте. Біріншісіне елеулі рудың басты адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер ғана қаралуға тиісті. Сондықтан бұл кеңесті кейде үш жүзге бөлінерде бас қосқан жерінің атымен «Қаратұз кеңесі» деп те атаған. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа жұртқа елші жіберу, қонысқа жер бөлу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл кеңеске Маймене мен Майсарыдан бөтен, Орда маңындағы әскери қолбасшылар, хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес апта сайын бас қосқан.

Жәнібек өзінің дүдәмалданған ісін, Хан Кеңесіне қоймай тұрып, көбіне Қасым сұлтанмен ақылдасатын. Бұ жолы да осы әдетіне сап баласын, өзі отырған Жаған бәйбішесінің ордасына шақырттырды.

Күн жаңа батып, төменгі ауылдың малы келіп азан-қазан болып жатқанда, кешке таманғы аласапыран әлеті еді. Күндіз ыстық боп, күн бата ғана самал жел тұрған. Орда іші салқындай түссін деп хан есікті әдейі ашып қойған. Баласымен сөйлесер сөзін жат құлақ естімеске күзет жігіттерін де «әрірек барып күзетіңдер» деп, Орда маңынан алыстау жерге қуып жіберген.

— Ымырт үйіріле Қасым да келді. Әкесі оның сәлемін алып оң жағына отырғызды да:

— Пешпентіңді шешіп таста, денеңді жел аймаласын, — деді, сөйтті де қымыз құйып отырған бәйбішесіне, — шам жағасың ба, қайтесің, — деп көз қиығын аударды.

Сонау Жанбике оқиғасынан кейін үш жыл өтсе де, Жаған бәлендей өзгере қоймаған-ды. Сәл толығайын деген тәрізді, әйтпесе сол баяғы көл жағасына шығып таранған аққу-қаздай сәнді қалпы. Жасы қырықтан асып кеткенін есіне тұтып, баласының көзінше орнынан ілтипатпен тұрып, жайшылықтағы еріне деген қылтың-сылтың мінез көрсетпей, әдеппен сәндене майыса, керегеге ілулі қытай шамын жағуға кірісті.

Жәнібек аспай-саспай, алдындағы алтын кеседен уыз қымызды бір ұрттап қойып әңгімесін бастады:

— Бүгін Алмалықтан Жұныс ханнан кісі келді, — деді ол. — Кеше Сауран хакімі Құлмұхамед-тархан мен Сайрам хакімі Қатта бектен жеткен хабарды естіген шығарсың?…

— Еміс-еміс қана…

— Құлмұхамед-тархан әлі өр көкіректігіне салып, — деп келе жатты да, кенет тоқтай қалды. Дәл осы сәтте есік жанындағы қоржыннан шақпақ тас алуға бара жатқан Жаған Қасымды әлденеден қорғай «алла» деп дауыстап жіберді де, жерге шалқалай келіп гүрс құлады. Жәнібектің көргені ашық есік алдында қараң етіп пайда болған қара далбағайлы жат кісінің кенет найзағайдай жарқ еткізіп лақтырған болат қанжары болды.

Жәнібек атып тұрып есік алдына барғанша, қоюланып келе жатқан түн қараңғысынан аруақтай пайда болған түсі суық адам, сып етіп үйді айнала беріп, сиқыршы жандай жоғалып кетті.

Жәнібек тек:

— Ұстаңдар! — деуге ғана шамасы келді.

Сірә есік алдында кенет елең еткен жат бейнені күзетшілердің де көзі шалып қалған тәрізді, енді олардың су жағасындағы қамысқа қарай жүгіріп бара жатқан дүбірлері естілді. Әлден уақытта: «Қап, әттеген-ай, ұстатпай кетті-ау!» деген әлдекімнің өкінішті даусы шықты.

