Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге тесіле қарады.
— Жақыныңа жәрдем ет дейді құран, мен саған жәрдем беруге дайынмын. Бірақ, қояр екі шартым бар.
Мұқамет-Жөкі басын иді.
— Бірінші шартым — Әбілқайыр бұл шарттың Мұқамет-Жөкіден гөрі Рабиу-Сұлтан-Бегімге қатынасы бар екенін әдейі білдіргісі келгендей, кіші бәйбішесіне қарады, — әбусейіт менің қызымды алған, бірақ антында тұрмады. Антын бұзғаны үшін мен одан кегімді қалай қайтаруым керек?
Рабиу-Сұлтан-Бегім жымия күлді.
— әрине, кегің қызыңды қайтарып алумен бітпейді.
Қызың орнына әбусейіттің бірінші әйелінен туған, он үш жасар сұлу Ғибадат-Сұлтан-Бегімін тоқалдыққа алуың керек.
Әбілқайыр қайтадан Мұқамет-Жөкіге бұрылды.
— Бірінші шартым — Ғибадат-Сұлтан-Бегім сұлуды сол қауыздай жарылмаған, шыныдай сынбаған күйінде менің қойныма саласың.
— Уәде, тақсыр жезде.
— Екінші шартым — әбусейіт бұзған антты сен орындайтын боласың.
Бұнысы әбусейіттей емес, сен мені алдамайсың, өле-өлгенше бағынышты боп өтесің дегені еді.
— Құп, тақсыр.
Сол күні Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге ертіп, Самарқантқа Бүреке-Сұлтан мен Бішкенді оғланның басқаруымен он мың санды қол аттандырды. Атышулы батырларының да біразын жіберді.
Хан әбусейіттің Қорасанда жүргенде Самарқантты басып қалудың бәлендей қиындыққа түспейтінін жорамалдады.
Екі апта өткеннен кейін жиырма мың қолымен Әбілқайыр өзі Мауреннахр жеріне қарай беттеді.
Көк Орда ханы отыз жылдан астам хандық өмірінде астанасын бірнеше жерге көшірген… Сығанаққа да ту байлаған. Қай өлкені бағындырса, сол өлкеге Ордасын алып барған. Асан Қайғының Дәшті Қыпшақтың жеріне, не Ұлытауда, не Еділ, Жайық жағасының бірінде хан Ордасын тікпедің деп ренжуі де осыдан еді. Демек, ол қай жерге хан Ордасын көшірсе де, өзінің алғашқы туын тіккен Орда-Базарға қайтып орала беретін. Орда-Базар оның түпкілікті астанасына айналған. Әйтсе де көптен бері осы астанасын мүлдем тастамақ ойға бекіген.
Орда-Базар, еш теңізге құймайтын, суы мол болғанымен өрісі тар Қаракеңгір өзенінің бойында тұр. Батысындағы кеме жүретін Еділ өзені екі мың шақырымнан астам жерде. Солтүстігіндегі ұлы өзен Ертіс пен Есіл олар да сондай жырақта… Оңтүстігіндегі қос алып Жейхун мен Сейхун да тым қашықта жатыр… Шығысындағы Көкше теңіз сәл таяуырақ, бірақ жол ортасы аңырақай, шөлейт… Әбілқайыр астанасын көп уақыт Сығанақта ұстаған. Кейін Қырымдағы Өзбекхан мешіті мен гаремі тұрған Қара теңіз жағасындағы Қара-Даг тауынан отыз шақырымдай жердегі Ескі Қырымға да көшірмек болған. Бертін келе Еділ жағасындағы Ақсақ Темір бұзған Алтын Орда астанасы Сарай шаһарына апаруды да ойлаған. Солтүстік