Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Туғандарым кезінде Бұқар кеткен.

Жай оғындай жарқ еттің түскен көктен.

Еркегі жоқ ауылды шабатұғын.

Кәсібің бе, сұлтаным, әдет еткен?

Сол жылқымның соңынан келдім іздеп,

әке үшін бар қорлыққа қызы төзбек.

Табалатпай қасына малын қайтар.

Өз басымды кетсең де келемеждеп…

дейді.

Сонда Қасым сұлтан айдап келе жатқан жылқысын тоқтатып, су жағасына жібек шатыр тігіп, Нигер-Сұлтан-Бегімді көтеріп аттан түсіріп, аппақ айлы түнде ақ шатырға кіргізді. Аппақ айлы түнде ақ шатырға төселген ақ кигіздің үстінде әлі жан сипап көрмеген қыздың ақ төсінен Қасым сұлтан тоят алды. Таңертең ел басқаратын адам мал санын емес, ел санын арман етеді. «Ел өссе ер өседі. Ер өссе шер өшеді», деген әке сөзін өсиет тұтқан ер көңіл батыр жігіт қыздың үш мың жылқысын қайтарып берді. Бұдан өзінің даңқы өсетініне сұлтан күмәнданбайды. Қасымның қылығына риза болған Нигер-Сұлтан-Бегім ат үстінде тұрып, жарылған жұмыртқа тәрізді құны түсіп кететінін айтып, түндегі болған оқиғаны мақтан етіп бөтенге жарияламауын өтінді.

Қасым: «Бұ жалғанда, амал жоқ, көп нәрсені құпия ұстауға тура келеді» деп қыздың өтінішін орындауға уәдесін берді.

Осылай Қасым сұлтан, олжадан қағылған серіктерін ертіп еліне беттеді. Не қыз жоқ, не олжа мал жоқ, іштей күйінген жігіттер Қасымға өкпелерін айта алмай, қалжың-әзіл өлең шығарады.

Шақпақ тас о да мүлік от жаққанға,

Қоймен тең қотыр ешкі мал баққанға.

Төледі үш мың жылқы қалай ғана.

Қасекең қыз қойнына бір жатқанға?

Дүние алдап кетер қызыл түлкі

Қызығы бұл жалғанның ойын-күлкі.

әйтсе де сол қыздікі алтын ба екен, Төлейтін бір түніне үш мың жылқы?

Бір қу жігіт ат шалдырып отырғандарында осы өлеңді сұлтанға айтып береді. Қасым күледі де қояды. Бірақ жолай ғажайып ерлік көрсетіп, Қаратау жайлауында жатқан Мұхамед-Сұлтан-Мазиттің бір топ жылқысын шауып алады. Жігіттеріне үлестіреді. Нигер сұлумен болған оқиғаны айтпауларын сұрайды. Жігіттер уәде береді. Бірақ әзіл сөз қолға тұрмайтын сынап қой, бертінде әлгі өлең жұрт арасына тарап кетеді.

Жыл өте, Жұныс қызын әбусейіт мырзаның баласы Андижанның әміршісі Шайх-Омарға берді. Әбілқайыр рұқсатымен Мауреннахрға төркіндеп келген Рабиу-Сұлтан-Бегім, Шайх-Омар сырқаттанып қалған соң, Нигер-Сұлтан-Бегімді алып кетуге бір топ нөкерімен Яссыға өзі керуен салды. Бұл жайды естіген Жәнібек Қасымның үш мың жылқыдан қалай айырылып қалғанынан хабардар бола тұрса да, баласын тағы шақырады. «Нигер-Сұлтан-Бегімді қалай босатып жібересің, онда менің шаруам жоқ, бірақ көшін аңдып тұрып Әбілқайырдың ерке бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді ұстап алып келесің» деді. Бұ да жау жағын мұқатудың бір жолы еді.

Қасым жігіттерімен жолда аңдып жатқанында әбдірашит сұлтанның да Нигер-Сұлтан-Бегім көшін өздеріндей күтуде екенін естіді. Жағатай ұрпағымен дос болғанмен де, Жұныс қызы мен көзі көрген, қолынан жас кезінде сан мәртебе дәм татқан Рабиу-Сұлтан-Бегімді оларға қимады. Аналар көшке шапқан кезде қарсы шығуға тура келді. Бір абырой болған жері, бұл айқаста әбдірашиттің өзі қатынаспады. Ол тек жігіттерін жіберген боп шықты. Жағатайдың бейбастақ, нәпсіқұмар қарақшыларынан аман алып қалып, тағы да өзі Нигер-Сұлтан-Бегімнің құшағында бір күн түнеп, ертеңіне қос сұлуды елдеріне қоя берді. Жау олжасынан құтқарған Қасым сұлтанды Рабиу-Сұлтан-Бегім өле-өлгенше сыйлап өтті. Екі жақтың бір-бірімен татуласуына да сан мәртебе қызу кірісті. Бірақ ел намысына айналған жанжалды басу оның қолынан келмеді. әйтсе де Қасым алдында борышты болып қалмады. Бертін келе Мұхамед-Шайбани әбден күшейіп, Яссы әміршісі — баласы Сүйіншік қаннен-қаперсіз күйдегі Қасым ханның әскерін түнде басып алмақ болып дайындалып жатқанда, ар- наулы кісі жіберіп, Қасымды бір ажалдан құтқарды. Сөйтіп өзіне істелген жақсылықты ақтады. Ал, Нигер-Сұлтан-Бегім болса Қасым ханды он жыл аңсап күтті. Он жылдан кейін барып ең алғашқы ақ төсінен тоят алған қыран бүркіттің құшағына қайта кірді.

