Литмир - Электронная Библиотека
A
A

Исан-Бұғы Ақсуда әбден орнығып алғаннан кейін, көп қол жинап хаджири есебі бойынша сегіз жүз елу бесінші, жаңа есеппен бір мың төрт жүз елу бірінші жылы Ташкент, Яссы, Сайрам шаһарларын шапты. Аямай тонап, қайтадан Ақсуға қайтты. Алдыңғы жылы екінші рет Исан-Бұғы тағы Мауреннахр жеріне аттанды. Бірақ бұ жолы жауды өз жерінде күтіп алған әбусейіт жеңістік бермеді. Исан-Бұғы әскерін бетпе-бет келіп, ұрыста тойтарып, Талас өзенінің бойындағы Тараз-Жаңғы қаласына дейін қуып салды. Исан-Бұғы дәл осы жолы астанасын қайтадан Алмалыққа көшірді. Ондағысы Қытай мен Жоңғар қаупінен мединесі алыстау болсын дегені еді. Сөйтіп жүргенінде қауіп енді кенет оңтүстік өкпе тұсынан туды. Сырт естуіне қарағанда, Мір Кәрімберді, Мір Хақберді әмірлер Жұныс сұлтанға барып қосылған тәрізді. Бұ да Исан-Бұғының қобалжуын күшейте түсті. Өз жағында табжылмай жиені — Мір Сейтәлі мен Мір Мұхамед-Шейх әмірлер ғана қалды. Қысқасын айтқанда, Исан-Бұғы енді өз үйінде өрт шыққанын анық ұқты. Бұл қиындықтан құтылатын қандай жол бар? Мединесін қайтадан Ақсуға көшіру керек пе? Одан не табады? Алмалыққа жетер Жұныс пен әбусейіт мырза Ақсуға жете алмай ма? әрине жете алады. Бірақ Ақсуда Мір Мұхамед-Шейх пен ар жағындағы Қашқардағы жиені Мір Сейтәлі әмірлер бар емес пе, Исан-Бұғының басына шын қауіп туса, бұлардың үндемей қалмайтыны кімге болса да аян. Содан сескеніп Жұныс атының басын кейін тартар? О да мүмкін. Бірақ бір әкеден туса да, бір анадан тумаған, өзі Жұныспен қан майданда бетпе-бет бір кездеспей, күні бұрын қашқаны қалай болады? Жұныс осы Моғолстаннан кеткелі жиырма жылдың ішінде Исан-Бұғыға қарсы екі рет қол жиып майданға шыққан. Бірақ екеуінде де жеңіліп кейін шегінген. Бұл жолы да сөйтер? әй, оған сену қиын. Бұ жолы күш Жұныс жағында. Жұныс жағында емей немене, оны жақтап Дәшті Қыпшақтың айбынды ханы Әбілқайырдың туған күйеу баласы, Жұнысқа ең жақын бел құда болып Ақсақ Темірдің алтын тағындағы әбусейіт отыр. Жоқ, іштей іри бастаған Моғолстан оған дәл қазір қарсы тұра алмайды. Сонда не істеу керек? әлде торғауыттың қонтайшысы Амансанджидың өзінен жәрдем сұраса ма екен?

Исан-Бұғы екі қолын артына ұстап гүлі төгілген, түгі екі елі жібек фарсының қырмызы қызыл кілемін көк шалғынды басқандай аяғымен жайпай аттап, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Оның қалмақ қонтайшысынан жәрдем сұрасам қайтер еді деген үмітінің де сыры бар еді.

Жағатайдың бесінші буыны, Мұхамедтің шөбересі Уайс сұлтан ер жеткен кезде, Моғолстан тағында әкесі Мірәлі оғыланның інісі Мір Мұхамед отыр- ған-ды.

