Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Үнемі жорықта, талас-тартыста жүрген Әбілқайыр оны ұмытып та кеткен. Сөйткен Ақбақай қазір жетіде. Жыл- қы баласының жал-құйрығы төгіліп, тұяғы әбден бекіп, кемеліне жететін кезі. Әбілқайыр ұмытқанмен, Ақбақайдың Тарланкөкпен таласқа түсуге жарап қалғанын енді Орақ жылқышының өзі есіне салды. Хан іштей шамдана бастады. Осы кезде тағы бір суық хабар жетті. Бақты-Қожа уәзір өзінің толып жатқан көреген көз, сақ құлақ тыңшылары арқылы Орақ жылқышымен келіні Аққозының бірер рет кездесіп қалғанын естірткен. Онсыз да қаһарына мініп алған Әбілқайыр Орақтың тағдырын біржола шешкен.
Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп, бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан. Жатқан жерінен тұрғызбай қол-аяғын мықтап таңып, Ақбақайдың құйрығына ұзын арқанмен байлап, «шу!» деп қамшымен бір тартып қоя берген. Ақбақай қара түнді сілкіндіріп, құйрығына байланған құбыжықтан үркіп, бетінің ауған жағына тасырлата шаба жөнелген. Жеті қарақшы уәзір әмірін орындадық деп мәз болып күліп қала берген. Сол күні таңертең Орақтың қалай өлгенін Әбілқайыр естіген. «әлін білмеген әлек. Хан келінінен дәмеленетін сабазсың ғой. Саған со керек» деп хан миығынан күлген де қойған. Қара жер өлгенге де хабар береді, астан қайтқаннан кейін ұзынқұлақ бұл оқиғаны Аққозыға да жеткізген. Нәсілі берік жас әйел, іші оттай күйіп, кеудесіне қайғысы сыймай тұрса да сыртына еш сыр шығармаған. Бар ашуын жүрегіне түйіп сазара қалған.
Жасынан ерке-шора боп өскен келінінен «осы тағы бір сойқан шығарып жүрер» деп күдіктенген Әбілқайыр Аққозыға кісі салған.
— Құдай риза, біз риза, ұлымның атына шіркеу келтірмей жыл отырды, — деді, — жас жан еді, обалына қалмайын, ерге шықсын. Аға өлсе, ініге мұра, Шах-Будақ ұлым қаза болғанмен тірі әлі он ұлым бар, таңдағанының атын айтсын, қосамын.
«Жақсы, ойланып көрейін, ойымды үш күннен кейін қайын атам — хан иемнің өзінің алдында айтамын» деп Аққозы жауабын қайтарған.
Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін, батырлары мен билерін шақырып алып, солардың көзінше:
— Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын айт, — деді.
Жесір сұлудан дәмесі бар, ордада отырған ханның он ұлы бірдей Аққозыға көздерінің жанарын төге қарады. Аққозы да оларды жайбарақат бір шолып өтті. Ақырын жымиды.
— Он ұлыңыз да алмас кездіктей бірінен-бірі өткен асыл! Таңдау да қиын, — деді ол сол жымиған қалпында, — әйтсе де хан ата, сізден бір тілегім бар…
— Айт.
— Орындайтын болсаңыз… айтайын.
Хан ойлана сөйледі.
— Орындалмайтын тілекті Аққозы келіннің өзі де сұрамас деп жоримын. Егер Сайбан шаңырағына кір келтірмейтін болса…
— Жоқ, кір келтірмейді. Менің өтінішім абыройыңызға абырой қосады.
— Тыңдалық онда. Айт.
— Айтсам… — кенет Аққозы қойнынан қара құранды суырып алды. — Міне, құран, хан ата, — деді ол. — Осы құранды басыма көтеріп тұрып өмір-бақи ерсіз өтуге ант етемін. Сізден өтінемін, антымды бұздырып қарғысыма қалмаңыз.
Орақтың қалай өлгенін Аққозының естігенін хан бірден ұқты. Бір сәт он ұлын бір жылқышы құрлы көрмеген тәкаппар келінін антын бұзғызып, еріксіз аттастырып өшін де алмақшы болды. Әйткенменен, бұның бәрі хан үйіне кір келтіретінін ойлап Әбілқайыр:
— Бердім тілегіңді, — деді басын жерден көтермей.
Жұмақ күнді дозаққа айналдырған, о сөлекет дүние! әттең, әттең, өмір-бақи ерсіз өтуді ант еткен Аққозы Орақтың тірі қалғанын білген жоқ. Бұл адам сенгісіз ғажайып оқиға еді. Тастай қараңғы түнде құйрығына байланған заттан үріккен Ақбақай тарсылдата жөңкіп шауып келе жатып, алдында жатқан қара суға күмп берген. Артындағы заты су жағасында өсіп тұрған жуан үйеңкі талдарға маталып, бөрте ат қорықты көл шетіндегі қалың шылға шырмалып не әрі, не бері жүре алмай қалған. Таңертең жылқы суаруға келген жылқышылар ұзын арқанға байланған, бет-аузының тамтығы жоқ, тек кеудесінде шығар-шықпас жаны бар Орақты тауып алған. Болған оқиғаны айтпай түсінген серіктері көзден таса, Ұлытау маңындағы бір үңгірге апарып баққан.
