Бас бәйгені алған Арғын жағы шат-шадыман боп тасыды. Аталы сөзге тоқ- тап үйренген жұрт Асан Қайғы шешіміне риза екенін білдірді. Асан шешімін Қазтуған да әділетті көрді. Жеңіліп қап пәрмене болдым демеді. Тек Ақжол бимен бақ күндес Қобыланды батыр ғана намыс оты күйдіріп тақат ете алмай, іштей алай-дүлей.
Айтыс тізгінін қолына ұстаған Асан Қайғы әлі де қызу отырған Қазтуғанды тежегісі келмей:
— Сөйле, жырау, — деп домбырасын ұстаттырды.
әбден қызып алған Қазтуған күттірмеді. Әбілқайыр ханға қарап домбырасын қағып-қағып жіберіп:
— Қалған жырды тағы да тарих өзі жырласын, Қазтуған жырау аузынан әлеумет тек тыңдасын. Құлаққа жағымсыз жай болса, кешіре көрсін, хан ием, — деп жырау өзінің айтар сөзіне рұқсат сұрады ханнан.
Қарапайым ел қамын ойлаған, қызыл тілін қару еткен қазақ жыраулары әрқашанда өз ойларын ашық айтқан.
Бірақ… «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірінде ханға да шындықты тыңдау бір ғанибет іс еді. Сол салттан шыға алмай Әбілқайыр да:
— Ақын ел еркесі, айта бер қорғанбай жырыңды, — деді салғырт, Қазтуғанның айтар сөзінен күйінерін күн бұрын сезсе де кеңпейіл көрінбек боп.
Қазтуған жырау әсем көсілген жорғадай толғауын емін-еркін бастап кетті. Аздаған үзіліспен бір ғасырға жуық жүргізілген Шыңғысхан және оның ұрпақтарының шапқыншылығы бір мың екі жүз алтыншы жылы Монғол мемлекеті құрылысымен-ақ басталған. Осының алдында ғана өзін Шыңғысхан деп атаған, әкесі қияттан, шешесі та-та[26] елінен шыққан Темучин құр ғана монғолдардың өзара таласын басып қойған жоқ, ең алдымен монғол елімен аралас Керулен, Аргун, Онон, Орхон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей, Найман руларын жеңіп алды.
Бір мың екі жүз жетінші жылы монғолдар Енисей өзенінің жоғары жағы мен Селенгі өзенінің солтүстік тұсын жайлаған ұсақ елдерді жаулауға кірісті. Осы аттаныстарының арқасында Шыңғысхан әскерін қаруландыруға өте маңызы бар, темір өндіру өнеркәсібіне бай өлкеге ие болды. Сол жылы-ақ Шыңғысхан Орталық Азиядағы Си-Си деп аталатын бір кезде Қытайды тітіреткен тунгус мемлекетін өзіне қаратты. Жауынгер атты әскерін қосып өзінің шебін көбейтті. Содан кейін олар, жер мойны қашық Шығыс Түркістандағы ұйғырларды бағындырды. Осы кезде монғолдар қырғыз, бурят, ойрат секілді Оңтүстік және Орталық Сібірді жайлаған бірталай елдеріне дүрк тиді. Бір мың екі жүз он бірінші жылы Шыңғыс қалың қолмен Қытайға аттанды. Үш жыл соғысып ақырында Пекинді алды. Енді Шыңғысхан екі жүз мың әскермен Орта Азияға бет бұрды. Хорезм шахы Мұхаммед монғолдарға қарсы тұрарлықтай әскері болғанмен, бетпе-бет келіп айқасудан бас тартып, бар күшін жеке қалаларын қорғауға бөлшектеді. Соның салдарынан Шыңғыс әскері Хорезм, Самарқант, Мерв, Бұқар — бәрін жеке-жеке шапты. Бұл оған Орта Азияның бар әскерімен қан майданда бетпе-бет кездесуден жеңіл түсті. Бір мың екі жүз он тоғызыншы жылдан бастап үш жылдың ішінде Шыңғысхан әскері бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырды. Орта Азия халықтары басқыншыларға қарсы сан рет көтерілді, бірақ монғол хандары олардың көтерілісін қан-жоса етіп, басып тастап отырды.
