Литмир - Электронная Библиотека
A
A

— Барсың ба, хан ием.

Есік алдына күмістенген кебісін тастап жатып, хан әйеліне сұқтана қарады. Жаған қара торының сұлуы еді. Сұңғақ бойлы, оймақ ауыз, көген көз. Екі бала тапса да қыпша белі әлі де жіп-жіңішке. Қақтаған алтыннан жасалған ауыр шолпысы жерге тартып тұрғандай, білектей етіп өрген қос бұрымының ұшы шұбатылып кілем үстінде жатыр. Меруертпен шытырмалап, гауһар таспен безеген қызыл мауыты сәукелесі, аш белін қынаған алтын оқалы қызыл бар- қыт камзолының түсін ашқандай жарасып тұр. Жаған иген басын әлі жоғары көтерген жоқ. Сонау бота көзін жауып тұрған ұзын кірпіктері найзадай Жәнібектің кеудесіне келіп қадалғандай. Жәнібектің қырықтан асқанға дейін сан айқаста мызғымаған тас жүрегі, кенет қолға түскен торғайдай тыпырши қалды. Хан көз алдында осы Жағанмен алғашқы кездескен шағы елестеп кетті.

Жәнібек жиырмадан жаңа асқан тұсында. Жазтоқсанның нағыз сарша тамыз ыстық кезінде Шах-Будақ сұлтанның серігі боп қырық жігіт құдаларды басқарып Алтын хан патшалығына барған. Әбілқайыр ханның баласының жанына ерген әнші, күйші, батыр, балуан, мерген, құсбегі — кілең өнерлері тасыған өрендер. Домбалық батыр сол маңда көшіп жүрген ең беделді рулар — Қытай, Найман, Керейдің бас батыры еді. Оныменен Цзинь богдаханы да, көршілес Ойрат қонтайшысы Исентайшы да мықтап санасады екен. Жәнібек бастаған Шах-Будақ тобы Теріскей Тарбағатайды жағалап Зайсан көлінен өтіп, Алтай тауының күнгей жағына шықты. Қалың Найман, Қытай, Керей тайпа елін көктей басып, үшінші тәулікте Домбалық аулына жетті. Бұл ауыл Қыдыркөл жағасына кеше ғана келіп қонған екен. Қамысты көлді жағалай кілең ақ шағаладай кигіз үй тігіліпті. Көк майса, жасыл шалғын белуардан келеді. Арғы қабағы қарауытып қана көрінген шалқар дария, көгілдір көлдің ақ айдынында сыңсыған қаз-үйрек, сыбызғыдай сызылған қоңырқай аққу әні алыстан талып естіледі. Көлдің қамысы аз күншығыс жағынан, сонау алыстағы белеске қарай өріп бара жатқан қарақұрым жылқы көрінеді. Шах-Будақ сұлтанның келе жатқанынан күні бұрын хабардар ауылдың қыз-келіншек, бозбалалары құдаларды көш жерден қарсы алды. Жәнібек Шах-Будақтың қалыңдығы Аққозыны бірден таныды. Қарсы алған ауыл қыз-келіншегін қырағы көзімен бір шолып өтіп еді, дәл осы ауылға бұл жалғанның бар сұлу қыз-келіншегін жинағандай екен. Ал Аққозы солардың ішінде топ қоңыр қаздың арасындағы аққу тәрізді. Сұңғақ бойлы, аққұба мөлдір көз бір керемет. Басындағы алтай құндызынан тіккен шоқ үкілі камшат бөркі де, үстіндегі дүрия шәйі қос етекті көйлегі де, белін қынай киген қамқа ішігі де, гауһармен безенген алқасы мен аяғын басқан сайын қоңыраудай сылдыр қаққан қақтаған алтын шолпысы да басқалардікінен анағұрлым қымбат, өзгеше. Қыздың сырт бейнесін көргеннен-ақ Жәнібек Домбалықтың атақты сұлуы Аққозы осы екеніне шек келтірмеді. Енді ол қалған қыз-келіншек арасынан Аққозының сіңлісі Жаған бикені іздей бастады. Былтыр Аққозыға құда түсе келген Әбілқайыр адамдарынан Жағанды Аққозыдан сұлу болмаса, кем емес деген лақапты естіген. Қарсы алдында тұрған қыз-келіншектің ішінде Аққозыға көркемдігімен пара-пар келетін ешкім көзіне түсе қоймаған соң, «Жаған мұнда жоқ екен!» деген. Неге екені белгісіз, Жаған Аққозыдан да асқан сұлу болуға тиісті деген ойдан ол арыла алмаған. Қайткенмен де Жағанды тезірек көруге құмарлана асыққан. Бірақ Жаған көзге түспеді. Тек қонақтарға ауыл кәдесін істеп, кешкі ойын-сауыққа кірісер алдында ғана Домбалық батырдың екінші қызының жылқы бағуға кеткенін білді. Қазақ руларының ғұрпы бойынша көне заманда жылқы бағу тек жылқышылардың ғана борышы емес, қыз-бозбаланың да шаруасы. Жасыл шалғынды ми далада, жаздың жылы айлы түнінде қыз-бозбала болып жылқы күзету — қазақтың ескі салтының бір қызық дәстүрі. Кең алқапта үйір-үйір боп бытырай жайылған қалың жылқы. Сол қара-құрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тай қазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті. Үйірінен бөлініп кеткен саяқты іздеген боп сайға түсіп бара жатқан, сойылын сүйреткен бозбала. Арғы беттен астындағы жорғасын жанындағы серік қызына ұстатып, төмен қарай асыға аяңдаған үкілі бөрікті, былқ-сылқ басқан жас сұлу… Бұ да бір қызық заман! Жақсы көрсең де келмейтін, жек көрсең де оралмайтын, біржолата мәңгі өшкен алтын дәурен!