Бұл жайды Әбілқайыр хан да білмеген. Тек бес жыл өткеннен кейін ғана, соңынан аламанын ертіп, әлсін-әлсін жылқысын шауып маза бермей жүрген жыртық бет, жалғыз көз батыр осы Орақ екенін естіген.
Ал, ол күндері хан Орақты ат құйрығына байлатып біржолата жоқ еттім деп ойлаған. Сондықтан да келіні құран алып ант еткенде, «Орақ болса да жоқ, мейлі» деп тілегін бере салған. Хан қабағының ашылмауына, әрине, Саян да себеп болды.
Әбілқайырдың Бүркіт руынан алған әйелінен Шах-Будақ сұлтан мен Қожа Мұхамед, Маңғыт бәйбішесінен Ахмет пен Мұхамет-сұлтан, Қоңырат руынан алған бәйбішесінен Шайх-Хайдар, Санжар, Шайх-Ибрагім, төртінші бәйбішесі Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегімнен Күшкінші мен Сүйіншік сұлтан туған-ды. Шабуылда тоқалдыққа Барлас руынан алған әйелінен Ақ-Бұрық пен Саид-баба дүниеге келген. Осы он бір баладан ең тұңғыш Шах-Будақ пен Рабину-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік сұлтан бір төбе де, өзге балалары бір төбе болатын. Шах-Будақ о дүниеге аттанғаннан кейін, Әбілқайырдың үлкен баласына деген махаббаты одан қалған екі ұлға ауған.
әсіресе екі баланың үлкені Мұхамед-Шайбаниды өте жақсы көретін (бұл атты да оған өзі қойған). Ал балалық мінезінде де Шыңғыс ұрпағының қанына біткен қайсарлық, қағілездік бар-ды.
Келіні Аққозыға деген ашуын да хан осы екі немересін жетім қалдырып, өксітпейін деп әзер кешірген-ді.
Ал осы он бір бала, олардан туған толып жатқан немересінің ішінен Әбілқайыр келешекте Ордамның тірегі болады деп нағашысы Ақсақ Темірге тартқан, кесіп алса қан шықпас қатал, Сүйіншік сұлтан мен немересі Мұхамед-Шайбаниды ерекше көңіліне қуат ететін. Әке балаға сыншы, өмір Әбілқайырдың болжауын дұрысқа шығарды. Бірақ болжауы дұрыс болғанмен де, бұл екеуінен Сайын тағы әзірге тым алыс жатқан-ды. Шах-Будақтан кейінгі кезек Шайх-Хайдардікі еді.
Бұрындықтың атасының тағының жанына келген Мұхамед-Шайбаниға шүңет көздерімен аса бір өштене қарауынан, немересінің тағдыры жеңіл болмайтынын, басынан талай ауыртпалық, қанды тартыс өтетініне хан шек келтірмеді. «Соның бәріне осы албырт Мұхамед шыдай ала ма? Шыдай алса, жауына төтеп бере ала ма?» деген қобалжу сұрақ осы тойдан кейін оның ойынан кетпей қойды. Қыран құс балапанын басып шығарарда, ең алдымен өзінің ұясына жақын жерден туатын қауіпті ойлайды дейді. Егер ол қауіп жылан, не болмаса басқа бір қорқынышты жыртқыш аң болса, сол жауларын жойып, ұясына туар қатерден балапанын құтқармай, жем іздеп алысқа ұшпайтын көрінеді.
Мұхамед-Шайбаниге деген Бұрындықтың көзінде жарқ еткен өшпендік отты Әбілқайыр есінен шығара алмай қойды. «Немереме жақын жау, сыбдырын білдірмей шағар улы жылан осы Орыс ханның ұрпақтары, — деді ішінен Әбілқайыр, — егер ұрпағың қауіп-қатерсіз дүние қызығын көрсін десең ең алдымен осы Бұрындықтардың көзін құрт!».
Ал екінші жақсы көрері Сүйіншікке келгенде Әбілқайыр бір орнында отыра алмайды. Астынан сыз өткендей түрегеліп келіп, ерсілі-қарсылы ызалана жүре бастайды. Ханның бүйтуі тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген қызғаныштан ғана тумаған-ды. Жан күйінер, намысына тиер басқа да бір қырсық пайда бола қалған.
Алдыңғы жылғы Қорасан жорығынан Әбілқайыр, жүзіктің көзінен өтердей үш текежаумыт күрең бесті әкелген. Хан ордасына тиісті олжаны бөлгенде, әлгі бестілерді сый-сияпат етіп сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлуға тартқан. «Аулың көшкенде, екі балаңмен үш күреңді мін. Ақсақ Темірдің немере қызына сөйтсе, жарасады» деген. Осы бір сөзімен бүкіл Азия мен Үндістанды тітіреткен ұлы әмірдің шаһарын шауып, немере қызын тартып алып, әйел етіп отырса да, қанды көз Көрегеннің аруағына бас иетінін білдірген. Бұл тарту, өзге бәйбішелерінің арасында кезінде күндестіктен туған жанжал да шығара жаздаған. Сол бестілер биыл ауыздарымен құс тістейтін жеті жасар ат болған. Биылғы тойда Әбілқайыр оларды да бәйгеге қосып көрмек боп, Рабиу-Сұлтан-Бегімге:
— Ханым, үш күреңді тойға мінбей апарыңдар. Тарланкөкпен бірге бәйгеге салмақпын, — деген.