Моғолстан мен қазақ руларының басын біріктірмей құрту керек! Ал құртудың екі жолы бар, бірі — Моғолстанды шабу. Екіншісі — Жәнібек пен Керейді көп кешіктірмей жою.
Үйелменді ел Моғолстанға аттануға әлі ертерек. Ол үшін Қорасанды өзіне тегіс бағындырып, әбден күшейіп алған абзал. Қазір осыншама жерге қанат жайып кеткен Жағатай ұрпақтары мен Моғол бекзадаларын аяқ астынан құрта алмайсың. Сонда екінші жол қалады. Әбілқайыр хан ордасында туғалы тұрған бүлікті білмей жүрген жоқ, біледі және сол бүліктің Барақ балаларынан шығатынына да шек келтірмейді. Сөйте тұрып, оларды бірден, тіпті бір түнде нөкерлерін жіберіп, жоқ қылып жіберуге жүрегі дауаламайды.
Ханның дәл өткір қанжардай алып түсетін кезінде де алып түсе алмауының да үлкен астарлары бар…
Шыңғысханның тұсынан-ақ ұрпақтарының көбі қарамағындағы қалалар мен қоныстанған елдерді тек талау үшін керек деп қараған. Тек осы жағынан келіп, олар шауып алған қалаларды, қоныстанған елді тонаумен болған.
Ал, қанды жорықтардың осынау тасқындары басыла бастағаннан кейін, Шыңғысхан ұрпақтары Қарақұрым хандығының әкімшілік ісін басқаратын, Үгедейдің оң қолы Елуй Чусайдың арқасында бұл істерінің дұрыс емес екенін ойлай бастаған. Елуй Чусай Үгедейге: «Ұлы хандық ат үстінен түспей жаулап алынды. Оны енді ат үстінде отырып басқаруға болмайды» деген. Ұлы қидам ақылшысының бұл сөзін көп ойлаған әсіресе Мөңке хан. Егер әскерлер бұлай аты-жөні жоқ бар қалаларды шауып, қоныстасқан елді құрта берсе, көп кешікпей тонайтын жердің де, елдің де қалмайтынына көзі жеткен. Сол себептен Қарақұрымның ордасына ие болғаннан кейін, өзіне бағынышты қалалар мен қоныстасқан елдің қанын сорудың басқа жолын іздеген. Жолын тапқан да, Шыңғыс ұрпақтары шауып алынған қалалардың бәріне даруға (Орта Азияда) мен басқақтар (Иранда) белгіленген. Ең алыс тұрған Иран жеріне бас басқақ боп Аргун батыр жіберілген.
Бұл даруға, басқақтар тікелей Қарақұрымға бағынған. Бұлардың міндеті қарамағындағы жұртқа санақ жүргізіп, сауда жолдарын, ақша мәселелерін тексеріп, жұрттан дер кезінде салық жинап, Қарақұрымға тікелей жіберіп отыру.
Шыңғысхан заңы бойынша жаулап алынған көшпелі елдердің жері, суы хан ұрпақтарына ұлыс-ұлысқа бөлініп, басыбайлы берілген. Бұл елдердің тағдырын, көшіп-қонуын, шаңырақ, мал басынан жиналатын салығын осы хан ұрпақтары өздері шешетін. Ал отырықшы ел мен қалалар Ұлы Орданың астанасы Қара- құрымның өзі тікелей жіберген әкімдерге ғана бағынатын. Түскен пайда (егіншіліктен, өнеркәсіп, салықтан) Қарақұрымдағы Шыңғысханның қазынасы мен оның толып жатқан ұрпақтарына бөлінеді. Сөйтіп басқарып отырған жерінде қала, отырықшы жұрты бар хан, бұлардан түскен салықты өзі жеке пайдалана алмайды. Бұл салықтардың бәрі Қарақұрым қазынасына бір бағамен түсу үшін Мөңке хан бүкіл Алтын Орда, Жағатай, Иран жерінде салмағы бір алтын ақша — динарлар шығартқан. Бұл динарлардың құнды болып, бүкіл Монғолия патшалығында бірдей бағалануын, Мөңке хан саудагерлер арқылы жүргізіп келген. Бұқар, Самарқант, Герат, Алмалық, Берке ханның кезіндегі Алтын Орда астанасы Сарай әрқайсысы өзінің алтын ақшасын құйған. Бірақ бәрінің де салмағы бірдей болып отырған.
Мөңке өліп, Шыңғыстың Ұлы Ордасын Қытайға көшіргеннен кейін, бұл Орданың күйреуімен бірге ақша саясаты да бүлінген. Алтын Орда хандары алтын ақшаны өз аттарынан құя бастаған. Бірақ Ақсақ Темір Сарайды шауып, Қыпшақ даласында бүліншілік бастағаннан кейін бұл жағдай мүлдем тоқталған. Негізгі шаруашылығы мал бағу болған қазақтың көп руы енді қала салудан біржолата бас тартып, өзінің кең байтақ даласында ру-ру боп көшкен. Бұлардың бар байлығы малы мен жері ғана. Ал осы уақыттағы Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр бөтен саясатты ұстады. Ол Сейхұн мен Жейхұн дариялар бойындағы Шыңғыс шауып кеткен шаһарларды қайта тұрғызып, бұл араларға қо- ныстануға бейім елдерді орналастыра бастады. Әбілқайырдың бұл саясаты осы кездегі қазақтың мал бағатын руларының бастылары Арғын, Қыпшақ, Үйсін, Найман, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңыратқа ыңғайлы тимеген. Бұлардың араларындағы Маңғыт, Бүркіт, Барлас руларының көп елі Әбілқайырға қыз беріп, қыз алып хан жағына ауып кеткен. Осының арқасында Әбілқайырдың өзінде де қазақ руларына деген қырғи-қабақтық пайда болған. Ал, қазақтың Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр секілді руларының кей ауылдары өздеріне жақсы қарайтын Моғолстан жеріне көшіп те үлгірген. Бұны да істеп жүрген сол баяғы Жәнібек пен Керей деп ойлайды хан. Ал қазақтың көп рулары оларды Ақ Орданы құрған Орыс ханның ұрпақтары деп, өз сұлтандары санайды. Мұндай жағдайда Жәнібек пен Керейге тура бас салуға бола ма? әрине, болмайды.
