Жаған ерінің өзіне қойған сұрағының қаншалық ауыр екенін енді ұқты. Жауап қайтара алмай сәл кідіріп қалды. Кенет басын көтеріп алды.
— Онда ма? Онда… — Жағанның даусынан нәсілі Керейге біткен қайсарлық естілді. — Онда кекке — кек! Қанға — қан! Қасым сұлтан әкесі мен ағасының өшін қайтарады. Әбілқайырдың өзін өлтіреді. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның толып жатқан ағаларының басын алады. Бірақ өздері антын бұзбай екеуіне де қылышын көтермейді. Егер мені ана дейтін болса, тұңғышым Қасымжаннан осыны тілеймін. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға бірінші боп шоқпар сілтемеймін, — деп екеуміздің алдымызда ант беруін өтінем. Егер бұл арманымды орындамаса ақ сүтімді көкке сауып өтем.
Ана тілегі Қасымның жүрегіне қанжардай қадалды. Дәл осы мезетте шешесі Жағанның апасы Аққозыға берген уәдесінің қаншалық қымбат екенін түсінді. Кенет ол орнынан атып тұрып, бір тізерлеп шешесінің алдына отыра қалды да, беліндегі наркескенін қынабынан суырып ап, екі жағынан ұстап маңдайына тигізді де, қылшылдаған жүзінен сүйді.
— Асыл болат наркескен, қос бауырым Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға сені бірінші боп қынабымнан суырмасқа ант етем, — деді ол. — Егер антымды бұзып қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам Жаған бикенің ақ сүті ұрсын!
Жаған бике орнынан түрегеліп баласының қолындағы жалаңаш ақ семсерді алды да ерніне тигізді.
— Асыл болат ақ семсер, егер қансырар болсаң, жалғыз ұлым Қасымға емес, ең алдымен менің жүрегіме қадал. Ана тілегін қабыл алғаны үшін, оның құрбаны болсам арманым жоқ деп күні бұрын ант етем!
Анасы мен баласының бұл қылықтарын өз көзімен көрген хан Жәнібек іштей екі сырды қатты түйді. Бірі — Қасымның анасы Жағанды аса жақсы көретінін. Екіншісі өткен түнде Жанбике тоқалдың үйіне кезексіз бардың деп әйелдік мінез көрсетіп, Жәнібекті өзіне дене сұлулығымен тартпақ боп отырған Жаған бикенің кенет шын ар-намысын қорғайтын іске келгенде, қандай табандылыққа болса да бара алатынын білді. «Сұлу әйел егер ақылды болса, еркекке тек өзінің сұлулығымен ғана емес, терең ойлылығымен де, табандылығымен де қымбатты болып көріне алады екен» деді ол ішінен. Ол осы сәтте үлкен жүректі әйелдің уақ әйелдік сезімінен де алыс тұрмайтынын қатеріне алды. Мұндай әйелдің намысымен ойнаудың қаншалық қауіпті екенін түсінді.
Ертеңіне Жәнібек жарлық беріп, хан кеңесін шақыртты. Бұл кеңеске Орда маңындағы сұлтан, батырлар, ерлік істерімен көзге көріне бастаған өз балалары мен Керейдің баласы Бұрындық сұлтан қатынасты. Екі күн кеңесіп, ақырында Күзтоқсанның басында Түркістан уәлиетіне шабуылға шықпақ боп ұйғарысты. Дәшті Қыпшақ әскерін екіге бөлмек болды. Жәнібек хан балаларымен өзі бас- қаратын топ Созаққа, Керей ханның баласы Бұрындық сұлтан мен Найман батыры Қаптағай, Қоңырат батыры Сарыбалақ, Керей батыры Ойшыбай, Уақ батыры Жаубасар, Жалайыр батыры Бөрібай бастаған қалың қол Сығанаққа шабуыл салсын делінді. Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары Жәнібек ханның — хан Ордасының қасында қалды. Бұған Жайықтың бергі беті, Атырау теңізі мен Сырдың төмегі саласын жайлаған Кіші жүзден келген Адай руынан Теген батыр, Табын руынан Серке би, Шөмекей руынан Ақтаңдақ батыр, Тама руынан Қарабура батырлар басқарып келген жасақтар мен Ұлы жүзден Қаңлы, Ысты руынан Бахтияр би, Шапырашты руынан Қарасай батыр, Жаныс руынан Жанатай батыр басқарған шағын қолдар келіп қосылсын делінді. Хан Ордасынан осы әскерлер жиналып жатқан Саумалкөл, Телікөл, Жуанарық, Көкше теңіз Атырау жағасына ат шаптырылды. Бар қол Күзтоқсанның басында Сейхун дарияның төменгі шеніндегі Қараөзек қойнауында шоғырланбақ болды. Бұнымен қатар бұл шаһарлардың хакім, бектеріне жасырын кісілер жіберілді. «Біздің күшіміз қазір Әбілқайыр ханның күшінен артық, қазақ еліне ежелден жататын шаһарларымызды қан төгіспей өзімізге қайтарыңдар. Егерде бұл тілегімізді орындамасаңдар өз обалдарың өздеріңе» деп хат жазды. Бірақ бұған Әбілқайыр хан «арзани дашті» ретінде басыбайлы Созақты берген өзінің немересі Қызыр ханнан туған Бахтияр сұлтан да, Сығанақ хакиматының белағасы Манеден-оғлан да кекете: «Әбілқайыр ханнан күшті болса, ең алдымен сайыпқыран ханды жеңіп алсын. Содан кейін қалаларымызды қан төкпей бостан-босқа береміз» деп жауап берді. Жәнібек пен Бұрындық Ордаларын Телікөл мен Боқтықарынның бойына тастап, желтоқсан түспей-ақ Қараөзекке келді.
