Литмир - Электронная Библиотека
A
A

— Арсың ба, Асан ата?

— Барсың ба, жарқыным?

Хан енді қазақ әдетімен алдымен құшағын айқастыра, кеудесіне кеудесін тигізіп, әуелі Асан Қайғымен сәлемдесті, содан соң барып Қотан жыраумен, Қазтуғанмен амандасты. Қазтуғанның орнына енді Жәнібек ханның өзі Асан Қайғының қолтығынан ұстады. Бәрі бірдей хан Ордасына беттеді. Ақ Ордаға тәжім етіп кіргеннен кейін үш жырау хан тағының оң жағындағы шайы көрпенің үстіне барып отырды. Асан Қайғы төрде. Одан сәл төмендеу Қотан қарт, сосын барып Қазтуған тайшы жайғасты. Хан нөкерлері аяқтарының ұшымен дыбыс шығармай жүріп, шынтақтарына үлпілдеген мамық жастық салды. Сөйтсе де Жәнібек ханды сыйлаған қарттар, аяқтарын көсіліп жастыққа жантаймады, сол малдастарын құрып отырған қалыптарынан қозғалмады.

— Жол болсын, қария, — деді Жәнібек, Асан Қайғыдан жөн сұрап, — алыстан келесіз бе?

— Ақсираққа жақын, ақсақалға алыс жерден келемін, жарқыным. Бабам Майқы би көш салған Алатаудың қойнауындағы, гүл-бақшасы жайнаған, бұлбұл құсы сайраған Алмалықтан шыққан бетім бар…

— ә-ә… құтты қоныстан аттанған екенсіз ғой.

— Құтты дейсіз бе?.. — Асан атаның қабағы қарс жабылып кетті. — Бізден де бұрын насрани діні шіркеуі салынған екен…

— Батыс қонысы тым алыс қой.

— Қызыл түлкіге қызыққан қыранға алты күндік атырап әудем жерден жақын.

— Рас, Жетісу өңірі жердің қызыл түлкісі.

— Айыбы — ажары. Сол себептен де Сойқын Сайдан Шығыстың әп жыланы әлсін-әлсін басын сумаңдай көрсетіп жатқан жоқ па?

— Тірі қалғың келсе елің күшті болсын.

— Елім қайтсе күшті болады?

— Арманына жеткен ел күшті болады.

— Қандай арманды айтасыз?

— Жерүйек деген халқыңның арманын айтамын. Бұ жалғанның жерүйегі Жетісу екен. Алтын Ордаңды сол Жетісудағы Алмалыққа тіккеніңде қой үстінде боз торғай жұмыртқалар заман орнайды. Біз жетпегенмен оған біздің ұрпағымыз жетеді.

Жәнібек езу тартты.

— Бірақ оған шейін Әбілқайырдың көк бөрілері бізді талап қан етпек қой.

— Дұрыс айтасың, жарқыным, қазіргі заман әлі жеткеннің заманы. Жолай Ахмет қожаның мешітіне құран оқып шығайын деп Яссыға бұрылып едім, Әбілқайыр ханның әмірімен істелген бір қиянатты көрдім…

— Қандай қиянат?

— Хакім Мұхамед-Мазид тархан Яссыға керуен тартып келген қазақ саудагерлерінің малын тартып алып, өздерін құмға қуып салыпты.

— Бұнысы Әбілқайырдың Түркістан жеріне қазақ саудагерлері келмесін дегені ғой.

— Иә…

Бағанадан бері үндемей отырған қарға бойлы Қазтуған оқыс қимылдап ханға қарады.

— Сонда қара қазақ жейделік қарбас[47] пен кебіндік бөзді қайдан алады?

Жайшылықта сырға тұйық Жәнібек, қазақ саудагерлеріне істеген Әбілқайыр қорлығы жанына батып кетті ме, өзін-өзі ұстай алмай қалды.

— Түркістаннан аламыз, — деді ол Қазтуғанға қарап, — алдымен Түркістанның өзін аламыз.

Асан Қайғы Жәнібекке ойлана көз тастады.