тұсына да, тіпті Жем, Ойыл, Ақ Жайық өзендерінің бойына да орнатсам деген. Бірақ мұның біріне де тұрақтай алмаған. Өйткені неғұрлым Дәшті Қыпшақтың батыс шекарасына қарай беттеген сайын соғұрлым Мауреннахр шаһарларынан алыстап кететін болған. Бұлай істеудің жөн емес екенін Әбілқайыр жақсы түсінетін. Батыс мемлекеттері бұл уақытта әжептәуір күшейіп алған. Оларға түбі күшінің келмейтініне Әбілқайырдың көзі жете бастаған. Көк Орданың бел алуы енді тек Шығыс шаһарларына ықпалын жүргізуде деп білген… Сондықтан оның көзі Батысқа емес, Шығысқа тігулі болатын-ды. Сол себептен де Шығысқа жақын Орда-Базарға әлсін-әлсін қайта орала беретін. Ал соңғы кезде бұл Орда-Базардың өзі де Әбілқайырға қуат бола алмайтындай күйге жеткен. Ол заманда көмір, мұнай, құрыш, темір өнеркәсіптері тіпті өркендеген кезі, ал қалалардың үлкейіп, гүлденіп кетуіне екі түрлі жағдай керек-ті. Бірі — қала дегенің үлкен сауда жолының үстінде тұруы қажетті. Әйтпесе кеме жүретін, бір ел мен бір ел қатынасатын, суы мол өзен, не теңіз жағасына салынуы керек. Ал Орда-Базарда бұл қасиеттің бірі де жоқ. Міне, осы жағдай Әбілқайырды бөтен астана іздеуге мәжбүр етті. Жаңа астана іздемеске болмайтын тағы бір себебі бар. Қазақ руларының біразы Моғолстанға көшіп кеткеннен бері Ұлытау маңы хан Ордасына жайсыз тие бастады. Қойға шабатын бөрі де, малын айдай қашатын ұры да көбейді. Әсіресе «Жалғыз көз» деген батыр пайда болып, хан қостарына маза бермейтін бір қырсыққа айналды. Астында желдей жүйрік ат, жанында өзіндей кілең батыр жігіт. Хан әскері бірнеше рет соңдарынан түссе де, Қарақұмға сіңіп кетіп ұстатпай қойды.
Ал бұл «Жалғыз көз» батыр — баяғы жылқышы Орақ еді. Үңгірде бір жыл жатып, балгердің емдеуімен төсектен тұрған. Бір көзден айырылып, беті адам көргісіз тыртық боп біткен. Аққозыға қайта жолығуға өзінің мына мүсәпір түрінен қорланып, одан біржолата күдер үзген. Өзі тәрізді кедейлердің өшін Әбілқайырдан алмақ боп атқа мінген. Бірақ әзірге соңынан ерген халқы аз болғандықтан, бар қолынан келері аш қасқырдай хан малына тию болған. Әрине, хан бұның Орақ екенін білген жоқ. Демек, бұл арадан көшіп, көбейіп кеткен өзіне қас адамдардан да құтылуды жөн тапқан. Ойлап-ойлап ақырында астанасын Үргеніш шаһарына көшіруді ұйғарды. «Жейхун дариясының жағасында, Сұлтан-Уайз-Даг қамалынан жетпіс шақырымдай төмен тұратын Үзбой арнасы арқылы жүзіп отырып Хивас[33] теңізіне жетуге болады. Бұл теңізге шығуымыз — Түркімен, Дәшті Қыпшақ, Хива өлкелерін уысымызға қысып ұстауымыз ғой. Ортада бір кезде Еділ, Дон, Днепр бойынан көшіп келген қарақалпақтар бар. Қай жағыма қарасам да көз алдымда өзіме бағынышты елдер тұрады.