әкесінің сөзін тыңдап бетіне қарап отырған Қасым, шешесінің даусы шыққан шақта ештеңе түсінбей қалды, тек Жаған шалқалай түсіп құлағанда бір-ақ ырғып қасына барды. Қара көлеңкеленіп кеткен бейуақта үн-түнсіз жатқан анасының дәл көкірегіне қадалған қанжардың сабын көрді. Жанталасып мүйіз сапты қанжарды кеудесінен жұлып алды. Атылған ыстық қан бетіне шапшып жуып кетті. Анасы «құлыным» деп ышқына бір бұлқынды да тына қалды. Осы кезде үйге басқа адамдар да келіп, шам жағылды. Енді жұрт қызыл қанға батып өліп жатқан ханымды көрді.

Бүкіл хан аулы түнімен Жағанды өлтірген адамды іздеді. Таба алмады. Тек таң ата ғана оның Сейхун дарияның жағасында жатқан қара жүн далбағайы мен жеңіл пұшпақ ішігін, түйе терісінен илеген көн етігін тауып әкелді. Шамасы арғы бетке жүзіп өтіп кеткен тәрізді. Ағысы қатты, кімді болса да оп-оңай алып кететін бұл кездегі Сейхун дариядан әлгі адамның қалай жүзіп өткеніне жұрт жағасын ұстап таң қалды. «Адам емес, хан Ордасына арнап келген бұл бір албасты болар» деді ішінен ғаламатқа сенгіш кейбір кемпірлер. Ал тастап кеткен киімдерінен бұл келген жын да, албасты да емес, нағыз адам, адам болғанда Дәшті Қыпшақтың өзінен шыққан, тіпті сонау Жайықтың арғы бетінен келген жау екеніне ешкім де шек келтірмеді. Бұған киім үлгісі, көмкеруі, оюы куә еді.

Жағанды бүкіл ел-жұрт боп арулап қойып, жетісін бергеннен кейін, Жәнібек тағы Қасымды өз ордасына шақырды. Қасым келгеннен соң, оның беліндегі қанжарды алды да, қолына ұстап тұрған, Жағанның кеудесінен суырылған қанжармен екеуін баласының алдына қойды.

— Көрдің бе, екеуі бірдей, — деді Жәнібек, — саған осы екі қанжар қандай сыр айтып тұр?

— Бір шебердің жасағаны ма?

— Одан бөтен?

— Есіңізде ме, анам марқұмға Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға тимеймін деп ант бергенімде менің қолымнан мынау қанжарды алып, «саған қадалар қанжар менің жүрегіме қадалсын» деп еді ғой? Анамның сол тілегі орындалған тәрізді.

— Рас, анаң адал жан еді. Адал жүрегінен тілеген тілегі орындалды. Топырағы торқа болсын. Ал бұдан басқа бұл қанжардың лақтырылуынан не ұқтың?

— Қанжар не сізге, не маған арналып лақтырылған.

— Дұрыс айтасың. Бұл қанжарларды Мекеге барған Ноғайлы хандығының бір биі Стамбулдан алып келген. Маған біреуін берген еді. Сен жеті жасқа толғаныңда әдейі беліңе байлағам. Ал қалғандары сол Ноғайлы елінде болатын. Мына қанжарды лақтырған адам не саған, не маған арнап лақтырды. Және өзі со жақтан келді. Бұдан не ұқтың?

— Еділ бойындағы ағайындар да тек жатпайтын тәрізді ғой.

— Дұрыс айтасың. Дәшті Қыпшақ жері — түйенің терісі тәрізді мол дүние. Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алып қалуға құмар. Тегі Түркістанға тым көңіл бөліп кеткен тәріздіміз. Біз бұ жақта әуре болып жүргенде, Еділ бойындағы Ноғайлы Темір би мен Астрахань Ордасының әміршісі Қасым сұлтан да бос жатпағаны көрініп тұр… Қазан мен Қырым хандарымен тіл табысқандай ма, қалай. Төрт жұрттың төртеуі де бізге дос емес. Түркістанды аламыз деп жүргенде, олар Дәшті Қыпшақтың бүкіл батысын басып қалуға дайындалып жатпағанын кім білсін. Жоқ, артыңды бекітпей тұрып алдыңды қармай берудің жөні болмас… Қандай ақылың бар?