— Шырағым, Жәнібек, бабаң Орысханның ақылы саған қонды ма деп едім, адаспаған екенмін. Әбілқайырдан айырылғаныңа қарсы болмасам да, Шуға көшемін дегеніңді ұнатпағам. Енді қанып отырмын, ойың алыста жатыр екен… Әрине қазақ енді шаһарсыз күн көре алмайды. Бұқардың мейізі мен Ташкенттің науаты қазақ сорлының да аузының дәмін енгізгендей. Бірақ Әбілқайыр саған оп-оңай Түркістанды бере ме? Күшің жетіп тұрып қан төккеннен, күшің жетпей жатып қан төккеннің күнәсі ауыр.

— Мен қан төгейін деп отырмын ба? Түркістан ата қонысым. Түбі қан төкпей бітіспейтін болсақ, амалымыз не? Биыл күшім аз, ал келесі жылы…

Енді сөзге Қотан қарт кірісті.

— Оған көзің жете ме? әрі-бері көшіп жүдеген жұрт жаңа тойына бастады ғой. Ар жағына ел қонған адамды оңай орнынан тұрғыза алмайсың…

— Жау шапқалы тұрса да ма?

Қотан жырау ойлана жауап қайырды.

— Тоқ бала аш болам деп ойлай ма?

Халқының жайын ақындарымнан білермін, деген үмітінің ақталғанына Жәнібек іштей риза болды.

— Сендерді босқа шақырмаған екенмін, — деді ол, — жақсы бұл жайды жата-жастана кеңеселік…

Асан Қайғыға ақ үй тігіліп, үш жырауға арнап қазысы кере қарыс қысыр бие сойылды. Сапырылған уыздай сары қымыз судай ақты. Өздерінің ардақты жырауларын қолдан қолға түсірмей, бір үйден соң бір үй шақырып, ауыл қазақтары бір апта әңгіме-дүкен құрумен өтті. Дәл осы кезде қазақтың алғашқы өз ханы Жәнібекке сәлем беремін деп сонау Еділ бойынан Едігенің немересі Темір бидің жиені, көмекейінен бұлбұлша сайраған он бес жасар Шалкиіз жырау келді. Алыстан сапар шеккен аяулы қонақты хан ауылының қыз-бозбаласы ат үстінен жерге түсірмей көтеріп әкеп, арнап тігілген ақ боз үйге кіргізді. Шаттық үстіне шаттық ұласты.

Бір апта өткеннен кейін хан өзінің үлкен ұлдары әдік, Қамбар, Қасым, Керейдің баласы Бұрындықты шақырып, қазақтың сол замандағы ең атақты төрт жырауымен бас қосты. Ел болам деген жұртқа қазір ең ыңғайлы кез екенін, бұл кезді пайдалана алмай қалса, тағы да ұзақ жылдар бастарының бірікпейтінін, тіпті жан-жағынан талағалы тұрған жат елдердің хан, патшаларының қолында талан-тараж болып кетулерінің мүмкін екенін айтысты. Көп жайды таразыға салып, ақылмен салмақтады. Ақырында кеп биыл Күзтоқсанның басында бүкіл қазақ руларының игі жақсыларын Бетпақ пен Жетіқоңыр құмының арасындағы Нұраның Қаратұзы деп аталатын жерге жимақ болды. Бұл ара қазақ жерінің діңгек ортасы. Тарбағатайдан Найман мен Керейдің, Жетісудан Үйсін, Дулаттың, Еділ, Жайық бойынан Алшын, Ноғайлының, Есіл, Нұра, Торғай бойынан ең алыстағы Арғын, Қыпшақ билерінің де келуіне қолайлы. Және Күзтоқсанның басында бұл маңай майда қоңыр, жылы, жауын-шашынсыз болады. Қысы-жазы гуілдеп соғып тұратын азынаған ашулы желі де басылады, әсіресе хан аулына тиімді. Қара Кеңгірден Шу, Таласқа қарай көшкен кезінде де бұрыс емес. Осы мәжілісте Жәнібек алдын ала үш жарғы жәйтті қарамақ боп шешімге келді. Бірінші жарғы, қазақ рулары бұдан былай қарай бір ханға бағынып, келесі жылы адам санына қарай Түркістанды жаулап алатын сыпайлар бермек. Екінші жарғы, Дәшті Қыпшақ жерінің шалғайлығымен қазақтың көп руларының Моғолстан, Қытай, Жоңғар шекарасындағы тайпаларда тұратынын еске алып, әр рудың жайлаған жеріне, рулық тілектестігіне, шаруашылығына қарай үш жүзге бөліну сөз болмақ. Жеріне, әдет-ғұрпына, ескіден келе жатқан туысқандық белгілеріне қарай үш жүз болып аталу мәселесі өткен ғасырдан келе жатқан әңгіме еді. Соны тағы сөз етпек. Егер жұрт көнсе, әр жүздің өзінің басты биі, батыры, қала берсе ханы болмақ. Сол үш жүзді билеушілер, басқарушылар сайып келгенде, бүкіл қазаққа деген жалғыз ханға бағынуға тиісті. Сонда ғана хан Ордасы ұшы-қиыры жоқ далада көшіп жүрген қазақтың толып жатқан руларын, үш жүздің басты адамдары арқылы бағындырып отыра алады. Бұнысы Шыңғысханның жаулап алған әлемін төрт ұлысқа бөліп, төрт ұлы арқылы Қарақұрым Үлкен Ордасына бағындырғаны тәрізді еді. Қала берді, Ақсақ Темірдің қарамағындағы жерлерді бірнеше уәлиетке бөліп билегеніне де ұқсайтын-ды. Онда тек жерді ғана бөлсе, мұнда жайлап отырған жалпы жеріне қарай, рулар үш жүзге бөлінбек! Үшінші жарғы, осы мәжілісте әр ру өзінің рулық белгісін — таңбасын белгілемек. Бұл осынау барымталы, бір ру мен бір ру күнде сойылдасып, қырқысып жатқан заманда өте керекті шара болатын. Болашақ халық кеңесінде осындай үш күрделі мәселе қарамақ боп, жыраулар мен хан мәжілісі жабылды. Енді хан бұйрығын жеткізуге жан-жаққа шабармандар шапты. Бұл жарғылардың халыққа керек екенін түсіндірмек боп, төрт жырау да аттарына қонды.