Жолдан шаршап келгендеріне қарамастан жігіттер түнімен алтыбақан теуіп, ән салып көңіл көтерісті. Әзіл-қалжың, айтыс, қазақтың көне заманындағы сауықтары «Түн қату», «Түйе жығу» секілді сан алуан ойындарын ойнап, таң шапақтап ата бастары жастыққа тиді. Ойын-сауық ертеңіне тағы басталады. Күрес, сайыс, көкпардан кейін кезек жамбы атуға келді. Міне, осы ойын кезінде Жәнібек сұлтан Жаған бикені көрді. Келген қонақтар мен ауыл жастары бәсекелесіп жамбы атып жатқан. Бақан басындағы қадаға ілген күміс жамбыны бір жүз қадам жерден екі жақтың бірде-бір мергені тигізе алмай-ақ қойған-ды. Жайшылықта құралайды көзінен ататын жігіттер бұ жолы қолдарын шайтан қағып тұрғандай, алыстан еміс-еміс ағараңдап көрінген жамбыға садақ оғын қанша көздесе де дөп қадай алмады. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға барып сарт етеді. Алақанның аумағындай күміс жамбының нағыз бір оқ қағары бардай, байлаған жерінен бірде-бір қозғалмай-ақ қойды.

Дәл осы кезде шоғырланған топ қыз-бозбала кенет шуылдап қоя берді:

— Жаған келе жатыр!

— Жол беріңдер! Жол беріңдер!

— Жаған жамбыны көздемей түсіреді.

— әй, Оқас, Жаған бикеге жамбы атып жатқанымызды айт!

Аққозы бикенің шабарманы «Бикем не бұйырады?» деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз-бозбалаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстінде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр. Түлкі бөрікті қыз жамбы жанында шоғырланған топқа қарап бірдемені сұрады да, қолындағы сойылын қасында тұрған жігітке ұстата беріп, оның садағын алды. Жігіт қорамсағынан екі-үш оқты суырып, таңдап біреуін берді. Қыз садақтың бауын, домбыраның шегін шерткендей, қолымен қатты тартып көрді де, сол қолымен жақты жоғары көтеріп, жебесін қойып кезенді. Сөйтті де, астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Жамбы атып тұрған қыз-бозбала: «Жол беріңдер! Жол беріңдер!» «Иә, аруақ, қолдай көр!», «Қарақожа!», «Ойшыбай!» деп Керей руының ұранын айтып кейін шегіне берді. Жәнібек сұлтан қыз абыройын құрбы-құрдасының осыншама тілеуінен Жағанның осал бике емес екенін аңғарып қалды. Сөйткенше болған жоқ, ақ боз жорғаны теңселте ағызып, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезене ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді. Сол сәтте жұрт шу ете түсті. Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді.

Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұм- тылды.

— Мың жаса, Жаған мерген!

— Қыз емес, қыран ғой!

— Сені тапқан анаңнан айналып кетейін.

— Қарақожа атаңның аруағын бір көтеріп тастадың ғой!

— Ел намысын жібермеген ер қызым, мың жаса!

Дабырлаған топ қызды ат үстінен көтеріп ап, сұлтандарға қарай жүрді. Олар Жәнібектер тұрған маңға таянғанда ғана қызды қолдарынан түсірді. Өздерінің тобына жақындап келіп, иіліп сәлем берген Жаған адамзаттың баласы емес, көктен түскен қор қызы боп көрінді. Қос бұрымы жерге тиіп шұбалып, құралайдың көзіндей танадай қара көздері Жәнібекке жайбарақат, мөлдірей қарады. Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажа- йып сиқырлы күш бар еді. Өн бойы қорғасындай балқып, Жәнібек өзін-өзі әзер ұстап қалды.

— Арсыздар ма, құда жігіттер? — деген Жаған сонда ұзын кірпіктерін Жәнібектің жүрегіне, дәл осы қазіргісіндей қадап.

— Барсыз ба, мерген құдаша? — деген жігіттер шулай жауап беріп.

Осыншама шудың ішінен тек Жәнібектің даусын естігендей Жаған сұлтан- ға тағы да бір мәністі көз тастады. Сұлтан енді бұрынғыдан да бетер өртеніп кете жаздады. Сол күні түні бойы көз ілінбей шықты. Ертеңіне Жәнібек Жаған қыздың қалай асау үйреткенін көрді. Бойды алған жалын, ойды өртеген арман бұрынғыдан да өрши түсті. Ұлытауға қайтып келісімен сұлтан сонау Алтын хан еліне құдалыққа кісі жіберді. Келесі Жазтоқсанның басында он төрт жасар Жаған сұлуды үшінші бәйбішесі етіп ақ отауға кіргізді. Баяғы алғашқы жолы кездескенде «Барсың ба, ару қарындас?» деп амандасқаннан кейін, ол Жағанмен бірінші мәртебе осы ақ мамық — жар төсегінің үстінде сөйлесті. Төсектің ірге жағында көйлекшең отырған Жағанның жерге шұбатылып жатқан қос бұрымын оң білегіне орап, сол қолымен тастай қатты сүйір ұшты қос анарын кезек-кезек сәл ауырта қысып, ұяттан күйіп-жанып не істерін білмей жанта- ласқан жас аруды бауырына тартты. Бетіне бетін таяп:

58
{"b":"110490","o":1}