Мір Мұхамед хан мен Уайс сұлтанның арасы өте нашар болды. Уайс сұлтан өзі секілді кілең от жүрек жігіттерді жинап алып, Моғолстанның шетінде, Қашқарияда біраз уақыт аламандық құрып жүрді де, Түркістанға келген. Бұл кезде Түркістанның хакімі Ақсақ Темірдің атақты серігінің бірі Қыпшақтан шыққан Сар-Бұғы әмірдің баласы, Шайх-Нұридин болатын. Ол Мір Мұхамед ханмен өте араз еді. Шайх-Нұридин әмір Уайс сұлтанды құшағын жайып қарсы алды. Өзінің қызы Дәулет-Сұлтан-Сақынажды қосты. Одан Уайстың тұңғышы Жұныс сұлтан туды. Шайх-Нұридин әмір Уайсқа әскери жәрдем беріп, сан мәртебелі Мір Мұхамед ханға қарсы салды. Бірақ қандай айқас болса да күші мол Мір Мұхамед жеңе берді. Тек осы хан өз ажалынан өлгеннен кейін барып, Уайс бір мың төрт жүз жиырма бесінші жылы ғана Моғолстан тағына отырды. Бірақ оның хандық өмірі өте аз болды. Моғолстан тағын бар болғаны үш-ақ жыл биледі. Қашқар ханы Қарахан ұрпағы Сатуқ-Бограның қолынан майданда қаза тапты. Бірақ осы аз өмірінде Уайс хан көп іс істеді. Ең алдымен ол мұсылман дініндегі елдермен жауласуды тоқтатты. Бар күшін Қытай мен Ойрат қонтайшыларымен күреске жұмсады. Осы кездегі Ойрат қонтайшысы Исан-Тайшымен майданда сан мәртебе кездесті. Қытай богдаханынан үнемі әскери жәрдем алып отырған Исан-Тайшы оған жеңгізбеді. Бір-екі рет тұтқын да етті. Бірақ Шыңғысханның ұрпағы деп босатып жібере берді. Уайс сұлтан ең ақырғы мәртебе Тұрфан қаласының жанындағы ұрыста тағы Исан-Тайшаның қолына түсті. Бұл жолы торғауыт әміршісі оны текке босатқысы келмеді. «Егер қарындасың Мақтұм ханымды маған әйелдікке берсең босатам» деді. Амал жоқ, Мақтұм ханымды Исан-Тайшыға беруге тура келді. Одан ойраттың осы күнгі қонтайшысы Амансандж туды. Қасқырдың бөлтірігі өсе келе енесіне шабады. Амансандж Исан-Тайшы секілді көкжалдан туған арлан бөрі еді. Ол шешесінің ақ сүтінен әкесінің алтын тағын артық көрді. Сол тақты күшейту жолында «Моғолстанды нағашы жұртым» демеді. Кере қарыс аузын қазақ руларының қанына толтыра ұрттады. Көршілес Найман, Керей ауылдарына маза беруді қойды. Тек бұл руларды ойраттың қисық қылышынан қазақтың қара сойылы мен қайыспас ерлігі, табан тіреп қарсы тұрар қайсарлығы ғана құтқарып жүрді.

Исан-Бұғының Амансанджидан жәрдем сұрасам қайтеді дегені — сасқан ханның «түбі жиенім ғой» деген құр далбасасы еді. Бірақ сасқан ханға жәрдем басқа жақтан келді.

Хан осылай ерсілі-қарсылы қалың ойда жүргенінде үйге бас найыбы Үйсін Қастек кірді.

— Ұлы мәртебелі тақсыр хан, хан кеңесі тегіс жиналды.

— Мір Сейтәлі әмір де келді ме?

— Иә, тақсыр хан, кеше оған ат шаптырылған.

— Мір Мұхамед хан ше?

— О да.

Хан сүреде тұрған гауһар тас орнатылған алтын тәжін киді де, қолына асыл тастардан безелген күміс асасын ұстап кеңес сарайына қарай беттеді. Бас найп Қастек би мен ауыз үйде күтіп тұрған басқа паруалар[41] үн-түнсіз соңынан ере берді.

Хан кеңес сарайына кіріп келгенде, үйдегі әмір, сұлтан, бек, хакімдер тегіс түрегеліп, иіліп сәлем берді.

— Арсыңдар ма, бек-задалар? — деп хан есік алдында сәл кідірді.

— Барсыз ба, хан иеміз? — деп үйдегілер басын бұрынғыдан да ие түсті.

— Құп келіпсіздер, асыл бауырлар, — деді хан төрдегі өз орнына бара жатып, — отырыңыздар.

