Литмир - Электронная Библиотека
A
A

— Хан ием, тағы да айтатын бір ақылым бар.

— Ол қандай ақыл?

— Уәзіріне сырын білдіріп алған хан қақпанға түскен аңмен бірдей. Тағдырың уәзіріңнің қолында. Достық ойласа қақпанынан құтқарып жібереді, қастық ойласа ұрып алады. Әйтеуір қақпанынан оңай босатпайды.

— Бұны сен маған неге айтып тұрсың?

— Бақты-Қожа уәзірден сақтан. Жұрт сенен емес одан қорқа бастапты. Мұндай айбар тек ханды өз уысында ұстаған уәзірдің қолынан ғана келеді.

«Мына сөзінде де жан бар секілді. Иә, Бақты-Қожа бір сырымды біледі. Және сыр болғанда қандай сыр! әрине сол сырымды өзіме қарсы пайдалануға тырысады. Кім біледі пайдаланып та жүрген шығар?.. Тұра тұр!» Әбілқайыр тағы да өзінің сезіктенгіш қылығына ауды. Оның көз алдында, кенет, құпия сыбырласып отырған Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Бақты-Қожа уәзір елестеп кетті. Одан кейін бәйбішесінің кешегі бір өзіне деген жылы шырайы есіне түсті. Әдетінше түс мезгілінде хан Рабиу-Сұлтан-Бегім үйіне барған. Жас сұлу бәйбішесі ақ тотыдай таранып отырған. Әбілқайыр үйреншікті әдеті бойынша шымылдықтың қасына келіп шешіне бастағанында, Рабиу-Сұлтан-Бегім ақ мамықтың үстінен еркелеп түрегеліп, аяғын ырғала басып алтын кесеге шербет құйып әкелген.

— Гераттан жіберіпті. Бұғы мүйізінің нәрі қоса қайнатылған, аяғына дейін ішіңіз, хан ием, — деген.

Хан ішкен. Және денесі аппақ қардай, қарақат көз сұлу бәйбішесінің жанында әдеттегісінен анағұрлым ұзақ жатқан. Сол бір шатты сәтте әлі де он жеті жасар уылжыған қызға бергісіз осы бір періштедей сүйкімді әйелін Бақты-Қожа уәзірге өлтір деп тапсырғаны ойынан шығып кеткен. Бар ынтасы сол бір тамаша мезеттің қуанышын мейлінше соза түсуде болған. Өткіншек дүниенің қызығы да оған дәл осы сәтте марал мүйізінің сөлі қосылған шербеттің тәтті уытындай көрінген. Тек осы қызық тез өтіп кетпегей деп тілеген.

Ал сол сурет оның көз алдына басқаша елестеп кетті. Шербет құйылған алтын кесені қолына алды. Жанындағы Рабиу-Сұлтан-Бегім мөлдір көзіне қарай тұрып кесені түбіне дейін жұтып салды. Сөйтті де жүрегі өртеніп домалай барып құлады… «Марал мүйізі сөлінің орнына кішкентай ғана күшәланың уы қосылса не істеймін?! Жоқ, жоқ бұдан былай қарай тым сақ болған жөн. Япырмай, бір ажалдан аман қалған екем. Өзім де сезімге берілгішпін. Шербетті алдыменен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзіне неге іштіріп алмадым? Екіншідей бұл естен шықпасын. Жалғыз Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана емес, қай қатыным болса да берер асын, ішкізер сусынын ең алдыменен өздеріне таттырып көруім керек-ақ!»

— Хан сырын көп білетін уәзір тірі қалуға тиісті емес…

Ойда тұрған Әбілқайырға дәйекші сөзі алыстан талмаусырап жетті. «Иә, хан сарайларында бар өмірі өткен қарт дәйекші дұрыс айтады. Бақты-Қожа уәзір менің ең қылмысты сырымды біледі. Сондықтан…»

Үйге кірген шабарман кенет хан ойын бөліп жіберді.