Бос қол қайтқан себебін сұраған әкесіне сұлтан: «Итаяқтағы жуындыдан бұралқы төбетті қуып жіберіп өзі жалай бастаған арлан тазыдай, біреудің бауыр баспақ аруын әбдірашит сұлтаннан тартып алып өзім иемденгім келмеді» деді.

— Ал, Рабиу-Сұлтан-Бегімді неге босаттың? — деді Жәнібек.

— Ұлықбек мырзаның аруағын сыйладым.

«Түсіп қалған мұзалимның[44] биігі жаман. Тоят ала алмай қалған әйелдің күйігі жаман» деп қарайтын сорақы заманның Жәнібек те бас иген перзенті. Бірақ баласының жауабы миына қона кетті.

— Дұрыс еткен екенсің, адам қартая бастағанда жауымнан кегім қайтпай қалады-ау деп көп ойлайды екен. Менікі де сол болар… — дей салды. Сөйтті де Қасымға тағы қарады. — Көзім тірісінде өмір деген өткелдің қыл көпірдей сынынан өте бер… Істеп жүргендерің теріс болса да өзің пішіп, өзің сөккенің ұнайды… Оқасы жоқ, құс ұша түзеледі.

— Құс дұрыс қанаттана алса, түзу ұша алады.

— Дұрыс айтасың, — Жәнібек баласына тағы тесіле қарады да қойды.

Осылай талас-тартыста тағы төрт жыл өтті. Қазақ елі Шу, Сарысу бойын әбден мекен етіп алды. Әдеттегідей жұрт жайлауға көшкелі жатқанда, бір күні Жәнібек Қасымды тағы шақырды.

— Мүмкін Мұхамед-әкім эль Таразидың тойына Бұрындық ағаңмен сен барарсың? — деді ол.

— Барсам барайын.

Мұхамед-әкім эль Тарази Жаңғы шаһарында тұратын аты-шулы саудагер. Түбі араб. Бір шеті Үнді, Қытай, Монғолия, Тибет, екінші шеті Византия, Түркия, Мәскеу, Киевке дейін жүздеген түйемен жылда екі-үш рет керуен жүргізетін, қытай жібегі, манат, шағиы, үнді шайы, жемісі, Киев кендірі, қызыл бидайы, Дәшті Қыпшақ малы, тері-терсек, жүн-жұрқасы, Стамбулдың қолөнершілері істеген білезік, жүзік, күміс ыдыс, алтын жалатқан құман, зер жүргізген жайнамазына дейін сатып, сауда арқылы күншығыс пен күнбатысты байланыстырып тұратын. Әр ханның өзіне бағынатын хандығы болса, бұның сол хандықтарды да өзіне бағындырар байлығы бар адам. Жеке сауда патшалығы бар. Алтын ақшаны сандықтап жинаған саудагер, Әбілқайыр ханнан кезінде ишік-ата атағын алған. Осы мал-мүлкі бықыған байдың бар тілегі жалғыз ғана бала болатын. Бірақ жаратылыс осыншама байлықты мұрагерсіз қалдырайын дегендей, оған бала бермей қойды. Сөйтіп жүргенінде отызыншы әйелі былтыр екі қабат болып, биыл бір ұл тапқан. Жиырма тоғыз әйелінің қағанағын қарық ете алмаған саудагер, отызыншысына келгенде ұрық берер қуатты қайдан тапқанын кім білсін, әйтеуір қайқы төс, саулық құйрық жас тоқалынан аппақ сазандай ұл көрген. Кейбіреулердің «япырмай, Мұхамед-әкім эль Таразидың мына баласы інісі Махмуд-Рақым эль Таразидан қалай аумаған. Туған әкесі өзі болса мұндай ұқсас тумас» деген күңкіл сөзіне қарамай, Мұхамед-әкім эль Тарази бүкіл Тибет, Қорасан, Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қырым, Қазан жерлеріне жар салып, ұлан-асыр той істемек болған. Мұндағысы оның атақты саудагер Көк Орда ишік-атасы — Мұхамед-әкім эль Таразидың мұрагері бар екен деп жер-жиһанға дәріптеп, айды аспанға шығарған той жасау. Тойға жүлде етіп, Стамбулда сом алтыннан құйылған үш алтын құс белгіледі. Әрқайсысы сегіз батпаннан. Жүлде тиген адам егер бұл алтын құсты алғысы келмесе, бағасы содан артық емес, тілеген затын беремін деп жариялады. Жүлде беретін шарты да таңғажайып. Бірінші жүлде — кімде-кім жаяу жарыста он фарсат жерден озып келсе, соған беріледі деді. Мұнысы жиһанкез саудагердің рум халқынан алған өнегесі. Екінші жүлде — кімде-кімнің түйесі жиырма фарсат жерден озып келсе соған беріледі деді… Мұнысы сонау Мысыр арабтарынан алған үлгісі. Үшінші жүлдені — кімде-кімнің аты отыз фарсат жерден озып келсе, сол алады деді. Бұл Дәшті Қыпшақтың ежелден келе жатқан көне салты.

Жәнібек сұлтанның айтып отырғаны осы той еді.

— Барар болсаң, жаяу жарыс сұлтандарға лайықсыз, ат жарысы мен түйе жарысына дайындалу жөн, — деді Жәнібек, — Қырым менен Қорасаннан да кісілер келуі ғажап емес.

Жәнібектің айтқаны оң келді. Той болар күні бір шеті Қорасаннан, екінші шеті Қырымнан қадірлі қонақтар, бұл жалғанның тетігін қолына ұстап тұрған сан алуан саудагерлер жиналды. Талас өзенінің жағасында тігілген жүз ақ боз үй кісіге лық толды.

вернуться

44

М ұ з а л и м — көне түркі тілі, қызмет дәрежесі деген мағынада.

45
{"b":"110490","o":1}