Осы араға көп кешікпей жүз мыңға таяу қазақ сыпайлары жиналды. Ортада азғантай қолмен Жәнібектің өзі, ал Маймене жағын Бұрындық сұлтан, Майсары жағын Жәнібектің үлкен балалары Жиренше мен Махмұд басқарып (Қамбар мен Қасым екінші шепте болған), жыланның айырма тіліндей екі бұтақ боп, Түркістанға қарай аттанған. Осы күнгі Шиелі жеріне келгенде екі бөлінген. Бұрындық Сығанаққа, Жиренше мен Махмұд Созаққа беттеген. Жәнібек өзі Арғын, Қыпшақтың таңдамалы жігіттерінен қалқан құрып, Шиелі қамысы Сейхун дарияның жағасына бекінген.
Қазақтардың айтып жүргендері құр қоқан-лоқы қорқыту деп ойлаған Сығанақ қожасы Манеден-оғлан мен Созақ билеушісі Бахтияр сұлтан жауын көрген жыландай кенет жиырыла қалды. Басын көтеріп, ысқырынып айбат шақырды. Қаланы қоршаған қамалдың дарбазаларын дереу бекітіп, қала жатақтарын лаш- қарға алды. Бірақ бұл дайындықтың бәрі тығыз-таяң, асығыс болды. Қазақ әскерінің тым көп екенін естіген қала ақсақалдары, «жұртты босқа қырғызып, қан төгудің не қажеті бар, қаланы әзірге қазақтарға беру керек. Әбілқайыр ханнан көмек келгенде қайтып алу оңай ғой» деп күңкіл шығара бастады. Ел басы ақсақалдардың, керуенсарай ұстаған саудагерлердің көбі Маңғыт, Қаңлы, Жалайыр, Дулат руларынан шыққан қазақ қанды адамдар еді. Қала басы сұлтандар болғанмен, бекіністердің шын тағдыры осылардың қолында тұрған. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша егер, қала билеушілері — ақсақал, сау- дагер, қожа-молдалар ұйғарса, қаланы көңілдеріне ұнаған адамға тапсырар әдет бар. Сығанақ қожасы Манеден-оғлан жұрттың мұндай жағдайын көріп, Самарқант, Ташкент, Яссыдан жуыр арада көмек келе қоймайтынына көзі жеткен соң, «есің барда еліңді тап» деп Бұрындықтың әскерінің қарасы көріне бастағаннан-ақ бүкіл үй ішін, өзіне деген нөкер-құлдарын алып, Самарқантқа қашқан. Сөйтіп Бұрындық сұлтан Сығанаққа бір садақ оғын жібермей, сырнайлатып-кернейлетіп тал түсте кірген.
Ал Созақтың билеушісі Бахтияр сұлтан бүйтпеді. Әбілқайырдың аты шулы батырларының бірі, Көк Орда ханына ұнай білген, бүкіл Созақ уәлиетін қойдай өргізген қажырлы сұлтан, «Қаланы қан төкпей беруді ойласаң қайтеді?» деп келген ақсақал, саудагерлер тобын нөкерлеріне қоршатып алып, «жұрт арасына іріткі салады» деп, қараңғы тас сарайға қаматып қойды. Созақ мидай жазық далаға салынған шаһар. Жан-жағындағы қамалы да Сайрам мен Саурандай биік емес. Түйелі кісінің ернеуіне қолы жетеді. Бүкіл уәлиетінен отыз мыңға таяу лашкер жинап, қалада тығылып жатпай ашық далада жауына қарсы бетпе-бет майданға шықты. Бірақ бала жасынан ат құлағында ойнап өскен, ал ер жете бастағаннан-ақ сойыл соғып, садақ атуды өнер көрген қазақтың жау жүрек жігіттері қойсын ба, құмырысқадай қаптап: «Ақжол!», «Уайс!», «Жауқашар!», «Бахтиярлап!» ат қойғанда, алғашқы қарқынында-ақ Бахтияр сұлтанның алдыңғы шебін күл-талқан етті. Қазақтан дәл мұндай өнер күтпеген Бахтияр сұлтан әбден састы. Халық күші жазғытұрымғы жүздеген, мыңдаған сай, жыралардан қосылып аққан сумен тең екенін, олар бір жерге жиналып, ернеуінен асып тасыса, алдында қандай қамал, бөгет болса да быт-шытын шығаратын алып күш екенін Бахтияр сұлтан сонда білді. Расында да қазақ елі көнтерілі, сан қорлыққа шыдаған қауым еді. Ашына келіп, ақырында ернеуінен асып төгілген дариядай, атқа мініп, қолына сойыл алуға мәжбүр болды. Жалғанда қиянатқа көнтерілі халықтың долданғанынан асатын ұлы күш жоқ. Көнтерілі халық жәй күнде, бөлтіріктері үстіне шығып ойнап маза бермеген арлан қасқыр тәрізді. Ал ызаланғанда ештеңеге қарамайды, бөлтірігім демейді, бөтенім демейді, үстіндегінің бірде-бірін қалдырмай, қанды ауызын салып қап, жан-жағына аямай лақтырып-лақтырып жібереді. Қазақ та дәл осы арлан қасқыр тәрізді шамасы келгенше шыдап бақты. Шыдамы таусылып еді, өлген-тірілгеніне қарамай, желке жүнін күдірейтіп, жауына ақыра тап берді. Қазақ жауынгерлерінің мұндай қаһарлы түрін көріп, Бахтияр сұлтан «жеңілдім!» деп алдына кеп қол қусырып Жиренше мен Қамбардан бітім сұрады. Бұлар қаланың кілтін алып, бітімге келісті.