Осы жылдары Жошы әскері қазақтың көп жерін алып, Ертіс, Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінен өтіп Ұлытауға келіп туын тікті. Орта Азияны шауып болғаннан кейін, Шыңғысхан Қыпшақ елімен шекаралас Шығыс Европаны жаулап алуға кірісті.
Жебе мен Сүбітай баһадурлар басқарған отыз мың әскер бір мың екі жүз жиырма екінші жылы солтүстік Иран арқылы Азербайжанды қанға бояды. Енді кезек грузиндікі болды. Бес миллионға жуық Грузия халқының жан аямай қарсыласуына қарамай, Жебенің құрған айласының арқасында бір күннің ішінде отыз мың әскерін қырып, монғолдар солтүстік жағынан Дербентке таяды. Бұл арадан өту оңай болмағандықтан монғолдар Ширван шахқа «Сендермен бейбітшілік бітім істеуге бірнеше адам ғана келдік» деп кісі салды. Ширван шах алдағанды білмей, басты он адамын жіберді. Монғолдар біреуін өлтіріп, қалған тоғызына: «Егер де сендердің өлгілерің келмесе жолды көрсетіңдер» деді. Олар қорыққанынан Дербенттің қиялы жартас, тұңғиық құзды, ыңғыл-жыңғылды ұры сайлары арасымен монғолдарды аман-есен солтүстік Кавказға жеткізді. Солтүстік Кавказда тұратын алан жұрты «монғолға бірігіп қарсы тұрайық» деп Қыпшақтарды болысуға шақырды. Қыпшақтың қалың атты әскері аландарға келіп қосылды. Монғолдармен үлкен айқас болды. Екі жағы тең түсті. Қайтадан ұрысқа дайындалды. Алан мен Қыпшақты жеңе алмайтынына көзі жеткен монғолдар Қыпшақтарға көп тартумен «сендер бізбен қандас елсіңдер, аландар бөтен жұрт, біз сендермен бітімге келеміз, оларға болысушы болмаңдар» деп кісі салды. Монғолдың алтын-күмісіне қызыққан Қыпшақ батырлары аландарды тастап кейін шегінді. Жалғыз қалған аландарды монғолдар қан-жоса етіп қырды.
Ал Қыпшақтар «Бітімге келісетін болдық, бізге тимейді» екен деп әскерлерін үйді-үйіне таратып, жайбарақат жата берді. Сол уақытта ала¦дарды жеңген монғолдар, сау етіп бұлардың еліне жетіп келді. Әскерін таратып жіберген Қыпшақтар монғолдарға төтеп бере алмады. Бірі Донға, бірі Қырымға қашты. Осы уақыттағы Қыпшақтардың ханы Қотан[27] орыстарға кеп «маған туған күн саған да туады, бірігіп монғолға қарсы шығайық» деп өтінді. Орыс князьдары уәдесін береді. Сол күннен бастап Қыпшақ елінің басқыншылармен ауыр айқасы басталды.
Бейбіт елдерді қан жылатқан Шыңғысханды суреттегенде, бір қара албасты құбыжық келе жатқандай қобалжи, алан жұртын сатып кеткен Қыпшақ хандарының опасыздығын жыр еткенде, қарабет болған жандай көзін жерден алмай қиналып зар шеккен Қазтуған жырау, толғауының Шыңғысханға тиер жеріне жеткенінде тіпті зәрленіп кетті. Бауыры қызған бәйге атындай серпіліп сала берді. Жауына қарсы шыққан орыс, Қыпшақ жауынгерлерінің дәл ортасында өзі келе жатқандай, қарағай домбырасын дүбірлетіп, көзінен жалын атып, қаһар төкті.
Орыс, Қыпшақ болып бірігіп, басып алғалы аттанған жауына қарсы шыққанын жырлағанда ер көңілді батыр жыраудың үнінен мақтанған, қуанышты, адамды қанды кекке шақырар бір құдіретті саз естілді. Осылай шалқи қалған Қазтуған Қалқа ұрысын айтқанда кенет «әттең, әттең!» деп күңірене күбірледі.