— Ақылым өзіңіз ойлағандай: жау екі жақтан. Астананы екі жағыңа бірдей қарай алатын жерге көшіру керек.

— Оның Ұлытау ма?

— Жоқ, Ұлытау екі жақтың дүбірінен де алыс. Бізге тегі қауіпті тұстан тақа алыс кетпеу жөн. Дәшті Қыпшақ хандығы бұл жақтағы шекарасын қазір әжептәуір бекітіп алды. Енді Сауранды жаулап алсаңыз өздері бүлініп жатқан Әбілқайыр мен Темірлан тақтарынан бәлендей қауіп әзірге туа қоймас… Қауіп дүмпуі Ноғайлы жақтан. Дәл Ноғайлы хандығы болмаған күнде де, ар жағында Түрік патшалығы бар. Біз о жақтан тым алыстап кеттік. Сығанақты — Бұрындық сұлтанға қалдырып, хан Ордасын Жайық бойындағы көне қала — Сарайшыққа көшірген жөн.

— Өзім де осылай болжап едім. Дәшті Қыпшақ хандығы болу үшін қарамағымызда Еділ, Жайық, Жем, Торғай өзендерін жайлаған туыстардың бір бол- ғаны жақсы. Ал олар біздің құрығымыздың мойындарына түсуіне тым шалғай жатқанын місе тұтып, бөліне жайылып жүрген түрі бар… Оның үстіне ар жағында тағы қас жауларымыз тұр…

Күзтоқсанның бас кезінде хан «Тағанақ кеңесін» шақырды. Бұл кеңес хан ұсынысын дұрыс деп тапты және қыс түсе Сауранды қайтарып алуды мақұл деп шешті.

Жәнібек қыс түсе Сауранды басып алды да, келесі жылы жаз шыға Сығанақты — Бұрындыққа, Созақты — Махмұдқа, Сауранды үлкен баласы Жиреншеге тастап, өзі Жайық бойындағы Дәшті Қыпшақтың көне қаласы Сарайшыққа көшті.

Баласы Қасым жөн айтқан сынды, егер тағы бір бес жылдай бұ жаққа көңіл бөлмегенде, бүкіл Еділ, Жайық бойы Мұғажар тауына дейін Ноғайлы, Астрахань, Қазан, Башқұрт хандарының үлесіне кетуі мүмкін екен. Оның үстіне Жәнібекті «бар қазақтың ханы» деп құр атағаны болмаса, бұл арадағы рулар оның ықпалынан тым алыс жатқан-ды. Хан өзінің тегеурінді мінезіне басып, тағы қауіп-қатерлі, кейде қан төгіссіз бітпейтін жаңа айқастарға кірісіп те кетті. Енді ол өзіне арналған қанжардың неге батыстан лақтырылғанын ұқты. Оңаша отау, жеке хан болуды арман еткен басшыларының азғыруы салдарынан Еділ, Жайық, Елек, Жем, Торғай, Ор өзенінің бойындағы рулар Жәнібекке бағынудан айни бастаған. Жәнібек өзінің он мың атты әскерін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп, көк құрыш алдаспанын найзағайдай жарқылдатып, енді оларды ойлануға мәжбүр етті. Осылай бұ жақтағы қазақ руларының басын біріктіріп, Дәшті Қыпшақ хандығына күшпен бағындырам деп жүргенінде балаларына тастап кеткен Дәшті Қыпшақтың күншығыс жағына Әбілқайыр ханның кезінен де зор қауіп туғанын білмей қалды.

64
{"b":"110490","o":1}