— Тақсыр хан, үлкен бәйбішеңіз сізге айтуға бата алмай отыр екен. Гүлбаһрам-Патшайым ханша кешеден жоқ… Бір жетіден бері төмендегі елдің бәйгесіне екі қылаңды мініп кеткен секілді.

Мұндай хабарға еті үйреніп кеткен хан, қабағын да шытқан жоқ.

— Қобыланды батыр қайда екен?

— Тақсыр, Қобыланды батыр бар Қыпшағын соңынан ертіп ата мекен ескі қонысы Торғай өзенінің бойына көшіп бара жатыр.

— Неге?

Онысын білмеймін. Қас-қабағы жабыңқы. Жігіттері де қалың қол боп тастай түйініп алған. Қайт деуге бата алмадық. Жәнібек пен Керей ауылдары ауған Жағатай жұртына қарай қашқан Гүлбаһрам-Патшайым ханшаның соңынан қуып жете алмай қалыпты деседі жұрт. Ұзын-құлақ. Мүмкін бұл өсек болар.

«әрине бұл өсек емес. Қыпшақ батыр Қобыландының шынымен-ақ менің қызымда үміті болған екен. Қыз көнбей қашып кеткен соң, ызадан көшкен екен. Маған қолқа салуға қаймыққан ғой. Ажалға бермей, алып қалғанымды тағлым тұтқан да. Шіркін, ләззат, сен кәріні де, жасты да отқа саласың-ау. Оспан дұрыс айтады. Қобыландының Ақжол мен Саянға өшігуі де осыдан. Бірақ бір қатын қолыма түспеді деп, осыншама бүлінетін не бар еді, ақымақ! Осының ызасына әлде соңынан бар әскерімді жұмсап, қан жоса етейін бе? Жоқ, өйтудің керегі болмас. Торғай өзенінің бойы да менің қарамағымда ғой. Кетсе өз жеріне кетті, Жәнібек пен Керей тәрізді жеке хандықты көксеп, жат жаққа қаша жөнелген жоқ қой. Әлі-ақ сабасына түсер, қайта оралар…»

Әбілқайыр ақыл-сезімін астаң-кестең еткен бұл ойларын ешкімге сездірген жоқ. Тек:

— Қырық күншілік жерді бір күнде алатын Көксеңгірмен Гүлбаһрам-Патшайымға жете алмай қалса, шын таусылған екен! — дей салды теріс бұрылып кетіп.

— Иә, солай, тақсыр.

Хан сол теріс бұрылған қалпында «бәрің де кетіңдер!» деген ишарат білдіріп қолын сілтей салды. Уәзір, шабарман тұтқынды ала жөнелді.

— Қош бол, хан ием…

Әбілқайыр кешегі өзінің жақсы көретін ақылшысының бірі Оспан-Қожаға бұрылып та қараған жоқ. Ол дәл осы сәтте Оспан-Қожаны да, оның тағдырын да, бағанадан бері айтып тұрған су астында жатқан інжу-маржандай сырларын да есінен шығарған. Иә, ол өзгенің қастығы болмаса, жақсылығын тез ұмытатын. Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Қорасанды билеп тұрған Әбілқайырға Оспан-Қожа деген құл кім? Жақын етсе өзі етті. Өлтірсе өзі өлтіреді. Ал дәйекші сорлы қайтадан зынданында ажалы жеткенше, іріп-шіріп жата бермек боп кете барды. Ханды енді басқа ой мазалай жөнелді.

«Жәнібек пен Керей Жағатай ұрпақтарының қол астына ауды. Қыпшақ Қобыланды көшті өз жайына. Самарқанттағы әбусейіттің теріс бұрылып бара жатқаны анау… Еділ бойындағы өзіне тән Қыпшақтарын ертіп қарға бойлы Қазтуған да Жәнібек пен Керейге қосылғалы қонысынан көтеріліпті деген сөзді кеше естідім. Және Қазтуған жырау:

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас, Бақасы мен шаяны.