Бір мың екі жүз жиырма үшінші жылы мамыр айында Днепр өзенінің жағасындағы Олешья деген жерде орыс, Қыпшақ әскері жиналды. Бұған бар әскерімен Киев князі Мстислав Романович, Галич Мстислав Мстиславович, Чернигов князі Владимир Рюрикович, тағы басқа Чернигов князьдары мен Қыпшақ хандары тегіс келді. Бұдан басқа Смоленскіден, Курскіден, тағы бөтен орыс жерлерінен көптеген жауынгерлер қосылды. Мұндай нөпір әскер орыс жерінде бұрын бас қосып көрмеген-ді.
Калка ұрысы деп аталып кеткен монғол, орыс, Қыпшақ қырғынын тарихшы Рашид-ад-Дин былай деп жазады: «Орыс пен Қыпшақтар дайындалып көп әскер жинады. Жауының көп екенін көріп монғолдар кейін шегінді. Монғолдарды қорыққанынан шегінді деп ойлаған Қыпшақтар мен орыстар оларды жиырма күн соңынан қуды. Кенет монғолдар аттарының басын кейін бұрып алып, қуып келе жатқан әскерлердің қосылуына мүмкіндік бермей, біразын қырып салды. Бір апта бойы ұрысты, ақырында Қыпшақ пен орыстар шыдай алмай қашуға мәжбүр болды. Монғолдар соңдарынан қалмай өкшелеп, қалаларын қиратып, жұртын бостырып жіберді».
Калка өзенінде орыс пен Қыпшақ әскерінің жеңілуінде анығында екі себеп болған-ды. Днепрден өтіп сегіз күндей жауын қуған орыс пен Қыпшақ полктарының арасы тым алыстап кеткен-ді. Осы жағдайдан отыз бірінші мамыр күні Калка өзенінде тобын жазбай қарсы атой берген монғол әскеріне бұлар бас қосып қарсы шығатын мүмкіндіктері болмаған. Әйтсе де Галич князі Мстислав Мстиславович өзімен ала көз Киев князі Мстислав Романовичты хабарландырмай, Қыпшақтармен бірігіп қан төгіс айқас ашты. Монғолдардың алдыңғы шебін жеңіп, бас күшіне шабуыл жасады. Ұрыс өте қатты болды. Қан судай ақты. Бірақ бұл ғаламат айқасты ең алдымен Қыпшақтар бүлдірді, олар ежелгі тәсілі — қашқан болып жауды ертіп, арттарында күтіп тұрған әскерінің қолына түсіретін әдеттеріне салмақ боп кейін шегіне бастады. Бір тобы шегініп еді, оған өзгесі асыға қосылды. Бұны көрген орыс полктері де кейін тым-тырақай босты. Ақырында, соңынан түре тиген монғолдарға қарсылық істей алмай қалды. Бұл — орыс, Қыпшақ әскерінің жеңілуінің бір себебі. Екінші себебі орыс князьдарының өздерінің ала ауыздығы еді. Галич князі Мстислав Мстиславович Қыпшақтармен бірігіп қанды қақпаннан қалай құтыламыз деп монғолдармен қырылысып жатқанда, Киев князі Мстислав Романович өзен жағасындағы биіктікте «менсіз сендердің қалай соғысқандарыңды көрейін» дегендей, өзінің көп полкімен тұрып қалды. Ал жаулары Галич полктары мен Қыпшақтарды жекелеп жеңіп, енді Киев полктарына келіп тиіскенде, қаптаған монғолға Мстислав Романович төтеп бере алмады. Адырдың жан-жағынан қоршап алып, өзіне төнген монғолдармен үш күн айқасқаннан кейін, олардың «өмірлеріңді сақтап қаламыз» деген сөзіне сеніп екі баласымен жауына берілді. Әрине, монғолдар алдаған-ды, қолға түсісімен князьді балаларымен бірге ай балтамен шауып өлтірген. Қазтуған жыраудың: «әттең, әттең!» деп өкінуіне құр ғана Қыпшақтардың қашқаны емес, монғол қандыбалақтыларының алдауына аңқау батырлардың талайының көніп, сан ұрыста ұтқызған өкініші де бар еді.