Әбілқайырдың ойы бағанадан бері осы өзіне өш қос сұлтанның тағдырын қалай шешсем деген дүрбелеңде еді. Және ұзаққа созбай осы ертең, күні бүгіннен қалмай шешу қажет. Өйтпесе күннен-күнге маңына ел үйірілуден қалып барады. Қасына берген бір күн, көшінің артыла түсуіне әдейі арнаған бір жылмен тең. «әрине осыншама жұрт жиналған, мына ұлы тойда Жәнібек пен Керей көп би, батырлармен тіл тапты. Қазақ батырлары Қаптағай, Бөрібай, Оңай, Бекет, Қарақожа босқа топтанып жүрген жоқ. Мен асықпағанмен олар асығады. Сондықтан күні бұрын қимылдау керек. Ертең ас бітеді… Ас бітісімен ақ…» Осындай ойда іштей, бұлқан-талқан болып отырған Әбілқайыр Қыпшақ ерлігін, тарихын тыңдаудан көрі, тезірек осы кездегі өзінің бас уәзірі Бақты-Қожа ұйғырмен ақылдасқысы келді.
Хан тағынан көтеріліп, нөкерлерін ертіп, өз Ордасының оң жағынан оқшау- лау тігілген төртінші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің үйіне қарай жүре бергенде, Қыпшақ ерліктерінің ең қызық жерінде тыңдамай тұрып кеткен Әбілқайыр мінезі ұнамай қалған Асан Қайғы, отырған орнынан қозғалмастан:
«Көлге үйренген қоңыр қаз, Шөл қадірін білмейді,
Шөлге үйренген дуадақ,
Көлге апарып қамасаң
Шөлін аңсап шөлдейді»,
— Хан ием, халық өз тарихын көптен бері естімей, сағынып қалған екен, өзің намазыңа асықсаң, өзгемізге айызымызды қандыруға рұқсат ет, — деді.
Азуы алты қарыс Бердібек ханға:
Қас-қабағыңнан таныдым, Хан Бердібек боларсың,
Қауырт көштен таныдым.
Еділ барып қонарсың!
Қан жылатып халқыңды,
әлі-ақ сен де толарсың!
Өз әкеңді өлтіріп.
Қайда барып оңарсың? —
деген ел ардақтаған Асан Қайғы, Әбілқайырдың жырау толғауын тыңдамай кетуіне намаз емес, басқа себеп бар екенін бірден сезді. Сондықтан да ол ханға қадала сөйледі.
Әбілқайыр Асан сөзінің маңызын ұққысы кеп, кенет тоқтай қалды.
— Шабытына мінген жырау, ат сабылтып шауып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, — деді Асан қалың қабағын түйіп, сөйтті де ар жағынан келіп қалған ызасын ұстай алмай түксиген қабағынан қыраулы қыстай кәрін төгіп, көптен бері айтайын деп жүрген өкпе-ашуын толғай кетті.
Сара жолдан жаңылған.
Ханға зират қазылмас.
Сөгілгелі тұр қабырғам, Кеселдімін жазылмас.
Тарқат, ханым, шерімді,
Намазыңа асықпа.
Құрыштан берік елімді
Ала ауыздықпен жасытпа!
Бітеу өскен қауынды.
Тұрсың босқа жарғалы, Досыңнан іздеп жауыңды.
Тұрсың жалғыз қалғалы!
Ұмыттың қазақ даласын,
Ұлғайттың жаным жарасын.
Бір атаның баласын.
Екіге бөліп барасың!
Жолын, ханым, таппасаң,
Бүлінеді барлық жұрт!
Таң боп қайта атпасаң,
Басқалы тұр қара бұлт!
Көптің көкейінде жүрген тілекті Асан Қайғы айтты. Хан ақын толғауының ар жағында өзіне деген халықтың наразылығы жатқанын әбден ұқты.
Бұған қандай жауап беру керек? әділетке келсек, әрине жырау сұрағы жөн. Бірақ оған хан қандай жауап бере алады? Өзі шетінеткен бөгетті қайта жамай алар ма? Жоқ, енді кеш. Бөгеттің ернеуінде лықылдап асау толқын келіп тұр. Бүгін болмаса ертең ол бөгеттің быт-шытын шығармақ. Ханның бар қолынан келері сол толқынның астында қалмау. Жолын тауып жағаның бір жағына шығу. Ал Асанға жауап бермей кетуге тағы болмайды. Оның сөзінің ар жағында қолында тобылғы сапты, бұзау тіс қамшы, күлге көміп солқылдатып алған қайың сойылы бар Дәшті Қыпшақ елінің әбден ұшталып қалған мүддесі тұр…