Ал тілі де, діні де бір қарақалпақтарды өз Ордама қоса салу қиынға түспейді. Күншығыс пен оңды-солды жағың — Мауреннахр жері, солтүстік батысың — Моғолстан, онымен шектесіп жатқан тағы Дәшті Қыпшақ… Тек Моғолстан өлкесін өзіңе бағындырсаң, болғаны. Көк Орда хандығы батысы — Еділ, Қара теңіз, оңтүстігі — Хивас, Иран, Ауған, солтүстігі — Тара, Орал ойпаты, шығысы — Үндістан, Қытай мемлекетіне дейін созылған ұлы хандыққа айналады. Мұндай жерді Ескендір Зұлхарнайын әтиль, Шыңғысхан, Ақсақ Темірден бөтен ешкім билеп көрген жоқ. Бесінші ұлы хан боп мен билеймін, жалғанда бұдан артық жетер арман бар ма? Бұл опасыз дүниеде бәрі де бір күнгідей болмайды, байлығың да, бақытың да өтеді де кетеді… Тек атағың ғана өшпейді. Ал осыншама жерді, елді билесең сенің атағың ұрпақтан ұрпаққа кетеді. Бүкіл әлемді топан су қаптар күн туса, Нұқ пайғамбардай адамзатқа өлмес атың қалады. Өзің өлсең де, тарихта есімің өлмесе, одан артық қандай мәңгі тіршілік бар? Бұдан асып тірі пенде не істей алады?»
Бұл ханның орындалмас қиялы. Демек, Үргенішті алуды арман еткен Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың оңтүстік құмайтты жағын қиғаштай жүріп, бір аптадан кейін Отырардың солтүстік тұсынан өтетін Сейхун дарияның қамыс, жиде, қарағашты жағасына келіп жетті. Құмырсқадай быжынаған қалың қол, белдері босаңсыған аттарын тынықтырмақ боп, бір жетіге қостарын тікті. Хан ойынша бұлар тынығып болғанша әскерге азық-түлікке он мыңдаған қойды айдап, соңдарынан көше қонып келе жатқан көп қараша ауылдары да жетпек-ті. Ал қосын келіп қостарын тіккен Сейхун дарияның тұсы өркеш-өркеш асау сұрғылт толқындары жұдырықтай тастарды жаңқа құрлы көрмей жұлып ала жөнелетін долы еді. Екі жағы бірдей түйелі адам көрінбейтін қалың қамыс, анақурай. Бұлардан әрі кигіздей боп тұтасып кеткен тапал бойлы тораңғыл мен жиде ағашы. Іші толған сан түрлі аң, құс. Анда-санда бүкіл Дария бойын тітіреткен жолбарыстың ақырған ашулы үні естіледі. Сөйткенше «бақ» ете қалған ақбөкеннің даусы шығады.
Әбілқайыр әскері осы арада бір жеті болмақ. Аттың белін көтергеннен кейін арғы бетке өтпек. Сейхун секілді долы тасқыннан өту оңай шаруа емес.
Шыңғысхан заманында мұндай өзеннен өтудің басқа жолы болған. Әрбір монғол жауынгері ерінің басына байлап алған өгіз терісін дастарқан секілді дөңгелетіп ойып, шетінен қыл шылбыр өткізетін тесік істейтін. Бар киім-кешегін, кейде тіпті қару-жарағын да, осы терінің ортасына салып, шетіндегі тесіктерден өткізілген шылбырмен аузын бүріп байлайтын. Осылай қолдан жасалған, суда батпайтын тері қапшықты ат құйрығына байлайтын. Өзі атының жалынан ұстап қатарласа жүзеді. Не атты бос қоя беріп әлгі қапшықтың үстіне отырады. Орхон, Онон, Керулен, Енисей, Ертіс секілді ағысы қатты мол судың жағасында өскен монғол жылқылары, толқыны екпінді қандай өзендер болса да арғы бетке алып шығады. Дәл осылай олар бір кезде Жейхун, Сейхун, Жайық, Еділдерден де өткен. Ал Қыпшақтардың тәсілі бөтен-ді. Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын. Өздері қамыстан, не талдан сал тоқып, сонымен өтетін. Тек кейбір өжет жігіттері ғана үрген қос қарынды байлаған жіптерді қолтықтарының астынан өткізіп, арқасына киімі мен қару-жарағын таңып, жүзіп арғы бетке шығады. Ал, Сейхун, Жейхун жағасының жауынгерлері көбіне кепкен асқабақтарды байлап жүзіп өтеді.