Кежідегі адамға.

Түн ұйқысын таптырмас, Сөйткен менің Еділім, Сен салмадың, мен салдым.

Қайырлы болсын сендерге.

Менен қалған мынау Еділ жұрт, —

деп Еділ бойында қалған Алшын, Ноғайлы руларына батасын беріп көтеріліпті дейді. Өзге рулар да Жәнібек пен Керейдің соңынан ерді деген сөздерді жиі ести бастадым. Бұның бәрі неліктен? Отыз жылдай ат үстінен түспей көтерген Көк Ордам қайтадан құлағалы тұр ма? Егер менің көзімнің тірісінде мықтап шетінесе, он ұлым, он бес қызым, елуге тарта немерелерім, әрқайсысы ол Орданы өзіне қарай тартып пара-парасын шығармасына кім кепіл? Иә, сөйтулері мүмкін. Жоқ, ондай жағдайға жеткізуге болмайды. Ел тізгінін қайтадан қатты тартуым ақыл. Ең алдымен Мауреннахр мен Қорасанның биліктері қолындағы өзіммен тілектес хакім, сұлтандармен одақтасып алып, Жәнібек пен Керейдің қолтығына су бүркіп, жеке хандық етеміз деп отырған Моғолстанға ойранды салуым борыш…»

Әбілқайыр енді Ордасының ішіндегі жағдайға көз жіберді. «Алғашқы келісімді Ақсақ Темірдің ұрпақтары меңгеріп отырған Самарқант пен Бұқардан бастайтын болсам, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім жайындағы ой-пікірімді тез өзгертуім қажет. Заты әйел болғанмен Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір ұрпақтары мен Мауреннахрдың бек, әмірлерінің алдында қадірлі. Тартыс- та бұл қасиетін де есте тұтқан жөн. Әскер басқа елді басып алуға керек, ал жауыңның ақылды адамдары, бек-сұлтандары сол елді билеуіңе құрал». Әбілқайыр езу тартып күлді. Оспан-Қожа: «хан сырын білетін уәзір өмір сүруге тиісті емес» дейді. Дұрыс айтады. Бұл данышпан ақылыңды Бақты-Қожаны құрту үшін ғана емес, өзіңнің көзіңді де тезірек құрту үшін жұмсармын… Сен жеті қабат жер астындағы зынданда жатсаң да, білетін сырың жер астында жатпайды, бәрібір сыртқа шығады… Мұндайда қара жерге де тіл бітеді…»

Ертеңіне Оспан-Қожаға ас түсірілу тоқтатылды. Ал сол күні төрт нөкерімен хан Ордасына келе жатқан Бақты-Қожа уәзір үшті-күйлі жоқ болды да кетті… Хан шабармандары іздеп жан-жаққа қанша шапқыласа да оны таба алмай-ақ қойды, хан Ордасының маңайындағы Үйсіннің атышулы батыр, билері «бұл қалай?» деп күңкіл шығара бастады. Дәл осы кезде «Бақты-Қожа нөкерлерімен Моғолстанға өтіп кетіпті» деген лақап дүңк ете қалды. Өзі шығарған бұл лақапты ең алдымен Әбілқайыр пайдаланды, «Мені сатып кеткен әкесінің айыбы» деп, хан көптен бері көзін тігіп жүрген, ерніне әлі тірі жанның ерні тиіп көрмеген, кеудесіндегі қос алмасы тығыршықтай, дала киігіндей тағы, қамшының таспасындай тастай етіп өрілген қолаң шашы жерге түскен Бақты-Қожаның он төрт жасар сұлу қызы — Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды. Қандас уәзірдің кесірі тие ме деп, хан қаһарынан қорқып қалған Үйсін батырларының сыбырлары су сепкендей басылды.

33
{"b":"110490","o":1}