Хан алтын зерлі барқытпен безенген кеңес сарайының төргі жағындағы күміс сәкіге барып отырды. Хан отырғаннан кейін, өзге жұрт та дәрежесіне қарай орналаса бастады. Үй іші толған ақ сәлделі, көк шапанды, көк сәлделі, ақ шапанды софы, хакім, әмір, даруғалар мен күміс, алтын кіселі, кең қоныш етікті, бұлғын тымақты, сусар бөрікті Дулат, Үйсін, Жалайыр, Найман билерімен лық толы. Жағатай ордасында Маймене, Майсары дәстүрі жоқ. Хан жеке отырады. Одан төмендеу тек бас наип қана орналасады. Өзге жұрт өзінің шен-шекпеніне қарай орын алады. Алдыңғы жағында ханға жақын, Қашқар, Ақсу, Тұрфан, Жаңғы секілді үлкен әмірліктің хакімдері, олардан сәл кейініректеу Моғолстан хандығының тірегі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Найман, Керей, Қаңлы тәрізді қазақ руларының белгілі ру бастықтары, билері, батырлары, бұлардан соң барып, Шолақ, Қорған, Жаркент тәрізді шет қалалардың әкімдері, діни адамдар, софы, ишан, мүриттер…

Исан-Бұғы бірден сөзге кірісті. Ол Моғолстанның солтүстігінен Ойрат, күншығысынан Қытай, оңтүстігінен әбусейіт пен Жұныс сұлтанның шабуылға шықпақ боп жатқанын айта келіп, хан кеңесінің шешіміне екі жарғы қойды.

— Бірінші айтарым, — деді ол, — бүкіл Моғолстан боп әскер жинап жауға қарсы шығамыз ба? әлде әр хакім, әр әмір өз қаласын, өз ұлысын қорғай ма? Осыны шешіңдер.

Екінші айтарым, қазіргі жағдайда Моғолстан мединесін бекінісі нашар Алмалыққа қалдырамыз ба, әлде жау қолы оңай жете алмас Ақсу шаһарына қайта көшіреміз бе, соны шешіңдер.

Түскелі тұрған ауыртпалық иықтарынан жаншып жібергендей, үйде отыр- ғандар мықшия жерге қарай қалды. Бәрінде де үн жоқ. Уайс ханнан бері әрқайсысы өзіне жеке отау тігіп, бүкіл Моғолстанды талан-тараж етіп меншіктеніп алған Моғол әмірлері енді қалың ойға кетті. Бастарын біріктіріп жауға қарсы шығар болса қандай пайда-зиянға қаларларын есепке алды. Хан қойған сұрақтарға тікелей жауап беруге әрқайсысы өз жағдайын ойлап қиналды. Егер бастары қосылмаса, бүкіл хандықтарынан айрылатыны бұл сәтте ешқайсының жанын күйдірер емес. Қазаны басқаның жаны басқа, бәрінің де ойлағаны өз пайдасы, өз қамы. Бұлар түбі әскер жиналатын болса, қайтсем өз ұлысымды, өз қаламды күшті қалпында сақтаймын, қайтсем кісіні аз берем, әскерге керек қаржы-қаражатты аз төлеймін деп толғануда… «Ал өз қаламды, өз ұлысымды жеке қорғаймын десем, одан қандай зиян көремін? Жұныс пен әбусейітке қарсыласуға күшім жетпей-ақ қойсын, Уайстың қай баласына бағынсам да маған бәрібір емес пе? Мүмкін жауласпай-ақ Жұныс жағына шыға салғаным тиімді болар?» Қытай мен Ойраттан бәлендей қауіптің дәл бүгінгі күні жоқ екенін бұлар да жақсы біледі. Өйткені оларға қарсы қазақтың жауынгер рулары тұр. Осы себептен «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп әдеттеніп қалған Моғол әмірлері әлі үн-түнсіз… Ел қамын ойлап қиналып отырғандай құр жерді шұқи береді. Қайтсек хандығымызды жаудан аман алып қаламыз деп ешкім мүнәзараға[42] барар емес.

вернуться

41

П а р у а — көне түркі тілі, хан соңындағы адамдар.

вернуться

42

М ү н ә з а р а — көне түркі тілі, талас, өзара шешім табу.

42
{"b":"110490","o":1}