әне-міне дегенше жаз да өте шықты. Күзтоқсанға екі апта қалғанда хан аулы, қаптаған төлеңгіт, қарашасымен Саумалкөлдің тұсына келіп үйлерін тікті. Осы арадан Нұраның Қаратұзы желісті атқа жарты күндік жер.

Жетіқоңыр құмы мен Бетпақ даланың арасында қатқыл атырап бар. Жел тұрса құм сырғақтап жаяу борасындай бастайды. Ал ашық күндерде жарқырап жатады. Бұл бабаларымыз ісләм дініне кірмей тұрған кезде отқа, суға табынған дәуірде, көк тәңірісіне, жер тәңірісіне арналып адамнан құрбан шалынатын жер. Ежелден сұсты, жұмбақ атырап. Жетіқоңырдың өркеш-өркеш құмынан өтіп, жазыққа шығысыменен, сонау қу заманның белгісі боп, тақыр дала шетіндегі екі адамның бас сүйегі сонадайдан көзге түседі. Бастардың қасында атам заманда қадалған жуан діңгек қада бар. Күн күйдіріп, жел сүйіп, әбден қара- қошқыл тас болып қатып қалған. Ол қадаға әлеміштер байланған. Бұл белгілеріне қарағанда, сонау арғы дәуірде осы арадан көшіп жүрген елдер бұл атырапты әулиелі жер санаған тәрізді. Әлгі қаданың теріскей жағында құлынжалданып, ұзыннан созылған түйелі кісі бойындай жарнұра бар. Етек тұсынан жер астындағы көзден жылап шыққан, мөлдір сулы шағын өзен ағады. Бұл өзен қарлы жылдары қатты тасиды. Тасығанда бір кезде телі емген бұзаудай, қос өзен құйғандықтан Телікөл деп атанған Телікөл-татаға құйып, бұл арадағы басқа арадағы басқа уақ қарасуларды қосып жатады. Сөйтіп сары ала сегіз сайға барып қосылады. Ал егер қысы қалың қарлы, жазы жаңбырлы жылы Нұраның Қаратұзынан шығатын сай суы жіңішке Сарыөзен — Сары Кеңгір мен Қара Кеңгір барып құятын Боқтықарын көліне дейін жетіп қалады. Бұндай тасу он жылда, жиырма жылда бір болады. Өзге жылдары Нұраның Қаратұз сайы сәл көпіріне көтеріліп, жаз шықпай-ақ құмға сіңіп жоғалып кетеді.

вернуться

47

Қарбас — көне түркі тілі, мата деген мағынада (сәтен).

50
{"b":"110490","o":1}